Атырауға «экологиялық аймақ» статусы беріле ме?

Атырауда ауа сапасы күн санап нашарлап барады. Басты себеп – табиғат ресурстарын пайдаланушы кәсіпорындардың көбеюі.

Салдарынан атмосфераға тасталатын зиянды қалдықтар көлемі көбейіп жатыр. Бұған сарқынды сулар жиналған «Сасықсай» мен «Квадрат» булану алаңдарынан бөлініп жатқан улы заттарды қосыңыз. 

Ашық дереккөздерге сенсек, Аты­рау­да ауаға жыл сайын орта есеппен 123,55 мың тонна улы қалдық шығарылады екен. Осының салдарынан Атырауда жы­­лына 2 824 адам жаңадан ауру жұқ­тыра­ды. Атыраудың экологияға қатысты адам шошырлық жағдайлары туралы ке­зінде әйгілі академик ғалым Муфтах Диа­ров түрлі зерттеу нәтижесін жария­лаған еді.

Бүгінде марқұм болған ғалым Муф­тах Диаров Атырау облы­сын­дағы Теңіз мұнайының құрамында және Қарашығанақ, Жаңажол, Теңіз, Ақтоты, Қашаған кеніштеріндегі тұз асты қабаттарында меркаптанның үлкен мөлшері кездесетінін мәлімдеген бол­а­тын. 

Меркаптан – исі өткір химиялық кү­кірт. Әдетте ғалымдар меркаптанды қауіп­ті заттардың екінші класына жат­қызады. Иісі өте жағымсыз келетін бұл химиялық күкірт адамның бауырына кері әсер етеді және меркаптанның ауа­дағы өте көп мөлшерінен организм улан­ған жағдайда оның соңы инток­си­кация, яғни өлімге әкеліп жатады.

 Бұдан бөлек, ғалым диоксин секілді улы химиялық элементтің де барын, бір­­ақ оның әсері әзірге зерттелмей отыр­ғанын айтып дабыл қаққан еді. Ол ол ма, ең сорақысы сол, бұл заттар бола­шақта жергілікті халықтың генофондына әсер етуі мүмкін. Атырау халқы бір түнде оянбай қалуы мүмкін екенін айтқан академик ғалым Муфтах Диаров аймақта Кох таяқшасын жұқтырғандар санының артуына тектен-тек дабыл қаққан жоқ. Яғни, адамдардың ағзасында жинақ­тал­ған химиялық қосындылар берік қа­сиет­ке ие болып, туберкулезге қарсы екпенің ықпалына бағынбауға айналған.

 Расында, Атырау өңірі қазір тубер­кулезге шалдығу бойынша республикада көш бастап тұр. Денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметінше, 2020 жылы облыстың 357 тұрғыны, ал 2021 жылы 413 атыраулық туберкулезді жаңадан жұқ­тырған екен. 2022 жылы туберкулезді жұқтырғандар 300-ге жуықтаған. Ахуал биыл да аса өзгере қоймады. Өкініштісі, туберкулезге шалдыққандардың ішінде балалар да бар.

Тұрғындар да ауаны ластаушы Үкімет тарапынан кәсіпорындар қызметінің ба­қылауға алынып, оларды тұрғындарға өте­мақы төлеуге міндеттеу керегін ай­тып дабыл қағуда.

Ғалымдардың айтуынша, Атырауға «экологиялық апат аймағы» мәртебесін бе­ріп, әр тұрғынға экологиялық коэффи­циент төлеу үшін ауа, жер, су, тағы басқа табиғат құрамының халықаралық стан­дарттарға сай келетін көрсеткіштері болуы қажет. 

«Атыраудың экологиялық жағдайы­ның нашарлауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, Атырау бұрынғы теңіз таба­нында орналасқан. Салдарынан топырақ та, су да, барлығы тұзданып тұрады. Се­кун­дына 15-22 метрге дейін  ұйытқып со­ғатын құйын жел тұрғындарға қою тұзды, шаң мен қиыршық топырақты жұт­қызып жатыр. Атырауда үнемі жел со­ғып тұратынын ескерсек, бұл – дабыл қа­ғар­лықтай-ақ мәселе. Екіншіден, қала ішіндегі Атырау мұнай өңдеу зауыты, Қарабатан, Теңіз, басқа да ірі кен орын­дары бар. Өндіріс ошақтарының атмос­фераға тастап жатқан лас қалдықтары да далаға кетіп жатқан жоқ, улы қою түтінге айналып, қаланы басып тұр. Соның сал­дарынан  ультракүлгін күн сәулесі ж­е­тіспейді. Оның нәтижесі көз, тері, өкпе, тамақ аурулары сынды жұқпалы ауру­лар­дың көбеюіне әкеліп жатыр. Сол үшін Атырауға ауаны тазарту амалдарын заманауи технологияларды қолдану арқылы іске қосу керек. Атырауды жа­сыл оазиске айналдыру  кезек күттірмеуі тиіс. Үшіншіден, Жайықтың, Ойылдың тартылуы сияқты проблемалардың астарында да үлкен экологиялық зардап­тар бар», – дейді жас ғалым Мұратбек Махамбетов.

Лаура Сүлейменова – Атырау қа­ла­­сының тұрғыны, қоғам бел­сен­дісі. Атырауды атмосфераға таста­ла­тын зиянды қалдықтардан құтқаруды та­лап етіп, ол тіпті наразылық та ұйым­дастырған болатын.

«Қолайсыз экологиялық жағдай сал­дарынан Атыраудан көшу жайлы алғаш рет ойланып та отырмын. Соңғы он жыл­да Атырауда күкіртті сутектің мүңкі­ген иісі тұрақты қайталанып келеді. Жаз­ды күндері үнемі терезелерді жауып, ауа баптағыш құралдың көмегімен де­малуға мәжбүрміз. Бұл – үйдегі жағдай. Ал далаға шығу тіпті мүмкін емес. Мен де­мікпе ауруына шалдыққан адаммын. Мүң­кіген күлімсі иіс жайлаған кезде да­лада жүру мүмкін емес. Өкпем қысы­лып, ауа жетпей қалады. Мен таза ауада өмір сүргім келеді», – дейді жергілікті тұрғын Лаура Сүлейменова. 

Атырауды экологиялық апат аймағы деп тану жөнінде облыс басшылығы не дейді? Жалпы бұл бағытта қандай да бір шаралар атқарылып жатыр ма? Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, қала ішінде орналасқан Аты­рау мұнай өңдеу зауыты таңғы не түнгі уақытта ауаны күкіртті сутекпен ластап, қаланы қолқаны қабатын иіс жайлайды деген арыз-шағым көп. 

«Зауыт бұл иіс өздерінен емес, булану алаңынан шығатынын айтады. Қалай де­сек те, жел осы бағыттардан соқса, қа­ланы күлімсі иіс басатыны рас. 2018 жылы кәріз тазалау стансасы салынды. Бүгінде мұнда булану алаңының жерін қайта құнарландыру жұмыстары жүріп жатыр. Қазір тазарып келеді. АМӨЗ-ге барып, біркелкі тексеру жұмыстарын жүргіздік. Онда мұнай қалдықтарын сақ­тайтын ашық алаң бар екені анық­талды. Басшылық жаңа технологияларды пайдаланып, жерді қайта құнарлан­дыру­мен айналысып жатыр. Сондықтан ме­ке­меге технологиялық тексеру жүргізу қа­жет. Сондай-ақ қаланың оң жаға­лауын­да кəріздік тазарту қондырғы­сы­ның құрылысы жүріп жатыр. Барлық жұ­мыс қысқа мерзімде жасалуы тиіс», – дейді Серік Шәпкенов. 

Атырауды экологиялық апатты ай­мақ ретінде танып, тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі бойынша қазір алғашқы қадамдар бар.

«Қызылорда облысының тұрғындары мұн­дай коэффициентті Арал теңізіндегі экологиялық апатқа байланысты алып отыр. Ол үшін ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рын жүргізу қажет, біз бұл мəселе бойын­ша Денсаулық сақтау жəне эколо­гия министрліктерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Ең алдымен, коэффи­циентті енгізу үшін негіздеме дайындау қажет. Әзірге біз Қызылорда облысының тәжірибесін зерттеп жатырмыз», – деді Серік Шәпкенов.

Қалай десек те, ел экономикасының қозғаушы драйвері болып отырған Атырау облысының экологиялық жағ­дайы жазылған мақала, Facebook желі­сін­дегі видеолар деңгейінде қалып қой­мауы керек. Атыраудың экологиялық жағдайын жақсартуға Үкімет деңгейінде ке­шенді шаралар алынса дейміз. Әйт­песе, лас қалдықтардан уланып, зардап шегіп жатқан халықтың мұңы болашақта орны толмас ұлттық қасіретке әкелуі мүм­кін.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы