Одан бөлек, әр аймақта аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру мәселесі тағы бар. Әлемнің көптеген елінің тәжірибесі мен Украинадағы соғыс аумақтық қорғаныс күштерінің рөлі зор екенін көрсетті. Бәлкім, содан да шығар, мемлекет аумақтық қорғанысты жетілдіру, оның құрылымдарын қаржыландыру мен сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарға бел шеше кіріскен сыңайлы. Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуді бастады. Бұйыртса, жаңа заң аумақтық қорғаныс жүйесіндегі азды-көпті мәселелерді түбегейлі шешуі мүмкін. Дегенмен оны уақыт көрсете жатар. Ал біз аумақтық қорғаныс саласындағы мәселелер жөнінде Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаевқа бірер сұрақ қойып, сұхбаттасқан едік.
– Серік Жақсығалиұлы, «аумақтық қорғаныс әскерлері» – еліміздің қорғаныс жүйесінде өзіндік орны бар құрылым. Бірақ аумақтық қорғаныс күштерін ұйымдастыруды, қаржыландыруды, қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуді реттейтін арнайы заң жоқ. Бұл олқылықтың орны қашан толады?
– Дәл қазір Қорғаныс министрлігі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және «Аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл заңдар аумақтық қорғаныс саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар заңға тәуелді актілерді дайындау жұмыстары да қатар жүріп жатыр.
– Күні бүгінге дейін аумақтық қорғаныс әскерлерін қаржыландыру қалдық принципіне негізделгендей көрінеді. Мәселен, жергілікті бюджеттерден аумақтық әскерлерге 2022 жылы 384 млн теңге ғана бөлінген. Шындап келсе, мұндай сома еліміздегі барлық аумақтық әскер бөлімшелеріне емес, бір ғана толыққанды әскери құрылымға бөлінсе де артықтық етпес еді. Жағдай неге бұлай қалыптасты деп ойлайсыз?
– Аумақтық қорғаныс біз үшін жаңа бағыт. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз аумақтық қорғаныс саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заң жобаларын әзірлеп жатырмыз.
Бұдан бөлек, Президенттің Сайлауалды бағдарламасы бойынша Жол картасын жүзеге асыру шеңберінде Премьер-Министр бекіткен 2024-2028 жылдарға арналған аумақтық қорғанысты дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатқанын айта кету керек.
Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар аумақтық қорғаныс күштерін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен ақшалай қаражат бөлу мәселесі бойынша да келісімге келді.
– Елімізде аумақтық қорғаныс әскерлерінің 20 бөлімшесі орналасқанын білеміз. Төтенше жағдай немесе соғыс режимі жарияланса, бұл бөлімшелердің құрамы резервтегі азаматтармен толықтырылуы керек. Ал резервтегілер даярлығы қаншалықты деңгейде?
– Резервте тұрған Қазақстан азаматтары бұдан бұрын мамандықтары бойынша дайындықтан өткен және Қарулы Күштер қатарында қызмет еткен уақытта бөлімшелердің құрамында үйлестіруден өткен. Резервтегі азаматтардың дайындық деңгейі Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет өткерген немесе Әскери-техникалық мектепті аяқтаған мамандардың дайындық деңгейіне сай келеді.
Жергілікті атқарушы органдардың жоспарына сәйкес Қорғаныс министрлігінің келісімімен әрбір бригадада кемінде жылына екі рет тіркелген құрамның жиындарын өткізіп тұрады.
– Аумақтық қорғаныс әскері бригадалары келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметшілерінің еңбекақысы елдегі орташа жалақыдан 3 есе аз. Мұны қалай реттейміз? «Өз армияңнан аясаң, өзгенің әскерін асырайсың» дейтін тәмсіл болушы еді...
– Аумақтық қорғаныс бригадалары әскери қызметшілерінің ақшалай үлесі тиісті лауазымдардағы Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің ақшалай үлесіне сәйкес келеді.
Одан басқа, әлеуметтік пакет бар, оған: қызмет өткеру қағидаларында белгіленген мерзімдерде зейнеткерлікке шығу (қатардағы жауынгерден бастап подполковникке дейінгі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер 47 жаста, полковникке дейін 55 жаста); екі лауазымдық жалақы көлемінде сауықтыруға арналған жыл сайынғы бірреттік жәрдемақы; тұрғын үйді жалға алғаны үшін ақшалай өтемақы төлеу; белгіленген қамтамасыз ету нормалары бойынша киім-кешекпен қамтамасыз ету; жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар өткізген, нарядта қызмет атқарған кезде және өзге де жағдайларда азық-түлікпен қамтамасыз ету; тегін медициналық қамтамасыз ету; өмірін және денсаулығын міндетті мемлекеттік сақтандыру; кәсіби-техникалық, орта арнайы және жоғары білім мекемелерінде білім алу мүмкіндігі; кейбір салық түрлерінен (табыс, әлеуметтік салықтар) толық босатылу; медициналық көрсеткіші бар әскери қызметшілер үшін Қорғаныс министрлігі есебінен санаторлық-курорттық ем және басқа да көптеген жеңілдік кіреді.
