Конституция – Әділетті Қазақстанның негізі

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референ­думда қабылданған Конс­титуция – әртүрлі ұғым мен құбылыстың іргетасы.

Ол ұлттық заңнаманың және құқық қолдану тәжірибесінің, мемлекеттік және қоғамдық жаңғыртулардың құқықтық негізі ретінде қоғамның жал­пы дамуы мен көркеюіне екпін береді. 

Қазақстандықтар үшін ол Ата Заң ретінде, тәуелсіз, экономи­калық дамыған, әлемдік мем­лекеттер қауымдастығына қо­сылуға бағыттайтын Негізгі саяси құжат болып табылады.

Еліміздің Негізгі Заңы әзір­ленуінің де эволюциясы күрделі сәттерге, ерекшеліктерге толы болды. Қазақстанның Ата Заңы француздық, италиялық, герма­ниялық Конституция бола алмай­ды. Әрине, оны әзірлеген кезде шет елдердің конституцияла­ры­ның ұқсас ережелері пайдала­нылды. Негізгі Заңның әзірленуі­не белгілі құқықтық мектептердің, француз құқықтық жүйесінің ықпалы болғанын атап өтуіміз қажет. Өйткені Конституция мә­тінін әзірлеуге қазақстандық ға­лымдар Ю.Басин, М. Сүлейменов, Н.Шайкенов, Ғ. Сапарғалиев­термен қатар ресейлік заңгер С.Алексеев және француздық екі маман Роллан Дюма және Жак Аттали қатысты. Осы орайда фран­цуз құқықтық жүйесінің озық үлгілері де Негізгі Заңды да­йындауда негізге алынды.

Өткен кезеңдерді зерделей отырып, осы кезеңде өмірге конс­ти­туциялық құндылықтарды ен­гізуде үлкен еңбек сіңірілгенін бай­қауымызға болады. Ол Конс­ти­туцияның әлеуетін қоғамдық өмірдің барлық саласында қол­данумен тығыз байланысты. Мем­лекеттің тәуелсіздігі билік ор­гандарының, ең бастысы азамат­тардың Конституцияны және заңдарды бұлжытпай орындағанда ғана сақталады.

Қазір кейбір мемлекет үшін даму деңгейі, аймақтық, этника­лық, діни және басқа ерекшелік­теріне қарамастан мемлекеттік биліктің заңдылығы басты мәселе екенін көре аламыз. Құқық тео­рия­­сында заңдылық – ол кез келген өркениетті мемлекеттің ішінде, сонымен қатар халықа­ралық аренада танылуы. Бұл ұғымның жан-жақты мағынасына зерттеуші ғалымдар кеңінен жан-жақты тоқталады: «Понятие «ле­гитимности», помимо сказанного, как раз и выражает опору и под­держку власти субъектами поли­тики, населением страны. А это выходит далеко за рамки того, что называется легальностью, которая свидетельствует о юридическом, законодательном обосновании того или иного типа правления. Таким образом, легитимность представляет собой понятие оце­ночное, оно несет на себе печать этического характера, а легаль­ность характеризует юридические основы власти» [1,79].

 Әлемдік тәжірибеге талдау жасайтын болсақ, көбіне мемле­кет­тің халықаралық және ішкі танылуы олардың Негізгі Заңды қабылдауы мен оны орындау дең­гейінен көрінеді. Өйткені Конс­ти­туция тұрғындардың кең жікте­рі­нің мүддесіне, билік пен бас­қару­ды ұйымдастырудың демо­кра­тиялық принциптеріне, құ­қық­тың үстемдігіне, жалпыға ортақ халықаралық талаптарға негізделеді.

Мемлекеттің Негізгі Заңы халықтың қажеттілігін айқындап, олардың мүдделерін бекітуі тиіс, ал ол халықтың Негізгі Заңды әзірлеумен, қабылдауға тікелей қатысқанда жүзеге асады. Мем­лекеттің заңдылығын қамтамасыз ету – өте күрделі міндет, оны мойындамау адам құқықтарының жүйелі бұзылуына, бейберекет­сіздікке әкеледі. Мемлекетімізде болған Қаңтар оқиғасы көптеген мәселенің ашылуына әкелді, ол туралы заңгер былай деп атап көр­сетеді: «Бұл – бізге үлкен сабақ. Өзіміз ғана емес, бізден тараған ұрпақ та қаңтардан сабақ алса, қаңтардағы қырғынды болдырт­паудың жолын білсе. Дұрыс ай­тасыз, бұл оқиға тарихымызда қалары анық. Қандай елдің та­рихы бар? Тәуелсіз елдің тарихы бар. Қандай ел тарихын өзі жаза алмайды? Тәуелсіздігі жоқ ел өз тарихына ие емес, сондықтан өз тарихын жаза алмайды. Сондық­тан жақсы болсын, жаман болсын, тарихымыз жоғалмаса деп ті­леймін. Бүкіл кемшілігімен, ар­тық­шылығымен Қазақстан деген ел дүние тұрғанша тұрса деп тілеп жүрміз. Осы жолда қолымыздан келетін қандай іс бар, соны жа­сауға ұмтыламыз. Біреу сынар, біреу қолдар, мәселе онда емес. Мәселе ұлттық, мемлекеттілік жолдың ұзақ болуында».

Мұндай қайшылықтар қалып­тасып қалған мемлекеттер дамуын бірнеше жылға артқа жылжытады. Ондай дағдарысқа бір рет жол берілсе, одан шығу өте ауыр бо­лады. Қарапайым ережені бұзу­дың өзі тарихтың дамуына ке­неттен әсер етуі мүмкін.

Екінші жағынан дамудың дұрыс стратегиясын анықтау, Конституцияның рухы мен әр бабын сақтау, мемлекеттерге ха­лықтың қолдауына ие болып, креативті экономика мен прогре­стің жолына түсуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы дүниежүзілік қауым­дастық танитын жалпыа­дам­дық және ерекше маңызды қазақстандық үлгілерге негізде­леді. Ол республиканың толық заңдылығын қамтамасыз етудің негізін қалады. Сонымен қатар халықаралық құқықтың басты құндылықтарын да негізге алуға мүмкіндік береді. Осы орайда Ата Заңымыздың 8-бабында осы құн­дылықтар: «Қазақстан Рес­пуб­ликасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер ара­сында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халық­аралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тарады» деп бекітілген. Бұл конституциялық норма бүгінгі геосаяси қайшылықтар, соның салдарынан жасалып жатқан экономикалық санкцияларға төтеп берудің балама жолдарын ұсынады. Ешқандай мемлекеттің ішкі ісіне араласпай, бірақ елдің экономикалық тоқырауына жол бермеу – мемлекеттік биліктің басты міндеттерінің бірі.

Ата Заң елдің аумақтық тұ­тастығын, президенттік басқару нысанын, халық билігі қағидатын, Негізгі Заңның ең жоғарғы заң­дық күші мен тікелей қолда­ны­луын, идеологиялық және саяси әралуандылық, жекеменшікке қол сұғылмау, адам мен азаматтың халықаралық танылған құқық­тары мен бостандықтары, мемле­кеттік биліктің жаңа жүйесі, мем­лекеттік рәміздерді бекітті.

Дұрыс және нақты екшеленген конституциялық саясатқа сәйкес Қазақ елі барлық салада көптеген жетістікке жетті. Конституциялық тіннің мазмұнын өмірге енгізу жоспарлы түрде Мемлекет бас­шысының Жолдаулары мен сөй­леген сөздері, елдің бағдарла­малық-стратегиялық құжаттары Конституциядағы мақсаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

Мемлекеттік органдардың, қо­ғамдық институттар мен аза­мат­тардың қызметі, елдің жетіс­тіктері, қазақ елінің халықаралық аренадағы беделінің өсуі Конс­титуцияда анықталған құқықтық ережелерге негізделеді. Әлемдік тәжірибе және ұлттық ерекшелік­терді назарға ала отырып, Қазақ елінің барлық үрдісті тек құқық­тық шеңберде жүргізіп отырғанын көреміз.

