Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,7 пайызға көп. Бұған дейін мұндай жоғары көрсеткіш тек 2012 жылы тіркелген еді – 28,9 млрд АҚШ доллары. Инвестиция көлемі коронавирус дағдарысы бәсеңдегеннен кейін екінші жыл қатарынан өсім көрсетіп отыр.
Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылы шетелдік инвестициялардың ең көп көлемі, яғни жалпы соманың 43,4 пайызы немесе 12,1 млрд АҚШ доллары тау-кен өнеркәсібіне тиесілі, одан кейінгі орында өңдеу өнеркәсібі (5,6 млрд АҚШ доллары) және сауда секторы (5,1 млрд АҚШ доллары). Бұл үш сала барлық тартылған инвестицияның 81,5 пайызын құрайды.
«Қазақстан халықаралық инвестициялық позициясының деректеріне сәйкес, 2022 жылдың соңындағы жағдай бойынша шетелдік тікелей инвесторлардың үлесіне тиесілі қазақстандық кәсіпорындар капиталының көлемі $169,2 млрд болды. Оның 77%-ы ($129,6 млрд) тау-кен өндіру өнеркәсібіне, оның ішінде 71%-ы ($120,7 млрд) – шикі мұнай мен табиғи газ өндіруге тиесілі. Елдер бойынша шетелдік тікелей инвестиция жалпы ағынының құрылымында Нидерланд (29,7%) алғашқы орында тұр. Одан кейін АҚШ (18,2%), Швейцария (9,9%), Бельгия (5,6%), Ресей Федерациясы (5,4%), Корея Республикасы (Оңтүстік Корея) (5,3%), Қытай (5,1%), Франция (2,7%) және Ұлыбритания (2,4%)» делінген Ұлттық банк талдамасында.
«Тікелей шетелдік инвестициялар қаражаты қозғалысының шынайы көрінісін» көрсету үшін Ұлттық банк өз жарияланымында қайта инвестицияларды есепке алмай, шетелдік тікелей инвестициялардың (ИПИ) таза ағыны туралы мәліметтерді ұсынды.
Бұл тұрғыдан HalykFinance сарапшылары «Қазақстанда соңғы 5 жыл ішінде шетелдік тікелей инвестициялардың тұрақты ағыны байқалатыны анық» деген қорытынды шығарып отыр. Зерттеуде: «Өйткені тікелей шетелдік инвестициялар бойынша статистика жалпы және таза көріністе жарияланатынын атап өту маңызды, алайда Үкімет жоспарлау кезінде нақты көріністі көрсетпесе де, инвестициялардың жалпы ағыны бойынша көрсеткішті пайдаланады. Мысалы, Қазақстанның 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасында екі нысаналы индикатор болса, біріншісі – «негізгі капиталға инвестициялар», екіншісі – «тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны». Жоғарыда айтылғандар жалпылама жағымды көрсеткіштерге қарамастан, елдегі шетелдік инвестициялардың жағдайы теріс екенін және оны талдау өте маңызды нюанстарды ескермейтінін айқын көрсетеді. Біз Ұлттық банктің тікелей шетелдік инвестициялар қаражаты қозғалысының шынайы көрінісі үшін Үкімет қайта инвестициялауды шегергендегі таза ағынға назар аударуы керек деген пікірімен толық келісеміз. Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларға келетін болсақ, 2023 жылғы 1-тоқсанда тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны – $7,6 млрд, инвестициялардың таза ағыны – $2.5 млрд, ал реинвестицияларды шегергендегі таза ағыны $601 млн-ға теріс мәнді. Осылайша, 2023 жылғы 1 тоқсанында шетелдік инвесторлар қаражатының Қазақстаннан кетуі бойынша 5 жылдық теріс үрдіс жалғасып отыр деуге негіз бар» делінген.
Тікелей инвестициялар кез келген елдің экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Инвестициялық қызметтің динамикасы мен шетелдік капитал ағынының көлемі халықтың өмір сүру деңгейінің өсуіне, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге тікелей әсер етеді. Сондай-ақ елдің жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігіне де байланысты. Сондықтан бұл сегментті ынталандыру әсіресе экономикасы дамып келе жатқан елдерде мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. Әлемдік экономикаға тиімді интеграциялану үшін инвестициялық процестерді жаһандық реттеу жүйесін ескеру қажет. Тікелей инвестициялар саласындағы заңнамалық база инвестициялық процестің барлық қатысушының мүдделерін қорғауға негізделуі тиіс.
Қазақстанның 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясатының тұжырымдамасында инвестициялық заңнаманың жетілмегені инвестициялар тарту тиімділігіне теріс әсер ететіні көрсетілген.
Ел экономикасы үшін кез келген инвестиция маңызды екені сөзсіз, бірақ инвесторлардың кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін инвестициялардың жіктелуі аса маңызды. Өйткені инвестиция түрі мен тәуекел дәрежесі бір-біріне тікелей пропорционалды. Кәсіпкерлік тәуекел дәрежесі жоғары болса, соған сай табыс әкеледі, бұл жалпы ел экономикасына да жағымды әсер етпек. Осыған байланысты мемлекеттің мұндай инвестицияларды қорғауы да жоғары деңгейде болуға тиіс.
«Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде «инвестиция» анықтамасы ғана қамтылған. Жеке капитал ұғымына жеткілікті деңгейде назар аударылған жоқ. Осыны ескере отырып, ең алдымен жеке капитал ұғымын анықтап алу қажет», – дейді сарапшылар.
Әлемдік тәжірибе кәсіпорындарды қаржыландыруда мемлекеттің үлесі болса, елге тікелей инвестицияларды тартуға оң әсер ететінін көрсетті. Мұндай жағдайларда мемлекет жеке, көбіне шетелдік, инвесторлармен бірлесіп инвестицияларды жүзеге асыратын тікелей инвестициялар қорын құрады. Әдетте осы мақсаттар үшін үкіметтер мемлекет атынан жеке капитал қорларын құруға қатысатын арнайы қорлар құрады. Басқаша айтқанда, бұл қорлар ел экономикасына инвестиция салуға дайын инвесторлармен тәуекелдерді «бөліседі». Сондықтан мұндай қордың мәртебесі неғұрлым жоғары болса, инвесторлар соғұрлым белсенді болмақ.
Осы тектес Қазақстан Үкіметі құрылтайшысы болып табылатын Qazaqstan Investment Corporation инвестициялық компаниясының пайдасы 2023 жылдың қаңтар-маусымында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,8 есе өсті. QIC аралық қаржылық есептілігінде 2022 жыл қаңтар-маусымдағы 375 млн теңгеден биыл 13,8 млрд теңгеге дейін артты.
Сондай-ақ QIC операциялық кірістері 2022 жылғы қаңтар-маусымдағы 1,8 млрд теңгеден 17 млрд теңгеге дейін өскен, қысқаша айтқанда тоғыз есеге арқан. QIC-тің қаңтар-маусым айларындағы міндеттемелері 56,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,5 млрд теңгеге артық. Меншікті капитал 21 пайызға, 223,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жай акциялардың баланстық құны (таза активтер мен акциялар санының арақатынасы) жарты жыл ішінде 3,29 теңгеден 4,17 теңгеге дейін өсті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша QIC таза пайданы 10 есеге – 1,5 млрд теңгеден 10,6 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан. Компанияның меншікті капиталы 8,2% – ға, 176,5 млрд теңгеге дейін, жиынтық активтері – 16,5 млрд теңгеге, 230,7 млрд теңгеге дейін, жиынтық міндеттемелері 54,3 млрд теңгеге дейін өсті. Корпорация қызметінің кеңеюіне 2022 жылы QazTech Ventures және Kazakhstan Project Preparation Fund еншілес компанияларын біріктіруі де әсер еткен. Сонымен қатар QIC Стресстік активтер мен венчурлық қаржыландыру сегментінде, сондай-ақ инфрақұрылымдық активтер нарығында және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікте жұмыс істей бастағанын да назардан тыс қалдырмаған жөн.
2023 жылы компания ірі халықаралық инвесторлармен жаңа портфельдік қорлар құруға және өңдеу секторының жобаларын қаржыландыруға ниетті.
EY Global компаниясы 2022 жылы «Қазақстан өңірдегі инвестициялар үшін ең тартымды ел ретінде танылды» деген қорытынды шығарған болатын. Сауалнамаға қатысқан инвесторлардың үштен екісінен астамы (71%) елімізде өз қызметін жүргізіп жатқан кәсіпорындар. Алдағы үш жылда инвестициялау шешіміне оң әсер етуі мүмкін факторлар ретінде инвесторлар саналы тұтыну, өмір сапасы, салаларды қолдау, еңбек өнімділігі және т. б. шараларды атап өткен.
Жалпы алғанда, барлық фактор бес негізгі санатқа жатқызуға болады: цифрлы технологиялар, салық салу, еңбек нарығы, нормативтік-құқықтық база және тұрақты даму. Олардың жұмысы үкімет, компаниялар және тұтынушылар үшін үлкен маңызға ие.
Экономиканың тартымды салалары туралы айтатын болсақ, сауалнамаға қатысқандардың 57%-ы инвестициялардың негізгі бөлігі орта мерзімді перспективада энергетика саласына тиесілі болады деп санайды.
Аймақтағы тағы бір қарқынды дамып келе жатқан сектор – бөлшек сауда мен азық-түлік саласын қамтитын тұтыну тауарлары секторы. Тұтынушылық сектор энергетикалық сектормен бірдей өсім көрсетеді деп сенеді сауалнама қатысушылары. Сондай-ақ респонденттердің 53%-ы инвестициялардың айтарлықтай ағыны алдағы үш жылда осы секторға бағытталады деп болжайды. Ал респонденттердің 42%-ы геосаяси жағдайға байланысты инвестициялық жоспарларына әлі өзгерістер енгізбегенін жеткізген.
Сонымен қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етсе, бұл сектор шикізат өндірісінен кейінгі екінші инвестициялық әлеуеті зор саланың бірі болмақ. Елімізде инвестициялық салада көп өзгеріс енгізілгенін байқауға болады. Бүгінде елімізде шетелдік инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Алайда отандық инвесторлардың әлеуетін де біз толық пайдалануымыз қажет екенін ұмытпаған абзал. Алдағы уақытта қазақстандық инвесторлардың да бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасалады деп сенеміз.
Кәмила ЕРКІН
фото: e-history.kz