Маңғыстау облысының әкімшілік саяси картасына 2007 жылы Мұнайлы деген атаумен жаңа аудан қосылды. Сонау алпысыншы жылдары түбекте қара алтын атқылап, оны игеру барысында теміржол құрылысы салынған болатын. 1966 жылы бой көтерген Маңғышлақ теміржол стансасы, оның жанындағы Дәулет, Қызылтөбе, Баянды, Маңғыстау ауылдары осы жаңа ауданға біріктірілді. Табиғи ресурсы жоқ, жол, құрылыс, инфрақұрылым, абаттандыру, газдандыру жұмыстары нашар, ешқандай өнеркәсіптік өнім көлемі де жоқ жаңа ауданның әлеуметтік экономикалық проблемасы шаш етектен еді. Алайда мемлекеттің қолдауына зәру боп, облыс бюджетіне қарайлаған жас аудан шатқаяқтаған қалпы дамуын тоқтатқан жоқ. «Елу жылда – ел жаңа» деген, алпысыншы жылдары теміржолшылар қалашығы боп іргесі қаланған станса мен жанындағы елді мекендерде құрылған ауданның сол кездегі халық саны 48 мың болса, бүгінгі күні 169 900 адамға жетіп отыр. Мұндай қарқынмен өсу инфрақұрылымға салмақ түсіріп, халықтың сапалы өмір сүруіне біршама қиындықтар алып келді. Мигранттардың жаппай оңды-солды қоныстануы, Ақтау қаласы әкімдігіне жер телімін алуға кезекке тұрған азаматтар тізімінің артуы – 2010 жылы «Батыр» деп аталатын су жаңа ауылдың құрылуына себепші болды. Қазір Мұнайлы ауданының құрамында Атамекен, Баянды, Басқұдық, Дәулет, Батыр, Қызылтөбе, Маңғыстау ауылы, яғни 2 ауыл, 5 ауылдық округ бар. Басқұдық, Атамекен ауылдық округтері Ақтау қаласына жақын орналасқан. Субурбанизацияланған ауылдар десек те болады. Қала өміріне қол созған бұл округтерде халық тығыз орналасқандығы себепті газ және интернет желісі, ауылішілік автомобиль жолдары, жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік, асфальт төсеу мәселелері тұрғындардың күнделікті талап-арызына айналды. Сондай-ақ бұл ауылдық округтерде мектеп мәселесі де толық шешілмеді. Себебі бала саны жыл сайын артып, мектептерде әліппенің 20-шы әрпіне дейін сыныптар ашылған. 33 785 тұрғыны бар Басқұдық ауылында 2 мектеп қана бар. Бүгін №14 мектепте 1 756 бала білім алып жатса, 960 орынды №9 мектепте 3 397 бала 3 ауысыммен сенбі күні де сауаттарын ашып жүр. Ауылдық округтің 979 оқушысы Маңғыстау ауылындағы №5 және Ақтау қаласындағы №23 орта мектептерінде тасымал арқылы білім алуда. 41 366 тұрғыны бар Атамекен ауылында да 2 мектеп бар. Қазіргі таңда №7 орта мектепте 2 336, №12 орта мектепте 3 102 бала білім алуда. Мектептен қашық тұратын 850 балаға тасымалдау қызметі көрсетіледі. Ал Батыр ауылындағы 960 орындық бір жалпы білім беру орта мектебінде 3 670 бала білім алуда. Мектептен шалғай тұратын 3 433 оқушы тасымалданады. Ал ауданда балабақша жүз пайызға қамтылғанымен, 14 мемлекеттік, 60 жекеменшік, барлығы 74 балабақша бүгінде бала толтыра алмай әлек. Енді 3 жастан ғана емес, 2 жастан бастап бөбектерді қабылдай берумен мұның жолы шешілмек.
Мұнайлы аудандық орталық ауруханасы қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетуін тоқтатып тұр. Себебі 50 кереуетті аурухананың жағдайы санитарлық талапқа сай емес. Аудан халқына Ақтау қаласындағы бұрынғы перинаталдық орталықтан 65 төсек-орын бөлінген. Аудан орталығынан болашақта бой көтермек 150 төсек-орынды аурухана құрылысының құны – 11 млрд теңге. Бұл үшін республикадан қаржы бөлінеді деген жоспар бар. Жалпы, аудан бойынша 16 денсаулық сақтау ұйымы тіркелген. Әр ауылда дәрігерлік амбулаториялар, бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтары, 3 жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс істейді. Күрделі эмиграциялық жағдайды бастан кешкен Мұнайлы ауданында халық жай ғана мекен ауыстырып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық тұрмыстың сан алуан қырын қозғайтын күрделі қоғамдық мәселелерді туындатты. Даму көрсеткіштеріне сүйенсек, әлі де денсаулық сақтау, білім беру салалары, елді мекендерді ауызсумен қамту, ауылдардың санитарлық тазалығын реттеу, балалардың ойын алаңдарын, спорт кешендерін көбейту, ауылішілік автокөліктер жолдарын салу секілді шаруалар кезек күттірместен атқарылуын тілеп тұр. Миграцияның ірі толқыны қоныстанған жас аудан сапалы өмір сүруді қалайды. Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ, Маңғыстау облысыМұнайлыға келсеңіз, аудан орталығына апарар басты жолдың бойы мен аудан орталығының өзінде еңселі мейрамханалардың көптігіне таңырқай қарайсыз. 2019 жылы жеке инвестициялық жобалардың 35- і іске қосылып, 690 жұмыс орны құрылған. Сол жаңа жобалардың 7-еуі – жекеменшік мейрамхана болса, жеңіл өнеркәсіп саласында 1 ғана жоба іске асқан. Әрине, еліміз бойынша ішкі нарықта жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық тауар өндірушілердің үлесінің өзі өте төмен. 170 мыңға жуық халқы бар ауданда бір жылда бір ғана жеңіл өнеркәсіптің ашылуы «қарапайым заттар экономикасының» дамуының кенжелеп тұрғанын білдіреді.