Өйткені сала сарапшылары алдағы уақытта қант, күнбағыс майы және көмір қымбаттайды деп дабыл қағып отыр. Неге? Себебі бірінің қоры тапшы, бірінде «сұр» импорт көп, ені бірі делдалдардың қолында.
Экспортқа тыйым салу керек
Мамандардың айтуынша, ішкі нарықтағы күнбағыс дәні тапшылығының бірнеше себебі бар. Біріншісі – қорының аз қалғаны. Өткен шілде айының ортасындағы мәлімет бойынша, ішкі нарықта оның шамамен 260 мың тоннасы ғана қалған. Осы көлемнің 157,7 мың тоннасы май зауыттарында, қалғаны ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде және тағы да басқа нарық қатысушыларында. Егер отандық май зауыттарының дәл қазіргі кездегі жалпы қуатын алып қарар болсақ, олар айына 200 мың тоннадан астам күнбағыс дәні өңдей алады екен. Бірақ ішкі нарықта ондай көлем жоқ болғандықтан, қазір орташа алғанда шамамен 90 мың тонна ғана өңдеп жатыр.
Ал биылғы егілген күнбағыс пісіп-жетілгенше және оларды жинап алғанша, өткен айдан бастап санар болсақ, үш ай уақыт бар. Ол дегеніміз – қазан айының ортасы. Өйткені егінін жинап алғаннан кейін де шаруалар оны бірден май зауыттарына апара қоймайды. Әуелі элеваторға сақтайды, одан соң кептіреді, сапасын белгілі бір дәрежеге келтіреді, сосын барып қана зауыттарға тапсырады. Осы есеппен алғанда барлығы төрт айға қор керек. Ол дегеніміз – 360 мың тонна. Одан қолда барды шегеріп тастасақ, 100 мың тонна күнбағыс дәнінің тапшылығы туындайды. Зауыттарымыз тоқтаусыз жұмыс істеу үшін бізге осынша көлемде шикізат керек екен.
«Екінші себеп: биыл жиналатын жалпы өнім былтырғыдан аз болады деп бағаланып отыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2022 жылғы жиын-терім 1 миллион 27 мың тонна болған болса, биыл одан 17%-ға аз, яки 850 мың тонна ғана өнім жиналуы мүмкін. Бұл – дайындалып, сұрыпталып, өңделгеннен кейінгі өнімнің салмағы. Өйткені биыл елімізде құрғақшылық қатты болып тұр. Мұндай ауа райы күнбағыстың басым бөлігі (60%-ы) өсірілетін Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында қатты сезілуде. Болжамымыз расқа айналар болса, онда май зауыттарымыз келесі жылы тоқтап қалуы әбден мүмкін. Оның үстіне, билік онсыз да жетпей тұрған күнбағыс дәні экспортына шектеу қоймайтын болса, жағдай одан сайын қиындамақ. Онда майдың бағасы шарықтап кетуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселе ауқымды түрде қарқын алып кетпей тұрғанда алдын алу қажет», – дейді «Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдеу Ұлттық қауымдастығының» басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов.
Бұл мәселенің геосаяси деңгейде де астары бар екен. Мәселен, күнбағыс дәнінің әлемдік деңгейдегі өндірушілері – Украина мен Ресей мемлекеттері. Қазір ол елдер арасында әскери қақтығыстар болып жатқанын ескерсек, өнімнің соғысқа дейінгі көлемі айтарлықтай төмендеп кеткені рас. Украинада ол шамамен 5-6 миллион тоннаны құрайды. Ресейде де осындай жағдай. Оның үстіне, құрғақшылықтың ол елдерге де әсер етіп отырғанын қосыңыз. Сондықтан да бұл факторлар, біріншіден майлы дақылдардың тапшылығына, екіншіден, әлемде де күнбағыс майы бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Онда жағдай күрделеніп, бағаны ұстап тұру қиындай түспек.
«Бұл нарықты біз 2016 жылдан бері зерттеп келеміз. Көптеген болжамымыз орындалып келеді. Осы мәселені көтеріп отырғанымыз сондықтан. Өйткені қазір дабыл қақпасақ, ертең Үкімет май зауыттарын кінәлап шығуы әбден мүмкін. Сол себепті бірінші кезекте күнбағыс дәнінің экспортына тыйым салу керек. Мәселен, бүгінде күнбағыс дәнінен 20%-дық экспорттық алым алынады. Ақшаға шаққанда ол тоннасына 100 еуродан кем болмауға тиіс. Бұл шара – дамыған елдерде кең қолданысқа ие, реттеу қатынасындағы ең бір оңтайлы шешім. Осыған сәйкес, біз бейінді министрліктен, нақтырақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінен 1 қыркүйектен бастап күнбағыс дәнін алымсыз тасымалдауға бір жылға квота енгізуін сұраймыз. Ал кедендік пошлинадан түскен қаражатты күнбағыс дәнін май зауыттарына өткізген кезде субсидия ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қайтарып беруді ұсынамыз», – дейді басқарма төрағасы.
Ядыкар Мусаджановичтің айтуынша, қазір күнбағыс майына зауыттарда баға өсіп жатқан жоқ. Егер былтырғы жылдың желтоқсан айымен салыстырар болсақ, май зауыттарынан шығатын өнімнің бағасы керісінше 35%-ға төмендеген. Қазір күнбағыс майының бағасы 1 литріне 480-550 теңге тұрады. «Ал баға көтерілуі мүмкін бе?» дегенге келер болсақ, мұның барлығы бейінді министрліктердің жүргізіп отырған саясатына байланысты болмақ екен. Егер қазір шешім қабылдап, күнбағыс дәні экспортына тыйым салмаса, онда баға кез келген уақытта көтеріліп кетуі мүмкін. Жағдайды қадағалаудан шығарып алар болсақ, онда бағаны ауыздықтау мүлдем мүмкін болмай қалады. Маман бұл тұста сауда желілеріндегі, үй жанындағы дүкендердің, базарлардағы саудагерлердің бағаны қаншалықты қосып отырғанына назар аудару керек екенін айтады. «Біз мониторинг барысында байқағанымыздай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме қосылатын алыпсатарлық құн 15%-дан аспасын деген талап барлық жерде, барлық уақытта сақтала бермейді. Сондықтан да мемлекет тарапынан қадағалауды күшейте түсу қажет».
«Сұр» импорт – ұры импорт
Еліміздегі қант зауыттарының проблемасын біз бұған дейін де жазғанбыз. Содан бері көп нәрсе өзгермегенге ұқсайды. Оның үстіне, тағы бір проблема жамала түскен сыңайлы. Айталық, бұған дейін біз «Ақсу-Қант» зауытын газификациялау мәселесін, қант қызылшасын егу алқаптарын ұлғайту мәселесін көтерген едік. Бірақ «Жетісу облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ берген жауапқа қарасақ: «Бүгінде Ақсу, Сарқанд және Алакөл аудандарындағы елді мекендерді газдандыру үшін «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы» бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары жасап шығарылған. Онда «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқанд», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» газ тарату стансаларының тармақтарын тарту қарастырылған. Осы жұмыстар кезінде Ақсу қант зауытының қажеттілігі ескерілетін болады. Бүгінгі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Оның қорытындысы қыркүйек айында қолымызға тимек. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024-2029 жылдарға жоспарланған» делінген.
Ал егіс алқаптарына қатысты АШМ-ның хабарлап отырған: «19 мың гектар жерге қант қызылшасы егілді» деген ақпараты шындыққа сәйкес келмейді, іс жүзінде 14-15 мың болуы мүмкін. Бұл туралы «Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» мәлімдеп отыр. Өйткені, биыл көптеген шаруа үшін су мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Ал қызылша суды көп қажет ететін өнім. Десе де, қауымдастық өкілдерін дәл қазіргі таңда алаңдатып отырғаны – Ресей Федерациясынан жөн-жосықсыз ағылып келіп жатқан «сұр импорт» мәселесі.
«ЕАЭО-ның Индикативті балансына сәйкес, РФ-дан Қазақстанға 250 мың тоннадан артық импортталмауы тиіс. Десе де, автомобиль көлігімен елімізге әкелініп жатқан қант көлемі нақты белгісіз. Сәуір айында бидай өнімдерінің импортына тыйым салынғаннан бері жүк тасымалдаушылар қант тасуға көшті. Құжатсыз, қолма-қол ақшаға әкелініп жатқан «сұр импортта» шек жоқ. Бір жағынан рубльдің күрт девальвациясынан ол арзандап кеткен болса, екінші жағынан бұл – экономикалық тиімді, ол жаққа Қазақстаннан көкөніс алып барған жүк көліктері бос оралмау үшін қант алып қайтады. Тіпті, құжатында қырғыз еліне деп тиелген бұл өнім жалған транзит жолымен еліміздің базарларында қалып қойып жатыр. Одан бөлек, қызылша қанты деген желеумен, елімізге өңделмеген (шитті) қант келуде. Бұл Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында заң бұзушылыққа жатады. Мәселен, Ресейдің Раевский қант зауыты 20 мың тонна өңделмеген қант алдырған, соның шетінен Қазақстанға да жіберіп жатыр. Енді осы заңсыз әкелінген арзан қант еліміздегі дилерлердің қоймаларында сықа толып тұр. Қазір қоймаларда бұрын-соңды болмаған 100 мың тонна шекер бар, яки Қазақстанның алдағы екі айлық сұранысы жиылып тұр. Бұл қазақстандық осы тауарға қоймаларда да, дүкен сөрелерінде де орын жоқ деген сөз. Оның үстіне, еліміздегі қант зауыттарынан шығатын өнімнің өзіндік құны 440-470 теңге болса, контрабандашылар Ресейдің «сұр шекерін» 330 теңгеден төмен сатуда. Ресейде биыл қызылша егіні бітік шыққан, олар оны өңдеуді бастап кетті. Рубль әлсіреген соң қазір солтүстік Қазақстанда ресейлік қанттың бағасы – 320 тенге», – дейді «Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» президенті Айжан Наурызғалиева.
Айжан Абақанқызының айтуынша, қазір Қазақстандағы қант зауыттарының қоймалары да аузы-мұрнынан толып тұр. Олардың өтпей тұрған себебі: қымбат, ал қымбат болатын себебі: оларды қант зауыттары ӘКК-нің қаржысына сатып алынған қант құрағынан жасаған. Шикізатты дәл бір сатып алар кезде олардың биржадағы бағасы күрт өсіп, $400 доллардан $540 долларға бір-ақ жеткен, бұл айналып келгенде өзіндік құнына әсер етіп отыр. Олардың қызылша пісіп, оны өңдеуге болатын қазан айының басына дейін сату мүмкін емес. Өйткені «сұр импорт» тұншықтырып тұр. Сала мамандары мұның теріс салдары өте зор болуы мүмкін екеніне алаңдаулы.
«Еліміздің қант саласы үлкен бір апатты жағдайдың алдында тұр. Мәселен, 2024 жылдың көктеміне дейін еліміздегі 4 зауыт та толықтай жабылып қалуы мүмкін. Ел бюджеті бұдан екі есе ұтылып отыр. Біріншіден, контрабандалық импорттан ел қазынасына салық түспейді, екіншіден, зауыттар жабылса да бюджет салықтан айырылмақ. Тұралап тұрған салаға инвестор келмейді, ӘКК займдары мен несиелерін қайтару қиындап кетпек. Зауыт жабылса, жұмысшылары жұмыссыз қалып, сол өңірлерде әлеуметтік ахуал күрделене түсуі мүмкін. Қант жеткізу тоқтап, кәсіпорынның тұрақты циклі де үзілмек. Өз өндірісіміздің жабылғаны ұзақ мерзімді перспективада азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан. Өйткені импорт кідірсе, азайса немесе уақытша шектелсе, баға спекуляцияға ұшырап, былтырғы сценарий қайталануы мүмкін. Естеріңізде болса, Ресей қант экспортын жауып тастап, Қазақстанда оның 1 келісі 900 теңгеге дейін жеткен болатын. Ендеше 2024 көктемінде осындай жағдай орнауы әбден мүмкін», – дейді қауымдастық президенті.
Сала сарапшысының айтып отырған сөзінің жаны бар. Өйткені, Ресейге өз өнімін қымбатқа сатқан тиімді. Сондықтан да дәл қазіргі жағдайды демпинг деп бағалауға болады. Бірақ, жалған транзит және контрабанда жолымен жасалып жатқан заңсыз демпинг. Қалай болғанда да, «сұр» импорт – еліміздің несібесін үптеген ұры импорт болып тұр. Сондықтан, мұндағы ең бір тиімді шара – автокөлікпен жүк тасу жолын жабу керек. Сонда ғана елімізге келіп жатқан импорт көлемін анықтауға мүмкіндік тумақ.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік реттеу тетігін күшейту қажет-ақ. Себебі бір сала тауардың көптігінен тұралап жатса, бір нарық аздығынан тоқырағалы тұр. Бұл деректерге нарық та ден қойып отырғанына сөз жоқ. Ертең мұндағы ойыншылар бұл жағдайды өз қолайына қарай қолданатын болады. Егер мемлекет дер кезінде шешім қабылдамаса, онда билікті бизнес алмақ. Ал бүгінгі бизнестің пайдакүнемдігі басым боп тұр. Оның соңы – қымбатшылық.
Нұрлан ҚОСАЙ