АҚШ – Қазақстанға 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвесторлардың бірі. Дегенмен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нығаюы кім үшін тиімді екенін таразылап көрелік.
Қазақстан тауар айналымы бойынша Америка Құрама Штаттарының сауда серіктестері арасында 81-ші орында. 2022 жылы екіжақты сауданың жалпы көлемі жалпы 5 млрд АҚШ долларын құрады. Сыбайлас жемқорлық секілді елеулі проблемаларға қарамастан, еліміздегі инвестициялық ахуал шетелдік инвесторларға қолайлы деуге болады. Сол себепті бүгінге дейін америкалық компаниялар отандық мұнай өндірісіне ондаған млрд АҚШ долларына тең инвестиция салып отыр. Бүгінде екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас негізінен инвестициялық және қосарланған салық салуды болдырмау туралы шарттар негізінде жүзеге асырылып келеді.
Сенатор не дейді?
Ендігі қадам екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі артуына ықпал етуі. Осы мақсатты алға тартқан америкалық сенатор Крис Мерфи 1974 жылы КСРО-ға қарсы қабылданған Джексон-Ваник шектеулерінің Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанға қатысты тұсын жоюға шақырды. Осылайша, Орталық Азия елдері тұрақты қалыпты сауда қатынастары (PNTR) мәртебесіне ие болуы мүмкін.
АҚШ сенаторы (Коннектикут штатының демократы), АҚШ Сенатының Халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі, Крис Мерфи The Diplomat басылымына арналған мақаласында Конгрессті Джексон – Ваниктің Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан үшін сауда шектеулерін жоюға және сол елдерге тұрақты қалыпты сауда қатынастары (PNTR) мәртебесін беруге шақырды.
The Diplomat басылымына арналған мақаласында сенатор неліктен АҚШ Орталық Азиямен қарым-қатынасты нығайту үшін аумалы-төкпелі геосаяси жағдайларды пайдалану қажет екенін сөз етеді.
«Ресей мен Қытай Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты елдерге зор ықпал етуде, ал аймақтағы ынтымақтастықты арттыру жұмыстары бойынша АҚШ ұзақ уақыт қалыс қалды. Бірақ біз мұның соңы неге апарып соқтыратынын білеміз. Өйткені Орталық Азия халқы үлкен экономикалық инвестициялар салып отырған көршілес алпауыт елдерге сақтықпен қарайды. АҚШ бұл мүмкіндіктер терезесін пайдаланып, қанауға емес, серіктестікке негізделген стратегиялық балама ұсынуы керек», – деп жазды Мерфи.
Ол АҚШ-тың Орталық Азиядағы қарым-қатынасына аталмыш түзетулер қалай кедергі келтіретінін былайша түсіндіреді:
«Өкінішке қарай, біздің жолымызда анахронистік заң тұр. 1974 жылы Америка Құрама Штаттары Джексон – Веник түзетуін қабылдады, ол АҚШ-тың кеңестік еврейлер мен басқа да азшылық топтардың эмиграция құқығын шектейтін елдермен сауда қатынастарына толығымен тыйым салды. Кеңес Одағы тарап кеткеніне елу жылдан астам уақыт өтсе де, қырғи қабақ соғыс дәуірінің сарқыншағы біздің Қазақстанмен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен қарым-қатынасымызды шектеуде. Мәселен, Еуропа Одағы соңғы бірнеше онжылдықта конгресс көптеген бұрынғы Кеңес мемлекеттерін, соның ішінде Ресейді қалыпты сауда режиміне «ауыстыруға» арналған заңдар қабылдады».
АҚШ сенаторы аймақтағы өзара ынтымақтастықтың артықшылықтарын да атап өтті.
«Орталық Азияның орналасқан жері, әрине стратегиялық тұрғыдан маңызды. Одан бөлек, көмірсутектер мен сирек кездесетін минералдар сияқты табиғи ресурстарға бай. Америка Құрама Штаттары пайдалы қазбалар жарысына «кешігіп» келді. Бірақ Байден Әкімшілігі Қауіпсіздік пен жеткізу тізбегін кеңейту үшін үлкен күш жұмсап отыр. Жылдық ЖІӨ 280 миллиард долларды құрайтын бұл елдерге PNTR беру америкалық бизнеске Орталық Азия нарығына қол жеткізуге көбірек мүмкіндік береді, сауда мен инвестицияның дамуына ықпал етеді. Осылайша, Орталық Азия мемлекеттері өз экономикасын әртараптандыра алады, жұмыс орындарын құра алады және Ресей мен Қытайға экономикалық тәуелділігін төмендете отырып, өз халқының өмір сүру деңгейін арттыра алады».
Қазақ та кенде болмайды
Сонымен, бұл қадам аймақтағы америкалық бизнестің қатысуын кеңейту үшін қосымша ынталандырулар жасауға арналған дедік. Бірақ минералды ресурстар мен сирек жер металдарынан бөлек АҚШ жоғары өңделген өнімдерге дейінгі импортты ұлғайтуды көздеп отыр. Демек, қазақстандық өңдеу өнеркәсіп пен экономиканың өзге де салалары үшін жаңа нарыққа жол ашылмақ.
Тәуелсіз сарапшы Бауыржан Ысқақов шектеулер өз күшін жойса, мемлекет ішкі экономикалық проблемаларды шешуді де мықтап қолға алады деген пікірде.
– Джексон-Вэник түзетуі екі жаққа да тиімді, дегенмен АҚШ үшін шектеулердің алынғаны дәл қазір тиімдірек болар еді. Өйткені олар Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанға тұрақты қалыпты сауда қатынастары бар ел ретінде мәртебе беріп, инвестицияларын да арттыруға мүмкіндік алады. Қазір аймақтағы геосаяси жағдайлар керісінше АҚШ экономикасы үшін кері әсерін тигізуде. Ал Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық климаты өте жоғары ел болып саналады. Ал бізге әртараптандыру саясатын ұстанғандықтан, қазіргі ынтымақтастық орнатқан елдермен шектелмей, АҚШ секілді іргелі одақтас елдермен экономикалық байланыс орнатқан тиімді. Әрі ішкі нарықта үлесі бар америкалық бизнес өкілдерімен байланысты одан әрі арттыру бізге артықтық етпейді, – дейді экономист.
«АҚШ-пен экономикалық қарым-қатынасымыздың дамуына осы шектеулер ғана кедергі келтіріп тұр ма?» деген сауалымызға Бауыржан Ысқақов былайша жауап берді:
– АҚШ-пен экономикалық қарым-қатынасымыздың дамуына осы шектеулер кедергі келтірді деуге келмес. Сонымен қатар жемқорлық және өзге де мүдделі топтардың өз компанияларының қызметіне артықшылықтар беру арқылы өзге де кәсіпорындарға кері әсерін тигізу секілді факторлардың барын жоққа шығармаймыз. Бірақ осы Джэксон-Вэник шектеулері алынып тасталса, екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды жақсартуға кері әсер етіп келген басқа да факторлардың болмауын Үкімет өз бақылауына алады деп ойлаймын.
Сондай-ақ эксперт PNTR статусын алуға Қазақстан әбден лайықты деп есептейді. Сонымен бірге бұл шектеулердің күші жойылып, біздің экономикалық бағыттағы мемлекет деген мәртебеміз қалпына келсе, экономиканың өндіріс, өнеркәсіп, логистика секілді тағы да басқа барлық тиімді секторы жанданады деп айтуға болады.
Осылайша, америкалық саясаткерлер соңғы онжылдықта пайда болған аймақтағы өз орнын қайта айқындамақ. Бұл жаңа жоспар құруды талап етеді. Сондай-ақ АҚШ алдағы уақытта оң әсер ететін экономикалық ынтымақтастық пен тығыз саяси байланыс орнату арқылы өңір мемлекеттерімен өзара іс-қимылының негіздерін айтарлықтай нығайтуға ұмтылады.
Кәмила ЕРКІН