Түйе жүні тәнге ем

Жалпы халық арасында түйе жануары ерекше қа­сиет­терімен дараланады. Жаратылысынан шөлге шы­дамды келетін бұл түліктің жүні емдік қасиетке бай саналады.

Ертеректе көп жағдайда сын­ған, ауырсынған жерге түйе шудасын тұзды суда қайнатып, емдік мақсатта пайдаланған. Сонымен қатар түйе жүнінен жүн шекпен тігілген. Бұл сырт киім жылы әрі жұмсақ болған. 

Қазір ел арасында жоғары қасиетке ие түйе түбітінен түрлі бұйымдар әзірлеп, халық игілігіне ұсынып жүрген жандар да аз емес. Соның бірі – қызылордалық кәсіпкер Индира Жұмашева түйе жүнінен көрпе тігуді кәсіпке ай­налдырып отыр. Ол айыр өр­кеш­тің өнімінен дайындалған көр­пелерін Аралдың брендіне айнал­дырғысы келеді. Кәсіпкердің айтуынша, қазірдің өзінде көрпе тігу үшін жылына 1,5 тонна түйе жүнін пайдаланады екен. 

Еңбек жолын сұлулық сало­нынан бастаған Индира денсау­лығы сыр берген соң жаңа кәсіпті меңгеруге бел буады. Осылайша, тігін өнерінің қыр-сырына үңі­леді. Жастайынан анасынан үйренгенін жетілдіріп, біліктілігін арттырады. 

Бүгінде ол құрған «Ай-Ару­жан» тігін орталығында 15 адам жұмыс істейді. Оның үшеуі – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Тігін орнында көрпеден өзге, пер­делер, тұрмысқа қажетті басқа да дүниелер дайындалады.

«Қазір тұтынып жүрген жа­мылғы көрпелердің басым көп­шілігі синтетикалық матадан жа­са­лады. Арал өңірі-ақ сазаны­нан өзге түйе түлігімен де танымал екенін жақсы білесіздер. Сондық­тан да маған «түйенің жүнін неге кәдеге асырмасқа?» деп ой келді. Алғашында түйе жүн көрпені дайындап, өзім пайдаландым. Түйе жүнінен жасалған көрпе жеңіл, әрі ауа өткізу қабілеті жо­ғары болып келеді екен. Осылай­ша, жаңа өнімді нарыққа шы­ғаруды қолға алдым», – дейді Индира Жұмашева.

Бүгінде кәсіпкердің түйе жүн көрпе тігумен айналысқанына да 5-6 жыл болған. Оның айтуынша, бір адамдық көрпеге 1,8-2 кило­грамм жүн кетеді. Онда да көрпеге түйенің барлық жүні жарай бер­мейді, тек бүйір жүні пайдаланы­лады. Сонымен қатар ол келе­шек­те синтетикадан жасалатын көр­пелерді өзгертуге бел байлап отыр.

«Бір түйеден 3 килограмдай бүйір жүн шығады. Біз соны пайдаланамыз. Ол ең жұмсақ, қол­дануға қолайлы. Оны жақ­сылап жуып-тазалап, түткеннен кейін ғана көрпе дайындалады. Өніміміз экологиялық таза. Жа­қында сәйкестендіру серти­фи­катын алдық. Қазіргі уақытта бізде көп жағдайда түйе жүнін сыртқа жібереді. Соған орай са­палы шикізатты жинау үшін ауыл­дарды аралап, алдын ала ақы­сын төлеп, келіссөздер жүр­гізіп жатырмыз», – дейді кәсіпкер.

Негізінен түйе жүні түбіт, ара­лық қылшық, жай қылшық және шуда болып бөлінеді екен. Соның ішінде шуда жүнінің емдік қасиеті жоғары бағаланады. Атап айт­қанда, оның буын, құяң, бүйрек аурулары және радиация сәуле­леріне қарсы емдік қасиеті ғы­лыми тұрғыда дәлелденген.

Жалпы түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптер иіріп, түрлі бұйымдар әзірлеген. Оның ішінде шекпен қап, қоржын, белбеу кі­лемше тоқылса, ат әбзелдерін жасауға да пайдаланылыпты. Сондықтан да нарықта әлі күнге дейін түйе түбітіне деген сұраныс өте жоғары саналады. Ал түйе жү­нінен жасалған көрпелер құнды­лығын жоғалтқан емес. 

Осы орайда түйе жүнін төсек-жабдықтарда қолдану аясын ке­ңей­ту үшін кәсіпкер түрлі маман­дармен кеңесіп, жұмыс істеп жатқанын алға тартады. Жақын арада Алматы қаласынан арнайы эксперт алдырып, мамандарын оқытуға да бел буып отыр. Одан бөлек Италия, Түркия елдеріндегі әріптестерімен де тығыз байланыс орнатып жатыр. 

Тағы бір айта кетерлігі, бұл түйе жүнінен жасалған көрпелерге Астана, Алматы мен Қараған­ды­ның тұрғындары ерекше қызығу­шылық танытып, жиі тапсырыс береді екен.

Кәсіп иесі өз ісін жетілдіруде Кәсіпкерлер палатасының қол­дауы ерекше екенін атап өтті. Салаға қатысты түрлі жаңалық­тарды, қолдау механизмдерін осы ұйым арқылы меңгеріп жүргенін айтады.

Осы орайда айта кеткен абзал, биыл Индираның түйе жүн көр­песі Қызылорда облысының кәсіп­керлер палатасы ұйымдас­тыр­ған «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауын­да «Халыққа арналған үздік тауар­лар» номинациясында жеңімпаз деп танылған. Ендігі кезекте рес­публикалық кезеңде бақ сынай­тын болады.

Көрпе тігуді кәсіпке айнал­дыр­ған оның алға қойған мақсаты да ауқымды. Алдағы уақытта түйе жүнін пайдалану көлемін бірнеше есе арттырып, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы