«AMANAT» партиясының Мәжіліс және мәслихат депутаттары жастар ұйымымен елордадағы Esil университеті мен Қазтұтынуодағының жоғары колледжінің жатақханаларына барды.
Esil университетінің студенттер үйі 3 қабаттан тұрады, жоба бойынша 194 орынға есептелген. Студенттер жатақханада тұру үшін айына 20 мың теңге төлейді.
«Қазір студенттер үйінде тұруға 200-ден астам өтінім келіп түсті. 26 тамызда жатақханада орын бөлу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Ал 28 тамызда студенттер кіріп, жайғасты. 2022-2023 оқу жылында 154 студент болған. Әр бөлменің аумағы 18 шаршы метрді құрайды және 3 студенттен тұрады. 1-қабатта ұлдар, 2-қабатта қыздар орналасады. Ал 3-қабатта жоғары курстың студенттері жайғасады», – деді ЖОО ректоры Аяпберген Таубаев.
Оның айтуынша, одан бөлек шетелдік магистранттар мен докторанттар отбасымен тұра алатын бөлмелер де қарастырылған. Айына 30 мың теңге төлейді.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов қазір елордадағы жатақханаларда 16 мыңға жуық орын тапшы дейді.
«Жаңа оқу жылы басталарда қашанда университет және колледж студенттері жатақханаларының жағдайы алаңдатады. Сондықтан партия төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасына сәйкес, 2 аптадан бері барлық жергілікті мәслихат партия филиалдарымен бірлесіп, оқу мекемелеріне мониторинг жүргізіп жатыр. Астанада 16 ЖОО, 30-дан астам колледж бар. Барлығында 100 мыңнан астам студент оқиды. Айта кетейік, қазір қалада 15 800 орын жетіспейді. Тапшылық бар», – деді ол.
Депутат елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша Жастар саясаты мәселелері басқармасының жобалық кеңсе құрылғанын атап өтті. Бұл арқылы оқу орындары жеке инвесторларды тартып, жатақхана салуға жер алуды қолға алып отыр.
«Қазір 30 инвестордың арқасында 6 ЖОО-ға жер бөлінді. Ол жерде салынатын жатақхана 12 мың орынның тапшылығын жабады. 1-1,5 жыл уақытта бітеді деп жоспарлануда. Жердің жобалау жоспарына түзетулер енгізілген соң құрылысы басталады. Ал қазір қолда бар жатақханалардың жағдайын, жарамдылығын, қолайлығын қарап жүрміз. Нәтижесінде, талдау жүргізіп, қанша жатақханаға жөндеу жұмысы, қосымша жабдықтар керегін білім мекемесінің басшылығына жібереміз», – деді Е.Каналимов.
Қазтұтынуодағының жоғары колледжінің жатақханасы 5 қабатты ғимараттың төртінші және бесінші қабатында орналасқан. Астана қаласы «Жастар рухы» жастар қанатының елордалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм аталмыш студенттер үйінде бірқатар олқылық кездескенін айтты.
«Барлық жатақхананың жағдайы көңілден шығады деп айта алмаймыз. Кемшіліктер болса, біз оларға ескертеміз. Бір аптаның ішінде кемшіліктерді түзеуі тиіс. Бұл колледждің басшылығымен де әңгімелестік. Ескертулермен жұмыс істеп, жоюуға уәде берді», – деді ол.