Елімізде енді қыз алып қашқаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің қолдауымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1-бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды.
Қыз алып қашу – қылмыс
2,040
оқылды

Қыздарға құқықтық сауаттылық керек

Кейіпкеріміз Айзаданы 9 қазан күні сөйлесіп жүрген жігіт алып қа­­шып кеткен. Үлкен кісілердің қар­ғы­сына ұшырап қаламын ба деп қорыққан бойжеткен сол үйде қалып қоюға мәжбүр болған. Осылайша, өзі сүймейтін жігіт­пен отау құрып жатқандарына 9 айдан асқан.

– Ол жігіт менің жай сөйлесіп жүрген ада­мым болатын. Алып қашатынын біл­ген жоқпын. Үйге әкелген кезде әжелер жан-жағымнан қаумалап, «қайтып кетсең, мынанша адамның қарғысына қаласың» дегенде маған қатты әсер етті. Өз басым қарғыстан қатты қорқамын. Қа­зір өзім сүймейтін жанмен бір шаңы­рақта болғаныма 9 ай болды. Әлі күнге дейін күйеуіме деген сезімім жоқ. Оны әлі толықтай теңім деп қабылдаған жоқ­пын. Оны ғана емес, ол кісінің отбасын да қабылдамадым. Негізі, күйеуім де, ата-енем де – жақсы адамдар. Сол себеп­тен ол кісі маған қандай да бір жақсылық істесе, қайтаруға барынша тырысамын. Уа­қыт өте келе бәрі жақсы болатын шы­ғар деген алдамшы үмітпен жүрмін... – дейді кейіпкеріміз Айзада.

Алып қашу кезінде қыздардың осы­лай «ұят болады», «қарғыс алып қала­мын»,  «ата-анамнан ұят болады» деген се­кілді жұрт сөзіне бола көніп қалуы – біздің қоғамға сіңіскен жағдай. 

– Халқымызда «қайтып келген, қыз жа­ман» деген ұғым бар. Нәзік жандылар кө­біне ата-анамды жерге қаратпайын, туыс­қандарымнан ұят сынды сөздерді не­гіз­ге ала отырып көніп жатады. Дей тұр­ғанмен, екі жақтың келісімінсіз қыз­ды алып қашар болса, қыз қалмаймын десе, әрине жергілікті органдарға арыз-шағым түсіре алады. Қазір «алып қашу» бойынша нақты заң бекітілмегендіктен, кейін егер арызданатын болса, онда айтып өткенімдей, ҚР ҚК 125-бабы «Адам ұрлау» фактісі бойынша қылмыс­тық іс қозғалады. Бізде негізі заңға аса мән бермейді. Дегенмен құқықтық сауат­тылық болса, онда қызды еркінен тыс алып қашқан болса, міндетті түрде арыз жазып, жауапқа тарта алады, – дей­ді заңгер Эльнура Кішкенебаева.

Алып қашудың арнайы статистикасы жоқ

Жыл сайын алып қашудың құр­бан­дары азаймағанымен, олар­ға қатысты істер­ді жүргізетін арнайы  бап жоқ. Алып қашу істерін жеке қарас­ты­ра­тын заң да, статистика да  болмағандық-тан, деректерді дөп басып айту қиын. Яғни, алып қашу заңда адам ұрлау фак­тісімен жалпылама есептелінеді. Адам ұр­лаумен байланысты қылмыстық құ­қық­­бұзу­шы­лықтарды талдау 2019 жыл­дан қазірге дейін осы санатта 214 қылмыс тір­­кел­генін көрсетті. Заң бойынша егер әйелді некеге тұру мақ­сатында оның ке­лісі­мін­сіз ұрлап кет­кен жағдайда ұр­лап әкеткен адам жә­не ұрлау­ға қаты­су­шы­лар ҚР ҚК-нің 125-ба­бы «Адам ұр­лау» бойынша жауап­қа тар­тылады. Осы қылмысты жа­са­ғаны үшін ҚР ҚК 125-ба­бына сәйкес 4 жыл­дан 7 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы қарастырылған. Әрі осы әрекетті жа­са­ғаны үшін адамдар то­бы абай­сызда жә­бірленушінің қайтыс болуы­на немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларда 7 жылдан 12 жыл­ға дейін бас бостандығынан айы­ры­лады.

– Көп жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық құқық бұзушылық бел­гі­лерінің болмауына байланысты тоқ­татылады, өйткені  анықтау кезінде белгілі болғандай, өз еркімен қалады не­месе ерікті түрде босатылады. Соны­мен қатар осы қылмыстардың алдын алу үшін бірлесіп, халықтың құқықтық сауат­­­тылығын арттыру бойынша мүдделі мем­лекеттік органдармен дәйекті жұмыс жүр­гізілуде. Келіп түс­кен әрбір өтініш бойынша, қалың­дық­ты ұрлау фактілері бойынша жедел-іздес­тіру іс-шаралары­ның, тергеу іс-қимыл­дарының толық кешені жүргізіледі және екі тараптың дә­лелдерін ескере отырып, жан-жақты тер­геу қамтамасыз етіледі, – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі ұсын­ған ақпаратта.

Жастар  қозғалысы акция ұйымдастырды

Елордада «Жаңа адамдар» жастар қоз­ғалысы Қылмыстық кодекске қыз алып қашуға қатысты бөлек бап бекі­тілуін талап етіп, акция ұйымдастырды. Қоз­ғалыстың белсендісі Ғазиза Ұлық­манова қалыңдық көйлегін киіп, той үлгісінде безендірілген тормен Астананы аралап шықты. «Алып қашу» торы ми­нистрліктер үйінің алдына тоқтап, қоз­ғалыс белсендісі депутаттарға түзе­ту­лердің енгізілуін талап еткен плакат­тар­мен үндеу тастады. Заңның енгізілуін қол­дай отыра, зорлықпен алып қашу үшін жауапкершіліктің қаталдануын талап етті. «Жаңа адамдар» жастар қозға­лысы осы акцияны ұйымдастыра отыра, Үкімет әйелдер мен олардың қоғамдағы рөлі мәселесіне назар аударуы қажет деп санайды. 

– Қыз алып қашу, күштеп күйеуге беру – дәстүр емес, қылмыс. Ұрлаушылар жауап­кершіліктен жалтарып, лас жұ­мыс­тарын аяқтауға бірде-бір мүмкіндігі болмауы керек. Әрбір адамның өмірі қымбат және біз осы зұлымдықты тоқ­тату үшін дереу әрекет етілуін талап ете­міз. Біз әйелдерді қорлап қана қой­май, кейде зорлық-зомбылыққа, тіпті өлімге әкелетін «әдет-ғұрыпқа» қарсы­мыз», – дейді қоғам белсендісі Ғазиза Ұлықманова.

Жанель ҚҰТТЫБАЙ