Жазушы, Қазақстан Рес­публикасының Еңбек сіңір­ген қайраткері Сәуле Дос­жанның қос томдық дило­гиясының «Үзілмеген үміт» атты романында 20 ғасыр­дың ортасында қазақ дала­сында жарылған Семей ядролық атом бомбасының зар­даптары асқан шебер­лікпен жазылған.
Үміт ешқашан үзілмесін
2,004
оқылды

КСРО яд­ролық сынақ полигондары­ның маңызды стратегиялық объектісі болып саналған Се­мей полигонының сұмды­ғы жайлы автор өзінің осы кітаптың бірінші бөлімі – «Қасірет пен тағдыр» атты романында да жан-жақты суреттейді.  

Кеңес Үкіметінің қазақ да­ласына азаматтық соғыс, ашар­шылық, сталиндік репрессиядан кейін әкелген ең ауыр зұлым­дығы – осы полигон. Қуаты ша­ғын, бар-жоғы 12-14 килотон­на ғана болатын екі атом бом­басы Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларының 400 мыңға жуық адамын әп-сәтте жоқ еткенін білеміз, ал металл мұнара үстінде сыналған сутегі бомбасын Дегелең халқы ашық далада «тамашалаған». Бұл – нағыз трагедия! Енді жергілікті тұрғындардың осы сынақтардан шеккен, әлі де талай ғасыр ше­гетін зардабын ойға сала беріңіз. 

Менің де балалық шағым Се­мей ядролық полигоны аума­ғында өтті. Алапат жарылыстар болған сәтте біз алаңсыз ойнап жүретінбіз... Полигон жабыл­ғалы 30 жылдай уақыт жерасты жарылысынан адамдар түрлі ауруларға ұшырап, сол сыр­қаттың қасіретін әлі де арқалау­мен келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтындығы ғылыми негізде дәлелденген, оның қа­сіреті 300 жылға дейін созылуы мүмкін. Автор бұл кітапта атом­ның зардабын тартқан қаншама бейкүнә жандардың, қаншама жанұяның күл-талқан болған тағдырларын жанкештілікпен суреттейді. Шығарманың оңай­шылықпен тумайтыны белгілі. Жазушы осы шығарманы жазу үстінде суреттелуге тиіс оқиға­ларды жүрегінен өткізіп, жұлын-жүйесімен түйсініп, бойдағы бүкілдеген бүкіл тамырына ая­май салмақ салып, романда су­реттелген қилы тағдыр иелерінің басындағы қайғыны өз басынан өткендей сезіммен жазғаны анық. Олай болмаған күнде дәл осындай бүкіл бір ұлттың басына қара бұлттай төніп, талай шаңы­рақты күл-парша етіп қиратқан қасірет жайындағы шығарманы жылап отырып оқымас едік.

«Үзілмеген үміт» кітабының бірінші бөлімі «Қасірет пен тағдыр» қазақ тілінен тікелей жапон тіліне аударылған. Ау­дармашысы – Масуджимо Шигенобу. Осылайша, ақ басты қарт Алатаудың аялы алақа-нында бой жеткен әппақ қыз қарт Фудзияманың құшағында еркелеп, Токио қаласында кітап­тың тұсаукесерін өткізіп кел­генін жалпы оқырман білуге тиіс. Осы шараны ұйымдастыру-ға атсалысқан ЮНЕСКО қам-қор­лығындағы Халықаралық мәде­ниеттерді жақындастыру орта­лығының директоры Олжас Сүлейменов еді. Соңғы он жыл көлемінде қазақ жазушыла­рының шығармалары жапон тіліне аударыла қоймағанын ескерсек, Сәуле апайдың бұл қа­дамы үлкен ерлікке тең...

Жарылыс зардабы әсер етіп ұлдан кейін өмірге келген қыз баласын гидроцефалия дертімен туған, ол аздай жан-жары Әмір­ден ерте айырылған, Жетісу аймағына көшіп кеткен бас кейіпкер Аяулымның ұлы – Сұңқардың «Біз ол жақтан неге кеттік, апа?» деген зілдей сұрағы оқып отырған менің жан-дү­ниемде атом бомбасына бергісіз бір алапат жарылыс жасап жі­берді. Қазақы таным-түсінікте «у ішсең руыңмен» қағидасы бар. Қазақ қазақ болғалы қанына сіңген әдет болса керек бұл. Небір алапатты бастан кешірсе де қайран қазақ қанға сіңген осы әдеттен әлі арыла қоймаған. Сұңқардың «атамдардан неге алыстап кеттік, апа» деп орманға қарап ұлыған бөрінің бөлтірігін­ше мазасыздана беруі осының айғағы сынды. 

Жазушы біздің назарымызды аударғысы келетін негізгі мә­селенің бірі – осы. Себебі қазір басқа халықтар секілді қазақ халқы да әлемдік жаһандану үрдісін бастан өткеріп жатыр. Жаһандану арқылы дүниежү­зіндегі басқа елдермен экономи­камыз, өмір салтымыз, мәде­ниетіміз т.б. ортақ бола бастады. Мәселен, еуропаша киінеміз, корейдің фунчозасын дастар­қанымызға қоямыз, жапонның сушиін жейміз, батыстың ән­дерін тыңдаймыз. Осылардың әсерінен ХХ ғасыр басындағы қазақ пен ХI ғасыр басындағы қазақтардың мінез-құлқы мен құндылықтарды таңдауында айырмашылықтар бар. Жаһан­дану барысында ұлттық кел­бетімізді сақтау үшін ұлт мен­талитетіндегі қалыптасқан, та­рихи сыннан өткен, топтас­тырғыш моральдық-этикалық, адам­гершілік, туыстық, бауыр­малдық қасиеттерімізді жоғал­тып алмауымыз қажет. Сұң­қардың бойындағы қанның сәт сайын бұлқынып, «Семейге кетем» деп тұруы жаһандану үр­дісіндегі жоғалып кету алдында тұрған ұлттық қасиеттерімізді сақтап қалғысы келген бұл­қыныс. 

Шығармадағы маңызды қосалқы кейіпкердің бірі – Аяулымның күйеуі Мэлс. 

Қазақ әуелден жетімін жы­лат­паған халық еді. Алайда бүгінгі көп деректер мұны жоққа шығарып тұр. Елімізде соңғы уақыттарда жетім балалар саны мен баласын тастап қашатын безбүйрек аналардың саны ар­тып отыр. Ал Аяулымның бірін­ші некесінен туған, артынан еріп келген баласы Сұңқар жай­лы Мэлстің аузымен айтылатын «бала менікі, оның тәрбиесі ме­-нің мойнымда» деген сөздер – нағыз қазақ еркегіне тән аза­маттық үлкен қасиет. 

Біз жазушыларды – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыз­дағы ерекше тұлғалар дейміз. Сәуле Досжан – осыны толық түсінген, әбден кемеліне келген жазушы. Аяулым мен күйеуі арасындағы, Аяулым мен ба­лалары арасындағы қарым-қатынас арқылы отбасы мүше­лерінің әрқайсының орны қай жерде болуы керек екенін оқыр­манға жақсы түсіндіреді. Мэлс­тің бойындағы отағасы ретіндегі арқалаған азаматтық парызы, қорғасындай ауыр мінезі, ба­сында әйеліне, еріп келген ба­лаға сәл қатал сияқты көрін­ге­німен артынша жылдам байқала­тын оларға деген аса үлкен қам­қорлығы мен дархандығы тал­ғампаз оқырманның наза­рынан тыс қалмайтыны анық. М.Әуезовтің «Абай жолы» ро­ман-эпопеясын оқып отырып, қанша жерден «қатал», «қатыгез» сияқты суреттелсе де Құнанбай образын жек көре алмайты­ны­мыз сияқты, Сәуле Досжанның Мэлсін де тым жақсы көріп қал­дық. Мұны әр дәуірдегі тұлғалар шығармашылығындағы үндестік десек заңды. Шығарма арқылы оқырманды, қала берді халықты тәрбиелеу деген осы болса керек. Жазушының осы шығарманың өн бойында кездесетін тәрбие құралы секілді детальдары жазу­шы тұлғасындағы айтылар ойға сыймас, қыр-cыры мол дүние. Осындай ұлтқа тәрбие беретін шығармаларды мектепте оқы­туды міндеттеу қажет, ол – елі­міздің ертеңіне, әр үйдің тенте­гіне бағдаршам болары ақиқат. 

Сұңқардың түс көруі, оны анасы Аяулымның үлкен кі­сілерге жорытуы, оған параллель ретінде Мөңке бидің түс көріп, оны Сырым батырға жорытуын келтіргені де шығарманың сал­мағы мен мәнінің тереңдігін көрсетіп тұр деуге толық негіз бар. Баланың Шәкәрім атын­дағы Семей мемлекеттік универ­ситетін таңдап түсіп, студент болып жүріп Семей полигоны қасіретін зерттеуге, сол жайлы дерек жинауға дендей кірісуі автордың өз бойындағы полигон қасіретін зерттеуге деген құлшы­нысы. Атом зардабын айқындап көрсету ісінің осы айтылған екі кітаппен ғана шектелмейтіндігін, бұл тақырып көптен бері автор­дың көкірегін тілгілеп, тыныш­тық бермеген тақырып екенді­гінің көрінісі. Автор – Медеу Сәрсекеден кейінгі полигон та­қырыбына аса ден қойған жазу­шы. 

«Адамның ең жаманы – талапсыз!» деп Абай айтқандай, соңғы кездері не ғылымға, не еңбекке, не өнерге талаптана ал­майтын өмірге икемсіз жандар қоғамда көптеп кездесіп жатады. Сондықтан осы роман арқылы жазушының тәрбиешіге айна­лып, әр оқырманын өмірге қа­наттандыра, болашаққа талап­тандыра тәрбиелеуі, міне нағыз жазушы шеберлігі деп айтар едім.

Автор айтар ойын бедерлі бейнемен, соны образбен кел­тіре отырып жаңаша жол тапқан. Тілі образды, ойды қысқа да нұсқа, қарапайым жолмен дәл беріп отырады. 

Жазушының шеберлік жо­лындағы ізденістерін сөз қыл­ғанда, нені айтты дегеннен гөрі, қалай жеткізді деген мәселе көбірек назар аударамыз. Сәуле Досжанның көбіне деректі шы­ғарма ретінде жазылатын по­лигон қасіретін көркем шығарма қылып жазу үшін шетсіз-шексіз әлемге тартқан миқанатты сапа­рын жасампаздық деп бағалау керек шығар. 

Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ,

ақын, аудармашы