Қазақстанға Қытайдың Шаньдун провинциясынан делегация келді. Шаньдун Қытайдың барлық аймақтары арасында ШҰАР мен Пекиннен кейінгі Қазақстанның үшінші сауда серіктесі. Аталған провинция мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы жыл басынан бері 1 млрд долларды құрады. Бұл сапар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр.
Қытай (Шаньдун) мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық форумында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин 2023 жылдың басынан бері тауар айналымының жалпы көлемі 13,6 млрд долларды құрағанын және оның 6,3 млрд доллары қазақстандық экспорт екенін айтты. Осы ретте Қытайдың Шаньдун провинциясымен тауар айналымы 1,1 млрд доллар болды.
Жалпы, бірінші жартыжылдықта екі ел арасындағы тауар айналымы 20,5%-ға өскен. Бүгінде 1 млрд долларға жуық сомаға 170 тауар түрі бойынша қазақстандық экспортты арттыруға мүмкіндік бар. Осылайша, Серік Жұманғарин Шаньдун провинциясымен ынтымақтастықтың маңызды екенін айтты.
Шаньдун провинциясы Қытайдағы бидай, мақта, аквакультура және бау-бақша өнімдеріне бай маңызды ауылшаруашылық өндірісі аймағы. Қытайлық компаниялар агроөнеркәсіптік кешенде қолданатын цифрлық технологияларға қызығушылық жоғары. Біздің әлеуетті ынтымақтастығының негізгі бағыты – соңғы 10 жылда еліміз ауыл шаруашылығы саласында үлкен экспорттық әлеуетті қалыптастыра алған Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені», – деді ол.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары қазақстандық тауарлар Орталық Азия, ЕО және Таяу Шығыс елдерінде сәтті сатылып жатқанын атап өтті. Былтыр Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсіп, 548 миллион долларды құрады.
Сонымен қатар, Серік Жұманғарин Қытайға экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін: салқындатылған ет өнімдерін, балық өнімдерін, құс еті мен ішімдіктерді, шошқа етін, жұмыртқаны, жылқы етін және жоғары маржалық тауарлардың басқа да көптеген түрін жеткізудің әлеуеті бұдан да жоғары екенін түсіндірді.
Ол агроөнеркәсіптік кешенде цифрландыру саласында тығыз ынтымақтастық орнату қажеттігіне де тоқталды.
Өз кезегінде, Шаньдун провинциясы Коммунистік партия комитетінің хатшысы, Қытай Халық Республикасы Шаньдун провинциясының халық құрылтайы тұрақты комитетінің төрағасы Лин Ву делегацияның сапары маңызды міндеттерді жүзеге асыру жолындағы нақты қадам екенін айтты.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында индустрияландыру және инвестиция саласында жалпы құны 21 млрд доллардан асатын 52 қазақ-қытай бірлескен жобасы жүзеге асырылуда. 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жалпы сомасы 7,3 млрд доллар болатын 25 жоба іске қосылды. Биыл алты жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Фотоларды түсірген: Радмир Фахрутдинов