Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі күріш өнімінің көп үлесі Қызылорда облысына тиесілі. Яғни, Сыр өңірінде бұл дақылдың үлесі 90,4 пайызды құрайды деген ақпар бар. Дерекке сәйкес, 2022 жылы республика бойынша 213,4 мың тонна күріш өндірілген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 пайыз артық өнім өндірілгенін көрсетеді. Осы ретте ағартылған күріш экспорты 11,8 пайызға артып, 32 тоннаға жеткен. Керісінше, ішкі нарықтағы сатылым бір жылда 32,8 пайызға түсіп, 31,3 мың тоннаға дейін қысқарыпты. Бұл тұрғыда күріштің басым бөлігі ТМД елдеріне жөнелтілетінін де айта кеткен абзал.
Негізінен, елімізде күріш бағасының күрт көтерілуі былтырдан бастап қатты сезіле бастады. Турасын айтсақ, 2022 жылдың тамыз-қыркүйек айларында 280-300 теңгеге бағаланған Сыр салысы желтоқсан айына таяу 400 теңгеге бір-ақ секірді. Яғни, жыл аяғы жақындағанда күріш бағасы 31 пайызға көтерілді. Бірақ баға мұнымен шектелмеді.
Биыл да күріш бағасына тоқтам жасалмай тұрғаны байқалады. Нақты уақытта Қызылорда қаласының өзіндегі сауда орындарында сыр салысының бағасы 560-600 теңгеге бағаланып тұр.
«Бір жылдары Филиппинде бүкіләлемдік күріш симпозиумына қатыстым. Сол кезде Американың бір ғалымы «алдағы жылдары күрішке деген сұраныс көбейіп, сәйкесінше баға да шарықтайды» деген еді. Бұл әлемде адам санының өсіп, күрішке деген сұраныстың жыл өткен сайын артатынын меңзесе керек. Айтса айтқандай, бүгінде күріш бағасы бүкіл әлемде көтеріліп жатыр. Негізі, халыққа жағдай жасап күрішті төмен бағада ұстасақ, көрші мемлекеттерге тасымалдау фактілері көбеюі мүмкін. Соған орай қазір арнайы меморандум аясында белгілі бір мөлшерде дүкендерге арзан күріш берілуде. Жалпы, сыр саласы сапасы мен дәмділігі жағынан өзге елдерден жеткізілетін күріштерден көш ілгері екенін мойындауымыз керек. Алайда күрішті саудаға шығармас бұрын ақтау мен қаптау жұмыстары да артық шығынға алып келетіні жасырын емес. Соған қарамастан мейлінше бағаны көтермеуге күш саламыз», – дейді өңірдегі іргелі шаруашылықтың бірі «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев.
Жалпы, Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл өңірде барлығы 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл тұрғыда облыс әкімінің қолдауымен егістікті тұрақты суғаруға бөлінген 3,8 млрд текше метр су пайдалану лимитіне сәйкес биылғы егістік көлемі былтырмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға артқан. Оның ішінде аймақтың негізгі дақылы – күріштің көлемі 89 мың гектарды құрайды. Нәтижесінде, биылғы науқанда да қамбаны алтын дәнге толтыруға үміт басым. Алайда өзімізде өндірілетін өнімнің бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстар әлі де оң нәтижесін бермей келеді.
Ал бағаны бақылайтын жауапты орындар тарапынан сауда орындарында күріш бағасының негізсіз қымбаттау фактісі тіркелмегенін алға тартып отыр.
«Біздің функциямызға сәйкес, күріштің зауыттағы бағасынан сауда орындарындағы баға көрсеткіші 15 пайыздан аспауы тиіс. Тұрғындар тарапынан бағаның негізсіз көтерілуі мен талап бойынша бекітілген нормадан асып кету фактілері аясында арыз-шағым түссе ғана сауда орындарын тексеруге құқылымыз. Жайдан-жай тексеріс жүргізу құзырымызға кірмейді. Соңғы рет тұрғындар шағымы негізінде қаладағы «Магнум» сауда орнына тексеріс жүргізіп, бұл жерде күріштің 560 теңгеден сатылып жатқанын білдік. Тексеріс нәтижесінде, сауда орнының келісімшартымен танысып, күрішті зауыттан 535 теңгеден сатып алып отырғанын анықтадық. Бұл тұрғыда баға үстемесі 4,6 пайызды құрап, қандай да бір заңбұзушылық фактілері анықталмады. Жалпы, зауыттарда күріш бағасы 500 теңгеден сатылып жатқаны айтылады. Сондықтан да жекелеген сауда орындарында бағаның қымбаттауы сипат алуда. Ал бағаны тұрақтандыру жұмыстарымен негізінен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы айналысады», – деп түсіндірді бұл жайында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов.
Қазір күріш дақылына келген қымбатшылық халықтың қалтасын қағып тұр. Осыдан бір жыл бұрын күріштің бағасын төмендету бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан «Байқоңыр» ӘКК-нің әлеуеті әзірге халықтың талабын орындауға жетпей тұрған сыңайлы.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:
Аталмыш корпорацияға қарасты қаладағы халықты арзан бағада азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін бірнеше әлеуметтік дүкенді де араладық. Бірақ дүкен сөресінде күріш жоқ болып шықты. Ал оның себебін азық-түлік қорында күріштің таусылғанымен түсіндіріп отыр. Соның салдарынан қара халықтың өзімізде өсірілетін өнімді сауда дүкендерінен қымбат бағада сатып алудан басқа амалы қалмай тұрғаны байқалады. Бұл мәселеге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үн қосар деп үміттенеміз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы