Қысқамерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады. Оқу аяқталғаннан кейін жұмыссыз азаматтарға сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төрағалығымен өткен комиссия отырысында оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша оқытып, жұмыс күшімен қамтамасыз етуді өтінген 60-тан астам жұмыс беруші мекеменің талапқа сәйкестіктері сараланды. Мекемелерден әсіресе тех-никалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен. Атап айтқанда, автомобиль жөндеу – дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кеңбейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппараттық құралдары-ның операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер сынды мамандық иелері бар.
– Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытудан өткізіп, жұмысқа орналастырудың өзі әр отбасы үшін үлкен демеу. Олардың әл-ауқатын түзеп, тұрмыс-тіршілігін жақсартулары осында отырған комиссия мүшелерінің шешіміне байланысты. Сондықтан алтын уақыттарыңызды бөліп, жерлестеріміз үшін әділ әрі жауапкершілігі мол таңдау жасағандарыңыз үшін барлығыңызға алғысымды білдіремін, – деді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.
Жалпы, кәсіптік оқыту мерзімі 3 ай. Ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6 900 теңгеден бірреттік материалды көмек төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет.
Айта кетейік, Шымкент қаласы халықты жұмыспен қамту мәселесі жіті назарда. Осы ретте жиі-жиі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп тұрады. Соның бірі – жуырда «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйымдастыруымен Тұран аудандық «Мансап» орталығында кезекті «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Шара барысында білім беру, медициналық, техникалық, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі мен «Қазақстан Фридом Финанс банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ мен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша 4 мыңнан астам уақытша және тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыс беруші 35 мекеме азаматтарды еңбек шарттары және жалақы көлемімен таныстырып, мансап жолын бірге бастауға шақырды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі сондай-ақ қалалық «Жастар ресурстық орталығы» және «Жастар рухы» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шара бірінші кезекте жұмыс іздеушілердің мүддесін көздейді. Мақсат – жұмыс берушілерді тарта отырып, жоғарғы оқу орындары мен колледж түлектерін жұмыспен қамту.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша биыл 57 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Оның ішінде қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 16 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту көзделген. Қазір 13 мыңға жуығы қамтылып отыр.
Өңірде тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша мұндай әлеуметтік қолдау шаралары жалғасын таба бермек.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы