Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы бірден екі ірі жарыста – Әлем чемпионаты мен Азия ойындарында өнер көрсетуге дайын.
«Легионерлер жоқ»: Азия ойындары мен әлем чемпионатына күрестен Қазақстан құрамасына кімдер енгені белгілі болды
2,490
оқылды

Қыркүйек-қазан айларында екі апталық айырмашылықпен бірден жаһандық маңызы бар екі ірі турнир – 2024 жылғы Олимпиада ойындарына лицензиялар тағайындалатын әлем чемпионаты және Азия ойындары өтеді. Бұл – Азия континентінде 4 жылда бір рет келетін маңызды бәсеке.

Құрама командаларға негізгі іріктеу биыл спартакиада аясында өткен Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша жүргізілді. Бұл турнир де, одан кейін Астанада өткен Азия чемпионаты да Olimpbet-тің қолдауымен өткені айрықша маңызды. Сондай-ақ былтыр 114 балуан мен 46 бапкер компаниядан 57 миллион теңгеден астам қаражат алған.

 

«Спорттағы жетістіктер жеткілікті қаржыландырумен тығыз байланысты. Ал біз Қазақстандағы күрестің дамуына қолдау көрсету арқылы барынша пайдалы бола алатынымызды түсінеміз. Федерациямен басталған жемісті ынтымақтастық үлкен оң өзгерістердің бастауы болып жатыр. Федерацияның сенімді серіктесі бар, онымен алдағы уақытта да ортақ жеңістеріміз бен жетістіктеріміз көп болады», – деді Olimpbet сыртқы коммуникациялар директоры Андрей Жарков.

Әлем чемпионаты мен Азия ойындарына қатысатын командалардың құрамын жариялау барысында Қазақстан Күрес федерациясы мен OLIMPBET арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

Бірқатар республикалық және халықаралық жарыстардан кейін тәлімгерлер нәтижеге толық жауапкершілікті сезіне отырып, әлем чемпионатының маңыздылығын да, федерацияның міндетіне кіретін – Азия ойындарында жеңіске жетуді де ескере отырып, командаларды жасақтады. Рас, кейбір салмақ дәрежесінде ел намысын әлем чемпионатында да, Азия ойындарында да бір спортшы қорғайды. Мәселен, әйелдер күресінде екі бәсекеде де атақты спортшылар өнер көрсетеді, бұл қатарда тәжірибелі Елена Шалыгина (68 келі) мен жас спортшы Жәмилә Бақбергенова (72/76 келі) бар.

 

«Бізде 68 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы Мәдина Бақбергенова бар, бірақ қазір оның арқа жарақатынан кейін әлі қалпына келмегенін көріп отырмыз. Бұған оқу-жаттығу жиынында, жарыс кезінде көз жеткіздік. Оның жеке жаттықтырушысымен келісе отырып, біз Мәдинаны қалдыруды шештік, өйткені 2024 жылы лицензия үшін таласатын тағы екі турнир болады. Елена Шалыгина жасына қарамастан, тамаша дайындықта, ол барлық оқу-жаттығу жиындары мен жарыстардан сүрінбей өтті. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күрес турнирі арасында екі апта бар. Жеке жаттықтырушысымен бірге оның әзірлігін сақтаймыз, екі стартқа да жеткіземіз», – деді күрестен әйелдер құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев.

Грек-рим күресінен бас бапкер, Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко командаларды жасақтау кезінде жас спортшыларға да, тәжірибелі спортшыларға да арқа сүйей отырып, олардың жеңісінен үміт күтетінін айтты.  

«Бұрынғы жетістіктер, әрине маңызды, бірақ бүгін бәсекеге түскісі келетіндердің барлығы өз күштерін дәлелдеуі керек. Қазақстан  спартакиадасының кейбір жеңімпаздары мен жүлдегерлері халықаралық турнирлерде өздерін көрсете алмағанына да куә болдық. Қазір құрамаға іліне алмағандар қателіктерінен қорытынды жасап, өздерін дәлелдесін. Жалпы, бізде екі старт үшін де мықты, жарысқа сақадай-сай құрам бар», – деді Юрий Мельниченко.

Еркін күрес командасының құрамында тәжірибелі балуандармен қатар, күштері мығым жас спортшыларды да кездестіруге болады.

Барлық командалардың құрамында жаңадан келген шетелдік ойыншылар жоқ екенін баса айтқымыз келеді. Күрестің үш түрінен ұлттық құраманың бас бапкерлері шетелдік балуандардың бірі Қазақстан атынан бақ сынағысы келсе, ең алдымен тиісті іріктеуден өтіп, құрамадағы орын үшін жергілікті спортшылардан басым екенін көрсетуі қажеттігін жеткізді.

«Грек-рим күресінен біраз шетелдік спортшылар біздің құрамада өнер көрсеткілері келеді, бірақ бұл алдағы жарыстардан кейін ғана. Бірақ олар алдымен азаматтық алуы тиіс, содан соң жергілікті спортшылардан жоғары болған жағдайда ғана қарастырамыз», – деді Юрий Мельниченко.

Әзірге Қазақстанның әйелдер құрамасына шетелдіктерден ешкім өтініш білдірмеген, алайда өзге мемлекеттен бір үміткер еркін күрестен ерлер құрамасына қосылуға тырысыпты, десе де нәтиже шықпаған.

«65 келіге дейінгі салмақта біршама мәселелер болды. Ресейден келген тувалық балуан, 23 жасқа дейінгі бұрынғы әлем чемпионы Начын Куулар өтініш берді. Бірақ ол ересектер деңгейінде нәтиже көрсете алмады», – деп түсіндірді еркін күрестен бас бапкер Мадияр Құрамысов.

 

Қазақстанның Күрес федерациясы өздерінің мақсаты – елімізде осы спорт түрін дамыту екенін, бірақ шетелдік спортшы Қазақстанға көшіп келіп, заң аясында азаматтық алып, ұлттық құрамаға қосылғысы келсе, одан бас тартуға құқығы жоқ екенін жеткізді.

«Федерация легионерлерді шақырмайды, барлық командалардың құрамы толық жергілікті балуандардан. Бізге қосылуға ниет білдіргендер азаматтығын алып, Қазақстанның заңнамасына сәйкес барлық рәсімдерден өтіп, содан кейін құқықтарына сәйкес жалпы негізде іріктелуі тиіс», – деді Федерацияның бас хатшысы Димаш Сұлтанов.