Шындығында да, соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болмаудың салдарынан жуан жұдырықтан жәбір көргендерден соғылатын қоңырау мен суицид фактілері де жиілеген. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді. Қылмыстың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, Алайда арызданушылардың ісі аяқсыз қалатыны тағы бар. Зорлық-зомбылықты алдын алу жұмысы неге тиімді нәтижесін бермей келеді? Сауалымызды Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевке де қойып көрдік.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы нақты тапсырма жылда беріледі. Бірақ осы уақытқа дейін елдегі зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балалардың саны артпаса, азаймаған. Қалай ойлайсыз, мәселе құқық қорғау жұмысының әлсіздігі ме, әлде заңдағы жауапкершіліктің жоқтығынан ба?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы ең сорақы, ең сұмдық дүниеге айналды. Әуелде әр тұстан бір шығатын шуды естіген ел жағасын ұстайтын, ал қазір балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстарды көріп-білгенде айтарға сөз қалмайды. Өкініштісі, жыл тұрмақ ай өткен сайын аталған қылмыстың саны көбейіп барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге бейжай қарамайтынын әуел бастан аңғартты. Биылғы Жолдауында да «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», – деді. Бұл тек мәселені көрсетіп, соған қатысты шара қолданыңдар деген сырғытпа сөз емес. Нақты тапсырма. Президент «жазаны күшейтуді талап етемін», – деді. Құқық қорғау орындары енді дереу қызметке кірісу керек, қажет болса, тиісті заңды Мәжіліс қабырғасында қарастыруы шарт. Мәжілістің VIII шақырылымында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесімін. Сол комитеттің аясында «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзімсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы» деген тақырыпта кеңейтілген отырыс өткіздім. Оған депутаттар, құқық қорғау саласының өкілдері, осы тақырыпты зерттеп жүрген мамандар қатысты. Отырыста бұрын айтылмаған, БАҚ беттерінде басылмаған сұмдықтарды көріп-білдік. Тиісінше, мәселенің қоғам талқылап жатқан деңгейден де тым тереңдеп кеткенін аңғардық. Тиісті ұсыныстарды министрліктерге, құзырлы орындарға жібердім. Енді солардың орындалуын қатаң қадағалаймын. Расында, бұған дейінде құзырлы орындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату туралы талай тапсырма берілді. Бірақ бұл дерттің әлі де толық жойылмауы құқық қорғау органдарының жұмысында қателік көп екенін аңғартады. Өйткені Президент бұл мәселені бірінші рет айтып тұрған жоқ. Жолдаудағы нақты тапсырма соңғы нүкте деп білемін. Сол себепті бұқара мен билік бірге қызмет етіп проблемаға қарсы заңды қатайтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау ешкімнің өңі түгілі түсіне кірмейтіндей қылуы керек.
– Екі жыл бұрын «Отбасылық зорлық-зомбылық» заң жобасының соңы үлкен дауға айналып, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен еді. Осы заң жобасымен таныссыз ба? Өзіңіз де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек екенін айтқан едіңіз. Нақты қандай алдын алу шарасы қажет деп санайсыз?
– Иә, 2 жыл бұрынғы шу есімде. Ол кезде мен де ақпарат майданында өздеріңізбен үзеңгі қағыстырып жүрдім. Сол кезде заңды егжей-тегжейлі түсінбеген топтардың елдің арасында дүрбелең салғанын білеміз. Бірақ бұл жерде жауапкершіліктің бір жағы құзырлы орындарда. Өйткені кез келген өзгерісті жасарда қоғаммен ақылдасып, сарапшылармен кеңесіп жүзеге асырса ел де құлақтанып отырар еді. Сондықтан ақпараттандыру тұрғысында жіберілген қателік енді қайталанбайды деп сенемін.
– Қазір отбасылық қорлықтан кейін өз-өзіне қол салатын қыз-келіншектер артып отыр. Осындай жағдайда кінәлілерді жауапқа тартқызу тағы қиын. Одан бөлек, күйеуінен жәбір көрген, соққыдан көз жұмған марқұмға жасалатын сот сараптамаларына да күмән көбейіп отыр. Бұл орайда заң шығарушы орган өкілі ретінде заңға қандай өзгеріс енгізу керек деп ойлайсыз?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ұсыныстарды нақтылап, қол қойып, мөрмен бекітіп құзырлы орындарға жібергенімізді айттым. Оқу жылының аяғында елімізде кәмелетке толмағандарға қарсы әлімжеттіктің, зорлық-зомбылықтың көбейгенін білеміз. Соған қатысты 20 сәуірде депутаттық сауал жолдаған едім. Сол жерде нақты ұсыныстарды айттым. Өкінішке қарай, Үкімет үйренген жолынан айнымай сырғытпа жауап берді. Жауаптарына «ұсыныстардың қабылдануын талап етеміз» деп ең төменгі баға қойып қайтардым. Үкімет ескертуді ұқты, енді бірігіп қызмет етеміз. Бұл мәселенің өте өзекті екенін Президенттің биылғы Жолдаудағы «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» деген сөзінен аңғаруға болады. Депутаттың сауалына сырғытпа жауап берген Үкімет енді ұйқысынан оянар деген үміттеміз.
– Полицейлердің арасында арызды тіркемейтіндері бар. Тіркесе де нақты қылмысты негізге алмайды. Мәселен, «тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тіркелген істердің 50 пайыздан астамында полиция қызметкерлері өздері заңсыз әрекеттер жасайды» дегенді айтады адвокаттар. Әйелін қасақана өлтірген күдіктіге жеңіл жаза беретін судьяларға қандай жауапкершілік қарастырылғаны дұрыс?
– Бұл да өте өзекті мәселе. Құқық қорғау саласындағы кей қызметкерлердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жандардың шағымына атүсті қарағаны туралы арыз көп. Бұл – сорақылық. Заңды қатайтқанда тек қылмыскер ғана емес, арызды қабылдамай немқұрайдылық танытқан құзырлы орын өкілі де қатаң жазаға тартылатындай норма енгізу қажет. Жауғаштыдағы азаматшалардың арызы бар екенін, депутат ретінде менімен кездескілері келетінін журналист әріптестерім айтты. Жұмыс кестесінде мүмкіндік болған сәтте жаныма заңгерлерді алып жазасын өтеп жатқан азаматшалармен кездесу жоспарымда бар.
Меніңше, әлімжеттік фактілерін біле тұра жасырып қалған қызметтегі азаматтарды да жазаға тару қажет. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да, айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