– Аумақтық қорғаныс әскерлерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі де төмен. Бұл олқылыққа кім кінәлі? Жергілікті атқарушы органдардың басшылары аумақтық қорғаныс әскерлерінің маңызын дұрыс түсінді ме? Әкімдер мен мәслихаттағы азаматтар бұл құрылымдардың маңызын түсінсе дұрыс қаржы бөлуі керек еді ғой.
– Аумақтық қорғаныс бригадаларын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қару-жарақ, әскери техника және арнайы құралдар бойынша Қорғаныс министрлігі, ал басқа да материалдық құралдардың қорлары бойынша жергілікті бюджет есебінен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Барлығы туралы айта алмаймыз, бірақ бұл мәселе шешілді деп айта аламын.
– «Аумақтық қорғаныс әскері бригадасы» деп ауыз толтырып айтып отырмыз. Бірақ олар толыққанды бригада деңгейіне жеткен жоқ. Бейбіт күнде оларды бригада деңгейіне жеткізіп, резервтегілердің жаттығуларын жиі өткізіп тұрған жөн сияқты. Қалай ойлайсыз?
– Аумақтық қорғаныс бригадасы жабық сипаттағы құжаттармен айқындалған оларға қойылған міндеттерді есепке ала отырып әзірленген штаттар бойынша ұсталады. Тиісінше, басқа міндеттерді орындау үшін арналған бригадаларға сай келуі керек деген дұрыс емес. Біз аумақтық қорғаныс мәселелерінде шет мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерделейміз және оны отандық шарттарымызды есепке ала отырып, Қарулы Күштерге ендіреміз.
– Аумақтық қорғаныс әскерлері бөлімшелері құрылған 2017 жылдан бері аумақтық қорғанысты ұйымдастыру бойынша 2 рет оқу-әдістемелік жиын өтті. Аз емес пе?
– Иә, дұрыс айтасыз. Оқу-әдістемелік жиындар 2022 және 2023 жылдары екі рет өткізілді. Оған әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, өңірлік қолбасшылар, аумақтық әскер бөлімінің басшылары және аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері тартылды.
Алайда оқу-әдістемелік жиындардан бөлек жыл сайын біліктілігін арттыру курстары, аумақтық қорғаныс бригадаларының бөлімшелерін тарта отырып, шартты әскерлердің қатысуымен оқу-жаттығулар, жергілікті атқарушы органдардың жоспарлары бойынша жиындар да өткізіледі. Бүгінде іс жүзінде Қарулы Күштерде барлық оқу-жаттығу аумақтық қорғаныс бригадаларының басқармалары мен бөлімшелерінің қатысуымен өткізіліп тұрады. Аумақтық әскерлердің жауынгерлік даярлық шаралары бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты негізде жарияланып тұрады.
– Қазақстанның аумақтық қорғаныс күштерін жасақтау барысында көптеген елдің тәжірибесі ескерілгенін білеміз. Әсіресе, Украина тәжірибесіне назар аударған дұрыс деген ойдамыз. Келісесіз бе?
– Шет мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерделейміз.
– «Қаңтар оқиғасы» кезінде кейбір елді мекен тұрғындары өз ауылын қорғау үшін жасақ құрды. Халықтың осындай бастамаларын құқықтық тұрғыда реттеп, аумақтық қорғаныс жүйесінің құрамдас бөлшегіне айналдыруға бола ма?
– «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заңның жобасында еріктілер және өзін-өзі қорғау құралымдары туралы нормалар көзделген.
– Елдің қауіпсіздігіне әскерилер ғана жауапты сияқты көрінетін қоғамда өмір сүреміз. Аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру үшін қатардағы азамат не істеуі керек? Демеушілік жасау, еріктілер, әскери-патриоттық клубтар, түрлі қоғамдық қозғалыс арқылы қолдау көрсету жағын ұйымдастыра аламыз ба?
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті».
Қазақстан Республикасының азаматы ең алдымен өзінің Отанын сүюге және патриот болуға тиіс. Азаматтар әскери-патриоттық және өзге де қоғамдық қозғалыстарға қатысады, әрі тиімді жұмыс істеп жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ардақ СҰЛТАН