Бұл – осы салаға салынатын қаражат. Президент өз Жолдауында банктерге қойылатын талапты күшейтіп, шетелдік банктерді елімізде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – өте дұрыс маңызды шешім. Себебі банктердің арасында бәсеке болған кезде олардың беретін пайызы да төмендеу керек. Әйтпесе, қазір бизнесті қаржыландырып, кәсіпкерлікті қолдау үшін банктердің жоғары пайыздарын мемлекет өз есебінен жауып отыр. Кәсіпкерлер банктен 22 пайызбен қарыз алатын болса, оның 14 пайызын мемлекет жауып береді. Банк мемлекет есебінен де пайда тауып жатыр. Сол үшін мемлекет есебінен банкті қаржыландыруды тоқтату қажет. Яғни, қойылатын талап күшейіп, банктер бәсекеге түссе, мемлекет жеңілдетілген несие беру жүйесін қалыптастыра алады. Сондықтан шағын кәсіпкерлікке 5-6 пайыз, ірі кәсіпорындарға 7-8 пайызбен несие беретін жүйеге көшкеніміз дұрыс. Сонда ғана экономика алға жылжиды.
Салыққа қатысты мәселе де өте өзекті. Мәселен, қосымша құн салығын қайтару өте күрделі. Мәселе бар. Дегенмен Жолдауда бұл туралы да жақсы дүниелер айтылды. Енді жергілікті бюджетке түсетін салыққа жеңілдіктерді беруді жергілікті атқарушы органға тапсырды. Олар өз кезегінде жергілікті мәслихатпен бірігіп кімге жеңілдік жасайтынын шешеді. Бұл кәсіпкерлердің де жұмысын жандандыруына септігін тигізеді. Оған жергілікті атқарушы орган да мүдделі. Себебі кәсіпкерліктен түскен қаражат сол жақтың бюджетіне түседі. Салық саясатына қажетті жаңа жүйені енгізу туралы тапсырма да уақыт күттірмей шешілуі керек. Осы арқылы көп мәселе шешімін тауып кетеріне сенім мол.