Тек бойында ынта мен жігер болып, қолынан іс келетінін дәлелдей алса жеткілікті. Сонымен бірге бүгінгі күннің талабы мен сұранысын зерделеп, соған сай еңбек ете білуге тиісті. Кәсіпкерліктің қыры мен сырын меңгеруді де естен шығармағаны абзал. Сыртқа алақан жаймай, қолынан келетін кәсіпті жүзеге асырудың жолын іздеген жандарға жәрдем жасайтын әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлік орталығы облыстың әр түкпірінде жүрген еңбекқор әрі ізденімпаз қыз-келіншектерге арман-мақсаттарын орындауға жәрдемдесуде.
Былтыр осы орталыққа көмек сұрап жүгініп, тиісті ақпарат алғаннан кейін ісін бастауға бел буған және қысқа мерзімде кәсібінің нәсібін көруге қол жеткізгендердің бірі – кәсіпкер Алмагүл Мұратбек биыл жеміс жидектен жайма қақ жасауды қолға алды. Оның жылдар бойы жүрек түкпірінде аялаған арманын – бизнес-идеясын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асыруға берілген 5 млн теңге сомасындағы грант зор демеу болды. Қолына тиген қомақты қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, қазір Ескелді ауданында үй жағдайында қақ өндірісін жолға қойып отыр.
Осылайша, алға қойған мақсатын біртіндеп жүзеге асыруға кіріскен Алмагүл Мұратбек Qonaq Kade брендінің негізін қалады. Қазір жерұйығы Жетісуда өсетін жеміс-жидектердің барлық түрі өсетін ауданда қақтың бірнеше түрін жасап, тұтынушылардың таңдауына ие болып отыр. Оның дәмді, ең бастысы табиғи әрі пайдалы өнімдеріне деген сұраныс қазірдің өзінде арта түскен. Жергілікті тұтынушылармен бірге алыс-жақыннан ат арылтып арнайы келетіндер қатары да көбейген.
– Өзімнің бизнес-идеямды жүзеге асыру үшін Алматы қаласынан Жетісу облысына, оның ішінде облыс орталығының жанында орналасқан Ескелді ауданының Қаратал ауылына көшіп келдім. Өйткені алдын ала жүргізген зерделеу барысында осы ауданда жергілікті фермерлер құлпынай мен таңқурайды және тағы басқа да жеміс-жидектерді көптеп әрі жақсы өсіретінін біліп алған едім. Жеміс-жидек тұнып тұратын Текелі де іргеде. Кейде текелілік тұрғындардан да жидектер сатып аламын. Негізі, мамандығым – фармацевт. Бірақ бизнеспен айналысып, пайдалы өнім шығарғым келді. Бұл мақсатыма мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздім, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, қақ жасау – қарапайым өндіріс. Сондықтан оны кез келген әйел үйінде отырып, жүзеге асыра алады.
– Қай-қайсымыз да бала кезімізде алмадан, алмұрттан қақ жасадық қой. Үлкендерден көргенімізді істедік. Өзіміз кептірген қақтан компот та іштік. Мен де солардың бірімін. Бірақ қазір арнайы құрал-жабдықтардың арқасында жұмыс бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Әрине, жеміс-жидектерді жинауға, оларды іріктеп, тазалап, жууға, тасымалдайтын ыдыстарға салуға біраз уақыт пен күш кетеді. Онан кейінгі жұмыстарға автоматты араластырғышты және тағы басқа да құралдарды пайдаланып, уақыт үнемдей аласыз. Бәрін араластырып алғаннан кейін дайын қоймалжыңды 10-12 сағатқа дегидраторға кептіру үшін жібереміз. Осы уақыт аралығында басқа шаруаларыңызбен айналысуыңызға болады. Нарықта жайма қақ өте қымбат, дегенмен бізде өсетін жеміс-жидектердің түрі көп. Сондықтан жыл бойы сапалы әрі пайдалы жергілікті өнім өндіруді жолға қоюға және одан тұрақты табыс табуға болады, – дейді Алмагүл Мұратбек.
Ол жақында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы атанды. Сол сияқты «Қорғас» ХШЫО аумағында өткен халықаралық көрмеге қатысып қайтты. Қазір өзінің көңілінен шыққан шағын бизнесін жүргізіп, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өткізетін шеберлік сыныптары шеңберінде тәжірибе алмасуға белсенді қатысады. Алдағы уақытта кооператив құру есебінен өндіріс ауқымын ұлғайтып, жұмысшылар санын арттырып, үлкен нарыққа шықсам деген жоспары бар.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы