Жалпы, соңғы жылдары Конституцияда қандай өзгерістер болды? Жаңа заң жобаларының тиімділігі қандай?
Жеті рет өзгеріс енгізілген
Конституция – еліміздің ең маңызды құқықтық құжаты. Онда республикамыздың түбегейлі принциптері, мемлекеттік құрылым механизмі бекітілген, билік пен басқару органдарының құрылымы анықталған, адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары көрсетілген. Осыдан 28 жыл бұрын, 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда еліміздің бағдарына айналған негізгі заңы қабылданды. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрды. Жалпы, 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – жаңа Ата Заңға алғаш рет азаматтың құқығына ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген. Еліміздің негізгі заңын қабылдаудан бұрын ел халқымен кеңінен талқылау болды. Жалпы алғанда, жоба 33 мыңға жуық ұжымдық талқылаудан өтіп, оған 3 миллионнан астам азамат қатысқан. Талқылау барысында 30 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту, 55 бапқа 1 100-ден астам түзету мен толықтыру енгізілген. Осылайша, мемлекеттік құрылым сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттігін ұлғайту жөнінде өзгерістер енгізілген болатын.
Ал Ата Заңымызға соңғы түзету былтыр 5 маусымда бүкілхалықтық референдум арқылы енгізілді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы референдум арқылы қабылданған екінші өзгеріс. Оған дейін бес рет Парламент арқылы түзету енгізілген еді. Жалпы, Ата Заңымызға өзгерістер мен түзетулердің енгізілуі заман талабы. Өйткені уақыт өткен сайын қоғамның кейбір құндылықтары мен құрылымдары да өзгеруде.
– Бүгінде заң шығару процесіне көптеген азамат пен үкіметтік емес ұйымдар атсалысуда. Заңгерлер мен құқықтанушылардың ғана емес, қоғам пікіріне де көп көңіл бөлінуде. Конституцияға соңғы түзетулер республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданды. Ол референдум қазақстандық қоғамның жаңартылған Конституция арқылы басталған жаңа реформаларды қолдайтынын көрсетті. Ата Заңға өзгерістер енгізілуіне қатысты сындар да айтылды. Ғалымдар, қоғам қайраткерлері Ата Заң жағдайға қарай немесе ықпалды саяси күштердің қалауы бойынша өзгермеуі керек деген де пікірлер айтты, – дейді Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева.
Депутаттың айтуынша, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Маңызды шешімдер енді азаматтардың қатысуымен ашық түрде қабылданып жатыр. Елімізде жүргізілген конституциялық реформалардың қоғамды демократияландыруды, халық билігінің негіздерін одан әрі нығайту, Парламенттің рөлін күшейту, Үкіметтің дербестігін арттыру жөніндегі негізгі қоғам сұраныстарын ескерді. Қазір еліміз жаңартылған Конституция аясында, халықтың ерік-қалауы басты орынға қойылған Әділетті Қазақстанда өмір сүріп жатыр.
Жаңа заң жақсылыққа жетелейді
Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Конституциясының 91-бабы 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 18-бабына сәйкес, Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық референдум өткізу туралы Жарлығы шықты. Соған орай, ел өміріндегі аса маңызды референдум осы Жарлық шыққан күннен тура бір айдан кейін, нақтырақ айтқанда, 5 маусым күні өткізілді. Нәтижесінде, референдумға 7 миллион 986 мың адам қатысты. Алға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрады. Осылайша, 30-дан астам ұлттық заңнамаға, оның ішінде 10-ға жуық конституциялық, салалық заңдарға өзгерістер енді. Атап айтсақ, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп белгіленді. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ деп танылды. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алатын болды. Өлім жазасына тыйым салынды. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады деп белгіленді. Сенаттағы президенттік квота қысқарды және мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды. Экс-президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталынды.
Жалпы, құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі – Конституциялық Соттың құрылуы болды. Конституциялық сотқа бүгінге дейін азаматтардан 3 жарым мыңға жуық өтініш түсіп, 10-нан астам нормативтік қаулы қабылданған.
– Көптің назарында тұрған жұмыс – бұл Конституциялық Соттың мәселесі. Конституциялық Сот халықтың мүддесін, мақсат-мұқтажын ақтайды деген сеніммен құрылған. Әрбір Қазақстанның азаматы Конституциялық Сотқа «Менің мына жерде мүддем бұзылды. Менің бостандығыма, кепілдігіме нұқсан болды» деп жүгінуге құзыры бар. Әділетті қоғамды құрамыз дейтін болсақ, бізді қорғайтын да, қолдайтын да, бізді алға қарай алып жүретін де заң болу керек, – дейді Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпеков.
Жаңа нормалардың барлығы, қаңтар айынан бастап, өз ретімен іске асырылып жатыр. Алайда 6 ай қомақты жұмысқа баға беруге жеткіліксіз. Уақыт талабына сай енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына даңғыл жол салады деген сенімдеміз.
Көктем ҚАРҚЫН