Сазанбай Жетесұлы 1728 жылы туып небәрі 51 жасында 1789 жылы жау қолынан мерт болады. Батырдың ерлікке толы жылдары мен жолдарын алғаш зерттеген, «Дала дастанын» қағазға түсірген Журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, дипломат қаламгер Болат Жәмкеновтен артық жазбасымыз хақ. Тағылымды жинақтан үзінді жария қылуды жөн көрдік.
«Дала дастаны»
«Сол күні хан қабағы түнеріңкілеу еді. Алпыстан асып қалса да нұры тая қоймаған өткір жанарын алысқа қадап, ауыр-ауыр ойға шомғандай, бөлекше бір кейіпте отыр.
– Мұнда отыр, батыр! – деп, Сазанбай келгенде оң тізесінен орын берді хан. – Уа, ағайын! – деді сосын дауысын көтере сөйлеп. – Осыдан төрт-бес жыл бұрын, жоңғарды Алтайдан асыра қуған жолы Жетісуға оралып, Бақанас деген жерге аялдап, Ұлы жүз жаныс руының бір үйінен сусын ішіп ем. Менің хан екенімді білген жоқ, бір кейуана маған қарап-қарап отырып:
– Қарағым, – деді сонда. – Арқа еліне кетіп бара жатыр екенсің. Мойнымда бір аманат-қарызым бар еді. Соны айта бар еліңе. Елді жау шапты. Егер Іледен өтсе, оларды ешкім тоқтата алмайтыны анық. Біздің Жетісу жұрты малын бағып, жемісін баптап бейқамдау отыратын халық қой. Абыр-сабыр болып, елден ес кетті, – деді сонда кейуана.
– Арқа жақтан атақты Малайсары деген батыр жетіп үлгеріп, жан алысып-жан беріcіп, екі күн бойы жауды Іледен өткізбей тұр деп кетті жаушы жігіт. Әскері аз дейді, жан-жақтан қазақ қолы жиналып үлгергенше не болар екен деген уайым қысып, былайғы қаншама жас бала-шаға, кәрі-құртаң бір сайға тығылып, жалғыз Алладан тілек тілеп отырдық. Үшінші күні бесін ауа кенет жұлдыздай ағып жалғыз қара көрінді. Бет алысы біз жақ. Бұл жолаушы Малайсарының жіберген сарбазы екен. Біз ұсынған бұлақ суын жұтып-жұтып жіберіп:
– Бауырларым!.. Қорықпаңдар, жаудың беті қайтты. Біз жеңдік!.. – деуге ғана шамасы келді. Денесінде сау тамтық қалмаған, шұрық тесік: садақ оғы тиген, найза, қылыш тілген. Атын да білмейміз, «арғын жігіт» деп дұға оқимыз, қазір оған қарағым. Анау Малайсары да сонда мерт болды ғой. Осы елдің ат ұстарлары сол таудың атын Малайсары қойды деп естимін. Басқа қолдан не келеді!..
Мана таңертеңгі Хан кеңесінде де айттым. Тағы да айтамын, бізге екі нәрсе керек! Анау сары орыстың отты қаруын үйрену қажет. Ең бастысы, бірлік! Ұрпағым еркін өссін деп, байтақ даласын көзінің қарашығындай қорғап өткен батыр бабаларымыздың әр төмпешіктің астында сүйегі жатыр. Әр төбеде ізі бар. Түйілген жұдырықтай бірікпесек құрып кетеміз.
Ал күшің бірлікте болса, қанатың астыңдағы атың емес пе, халайық? Мынау көп соғыста, көп жылғы шайқаста ерлер ғана емес, ерлер мінер текті қазанат тұлпарлар да өлді, тұқымы құруға айналды. Жекпе-жек сайысқа мінер белді аттар, қашқан жауды құтқармас желтұяқ ұшқыр сәйгүліктер, күн бойғы ұрысқа сыр бермес, қазанаттар қайда?! Жаңағы кейуана айтқандай, тосыннан шапқан жауға суыт жетіп, қолма-қол тойтарыс беру үшін мықты жылқы керек.
Өздерің білетін қайран Бөкең, қанжығалы қарт Бөгенбай адамды да, атты да бір көргеннен танитын керемет сыншы да еді ғой, жарықтық. Жақсы ат тұқымын жинау керектігін өсиет қып кеткен де сол ағамыз. Мынау сол кісінің әскер басыларының бірі Сазанбай батыр түрікменнің атақты ақалтеке, текежәуміт тұлпарларынан тұқым әкелемін деп Бетпақдала, Қызылқұм, Қарақұмды көк бөрідей талай жортып өткен. Себебі, өз ауылын жоңғар-қалмақтың Күлек батыры шапқанда, күші жетсе де, артынан қуып барар аты жетпей нағыз қорлықта қалған ер осы.
Батыр соңғы сапарында түрікмендермен мәмілеге келе алмай, әбден тауы шағылған соң Қоқан, Бұхара, Хиуа әмірлерінің қолында сол тұлпарлардың тұқымы бұрыннан бар дегенді естіп атбасын бұрады ғой. Хиуада түрікменнен 40-50 қыздың жасауының құнын беріп алған дей ме, әйтеуір, ақалтекенің бірнеше биесі мен айғыры бар дегенді естіп, соған саудаласып көреді. Және жай айғыр емес, қылқұйрық атаулының алдын бермей жүрген хас жүйріктің өзі деседі. Бірнеше тайтұяқ алтын ұсынады. Айғырды алатын болып келіседі. Алайда әмірдің екіжүзді жандайшаптары мұны алдап апарып, жабылып қол жұмсап ұстап, таңғы намаздан соң басын алмақ болып отыр екен. Кіші жүз тама, табындағы қандыкөйлек достары естіп қап, түнде жасырын барып құтқарып жібереді.
Бірақ бұл орта жолдан қайта барады ғой… Өйтпесе, қаракесек Сазанбай бола ма?! – Ханның қатқыл жүзіне нұрлы күлкі үйірілді.Тамағын кенеп, одан әрі жалғастырды.
– Сансызбай батыр түйелі адамның иегін қағатын биік дарбазадан өтіп, әмірдің қарулы әскерден күзет қойып, кісендеп бағып отырған көк айғырдың шынжырын қолымен бұрап үзіп, қарғып мініп, Хиуаның ит адасқан бұралаң көшесін: «Қарқабат!» деп қақ жарып шауып өткен. Сол сабаз міне, осы!.. Қалың нөкер қаумалай қуғанда төрт аяқтыға шалдырмай, қардай бораған оқтың бірде-бірін дарытпай өткен атты дүлділ демей не дерсің?! Ертоқымсыз, жайдақ мініп шапқан соң Көкжайдақ атанған сол айғыр мына Сазанбайдың ауылында тұр. Бірақ жат жердің суын ішіп, шөбін жеген текті тұлпардан тараған құлынның бәрі бірдей мықты болып туа бермейді дейді мына қариялар. Жерсінбейді екен.
– Біздің биелерді менсінбейді десеңші! деп қалды қарттардың бірі жұртты ду күлдіріп.
– Иә, солай! Бие айғырдан шыққанымен, туа алмайды дейді. Осы Көкжайдақтан шыққан биенің сегізі өліп, тоғызыншысының ішін жарып алған жалғыз шарана құлын ғана аман қалған. Сазанбай атбегі қарттармен ақылдаса келе, енді осы тұлпардың биесін сатып әкелсем бе деп отыр. Сонда ғана ерге лайық ат туады дейді. Көтергенінше тайтұяқ алтын, сый-сияпат, қасына біраз сарбаз қосып жібергелі отырмыз. Үйінде шиеттей бала-шағасы, қарт әке-шешесі қалып барады. Соны мына сіздер білсін деп, ақыл қоссын, батасын бере ме деп жинап отырмын.
Тақ тәрізді етіп парсы кілемін жапқан биік төрден түсіп келіп ханның өзі Сазанбайға ақ жол тіледі.
Бізге жеткен тарихи деректерге жүгінсек, жоғарыда баяндалған оқиға одан әрі былай өрбіген. Тұлпар қолды болысымен-ақ ақылшылары мен көмекшілері әмірге келіп: «Бұл айғырды алған адам енді, сөз жоқ, биесін алуға келеді. Мықты аңду қойып, әне, сонда қолға түсіру керек», деп шегелеп қояды. Қазақтың қаракесек Сазанбай батыры кектеніп кетіп еді, бұл соның ісі болмаса қайтсін, дегендер де болған.
Хиуа шаһарына жақындай бере қасындағы Кешубай, Қосағалы, Қашқынбай, Орынбай бастаған 20 серігін бір қағаберіс жерге қалдырып, әуелі өзі жеке бір шолып келмек болып барған Сазанбай батыр сайланып жатқан әлгіндей көп аңдушының ортасына тап келіп, аңдаусызда қолға түсіп қалады. Биені сатып алмақ боп қанша мәміле жүргізгенімен нәтижесі оңға баспай, қолына кісен салынады. Арада 2-3 күн өтісімен қараниет әмір жұмада өтетін қайнаған қан базардың төріне арнайы биік тұғыр жасатып, дар ағашын орнаттырып, жұртты хабарландырып қояды. Кісендеулі Сазанбай батырды осында әкеледі. Бір жағында дар ағашы, бір жағында үлкен тайқазанда су қайнап жатыр дейді. Бегдербек әмірдің өзі бастаған бектері мен би-шонжарлары да келіп, қарулы нөкерлер қоршап тұрады. Әмірдің жендеттері батырды алға шығарып:
– Кәне, анау қазақтарыңа айқайлап айт. Көк айғырды тездетіп алып келсін. Оны алып келгенше сені босатпаймыз!
– Уа, халайық! – дейді батыр сілтідей тынып тұрған көпшілікке қарап. – Мен атты ұрлап алғаным жоқ. Ақ адал ақысын төлеп, алдап бермеген соң кектесіп, тартып алдым. Себебі, мұндай хас тұлпарларды сіздерде жат жұрттан елін қорғауға емес, қайта қорлауға, бейқам жатқан ауыл-ауылды тонап, ағайынның қанын төгуге жұмсап отыр…
– Әй, тоқтат, кәне! – деп жекірді әмірдің жандайшаптары.
Батыр сонау зеңгір аспанға көз жіберіп бір сәт үнсіз тұрып қалды дейді… Кім біледі, кір жуып-кіндік кескен самалы жұпар туған жер, үйде қалған қауқарсыз ата-ана, құдай қосқан жары мен сары ауыз балапан жас балалары ойына оралды ма екен?..
Батыр бойын тез жинап алады. Кенет көз алдына жау ойрандап өртенген ауыл, улап-шулап жылаған аналар мен балалар елестейді. Дәл тұсынан Абылайдың қалың дұшпанға әруақты күңіренте, атойлап қарсы ұмтылған сұсты бейнесі өтіп бара жатқандай сезінеді.
– Арқа жақтан келген азаматтар бар ма, осында? – деп саңқ етті. Сол сәт қоршап тұрған қарулы қалың нөкерлерге қарамастан, әр тұстан:
– Бар! Бар! – деген үндер естіліп қалды.
– Онда, – деді батыр, бірге қан төгіскен, жорықтас бауырларыма, Сарыарқадай жеріме сәлем айт! Абылайдай ерге сөзімді жеткіз. Соңғы сөзім мынау: «Мендей бір ұл туар, Көкжайдақтай ат тумас! Тұлпарды бермеңдер!» – деп бір-ақ кесті.
Жиналған көпшілік жай түскендей селк етіп, үрейлене тынып қалған. Батыр нық адымдап, дар ағашына қарай беттей берді. Манадан ызадан жарылардай болып әзер отырған Бегдербек әмір шар-шар етіп ұшып тұрып, қолын шошаң-шошаң еткізіп:
– Өлтіріңдер! Өлтіріңдер! Дарға… дар-ға! – деп әмір берді.
…Сазанбай батырдың ерлік өлімі жайлы әңгіме ауылдан-ауылға тарап, ұлан-ғайыр қазақ даласының әр қиырын шарлап кетті. Сан түрлі аңыз боп айтылды. Қаныпезер Бегдербектің абақтысын бұзып шығып, Қарақұмға келгенде астындағы нашар ат болдырып, қайран ер сонда өліпті десіп те жүрді…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы