Қыздарға құқықтық сауаттылық керек
Кейіпкеріміз Айзаданы 9 қазан күні сөйлесіп жүрген жігіт алып қашып кеткен. Үлкен кісілердің қарғысына ұшырап қаламын ба деп қорыққан бойжеткен сол үйде қалып қоюға мәжбүр болған. Осылайша, өзі сүймейтін жігітпен отау құрып жатқандарына 9 айдан асқан.
– Ол жігіт менің жай сөйлесіп жүрген адамым болатын. Алып қашатынын білген жоқпын. Үйге әкелген кезде әжелер жан-жағымнан қаумалап, «қайтып кетсең, мынанша адамның қарғысына қаласың» дегенде маған қатты әсер етті. Өз басым қарғыстан қатты қорқамын. Қазір өзім сүймейтін жанмен бір шаңырақта болғаныма 9 ай болды. Әлі күнге дейін күйеуіме деген сезімім жоқ. Оны әлі толықтай теңім деп қабылдаған жоқпын. Оны ғана емес, ол кісінің отбасын да қабылдамадым. Негізі, күйеуім де, ата-енем де – жақсы адамдар. Сол себептен ол кісі маған қандай да бір жақсылық істесе, қайтаруға барынша тырысамын. Уақыт өте келе бәрі жақсы болатын шығар деген алдамшы үмітпен жүрмін... – дейді кейіпкеріміз Айзада.
Алып қашу кезінде қыздардың осылай «ұят болады», «қарғыс алып қаламын», «ата-анамнан ұят болады» деген секілді жұрт сөзіне бола көніп қалуы – біздің қоғамға сіңіскен жағдай.
– Халқымызда «қайтып келген, қыз жаман» деген ұғым бар. Нәзік жандылар көбіне ата-анамды жерге қаратпайын, туысқандарымнан ұят сынды сөздерді негізге ала отырып көніп жатады. Дей тұрғанмен, екі жақтың келісімінсіз қызды алып қашар болса, қыз қалмаймын десе, әрине жергілікті органдарға арыз-шағым түсіре алады. Қазір «алып қашу» бойынша нақты заң бекітілмегендіктен, кейін егер арызданатын болса, онда айтып өткенімдей, ҚР ҚК 125-бабы «Адам ұрлау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалады. Бізде негізі заңға аса мән бермейді. Дегенмен құқықтық сауаттылық болса, онда қызды еркінен тыс алып қашқан болса, міндетті түрде арыз жазып, жауапқа тарта алады, – дейді заңгер Эльнура Кішкенебаева.
Алып қашудың арнайы статистикасы жоқ
Жыл сайын алып қашудың құрбандары азаймағанымен, оларға қатысты істерді жүргізетін арнайы бап жоқ. Алып қашу істерін жеке қарастыратын заң да, статистика да болмағандық-тан, деректерді дөп басып айту қиын. Яғни, алып қашу заңда адам ұрлау фактісімен жалпылама есептелінеді. Адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтарды талдау 2019 жылдан қазірге дейін осы санатта 214 қылмыс тіркелгенін көрсетті. Заң бойынша егер әйелді некеге тұру мақсатында оның келісімінсіз ұрлап кеткен жағдайда ұрлап әкеткен адам және ұрлауға қатысушылар ҚР ҚК-нің 125-бабы «Адам ұрлау» бойынша жауапқа тартылады. Осы қылмысты жасағаны үшін ҚР ҚК 125-бабына сәйкес 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әрі осы әрекетті жасағаны үшін адамдар тобы абайсызда жәбірленушінің қайтыс болуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
– Көп жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылады, өйткені анықтау кезінде белгілі болғандай, өз еркімен қалады немесе ерікті түрде босатылады. Сонымен қатар осы қылмыстардың алдын алу үшін бірлесіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен дәйекті жұмыс жүргізілуде. Келіп түскен әрбір өтініш бойынша, қалыңдықты ұрлау фактілері бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының, тергеу іс-қимылдарының толық кешені жүргізіледі және екі тараптың дәлелдерін ескере отырып, жан-жақты тергеу қамтамасыз етіледі, – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Жастар қозғалысы акция ұйымдастырды
Елордада «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Қылмыстық кодекске қыз алып қашуға қатысты бөлек бап бекітілуін талап етіп, акция ұйымдастырды. Қозғалыстың белсендісі Ғазиза Ұлықманова қалыңдық көйлегін киіп, той үлгісінде безендірілген тормен Астананы аралап шықты. «Алып қашу» торы министрліктер үйінің алдына тоқтап, қозғалыс белсендісі депутаттарға түзетулердің енгізілуін талап еткен плакаттармен үндеу тастады. Заңның енгізілуін қолдай отыра, зорлықпен алып қашу үшін жауапкершіліктің қаталдануын талап етті. «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы осы акцияны ұйымдастыра отыра, Үкімет әйелдер мен олардың қоғамдағы рөлі мәселесіне назар аударуы қажет деп санайды.
– Қыз алып қашу, күштеп күйеуге беру – дәстүр емес, қылмыс. Ұрлаушылар жауапкершіліктен жалтарып, лас жұмыстарын аяқтауға бірде-бір мүмкіндігі болмауы керек. Әрбір адамның өмірі қымбат және біз осы зұлымдықты тоқтату үшін дереу әрекет етілуін талап етеміз. Біз әйелдерді қорлап қана қоймай, кейде зорлық-зомбылыққа, тіпті өлімге әкелетін «әдет-ғұрыпқа» қарсымыз», – дейді қоғам белсендісі Ғазиза Ұлықманова.
Жанель ҚҰТТЫБАЙ