«AMANAT» партиясы аз қамтылған отбасылардағы балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмектесуде. Сабақ басталғанға дейін 45 мың­нан астам балаға жаңа оқу жылына қажет жиынтық керек-жарақ­тарын табыстайды.­
Игі дәстүр – оқу жылына көмек
1,343
оқылды

«AMANAT» партиясы жаңа оқу жылы қарсаңында «Баланы мектепке дайындайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын бастағанын хабарлайды. Игі дәстүрге айналған акция «Бақытты отбасы» партиялық жо­басы аясында осымен 13-ші мәрте өт­кізіліп отыр. Оның басты мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отба­сылардағы балаларды жаңа оқу жы­лына дайындауға көмектесу.

Акцияға партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының қызметкерлері, партия депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мү­шелері және ұрпақ болашағына бей-жай қарай алмайтын қарапайым аза­маттар қатысады. Ел аумағындағы 45 мыңнан астам бала аманаттықтардан жаңа оқу жылына арналған жиынтық­тар алады деп жоспарланып отыр. Яғни, оларға мектеп формасы, оқу­лық­тар мен кеңсе тауарлары салынған рюкзактар ұсынылады.

Мәселен, ШҚО-да «AMANAT» пар­­тиясының «Баланы мектепке дайын­­дайық!» акциясы аясында об­лыс­тық филиал ғимаратында балалар­ға оқуға қажетті құрал жабдықтар са­лынған сөмкелер табысталды.

«Қадірменді бүлдіршіндер, сіздер­ге жаңа оқу жылы қарсаңында тек жақ­сылықтар мен оқуда сәттілік ті­лей­мін. Қазіргі заманның талабы – жақ­сы білім алу. Сондықтан да сабақ­ты тек беске оқыңыздар. Ата-ана­ла­рыңыздың үмітін ақтап білімді азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», – деді «AMANAT» партиясы фракция­сы­ның мүшесі, Шығыс Қазақстан об­лыстық мәслихатының депутаты Тұрар­бек Әзекенов.

Партия бастамасымен өтіп жатқан шараға қатысушылар дән риза. Ана-аналар да, балалар да да ұйымдас­тыру­шыларға ризашылықтарын білдіруде. 

«Балаларды мектепке дайындау оңай емес. Қазір барлық дүние қым­бат. Біздің отбасымызда қатары­нан бес бала мектепке барады. Осындай ша­раларды ұйымдастыру сәлде болса қол­дау деп ойлаймын», – дейді Өс­ке­мен қаласының тұрғыны Құралай Ма­жатаева.

Ақтөбе облысында да облыстық мәс­лихаттағы «AMANAT» фракция­сының мүшелері жалпыреспубли­ка­лық дәстүрлі қайырымдылық акция­сы­на үлес қосты. Депутаттар 20 балаға оқу құралдарын алып, қаржылай кө­мек көрсетті. Жаңа оқу жылына дейін аманаттықтар облыстағы 2 мыңнан астам оқушыны мектепке дайындауға қол ұшын бермек. Бұл жолғы көмекті өңірде көпбалалы және әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған отбасылар ал­ды. Бір жанұяда 7 бала болса, енді бірі ата-анасыз қалған балаларды қам­қор­лыққа алған. Барлығы да балаларына мейі­рім мен қамқорлық сыйлап, қол­дау көрсеткен аманаттық депутаттарға дән риза. Сондай-ақ іс-шараны ұйым­дастырған «AMANAT» партиясына да алғысын айтып жатыр.

«Қызымның екі ұлын қамқорлы­ғыма алдым. Үлкені Алматыда уни­вер­ситетте оқиды, екіншісі – 7-сы­нып­қа көшті. Жалғызбасты анаға екі баланы жетілдіру оңай емес. Оның үстіне, 4-5 жылдан бері осы балаларға ар­нап үй салып жатырмын. Оның қақ­пасын тұрғызуға да депутаттар кө­м­ектесті. Қайырымдылық ісі үшін «AMANAT» партиясына және де­пу­тат­тарға ризашылығым мол», – деді 63 жастағы Ағила Дилмағамбетова.

Ал Қарашаш Диярованың 7 бала­сы бар. Жолдасы ІІ топ мүгедегі, өзі ба­ла күтімімен үйде отыр. Оның 4 ба­ласы мектепте оқиды. Сондықтан да көпбалалы ана депутаттардың кө­мегі үлкен демеу екенін айтты. 

«Бақытты отбасы» партиялық жо­ба­­сы аясында ұйымдастырылған ак­ция­­ға барлық деңгейдегі депутаттар ат­­са­лысып жатыр. Қазірдің өзінде об­лыстық мәслихат депутаттары Тал­ғат Салфиков, Сергей Прокопьевтың әрқайсысы 300-ден астам оқушыға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер сыйлады. Акция аясында облыстағы 2 мыңнан астам оқушыны қамту көзделіп отыр.

«AMANAT» партиясының «Ба­қыт­ты отбасы» партиялық жобасының ая­сында «Балаларды мектепке дайын­дайық!» акциясына өзге өңірлердегі пар­тияластар да белсенді қатысуда. Павлодар облысында бүгінгі таңда көмекке мұқтаж жандардың тізімі анықталған. Бірінші кезекте көмек ерек­ше қажеттіліктері бар балаларды тәр­биелеп отырған отбасыларға және асы­раушысы жоқ балаларға үйлес­тіріледі. Акция аясында депутаттық фракцияның мүшесі, облыстық мәс­лихаттың депутаты Гнел Акопян жоғарыда аталған санаттағы балаларға мек­теп керек-жарақтары мен сер­тификаттарды табыстады. Гнел Мар­тиро­сович балаларға оқуды жақсы оқып, болашақтарының жарқын болуына ақ тілегін жеткізді.

Айта кетейік, «Халықпен бірге!» сай­лауалды бағдарламасы аясында ал­дағы бес жылда партия кемінде 1,2 млн ыңғайлы оқушы орнын құруды, сондай-ақ үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін то­лығымен шешуді көздейді. Жөндеуді және заманауи жабдықтармен қам­тамасыз етуді қоса алғанда, еліміздегі үш мың мектеп толықтай жетілдіруден өтеді. Былтыр аманаттықтар 23 мың­нан астам отбасындағы 42 мың оқу­шыны мектеп формасымен, рюк­зак­тармен және кеңсе тауарларымен қам­­тамасыз етті.