Партиялықтар 2021-2022 жылдары атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды бекітті.
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының XLI есеп беру-сайлау конференциясы өтті
672
оқылды

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының XLI есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Партиялықтар 2021-2022 жылдары атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды бекітті. Сондай-ақ, партияның аудандық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамы сайланды. Осылайша, өңірдегі Саяси кеңестердің құрамы 65%-ға жаңарды.

Іс-шараға партия Хатшысы Руслан Әлішев, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, өңірлік кеңес мүшелері, партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері қатысты.

Есеп беру-сайлау конференциясы барысында 2022-2023 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру барысының қорытындысы тыңдалды. Мәселен, Саран қаласында «KamaTyresKZ» ЖШС дөңгелек өндірілетін зауыт іске қосылып, нәтижесінде 1,1 мың жұмыс орны құрылды. Бұқар жырау ауданындағы «Сарыарқа» АЭА аумағында «LITEYSHIK» ЖШС пластмасса бұйымдарын, профильдерін және гофрленген құбырларын өндіру жобасы жүзеге асырылды. 21 мың тоннаға арналған құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 2 картоп қоймасы пайдалануға берілді. Қарағанды қаласында 200 орындық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, 600 орындық мектеп салынып, 28 балалар спорт алаңы орнатылды. Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында 100 орындық спорттық-сауықтыру кешені ашылды, 12 ауылдық округте жасанды жабыны бар футбол алаңдары орнатылды. Қарқаралы және Нұра аудандарында бір күнде кемі 20 адамды қабылдауға қауқарлы дәрігерлік амбулатория іске қосылды.

 «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында 983 млн теңгені құрайтын 105 өтінім мақұлданып, жалпы сомасы 686 млн теңгеге 69 несие берілді. Сондай-ақ, «Жер аманаты» жобасы шеңберінде ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылау күшейтіліп, облыста 1 млн 230 мыңнан астам шаруашылық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жылға жоспарланған 580 гектар жердің 300-ден астамы қайтарылды.

Партия хатшысы Руслан Әлішев партиялықтар алдында сөз сөйлеп, бүгінде жарияланған тармақтардың жүзеге асырылу мерзімі мен сапасын бақылау үшін сайлауалды бағдарламаның орындалуына қоғамдық мониторингті жүйелі ұйымдастыру маңызды екенін атап өтті. Бұл процеске облыстық кеңестердің депутаттары мен мүшелері, БПҰ өкілдері, белсенділер мен жастар да  атсалысу керек.

 «AMANAT» партиясы өткен Парламент сайлауында өзінің сайлауалды бағдарламасының арқасында ашық бәсекелі күресте жеңіске жетті. Біздің Сайлауалды бағдарламамыз кабинетте отырып, ойдан жазыла салған жоқ. Ол тікелей кездесулердің, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен өтініштердің барысында жиналған 200 мыңнан астам азаматтардың талап-тілегіне негізделіп жазылды. Көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан бұл мәселелерді партия жүйеге келтіріп, алдағы 5 жылда шешуді қамтамасыз етуді қолға алды. Бүгінде партияның басты міндеті – сайлауалды уәделердің орындалуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта, уәделерді орындаудың жол карталары әзірленіп, жауапты тұлғалар, нақты орындалу мерзімі, бюджеті белгіленді. Орындалу барысын бақылау үшін әр тармаққа Мәжіліс немесе мәслихат депутаты бекітілді», – деді ол.

Сондай-ақ, конференция барысында БПҰ басшыларымен және өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Аманаттықтар партияның сайлауалды міндеттерін жүзеге асыру бойынша бастауыш ұйымдардың жұмысын  талқылады.

«Облыста 267 бастауыш партия ұйымына біріктірілген 34 мыңнан астам «AMANAT» мүшесі бар. Халықпен қарым-қатынас біздің бастауыш ұйымдар арқылы жүргізіледі. Бастауыш партия ұйымдарының жиындарының жұмыс барысына талдау жүргізіліп, құрамы қалыптастырылады. Сондай-ақ, жоспарлар құрылып, әрі қарай жүзеге асырылады.  БПҰ жергілікті жерлерде сайлаушылармен тікелей байланысты қамтамасыз етіп, сайлауалды бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын бақылауға көмектеседі», – деді Қарағанды облысының төрағасы Б.Алтынбеков.

Қарағанды өңіріне жұмыс сапары барысында Руслан Әлішев Теміртау қаласындағы Жастар үйін қайта құру жұмысы барысымен танысты. Бұл орын жастарға, көпбалалы отбасыларға және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған үлкен коворкинг-орталыққа айналады. Жөндеу жұмысы биыл қазан айында аяқталады.

Айта кетейік, Қарағанды ​​облысында 34 мыңнан астам партия мүшесін біріктіретін 14 аумақтық филиал, 269 бастауыш партия ұйымы бар.