Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Кенбай ауылындағы мектеп түбегейлі жабылуы мүмкін. Бар-жоғы төрт жылдық бастауыш мектепте қазір бір ғана бала бар. Шағын топ пен даярлық сыныбында бар-жоғы 4 бала ғана. Сол себепті, жергілікті билік мектепті жапқан тиімді деп отыр.
Оған ауыл көндігер емес. «Мектеп жабылса, ауылымыз біржола құриды» дейді ауыл тұрғындары.
«Бұл мектеп – ауылымыздағы жалғыз өркениет ошағы. Сондықтан біз мектептің жабылуына қарсымыз. Шағын топқа болса да, мектеп қызмет етуі тиіс. Екінші талабымыз – ауылға газ тартылуы керек. Мұнайлы мекен Атырау өлкесінде тұрсақ та, 21-ғасырда от жағып жүргеніміз жарамайды», – дейді Кенбай ауылының тұрғыны Еділ Темірболатов.
Кенбай ауылындағы Тасым Жанұзақов атындағы мектеп осыдан 37 жыл бұрын салынған. Тұрпаты мектептен гөрі сарайға көбірек ұқсайтын оқу ғимаратында кітапхана, спорт зал, акт залы, асхана сияқты мектепте болуы тиіс ең маңызды кабинеттер жоқ. Өркениет белгісінен компьютер мен интернет қана бар. Оның өзі істен шығып қалса, маманды сонау Сағыз ауылынан шақыртады.
Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайрус Әнжанованың айтуынша, бұған дейін төртінші сыныпты бітірген балалар сол Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр, Сағыз ауылдарындағы мектептерге орналастырылып келген.
«Ол мектептерге алыс ауылдан келген балаларға арналған интернат бар. Кенбай ауылында 1989 жылы жұмысын бастаған Тасым Жанұзақов атындағы бастауыш мектебінде қазіргі таңда білім алушылардың жалпы саны 4-еу. Оның ішінде шағын орталықта – 3 бала, мектепалды даярлық сыныбында – 1 бала бар. Мектепте 12 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде алтауы педагогтер де, қалғаны – техникалық қызметкерлер», – дейді Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайрус Әнжанова.
Атырау облыстық білім беру басқармасының пайымынша, бұл мектепті ұстап тұру – бюджетке шығын.
«Бұл жерде мәселе қаржыға тіреліп тұр. Бір бала үшін қызметкерлердің бәрін ұстап тұру қиынға соғып отыр. Сол себепті қысқарту жасауды ойластырып отырмыз. Бөлім басшыларымен тағы да сөйлесеміз. Халықтың пікірін ескереміз», – деді Атырау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Ауыл халқы үшін өркениетпен байланыстырушы жалғыз орынның қызметін атқарып отырған мектептің тағдыры қалай шешілері белгісіз. Дегенмен, Қызылқоға аудандық әкімдігінен Кенбай ауылына газ тартылу жоспарланып отырғанын анықтадық.
«Қызылқоға ауданы бойынша 6 ауылдық елді мекенге газ тартылады. Ол ауылдардың ішінде Кенбай елді мекені де бар», – деді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев.
Жүзге жуық адам тұратын ауылда негізгі күнкөріс көзі – қолдағы азын-шоғын мал. Шалғайда орналасқандықтан, бұл ауылға сырттан кісі келе бермейді. Тіпті, кезінде әлемді дүрліктірген пандемия уақытында да бұл ауылда коронавирус ауруы тіркелмеген екен. Соның нәтижесінде Кенбай ауылындағы мектеп пандемия кезінде штаттық режимде жұмыс істеген Атырау облысындағы санаулы мектептердің бірі болды.
Аядай ауылға сая болып отырған Кенбай ауылындағы Тасым Жанұзақов атындағы бастауыш мектептің тарихы әріде жатыр. Ол мектептің негізін Қызылқоға өңірі, Атырау облысына есімі жақсы таныс майдангер – ұстаз Тасым Жанұзақов қалаған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Украина, Беларусь майдандарына қатысып, фашистерді Берлинге дейін тықсыра қуып, жеңіс туын Берлинге тіккен жаужүрек жауынгерлердің бірі, зеңбірек командирі, артиллерия аға сержанты болған Тасым Жанұзақов ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» және басқа да медальдармен наградталған.
Бейбіт заманда Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Кенбай кентінде бастауыш мектеп ашқан. Сол кездегі «Ақшелек», «Алғабас», «Жаңаталап» ұжымшарларының балаларын бір орталыққа шоғырландырып, 40 орындық интернаттың да жұмысын ұйымдастырған. «Қазақ жастары білім алып, көзі ашық болуы тиіс» деген идеямен кезінде ауыл малшыларының балаларын оқытып-тоқытқан майдангер-ұстаз, Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері Тасым Жанұзақов атындағы бастауыш мектептің бүгінгідей қиын жағдайда тұрғаны алаңдатады.
«Біз бұл ауылдан көшпейміз. Малмен ғана күнелтіп отырған бізге мектеп керек. Өсіп келе жатқан балаларымызды тентіретіп басқа ауылға жібергіміз келмейді» деген ауыл тұрғындарының өтініші билік тарапынан тиімді шешім қабылдануына ықпал етеді деп сенеміз.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА