Инфляция жоғары болса немесе тұрақты түрде өсіп отырса, онымен күресу үшін қаржы реттеушісі пайыздық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр болады. Өйткені инфляция – бұл қазақстандықтардың сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеп соқтырады. Мұндай жағдайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, нарықтағы несиелерді қымбаттатады. Нәтижесінде, елдегі тұтынушылық деңгей төмендеуі себепті инфляциялық қысым да азаюы қажет. Қазіргі жағдайда керісінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі экономикаға жаңа дем беруі ықтимал.
2023 жылдың алғашқы 7 айында экономика 4,8 пайыз өсім көрсетіп, соңғы 10 жылдағы ең серпінді көрсеткішке жетті.
Ішкі нарық сұранысқа бюджет шығыны есебінен елеулі қолдау көрсетілгенімен, республикада осы жылдың басынан бастап дезинфляциялық процестер байқалған. Сарапшылардың айтуынша, мөлшерлеменің төмендеуі ішкі нарықта кәсіпкерлік белсенділікті арттырады, өйткені несиелердің құны төмендейді және сәйкесінше бизнес несие алуға және өз жұмысын бастауға мүмкіндік алады. Сонымен кейбір сарапшылар инфляцияның тұрақталғаны немесе баяулағаны елдің іскерлік белсенділігіне зиян келтірмеу үшін базалық мөлшерлемені төмендетуге болады деп санайды. Себебі Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 2023 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша 14,6 пайыз. Са-лыстырар болсақ, биыл сәуір айында – 16,8%, мамыр айында 15,9% болған.
Ұлттық банк хабарламасында: «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Шешім Ұлттық банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін бағалау негізінде қабылданды» делінген.
Сондай-ақ қаржы реттеушісі сыртқы ортада инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келе жатқанын атап өтеді. Көптеген елде орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты нәтиже беріп, инфляция баяулай бастады.
Дүниежүзі бойынша Орталық банктер, оның ішінде Қазақстан да ақша-кредит шарттарын бағалау және салыстыру кезінде базалық мөлшерлеменің номиналды мәні ғана ескеріледі. Оның деңгейін талдау негізінде сарапшылар мен БАҚ ақша-кредит саясаты тежеуші немесе ынталандырушы сипатта жүргізілетіні туралы қорытынды жасайды. Яғни, әртүрлі елдердің ақша-несие шарттары базалық мөлшерлеменің номиналды мәндері негізінде салыстырылады. Реттеушінің мәліметінше, инфляцияның орнықты болып қалу себебінен мөлшерлемені төмендету мерзімі дамыған елдерде кейінге қалды. Әлемнің азық-түлік нарықтарында баға мен логистикалық шығындар төмендеп келеді.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетудің негізгі себептерінің бірі ретінде сауда-саттық қарым-қатынас ор-наған серіктес елдердегі баға динамикасының нашарлағанын көрсетеді. Мәселен, Еуроодақта инфляция барынша баяу қарқынмен төмендесе, Ресейде жоғары тұтынушылық сұраныс, рубль бағамының әлсіреуі және инфляциялық күтулердің артуы себебінен тұтынушылық инфляция жеделдей бастаған. Қытайда экономикалық белсенділіктің ағымдағы төмен көрсеткіштері салдарынан дефляция байқалуда.
Тәуелсіз сарапшы, экономист Бауыржан Ысқақов «Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені аз болсын төмендетуі қазіргі Үкімет жұмысының оң нәтижесі» деген пікірде.
– Ұлттық банк пен атқарушы билік арасындағы қоянқолтық байланыс осындай жағымды нәтижеге әкеліп отыр. Осы уақытқа дейін орталық қаржы реттеуші базалық мөлшерлемені тек өсім жағына қарай ұсынып келді. Тіпті, соңғы рет былтыр 5 желтоқсанда 16,75 пайызға дейін көтеруін шарықтау шегі деуге болады. Ал қазіргі қадам екінші деңгейлі банктер тарапынан ұсынылатын несиелердің пайыздық мөлшерлемесінің төмендеуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, инвестициялық ағымның тартымды болуына да өзіндік жағымды әсері болуы мүмкін. Үшіншіден, бұл – әлемдік қаржы нарығындағы Қазақстан позициясын нығайтуға жол ашады. Аталмыш шешім бізге сенім білдіретін алпауыт трансұлттық және өзге де халықаралық компаниялардың инвестиция әкелуіне септігін тигізбек. Ендігі мақсатымыз 2020 жылға дейінгі мөлшерлемеге жету болу қажет. Осылайша, біз экономикаға қосымша қаражаттың келуін қамтамасыз етеміз деп ойлаймын, – дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, бұл қадам елдегі ақша-несие саясатын біртіндеп жеңілдету ретінде қарастырылуы керек. Сонымен қатар экономиканың негізгі заңдылықтарына сүйенсек, ұлттық валютаның тұрақтылығын қалыптасуы қажет.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуіне қосымша фактордың бірі – мұнай нарығындағы жағдай болуы мүмкін. Осыны ескере отырып, Ұлттық банк 2023–2024 жылдарға арналған базалық сценарий бойынша барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде өзгеріссіз сақтап қалды. Сарапшылар соңғы уақыттағы долларға деген сұраныстың артуына да осы тектес сыртқы факторлар әсер еткенін алға тартуда.
Атап айтар болсақ, 2023 жылғы шілдеде айырбастау пункттеріндегі америкалық валютаны сату 194,1 млрд теңгені құраса, маусым айында бұл көрсеткіш 95,6 млрд теңге болған. Бірінші несиелік бюро қазіргі сұраныс 2023 жылғы ең жоғары деңгейге жеткенін мәлімдеп отыр. Шілде айында Қазақстанның барлық өңірінде АҚШ долларының таза сатылымы өсті. Оның ішінде долларға деген ең күшті сұраныс Алматыда – 58 млрд теңге. Шымкентте де таза сұраныс айтарлықтай өскен. Мұнда маусым айында 28,5 млрд теңге болса, шілдеде 44,8 млрд теңгеге дейін жеткен.
Кәмила ЕРКІН