Қазіргі заманғы мемлекет­тердің дамуы, әлемдік жаһандану процесстері нәтижесінде эконо­микалық, саяси және мәдени үр­дістердің кейбір елдердің шегінен шығуы, жаһандық және ұлттық қауіпсіздік тиімді мемлекеттік стратегияның болуын талап етеді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясын қайта қарастыруды ұсынды: «Соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер болды. Осыған орай біздің кейбір страте­гиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты. Сондықтан «Қазақ­стан-2050» стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажет».

Сонымен қатар мемлекеттің болашақ құқықтық дамуын қам­тамасыз ететін 2021 жылы 15 қазанда Президенттің тиісті Жар­лығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Бұл саяси құжаттың негізгі ба­сымдықтары мыналар: «Қа­зақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саяса­тының тұ­жырымдамасы мем­лекеттік жос­парлау жүйесінің ұлттық құқықты, құқық қорғау және сот жүйелерін, сыртқы сая­си және сыртқы эко­номикалық қызметті дамытудың, сондай-ақ құқықтық білім беру мен құқық­тық насихаттың басым бағытта­рын айқындайтын құжаты болып табылады».

Бұл құжатта көрініс тапқан негізгі ережелер мемлекет пен қоғамның барлық қазақстан­дықтың мүддесін қорғаудағы ба­сымдығы мен бағыты Консти­туциядағы кепілдік берілген адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нор­ма­ларымен логикалық тұрғыда үндестік табады. Әсіресе, мемле­кет­тік институттардың жұмысын жетілдіру, құқық үстемдігі мен заң алдындағы теңдік принциптерін жүзеге асыру, сот жүйесінің ашық­тығы мен қолжетімділігі, құқық­қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы жаңа страте­гия қалыптастырып, оны жүзеге асыру, тұрғындардың құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеру.

Конституцияның 1-бабының 2-тармағында бекітілген қазақ­стандық патриотизм принциптері, қазақ елінің тәуелсіздігі, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, зайырлы қоғам және жоғары ру­ханилық даму, инновациялар мен цифрландыруға негізделген эко­номикалық дамумен қоса толық­қанды идеологиялық негізге ие бол­ды. Жалпыға ортақ еңбек қоғамы, тарих, мәдениет және тілдің ортақтығы, ұлттық қауіпсіз­дік және жалпыәлемдік, аймақтық мәселелерді шешуге жаһандық қатысуға да конституциялық құндылықтар мүмкіндік береді.

Ұлттық құқықтық жүйенің бәсекелестігін барлық базалық салада, жеке және жария құқықты дамытуға да құқықтық тұжырым­дамада үлкен мән берілді. Олар әлемдік құқықтық кеңістікте бо­лып жатқан қазіргі заманғы қа­жеттіліктер мен тенденцияларға жауап бере алатын ұлттық заң­наманың жаңа түрін қалыптас­тыруға бағытталған. Еліміздегі 2022 жылдың 5 маусымындағы бүкілхалықтық референдум не­гізіндегі конституциялық өзгеріс­терге сәйкес Қылмыстық, Қыл­мыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару, Әкімшілік құқықбұзушы­лықтар туралы кодекстерге то­лық­тырулар енгізілді. Осы заңна­маға енгізілген өзгерістер адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға құқық қорғау органдарын қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беру үшін жаңа деңгейге көтеруге бағытталады.

Соңғы кезеңдегі мемлекеттік бас­қару жүйесін жетілдіруге қа­тысты әкімшілік реформалардың соңғы нәтижесі, министрліктер мен олардың құрылымдарының жауапкершілігіне және күрделі жағдайларда, тереңдей бастаған интеграциялық процесстерде сапалы әрекет ете алатын, шағын және тиімді Үкіметті құру болып табылады.

Қоғамдық келісім – 120 этнос, 17 діни конфессия өмір сүріп қызмет ететін қазақ елінің басты жетістіктерінің бірі. Бұл жетістік­тің негізі еліміздің Конституция­сында негізделіп, оның кіріспе­сінде былай деп атап көрсетілген: «Біз ортақ тарихи тағдыр бірік­тірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына бе­рілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алу­ды тілей отырып, қазіргі және бола­шақ ұрпақтар алдындағы жо­ға­ры жауапкершілігімізді сезіне оты­рып, өзіміздің егемендік құ­қы­­ғы­мызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдай­мыз».

Бұл Негізгі Заңның кіріспе­сінде келтірілген ережелер логи­калық түрде басқа да конститу­циялық нормалардың мынадай құндылықтарын қалыптастырады, олар: барлығының тепе-теңдігі мен кемсітуге жол бермеу, идеоло­гиялық және саяси әралуандылық, қоғамдық татулық пен саяси тұ­рақ­тылық, әркімнің ана тілі мен мә­дениетін қолдануы, тілді таң­дау, тәрбие, білім алу және шы­ғармашылық.

Парламенттің Жоғарғы Пала­та­сындағы Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының квотасының бо­луы, Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасау да мем­лекеттің конституциялық норма­ларды орындауы. Ал осы аталған басымдықтарды ескермеу немесе бұзу конституциялық нор­маға жат екенін біз Конституция­ның 39-бабының 2-тармағынан көре аламыз: «Ұлтаралық және кон­фессияаралық татулықты бұ­затын кез келген әрекет конститу­ция­лық емес деп танылады».

Қолданыстағы заңнамада атал­ған конституциялық талап­тарды жүзеге асыру тетіктері қа­рас­тырылып, азаматтарды кез кел­ген жағдаяттар бойынша кем­сітуге жол бермеудің талаптары бекітілген. Бұл мәселелер бүгінде еліміздегі заңнамалық өзгерістерге сәйкес мемлекеттің ерекше бақы­лауында.

Кейбір батыс елінің сарап­шылары Негізгі Заңдағы жария­ланған патриотизм ұлтшылдыққа пара-пар емес, қазақ ұлтының өкілі емес этностар да қазақ елінің патриоты екенін атап өтеді. Мұн­дай ерекшелікті кейбір елдерде тарату қажеттігі де жиі айтылады. Қоғамдағы келісім мен тұрақты­лық конституциялық-құқықтық негізі бар мемлекеттің әлеуметтік саясатының тиімділігіне де байланысты.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Рес­публикасы өзін демократия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде ор­нық­тырады» деп атап көрсетілген. Ол жалпы ереже қазақ елінің аза­маттарының лайықты өмір сүру жағдайы, жеке тұлғаның еркін дамуы арқылы әлеуметтік тепе-теңсіздікті жеңілдету міндетін мүм­кіндігінше мойнына алаты­нын көрсетеді.

Жалпыға бірдей еңбек қоғамы идеясын жүзеге асыру Консти­туцияның 24-ба­бы­ның бірінші тармағында айқын­далған: «Әр­кімнің еңбек ету бос­тандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар».

Бұл қай заманның да жана­шыры болмасын, Аристотельден бастап Абайға дейінгі ойшылдар айтқан адамдардың әл-ауқатын тек адал еңбек қана көтереді. Сол орайда адал да, әділ қызмет істеу үшін мемлекет барлық жағдайды жасайды. Ол аталған кепілдіктер де Конституцияда анық бекітіл­ген: «Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей кемсітусіз сыйақы алуына, сон­дай-ақ жұмыссыздықтан әлеумет­тік қорғалуға құқығы бар». 

Осы аталғанның барлығы үйлестірілген әлеуметтік саясатты жүргізуге әкеледі.

Ата Заңымыз қолданысқа енген кезден бастап әлеуметтік бағытталған нарықтық экономи­каның дамуының, кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі, меншіктің теңдігі мен әртүрлілігінің құқық­тық негіздерін қалыптастырды. Осы принциптерді жүзеге асыра отырып, қазір қазақ елі иннова­циялық даму стратегиясына не­гізделген дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл бағыттың қарқы­нын жаһандық экономиканың дамуы үшін өзекті болашақ энер­гия, энергияның балама қайнар көздері және «жасыл» экономика тәрізді заманауи тәсілдер көр­сетеді.

2023 жылдың 2 маусымындағы Мемлекет басшысының Еуропа­лық кеңестің президенті Шарль Мишельмен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитінде келіссөздер барысында шарттарға қол қоюуы, 2023 жылдың 19 ма­мы­рындағы «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Қытай Халық Респуб­ли­касы төрағасы Си Цзи­нь­­­пин елімен экономикалық-гу­ма­ни­тар­лық байланысты кү­шейту туралы мемлекетаралық 23 шарт­тар­ды жасасуы осы қарқын­ды үде­те тү­седі. Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының өңдеу өнер­кә­сібін да­мы­тудың 2023-2029 жыл­дарға ар­нал­ған тұжыры­м­да­ма­сын­да өнер­кә­сіптік-инновация­лық да­му­дың бағдарла­масы көр­сетілген. Оны жүзеге асыру өн­дірістік өнім көле­мі­нің өсуін қамтамасыз етуге мүм­кіндік беріп, өңдеу өнеркәсі­бінің энергия шығынын азайтуға әкеледі.

Азаматтардың өмірінің деңгейі мен сапасы – еліміз дамуының нақты мақсаттарының бірі. Осы орайда сапалы білім, жоғары тех­нологиялық медицина, саламатты өмір салты, бұқаралық спортты дамытуға баса наза аударылуы қажет.

Қазақ елінде жалпы Ата Заң­ның әлеуетін жүзеге асырудың тұ­рақты тенденциялары қалып­тас­қан. Сонымен қатар дәстүрлер қайшылықтары, әлемдік, аймақ­тық деңгейдегі жаңа сын-қатерлер осы мақсаттарға жету үшін барлық субъектіден Конституцияға өте мұқият және ыждағатты қарауды талап етеді. Мемлекет пен қоғам оның ережелері мен нормаларын сақтауды, жасампаздық пен бірік­тіруді, Ата Заңның үйлестіруші рөлін төмендетуге бағытталған әрекеттерден қорғау керек.

Ата Заңды құрметтеу – әр аза­маттың нақты істерінен, адал еңбегінен және заңға бағынуынан көрінеді. Сондықтан барлығы, әсіресе мемлекеттік қызмет­ші­лерден Конституцияның рухы мен әрпіне жауап бере алатын, консти­ту­циялық нормалардың нақты орын­далуын, бірыңғай қолда­ны­луын қамтамасыз ететін конс­ти­ту­циялық тәжірибе қалып­тас­ты­ру­дың барлық жағдайын жасауды талап етеді. Жалпы, Ата Заңды қас­терлеу оның әр әрпін бұл­жыт­пай орындаудан елдегі заңдылық тәртібін қалыптас­ты­рады. Өкі­ніш­ке қарай, мемле­кеттегі құқықбұзу­шы­лықтар, оның ішіндегі мем­ле­кет­тік қыз­мет­шілердің кейбір жағ­­дай­­ларда заңды өрескел бұзуы, әри­не халықтың мемлекеттік би­лік­ке деген сенімділігін төмен­де­теді. 

Бұл мәселенің қай кезеңде болмасын өзекті екенін, әсіресе әділеттілікті басымдық ретінде назар аударуға қажетті ұстанымды заңгер ғалым былай деп атап көр­сеткен еді: «Нашей профессио­нальной обязанностью является разъяснение положений новой Конституции страны, воспитание у граждан республики, всех жи­телей Казахстана уважитель­ного отношения к Основному закону. Почитание и неукосни­тельное исполнение Конституции мы должны превратить в культ, как в США и других странах развитой демократии. Не только юристы, но и все государственные служа­щие должны, по моему глубокому убеждению, добиться того, чтобы нарушение норм Конституции и законов страны воспринималось как большой грех. Такое отно­ше­ние к Консти­туции должно быть привито на­шему человеку с пе­ленок, вместе с молоком матери». 

Бүгінде мемлекеттің даму ба­ғыты, ұлттық идеология туралы сарапшылар, ғалымдар көптеген ғылыми пікірталас ұйымдасты­рып, әр алуан ұсыныс жасайды. Көптеген этнос өмір сүретін қо­ғам­да бұл мәселенің әржақты тұ­жы­рымдарды туындататыны әм­беге аян. Осы орайда біз өзіміз­дің талмас адал еңбектеріміз ар­қылы құқық пен адам құқықтары­ның жоғары үлгілері мен құнды­лық­та­рын өмірге енгізуге ұмты­луымыз қажет. Осы конституция­лық құн­ды­лықтарды ұлттық идеяның темірқазығы ретінде ұсынамыз.

Жамаладен ИБРАГИМОВ,

заң ғылымдарының докторы,

профессор