Астанада мини футболдан БАҚ өкілдері арасындағы BAQ LIGA чемпионатының ХIII маусымы мәреге жетті. Екі айдан астам уақытқа созылған біріншілікке 13 команда қатысты.
B лигасының дебютанты Qaz365.kz ақпараттық порталының командасы топ жарды. Олар чемпиондық атаққа бір тур қалғанда қол жеткізді. Жеңімпазды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі марапаттады.
Жеңімпаз 12 матчта 29 ұпай жинады. Қарсылас қақпасына 60 гол соғып, өздері 30 доп жіберді. Үздік сұрмергендер номинациясында Qaz365.kz командасының екі бірдей ойыншысы көзге түсті. Атап айтсақ, Дастан Заманбеков пен Есенбол Иманғазы 22 голдан соқты. Сондай-ақ Дастан Заманбеков лиганың үздік ойыншысы атанды.
Екінші орын Қанат Базылхан бастаған «Хабар-24» ұжымына бұйырса, үздік үштікті Monkey Media.kz түйіндеді.
А лигасында «Қазмедиа» үздік шықса, екінші орын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұжымына бұйырды. Үздік үштікті Meta-ratings.kz түйіндеді.