Ал жетісулық балуан Нұрбақыт Теңізбаев жастар арасында Әлем чемпионы атанғалы бері 20 жыл, Олимпиадада жүлде алғалы бері 15 жыл өтіп кетіпті. Әлем чемпионатында жүлде бұйырмаған сол жеті жылдық үзілісті жетісулық жас балуан Исхар Құрбаев бұзды. Ол Иорданияның Амман қаласында грек-рим күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатында топ жарып, жеңімпаз атанды.
Исхардың жетістікке жетуі жолында әкесі әрі жеке бапкері Мұхамет Нұғымановтың үлесі зор. Баласының бойындағы спортқа деген бейімділікті ерте байқаған әке оның ыңғайын тап басып, жаттықтырудан жалыққан емес. Кішкентайынан күрес әліппесімен таныстырып, өзі білетін айла-тәсілдің барлығын үйретіп, бала қырандай баулыды. Аянбай тер төкті және ұлының да жеңіске деген жігерін жанып, тасқайрақтай қайрады. Сенді, үміттенді. Жыл сайын шеберлігі шыңдалған Исхар да белестерді біртіндеп бағындыра бастады. Облыста оза шауып, республикада олжа салды. Халықаралық жарыстарда алдан көрінді, құрлықтық додаларда жеңіске жетті. Осылайша, сатылап өсіп, жастар арасындағы әлем чемпионатына жолы түскенде барын салып, елімізге алтын медальмен оралды. Иордания астанасы Амманда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 55 келіде күрескен қазақ балуанына қарсылас шақ келмей, тұғыр төрінде тұрды. Финалда әзербайжан Фарид Садихилиді ойсырата ұтқаннан кейін қуаныштан кілем үстіне атып шығып, еліміздің көк Байрағын ұлының үстіне жауып, жанарына жас үйірген әкенің үкілі үміті ақталды. Грек-рим күресінен жастар арасында қазақ балуандары әлем чемпионатында жеңіссіз келе жатқан 7 жылдан соң жарқын жеңіс барлығымызды қуантты. Бұған дейін Әсет Мәмбетов (2000, 2001), Нұрбақыт Теңізбаев (2003), Артур Үмбетқалиев (2006) және Тамерлан Шадукаев (2016) сынды жастар арасында топ жарғандар қатарына тағы бір жаңа есім қосылды.
Исхар бүгінгі биігіне аяқастынан жеткен жоқ. Чемпиондыққа дейін шелектеп тер төкті. Талай сынақта қара үзіп шықты. Ол грек-рим күресінен Қазақстанның спорт шебері. 2018-2019 жылғы кадеттер арасында әлем және екі дүркін Азия чемпионы. 2023 жылы ересектер арасында грек-рим күресінен Қазақстанның чемпионы. Сондай-ақ 2023 жылғы ақпан айында өткен Қазақстан Республикасының VI Жазғы спартакиадасының күміс жүлдегері. Әр белесті ретімен бағындырып келе жатқан балуанның алдағы жоспары да осал емес. Жастар арасында әлем чемпионатының алтынын алып елге оралған сәтте әуежайдан қаумалап күтіп алғандар алдында басты мақсатын жайып салған болатын. «Жаттығуларымды үзбеймін, әлі де шыңдалу керек, кілем үстінде жіберген қателіктерден сабақ алып, түзету керек. Алдағы олимпиада ойындарына қатысып, ел намысын абыроймен қорғағым келеді. Мені қолдаған жанкүйерлерге, туған-туыс, достарыма алғысым шексіз. Еліміздің Туы әрдайым биікте желбіреп, Әнұранымыз әуелей берсін», – деген жанкүйерлері алдында су жаңа әлем чемпионы.
Парижде өтетін олимпиада ойындарына да бір жылдай уақыт қалды. Оған дейін Исхар бар күш-жігерін сол дүниежүзілік додаға жолдама алу жолында жұмсамақ. Грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаевтан кейін олимпиадада жүлде алған қазақ балуаны жоқ. Жетісулық балуанның даңқты жолын келесі жетісулық қайталайды деген сенім үлкен.
Күні кеше жастар арасындағы әлем чемпионы мен оның жаттықтырушысын арнайы қабылдаған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та өзінің құттықтауы барысында осындай ойды айтты.
– Жетісу таланттарға кенде емес. Соның ішінде спорттан дарындыларымыз талай биікті бағындырып жүр. Осыдан 20 жыл бұрын жерлесіміз Нұрбақыт Теңізбаев осы грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы атанып, 2008 жылы олимпиада ойындарында жүлдегер болған еді. Енді, міне оның жолын сен жалғап, әлем жастары арасында үздік шықтың. Бұл жетістігің біріншіден, өзіңнің күш-жігерің мен тынымсыз еңбегіңнің арқасы, екіншіден, сені 7 жастан осы күреске баулып, жаттықтырған әкеңнің еңбегінің жемісі. Сен тек өз әулетіңді, Жетісу өңірін ғана емес, Қазақстанды әлемге таныттың. Енді ересектер арасында топ жарып, Олимпиада шыңына шығуыңа тілектеспін. Шаршамай-талмай жаттығып, еңбектен. Біз саған барлық жағынан қолдау көрсетеміз, – деді облыс әкімі.
Жас спортшы әкіммен әңгіме барысында Әлем чемпионатының қалай өткенін қысқаша айтып берді. Сол сияқты өзінің спорттық жолы, ең мықты қарсыластармен белдесуден кейінгі түйген ойлары, алдағы жоспарлары жайлы баяндады.
– Жастар арасында Әлем чемпионы атанғаным менің ғана емес, еліміздің жеңісі деп білемін. Алда жоспарларым көп. Олардың бәріне тынбай жаттығудың арқасында жетемін деп ойлаймын, – деді Исхар Құрбаев.
Жаттықтырушы Мұхамет Нұғыманов шәкіртінің келесі жылы ересектер арасында белдесетінін білдірді. «Исхар қазір Алматыдағы Спорт және туризм академиясының 3-курсында оқиды. Жаттығуға, үлкен мақсаттарға жетуге барлық мүмкіндігі бар. Көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамыз», – деді бапкер әке.
Облыс әкімі спортшы мен оның жаттықтырушысын Құрмет грамотасымен марапаттап, чемпионға 1 млн теңгенің сертификатын тапсырды.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы