Осыған дейін қабылданған маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен саяси құжаттардың жалғасы десек болады.
Президент ел мен қоғамды алаңдатқан мәселелерді дөп басты.
Атап өтетін болсақ, отандық өндірісті дамыту, инфрақұрылым мәселелерін шешу, халықтың қарыз жүктемесін азайту, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау, Салық және Бюджет кодекстерін қабылдау, сонымен қатар цифрландыру, ғылым мен технологияны дамыту бағыттарына тоқталды.
Шынында халық Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауынан уақыт тудырған шақыруларға жауап беретін жаңашылдық күтетіні белгілі.
Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің су ресурстары мәселесі бойынша шынайы көріністі айта келе, Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатын айтты. Сондай-ақ жаңа құрылым алдында қандай міндеттер тұрғанын атап кетті.
Су шаруашылығы саласын реттеу мәселесі елімізде аса өзекті. Соның ішінде Қызылорда облысы үшін өте маңызды. Өйткені Сыр өңірінде халықпен кездесу барысында басым бөлігі осы су мәселесін көтереді.
Ал «Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», – деді Президент.
Қазақстан жаңа халықаралық көлік артерияларын құруды мақсат етіп қойды. Ол үшін көліктік-логистикалық инфрақұрылым мәселелерін шешу керек.
Сонымен қатар Президент өткен жолдауында біздің елде шикізаттық синдром бар деген болатын. Сол синдромды жеңу – өндірісті күшейту. 2027 жылға дейін еуропалық стандартқа сәйкес 4 мың шақырым жол салу туралы айтты. Жол жақсы болса, экономиканың басты қозғаушы күші – қарым-қатынас жақсаратыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру қажеттігіне тоқталды. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет екенін айтты.
Алдыңғы сессияда «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы автожол мәселесі және аудан әкімдерінің маңызды өкілеттіктерін сақтау бойынша нақты іс-шараларды қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауалдарымды жолдаған болатынмын. Мені сайлаған аймақтың сұраныстары бүгінгі Жолдауда көрініс тауып жатыр. Бұл Жолдау өңірлерде сайлаушылар тарапынан қозғалған проблемалармен үндес келіп жатыр.
Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де тоқталып, елімізде орта кәсіпкерлік саласының даму қарқыны баяу екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы үкіметке шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керектігін тапсырды. Нарықта белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Сондықтан оларға нақты қолдау көрсету керектігін айтты. Орта кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.
Жалпы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бұл Жолдауды еліміздің әр азаматы үлкен сеніммен тыңдағанына сенімдімін. Өйткені Жолдау еліміздің ертеңі мен ұрпағымыздың болашағына деген баға жетпес бағдар деп санаймын.