Жамбыл өңірі өндіріс саласымен қатар индустриялық-инновациялық әлеуетімен де ерекшеленеді.
Экономикалық аймақтың әлеуеті зор
706
оқылды

Облыста кейінгі жылдары ауқымды жобалар жүзеге асырылып, инвестицияның игілігін ел көруде. Міне, сондай бірегей жобаның бірі – Шу ауданында іргетасы қаланған «Тараз химиялық паркі» экономикалық аймағы.  

Асқар Алатаудан бастау алатын Шу өзе­нінің қос қанаты ежелден-ақ жергілікті жұрт­тың құтты қонысы болған. Ұлы Жі­бек жолының бойындағы үлкен мәде­ниет­тің ошағы саналған өңір тәуелсіздік жылдарында жылдам түрленді. 2012 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың тапсырмасымен аудан аумағында «Тараз химиялық паркі» арнайы эко­но­микалық аймағын құру жұмыстары бас­тал­ған болатын. Келелі жоспардың келе­ше­гі туралы сол кездегі «Самұрық-Қазы­на» АҚ басқарма төрағасының орынба­сары Дәурен Ердебай Үкімет отырысында таныстырған еді.

Химиялық паркі алғашында  шығар­ған гербицид және глифосат өнімдері  ТМД елдерінің ауыл шаруашылығы сала­сын­да үлкен сұраныс тудырды. Бұл өнім­дер нарыққа 2019 жылдан бастап енсе, екі өнім де егіншілікке жарамды жерлерді арам­шөптен арылтудағы тиімділігі мен эко­логиялық залалсыздығына байла­нысты ірі агроқұрылымдардың тарапынан қол­дауға  ие болды. Сондықтан  гербицид пен глифосат «Тараз химиялық паркі» ар­найы экономикалық аймағының брен­діне баланды. 

Шу ауданында өндірілетін химиялық өнімнің нарықтағы бағасы өзге өнімдерге қарағанда едәуір төмен. Сонымен қатар шаруа­лар сатып аларда өнімнің 20 пайы­зын, жылдың соңында қалған 80 пайызын төлеуіне болады. Аталған екі өнім «ХИМ-плюс» ЖШС-нің алғашқы жобасы ая­сын­да жүзеге асып отырғанын айта кету ке­рек. Бұдан бөлек, серіктестіктің каус­ти­калық сода мен хлор өндіруге арналған екінші жобасы да бар. Кәсіпорын толық қуатында жұмысқа кіріскенде жылына 10 мың тонна глифосат пен 40 тонна каус­тикалық сода өндірмек. Бұл өз кезегінде республиканың егін шаруашылығындағы химиялық өнімдерге деген қажеттілікті қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз. Ең бастысы, еліміз жаңа химия кәсіпор­ны­ның өнімі арқасында импортқа деген тәуел­діліктен құтылып, химиялық өнім­дер­ді алуға жұмсалатын қыруар қаржыны үнемдеуге және отандық өнімді экспортқа шығару арқылы ауқымды табыс табу мүм­кіндік тумақ. Серіктестік басшылары өнім­­нің сапасына көп мән беріліп жатқа­нын айтады. Демек, облысымыздан шы­ға­тын химиялық өнім көп ұзамай-ақ өзі­нің тұрақты тұтынушыларын табатыны дау­сыз. Оның үстіне, серіктестік әлемдік на­рықта үлкен сұранысқа ие химия өнім­дерін шығару үшін екінші жобасын жүзеге асырғалы отыр. Сондай-ақ дайын өнімді тасымалдау жұмыстары да қиындық туғыза қоймайды. Өйткені «Тараз химия­лық паркі» арнайы экономикалық айма­ғы­ның Шу өңірінде орналасуының өзі – алдын ала ойластырылып, жан-жақты зерттелген мәселе. 505 гектар аумақты алып жатқан экономикалық аймақ «Та­раз-Шу» бағытындағы теміржол мен «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дә­лізіне шығатын «Меркі-Бурылбайтал» авто­даңғылынан 5,8 шақырым ғана жерде орналасқан.

Өткен жылы облыс әкімі Нұржан Нұр­­­­жігітов «Тараз химиялық паркі» ар­найы экономикалық аймағында өткізген жиында біраз мәселелерді қозғағаны есімізде. Инвесторлармен бейнебайланыс арқылы жоспарланған жобаларды талқы­лап, олардың ұсыныс-пікірлерін тың­да­ған өңір басшысы: «Инвестицияларды тарту үшiн біз инвесторларға өз ісін өрге бас­қызуына қолайлы жағдай жасап, экс­порт-импорт алмастыратын, бағдарлан­ған жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті түрлі өнім шығаратын өндiрiс орындарын ашуына мүмкіндік туғызуы­мыз керек», – деді.

Сонымен қатар ағымдағы жылы ай­мақ басшысы Нұржан Нұржігітов Tas Market ЖШС басшылығымен кездесіп, та­раптар «Тараз химиялық арнайы эко­но­микалық паркі» аумағында қуаттылығы жы­лына 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін жететін ферросилиций, фер­ро­си­ликомарганец, техникалық кремний, түс­ті металдар өндіретін металлургиялық зауыт құрылысы жобасын жүзеге асыру бары­сын талқылады.

Бүгінде Tas Market ЖШС серіктесі – Xinjiang Jingweike New Energy Development Co., Ltd. компаниясымен «Тараз хи­­­­миялық паркі» АЭА аумағында тек ме­таллургиялық зауыттың ғана емес, бас­қа да кәсіпорындардың қажеттіліктеріне сәйкес қуаттылығы 700 МВт/сағ электр станциясын салуды көздеп отыр. 2026 жыл­­ға дейін іске асуы жоспарланған жо­ба­ның жалпы құны 50 миллиард тең­гені құ­райды. Жоба жемісін берсе, 1500 жаңа жұ­мыс орны ашылады. Сондай-ақ биыл об­лыс төрінде өткен «ZHEIF-2023» ха­лық­­аралық экономикалық және ин­вес­тициялық форумы аясында өнеркәсіп ба­ғыты бойынша қонақтар Шу ауда­нын­дағы «Тараз химиялық паркі» арнайы эко­номикалық аймағында бас қосып, мұн­дағы инвестициялық жобаларды да­мыту бойынша кеңес өткізді. Сол кезде об­лыс әкімінің орынбасары Нұржан Ка­лен­деров аймаққа тіркелген жобалардың аяқалысы туралы айтып, қызығушылық біл­дірген шетелдік инвесторларға ай­мақ­тағы инфрақұрылым барысын таныс­тыр­ды. Ал «Тараз химиялық паркі» АЭА бас­­­қарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев алдағы уақытта жүзеге асырылатын бір­қатар жобаларды атап, оларға эко­но­ми­калық аймақ тарапынан көрсетілетін жеңіл­діктерге тоқталған еді. Ал QazIndastry АҚ бизнесті ынталандыру дирек­ция­сының басшысы Арыстанбек Сағиев өз баян­дамасында кәсіп ашуға ниетті инвес­тор­ларға мемлекет тарапынан көрсеті­ле­тін көмектердің жай-жапсарын түсіндірді.

«Тараз химиялық паркі» арнайы эко­номикалық аймағы заманауи жоғары өнім­ді, бәсекеге қабілетті өндірістерді же­дел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвес­ти­ция­лар тарту, экономиканың басым са­ла­лары мен өңірлерге жаңа технология­лар­ды енгізу, сондай-ақ халықты жұмыс­пен қамтуды арттыру мақсатында құрыл­ған.

Қазір мұнда жалпы құны 249,7 мил­лиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жо­баны іске асыру үшін 5 қатысушы тір­кел­ген. Олардың қатарында геосин­те­ти­ка­лық мембраналар, натрий цианиді жә­не ферросилиций өндіру жобалары бар. Онда 2000 жаңа жұмыс орны құрыл­мақ.

Өткен жетіде өңірге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайы­лов та «Тараз химиялық паркі» арнайы эко­номикалық аймағының  жұмысымен танысып, жоба қолдаусыз қалмайтын­ды­ғын айтты. 

– «Бизнестің жол картасы-2025» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында нысанға электр желілері тартылған. Енді алдағы уақытта су құбырын тарту және теміржол инф­рақұрылымын жабдықтау жоспар­ла­нып отыр. Біз бұл жобаларды қолдаймыз және жетіспейтін инфрақұрылымды тар­ту бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз», – деді Премьер-министр.

«Тараз Химиялық паркінің»  базасын­да болашақта  ұйымдастыруға болатын ауыл шаруашылығы өндірістері, қант қы­­­зылшасы, малға арналған қант және жем­шөп қоспалары,  пияз және кептіріл­ген пияздан, бақша дақылдарын консер­вілеу зауыттары, мақсары май және жем өнімдерін өңдеу жоспары тұр. Аталған жо­балар Жамбыл облысы әкімдігімен бір­лесіп, мемлекеттік бағдарламалар ая­сында жүзеге асырылады деп күтілуде. 

Шу бойы ежелден бүкіл әлемге өзінің жабайы қарасорасымен де танылған ай­мақ. Бүгінде қарасора алқабының аумағы 684 гектарды құрап отыр. Мұны аудандық прокуратура анықтаған. Міне, осы қара­сораны кәдеге жарату бастамасы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Сондықтан мамандар «Тараз химиялық паркінің» әлеуе­тін пайдалана отырып, инвестор­лар­ды тарту арқылы қарасорадан медици­на­лық өнімдер шығаруды ұсынуда. Егер ин­вестор табылып жатса, бұл өңір өнді­рі­сіне үлкен өзгеріс әкелетіндігі анық.  

Жалпы «Тараз Химиялық паркі» ар­найы экономикалық аймағының бола­ша­ғы алда. Қазір экономикалық аймақта тағы  9 ірі жобаны жүзеге асыру жоспар­лану­да. Аталған кәсіпорындар өз жұмы­сын бастаған тұста  мыңдаған адамға тұ­рақ­ты жұмыс орны ашылмақ. Оған қоса, химиялық парктің шығарған өнімдері өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп ғана қоймай, ел эко­номикасына ерекше екпін беретіндігі дау­сыз.  

 Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы