Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, ур-бандалудың әлемдік тренді біздің республикада айқын көрініс беруде. Соңғы 10 жылда қала халқы ауылға қарағанда 10 есеге жуық қарқындап өскен. Халықтың басым көпшілігі сол қала маңындағы ауылдарға шоғырланып отыр.
Осыны ескеріп, біз бүгін Астана төңірегіндегі бірнеше ауылдың ахуалымен танысып, тұрғындармен арнайы жолықтық.
Қоянды ауылына көшіп келгендердің бірі – Данара Кабдылшарипова. Астанада пәтер жалдап, тапқан табысының көбін пәтерге төлеп жүріп, 4-5 жылын өткізіп алған ол жинап-терген дүниесінің басын біріктіріп, қала маңындағы ауылдардың бірінен өздеріне қолайлы жер телімін алып, үй салу керек деп шешеді. Сонымен не керек, елорда іргесіндегі Қоянды ауылының бір шетінен 10 сотық жер телімін алып үй сала бастайды.
«Балалы-шағалы болған соң, басына тартсақ, аяғына жетпейді. Ел қатарлы тіршілік жасаудың қамымен жүріп, шағын етіп үй тұрғыздық та, сол жылы ішіне кіріп алдық. Біз 2014 жылы ауылға көшіп келген уақытта балаларды мектепке апарып-әкелу мен жұмысқа қатынаудың өзі мұң болды мұнда. Көше ойлы-шұңқыр, кеш болса тас қараңғы. Бала емес, үлкен адамның өзіне қауіпті еді. Себебі ауылда қаңғыбас иттер қаптап жүретін. Бұл мәселе қазір де бар. Бірнеше адамды талап та тастаған жағдайлар тіркелген. Міне, осыны көріп отырып, қол қусырып қарап тұра алмадым. Ауылда белсенділер тобын құрып, тұрғындар болып, әкімдікке талап-арыз жаздық. Барлығы осыдан басталды. Кейін келе мемлекеттік сатып алу порталының ашық дереккөз екенін білдік. Мұнда ауылға су тартып, жол да салуға болатынын түсіндік. Сөйтіп, мердігерлермен кездесе бастадық. Бұған дейін тұрғындар әкімдіктің «түк жоқ» дегеніне сеніп, өз күшімен жолға қиыршық тас төсетіп жатты. Ауыл қоғамдастығының күшті талабының арқасында қазір жол да, жарық та, газ да, су да тартылып жатыр. Егер жергілікті қоғамдастық мүшелері бел шеше кіріспесек, мына Қоянды қыста қардан, көктем мен күзде батпақтан көз ашпай, ел судан тарығып отыра бергендей екен», – дейді Данара.
Қазір алты баласының төртеуін мектепке жіберіп, екі бүлдіршінімен үйде отырған Данара – ауыл белсенділерінің көшбасшысы. Қоғамдастыққа ілескен соң Қоянды ауылында жасалып жатқан игі істердің басы-қасында жүр. Қазіргі салынып жатқан жолдың да, жүргізіліп жатқан газ құбырының да, тартылып жатқан жарықтың да қасынан осы қоғамдастық мүшелері табыла кетеді. Талай рет ауыл қамы үшін Ақмола облысы әкімдігі мен министрліктердің есігін қаққан. Нәтижесі сол, біршама шаруаның бойына қан жүгірген.
Дегенмен ауылдың шешілмеген шаруасы әлі бар. Ауылды қоқыс басып жатқаны туралы талай рет айтылды. Ауызсу мәселесі толық шешілмеген. Жарық пен көше шамдары сол күйі қордаланған мәселе күйі тұр. Кезінде әкімдіктің қадағалауынсыз қалай болса солай таратылған жер телімдерінің көбінде құжат жоқ. Ал заң бойынша құжатсыз үйге не газ, не су тартылмайтыны белгілі.
Қала маңындағы тұрғын алаптарының мәселесін шешу туралы Президент Үкіметтен бастап салалық құрылымдарға дейін біршама тапсырма беріліп келеді. Қалаға жақын ауылдардың проблемаларының дені – әлеуметтік мәселелер. Олардың қатарында жоғарыда аталған жол, су, жарық, медицина және білім беру мекемелері және тағы басқалары бар.
Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы деп көрсетілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің хабарлауынша, қазір еліміз бойынша тегін жекеменшік үй құрылысы үшін 10 сотық жер алуға кезекте тұрғандардың саны 2 миллионнан асып кеткен. Үй салу мақсатында жер телімін алғысы келетіндердің басым көпшілігі Астана, Алматы және Шымкент, Түркістан қалаларына тиесілі. Соның ішінде Астана қаласының төңірегінде үй салып, тіршілік құрғысы келетіндер 1 миллионнан асып түседі екен.
Ақмола облысы Жер қатынастары басқармасының ақпаратына сүйенсек, осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ЖТҚ үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың саны – 122 314 адам. Өтініш бергендердің кезектілігі бойынша ең көп Астана маңындағы Аршалы (11 753), Целиноград (79 389), Шортанды (7 078) аудандары болып отыр. Сондай-ақ Көкшетау қаласында – 14 517 адам, Бурабай курорттық ауданында – 5 309 адам. Әрине, жекеменшік тұрғын үй салып, өз бетінше тіршілік жасау бір қарағанда мемлекет үшін оңтайлы болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол аумақтарды инфрақұрылымдық жағынан қамтамасыз етуге келгенде жоғарыдағы кейіпкеріміздің мәселесі әркімнің де алдынан шыға келетіні шындық.
Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Серік Оспанов Астана аумағында орналасқан ауылдар мен елді мекендердің дені осы Целиноград ауданына қарасты екенін айтып отыр.
«Ауданымызда күрделі мәселелер көп. Барлық ауылда қазір газдандыру жұмыстары мен жол салу, ауызсу құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – тым күрделі жұмыстар. Десе де, қолдан келгенше мемлекеттік және облыстық бюджетті іркіп, ауылдардың мәселелерін шешіп жатырмыз. Мүмкіндігімізше ауылдарды кезекпен аралап, тұрғындармен кездесіп, істеліп жатқан жұмыстарды бақылаудамыз. Әрине, тұрғындар көп шоғырланғаннан кейін мәселе де молайып кететіні рас. Ол түсінікті жағдай. Ең бастысы, ауылдар мен елді мекендердегі үй салуға арналған жер телімдері біздің жоспардан көп болып кетіп жатыр. Сондықтан жергілікті әкімдік пен аудан әкімдігі ЖТҚ үшін жер телімдерін берген кезде жергілікті қауымдастықпен келісе отырып жүргізуі керек деген шешімге келдік. Бұл шаруаны біршама оңтайландырады деп ойлаймын», – деді аудан әкімі орынбасары Қоянды ауылының жұртшылығымен болған кездесуде.
Астананың шығысында орналасқан Қоянды ауылы туралы талай рет ақпарат құралдары жарыса жазды. Қояндыны көктемде су алса, жазда қоқыстан, қыс болса қардан көз ашпайтыны тағы бар. Тіпті, мемлекет есебінен жүргізіліп жатқан жол құрылысы жұмыстары жөнінде де ауыл тұрғындарының айтар уәжі жетерлік. Дегенмен ауылға әкім болып сайланғанына бір жыл да болмаған Бақытхан Солтанбайұлы бұдан былай барлығы бақылауда, жұмыстар түгел ауыл халқының көз алдында дұрыс жүргізілетіндігін айтып, сендірді.
«2025 жылға қарай ауылымызда барлық жұмыстарды толық аяқтау мәселесі қолға алынған. Оның ішінде су, жарық, газдандыру және жол құрылысы жұмыстары түбегейлі шешіледі. Қазір ауызсумен толық қамтамасыз ету бойынша барлық құжаттар әзірленіп, министрлікке тапсырылды, енді 2024 жылы ауылды толықтай сумен қамтамасыз ету жұмысын аяқтаймыз. Бүгінде тәулігіне барлығы 860 үйге арналған су желісін 2 500-ден аса тұрғын үйге жеткізіп отырмыз. Бұл да өз кезегінде мамандарға ауыртпалық түсіріп отырғаны жасырын емес. Ал аумағы үлкен көлемде жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдерін мемлекетке қайтарып, сол аумақтарға тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен демалуына арналған парктер салу жоспарда бар. Бұл бойынша аудандық Жер қатынастары комитетімен бірігіп жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы Қоянды ауылынан үй салу үшін жер телімдерін алуға өтініш берген 11 мың тұрғын бар. Осы тұрғындардың барлығына бірдей жер телімдерін беру – өте күрделі дүние. Сондықтан өтініш берушілердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында ауылда көпқабатты үйлер салуды жоспарлап отырмыз. Бұл – енді алдағы жасалынатын шаруалар», – дейді Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Солтанбайұлы.
Дәл қазір Қоянды ауылында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын көзбен көрдік. Әкімнің айтуынша, қазір барлығы 21 км жол салыну үстінде. Енді ауылдық әкімдіктің ұсынымымен қосымша 24,5 км жол салынбақ екен. Жолдардың барлығы күрделі болмақ. Бұл дегеніміз – көше арасындағы автожолдар, жаяу жүргіншілер жолағы мен бірге жарықпен де қамтылып, қос қапталға жасыл желек орнатылады деген сөз.
Қояндыдан бөлек, қаланың батысында мәселесі бір төбе болып жатқан Талапкер деген ауыл тағы бар. Осыдан 2 жыл бұрын ауылда қарқынды жүргізілген жұмыстар бүгін сиырқұйымшақтанып кеткенге ұқсайды. Жол түсе бастағанда бөркін аспанға атқан ауыл тұрғындарының бүгінгі көңілінде қаяу бар.
«Ауылымызда жол салу мәселесі байқауымызша, өз ретімен жүріп жатыр. Ауыл болған соң балаларымызға дұрыс ойын алаңын салу мәселесін көтеріп жатырмыз. Жуырда қоқыс алаңдарын орнатты, қазірдің өзінде сол алаңның қоршаулары құлап жатыр. Неге жөні дұрыс құрылыс материалдарынан салмайтынын түсінбейміз. Барлық жерде біз, еріктілер, жүруіміз керек. Кейбіреулер үшін тіпті қадірсіз болып қалдық. Расын айтсам, әкімдіктің түгел жұмысын осы белсенділер мен еріктілер тобы жасап жатырмыз десем болады. Біз де өзгелер құсап дұрыс жерде, әдемі ауылда, заманға сай өмір сүргіміз келеді. Ауыл болып бірнеше рет қоқыс тазалауға шықтық. Соның арқасында ауыл іші біршама тазарып қалды. Ал енді олай жасамайтын болсақ, қоқыстың астында қалатын түріміз бар. Биліктегілер дұрыс әрі адал жұмыс істесе, белсенділер де үйде отырар едік. Уақытымызды басқа балаларымыздың біліміне, өзіміздің денсаулығымызды оңалтуға жұмсаушы едік», – дейді Талапкер ауылындағы «Белсенді Талапкер» тобының жетекшісі Айгерім Шаяхметова.
Ал біз газетіміздің атынан Талапкер ауылының әкімі Мирас Әлибекұлына бірнеше рет қоңырау шалып, хабарлама жолдағанымызбен, жауап ала алмадық.
Ал сол Талапкер ауылынан қозы көш жерде жатқан Қарамеңді батыр дейтін ауыл бар. Астанадан 45 шақырым болатын Қарамеңді батыр ауылының жанынан осыдан бірнеше жыл бұрын барлығы 19 ауылды толықтай ауызсумен қамтамасыз етуге жететін тұщы су қоры табылған болатын. Бүгінде сол жерасты тұщы судың мол қорының бетін ашып тастап үлкен тоған жасалған екен. Әлгі тоғаннан құрылысқа қажетті құм ұрлап, пайдаға кенеліп жатқандар бар деп естідік.
Іздеп жүріп бірнеше жылдан бері Қарамеңді батыр ауылындағы карьерлардан құм алуға қарсы болып жүрген Марат Жасаров есімді азаматпен арнайы хабарласып мән-жайды білгенбіз. Ол бұл мәселені ауыл әкімі де, аудан әкімі де, тіпті облыс әкімі де біліп отырғанын жеткізді.
«Талай рет ауыл тұрғындары жиналып барып, құм ұрлап жатқандардың жұмысын тоқтатуды талап еткенбіз. Еш нәтиже болмаған соң сотқа арыз жазылды. Сот тұрғындардың талабын дұрыс деп таныды. Бірақ құм ұрлау сәл тыйылып барып, қайта жалғасты. Біздің түсіне алмай отырғанымыз – осы шаруаның басында кім тұрғанын білу. Әзірге нақты ақпарат та жоқ. Егер іс бұлай жалғаса беретін болса экологиялық апат орын алады. Әлгі айтып отырған 19 ауылға су жеткізу былай тұрсын, бір де бір ауылды сумен қамтамасыз ете алмай қалатын түріміз бар. Әлемде қазір ауызсу мәселесі 1-орынға шықты. Бұл туралы кеше Президентіміз кезекті Жолдауында да шегелеп тұрып тапсырып, арнайы министрлік құрды. Осыны неге түсінбейді?! Біз еліміздің келешегі үшін шырылдап жүрміз ғой», – дейді ауыл тұрғыны, эколог Марат Жасаров.
Ал осы Қарамеңді батыр ауылы құрамына енген Жаңаесіл ауылдық округінің әкімі Қайырбек Әзімханұлы жер қыртысын бұзып, елге экологияға залал келтіріп жатқандардың кім екенін өзі де біле алмай отырғанын жеткізді. Бірақ заңсыз жұмыс жүргізіп жатқан ESILSAND ЖШС-ға қарсы әкімдік тарапынан сотқа арыз жазып, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне де хат жолдап шағымданғандығын жеткізді.
Тәулігіне 12 мың текше метр су шығаруға қауқарлы жерасты су қорының жарамсыз күйге ұшырап жатқанына қарсылық білдірушілер бірнеше рет ақпарат құралдарын шақырып шындықты шыңғыра айтқанмен, еш нәтиже болмай отырғанына қапалы. Шынымен де, мол су қоры бар аумақты мемлекет өз қарамағына алып, арнайы қорғауы тиіс. Бұл мәселеге енді ғана құрылып жатқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қызметке келген Ерлан Нысанбаев жіті назар аударса дейді Қарамеңді батыр ауылының тұрғындары.
«Астананың маңында алғаш болып жекеменшік тұрғын үйлер салуға арналған жер телімдері біздің Қараөткел ауылында беріле бастады. Содан бері ауыл бір емес, бірнеше есеге ұлғайып кетті. Алғашқыда 200-ге жетпейтін ғана тұрғыны бар Қараөткел ауылында бүгінде 7-8 мың адам тұрады десем қателеспеймін. Осыдан 4 жыл бұрын ауылымыздың белсенді азаматтары бас қосып, ауыл әкімдігі жанынан қоғамдастық құрдық. Сол кезде қоғамдастық төрайымы болып Динара Әбдірахманова есімді тұрғынды сайладық. Ауыл әкімімен бірлесіп талай шаруа атқарылды. Жол салынды, су тартылды, ауыл тазалығы мен өзге де істердің барлығына сол қоғамдастық мүшелері белсене араластық. Талай рет ауданға, облысқа, тіпті министрліктердің табалдырығын аттап жүріп қаражат бөлгізіп, ауылымыздың 80 пайыз жолын ретке келтірдік. Бізде қазір жаңа әкім сайланған. Әкім ауысқаннан кейін жағдай мүлде өзгерді. Ауыл белсенділерінің арасына іріткі түсе бастады. Бұрынғы қоғамдастық мүшелері таратылып, жаңа қоғамдастық құрылды. Бір жиында екі жақ сөзге келіп қалып, жаға жыртысуға дейін бардық. Тіпті, сотқа арыз жазғандар бар. Ауылдың ұйып отырған берекесі кетті. Жаңа әкім келген соң бүліндік. Неге бұлай болғанын түсіне алмай жүрмін. Біздің бар ойымыз ауылымыздың гүлденуі емес пе? Олай болса неге бірлесіп, тізе қосып, ары қарай жылжуға болмайды? Бұрынғы қоғамдастық мүшелерін жаңа қоғамдастық жемқор деп санайды. Ауылымыз үшін шыбын жанымыз шырылдап жүргенде жемқор атанып шыға келу біз үшін үлкен соққы болды. Түңіліп кеттім. Бәрін қойып тыныш жүрген дұрыс шығар. Бірақ балаларымыздың келешегі үшін тағы да шырылдауға тура келеді», – дейді Қараөткел ауылының белсендісі Айкерім Өтегенова.
Ал біз Айкерімнің уәжін айтып Қараөткел ауылының әкімі Талаптан Қаршығаұлына хабарластық. Ол ауылдағы екі жақтың сөзге келіп қалуын жеке бір азаматтардың ұйымдастырып жүрген ісі деп отыр. Әкімнің айтуынша, бүгінде ауылда 30 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың небары 7 мыңнан астамы ғана тұрақты тіркеуге алынған. Ауылда азаматтардың тіркеуге тұруы басты мәселеге айналған. Сол себепті мемлекеттен бөлінетін қаражат тек тіркеуде тұрған 7 000 азаматтың мүддесіне ғана есептелінеді екен.
«Өзіңіз ойлаңызшы, 7 000 тұрғын үшін деп бөлінген қаражатты 30 мың тұрғынға жеткізу мүмкін емес қой. Дегенмен қолдан келгенше өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жүріп жатқан жайымыз бар. Мен өзім осы ауылға әкім болып келгеніме небары 2 айдан енді асты. Бұған дейін жеке кәсіппен айналысып жүрген жан едім. Жергілікті ақсақалдар алқасының қолқа салуымен мен ауыл әкімдігіне кандидат болып тіркелдім. Ауыл халқының таңдауы маған түскен екен. Енді жұмыс істеуіме тура келеді. Қиындықтан қашпаймын. Бар білген тәжірибеммен бөлісіп жатырмын. Бізде жергілікті қоғамдастыққа 25 адам мүше болуға құқылы, қазір 19 адам тіркелген. Осы белсенді топпен тізе қоса отырып жұмыс істеп жатырмыз. Егер ауыл азаматтарының кез келгені қоғамдастыққа мүше болғысы келсе есігіміз ашық. Біз оған қуанымыз. Бәзбіреулердің қоғамдастық қатарына қоспай жатыр дегені – жалған сөз», – дейді Талаптан Қаршығаұлы.
Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн-ға жуық адам тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынған. Бұл үшін 2019–2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық экономика министрлігі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын әзірледі. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ауылдық аумақтарды дамыту мен түрлі заманға сай тәсілдерінің тиімділігін пайдаланып, ауыл халқының өмір сүру сапасын жоғарылату және жайлы өмір сүру ортасын құру болып отыр. Бұл қала маңындағы ауылдарға да тікелей қатысты дүние.
Ірі қала аумағындағы шағын елді мекендер қала өскен сайын қаламен бірге кеңейіп сала беретіні – заңдылық. Бұған байланысты әлемдік тәжірибе көрсеткендей қала маңында арнайы индустриялық аймақтар құрыла бастайтыны да шын. Бұл заң жүзінде реттеліп отыруы тиіс. Мысалы, әлемде ішкі өнімнің тең жартысы ең ірі 300 агломерацияға тиесілі екен. Ал бұл қалаларда жер бетіндегі халықтың 20 пайызы тұрады. БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай халықтың үштен екісі қалаларда тұратын болады. Басқаша айтсақ, қаладағы халық санын 2,5 млрд адамды құрайды. Осылайша, әлем үшін мемлекеттер емес қалалардың маңыздылығы артып шыға келеді. Қазіргі әлем үшін негізгі ықпалға ие 200 мемлекет емес, сол мемлекеттің құрамындағы 600 ірі мегаполис негізгі рөлді өздеріне алмастыратын болады. Осы бір халықаралық болжамды ескерсек, Қазақстанның ірі қалалары да жаһандық ма ңыздағы қалаға айналуға талпынуы керек. Болашаққа дайын болуы үшін Мемлекет басшысы Үкіметке елдегі ірі қалаларды кешенді дамыту туралы тапсырма да берген болатын.
Агломерация аумағы – негізгі қала аумағынан тым ұзақ емес бұрынғы елді мекендер. Агломерация халық саны 500 мың адамнан асатын орталықтан және өзара күнделікті еңбек және өндірістік байланыстары бар қала маңындағы аймақтан тұрады. Демек, қалалар заңдылық бойынша өсе беретін болса, қала маңындағы бүгінгі елді мекендердің де болашақта үлкен қалаларға, жеңіл және күрделі өндіріс аумақтарына айналуы бек мүмкін. Ендеше біз осыған жан-жақты дайын болуымыз керек.
Бердібек ХАБАЙ