Қаншама ғалымның қаламы шыңдалған кітапхана қорындағы жазба жәдігерлер негізінен оқырманға ұсынылған «Балалықтан – даналыққа» деген кітап көрмесі даңғыл жолдың бағдары дерсіз. Өйткені арнайы сирек кітаптардан тұратын кітап көрме, өз оқырмандары мен зерттеушілерін күтуде.
Ахмет Байтұрсынұлының «Әліп-би» оқулығы (Жаңа құрал) 1926 жылы «Кызыл-Орда» баспасынан жарық көрген және 1935 жылдардан бастау алған «Сауаттандырғыш», 1935-1937 жылдары «Әліппелерге» ұласқан баланың танымдық қарымы мен қабілетін ашатын бұл кітаптар легінің соңы 1996 жылдардағы жарық көрген түрлі ұлт тіліндегі ана тілі кітаптарымен де толыққан.
Оқырманын елітіп әкететін және еріксіз таңғаларлық күйге түсіретін бұл кітаптар топтамасы көкейдегі көп сұраққа жауап берерліктей. Мәселен, адам баласы өзінен бұрынғы адамдардың қарым-қабілеттерінің басқа болуына байланысты өткен өміріне көз жүгіртіп, қабылдаулары анағұрлым ауыр. Тап осы жердегі әліппелер мен ана тілі және табиғаттың да әліппелерінің болғанына қарап, басқа пікірдің қалыптасары да сөзсіз.
Тарихқа көз жүгіртсек, «Сауат ашу» құралының өзі ХІХ-ХХ ғасырларда оқу-ағарту саласында екі түрлі бағытта дамып, орыс және араб әліпбилерімен жазылған. Медреселерде араб, орыс-қазақ мектептерінде орыс әліпбилері оқытылып келіп, Орынборда 1864 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясымен» ілесе шыққан «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» 1871 жылы алғаш рет орыс әліпбиі, яғни көне славян, кирилл қаріптерінде жарық көрген. «Қазақ хрестоматиясы» сауат ашуға арналған әліппе емес, оқу мен жазуды меңгерген балалардың алған білімі мен дүниетанымын дамытуды көздейтін оқулық ретінде ұсынылған. Бұдан кейін А. Алекторовтың «К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-казахских школ» 1891 жылы, А.Васильевтің «Букварь для киргизских школ» 1912 жылы тағы сол сияқты басқа да әліппелер жарық көрді.
Сондай-ақ К. Ушинский өз заманында басқа ұлт балаларын орыс тілін саналы меңгеру үшін деп өзінің ана тілінде сауат ашуы қажет деген қағидасын ұстанды. Бірақ қолданылған әліппелер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін түгел бере алмаған.
Сонымен қатар заманында түркі зиялыларын біріктірген «Жәдитшілер» ұйымының бір топ мүшелері қазақ мектептері үшін жаңа оқулықтар жазды. Олар – Уфада 1910 жылы М. Нұрбаевтың «Әліппесі» шыққан. З. Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» Қазаннан 1910 жылы, М. Малдыбаев пен Ж. Аңдамасовтың «Қазақша ең жаңа әліппесі» 1912 жылы, К. Сырғалиннің «Қазақша әліппе кітабы» 1913 жылы жарық көрген. Мұның бәрі де жаңа бір серпілістен туған алғашқы оқулықтар еді.
Алайда бұл аталған оқулықтар кең қолданыс таба алмаған. Оқулықтардың басты мақсаты қазақ балаларын оқу мен жазуға төте жолмен үйретуді көздеген болса да.
Ал ғұлама ғалым А. Байтұрсынұлының жаңа әліпбиі (төте жазу) үлгісімен жазылған «Оқу құралы» Орынбордан 1912 жылы шыққан қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысына толық жауап бере алды. Оқушылардың сөздік қорын барынша сауат ашу мақсатында тиімді пайдаланған. Жылдар өте дами түсіп, барлық жағынан дыбыстық, сөздің мағыналық жақтары ескеріліп, сөздердің қолдану ерекшеліктері де есепке алынып, 1925 жылы әдістемелік негізді ескере отырып, бастауыш мектептеріне арналған «Жаңа Әліп-биді» 1927 жылы «Қызыл-Орда» баспасы арқылы ұсынған. «Әліппенің» ең озық үлгісін бере алған бұл оқулық, баланың сөйлеу дағдыларын жоғары деңгейде қалыптастыру мәселелері дидактикалық және әдістемелік тұрғыдан жетік шешімін тауып бере алды.
1930 жылдардың басында жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру жөніндегі Үкіметтің қаулы-қаралары Кеңес Одағының аумағындағы мектеп оқулықтарының мазмұны мен құрылымы біртекті болуын қатаң бақылауға алып, қыса түскен тұста латын қарпіне ауысып үлгерген біз үшін жаңа серпіліс әкелді.
Бастапқыда С. Кеңесбаевтың әліппесі орыс мектептеріндегі «Букварьға» тым ұқсас болды. Десе де, 20 жылға жуық бірнеше ұрпақтың сауатын ашқан.
Әліппе қазақ білім беру жүйесінің сауат ашу тарихында елеулі із қалдырды. Бейімбет. Ғабит. Әміржан деп қана берілген авторлар тобы 1935 жылы «Қазақстан» баспасынан «Сауаттандырғыш» (Сауатсыздар әліппесі) деген кітабын шығарады. Үлкендер мектебіне арналған Әліппе 1937 жылы «Қазақтың мемлекет баспасынан» шықса, 1938 жылы «Қазақ мемлекет баспасынан» С. Кеңесбаевтың «Әліппесі», 1939-1940 жылдары К. Төлебаевтың «Әліппесі» «Қазақ мемлекет баспасынан» бірнеше жыл шығып отырған.
Уақыт өте келе 1952-1963 жылдар аралығында С. Кеңесбаев, Ә. Байділдин, Ғ. Бегалин сияқты ғалымдар құрастырған 12 басылым жарық көрген. Осылайша, «Әліппе» қазақ білім беру жүйесінің сауат ашу тарихында елеулі із қалдырды. Әдістемелік еңбектерде Әліппе – сауат ашудың дыбыстық талдау-жинақтау әдісімен жазылды және сауат ашу жұмысын ғылыми жүйелеп, кезең-кезеңге бөлген, оның әр кезеңінде жүзеге асырылатын мақсаттар мен міндеттерді айқын белгілеген оқулық болды.
Тек 1967 жылы З. Төрежанова, М. Төрежанова, М. Жұбанова сияқты авторлардың жарық көрген жаңа әліппені жазуда авторлары сауат ашу кезеңінің 6 айдан 3 айға дейін қысқартылуы себепші болды.
Осылайша, 1984 жылы мектептерде алты жастан бастап оқытуды және оқулықтардың жаңа кешенін әзірлеуді қолға алды. Сауат ашуға негізделген жыл бойғы оқылатын Ш. Әуелбаевтың авторлығымен шыққан Әліппе екі жыл қолданыста болған. 1986 жылы толықтырылған Ш. Әуелбаев, М. Жұбанова, М. Төрежанова, З. Әйтенова сияқты авторлық құраммен жаңа Әліппе жарық көрді. 1990 жылы Білім министрінің Әліппелерге жариялаған конкурсының жеңімпазы болған М. Жұбанованың «Әліппе» оқулығы 1992-1993 жылдардан бастап қолданысқа еніп, 1997 жылға дейін негізгі сауат ашу құралы ретінде қолданылып келген.
Жалпы алғанда, балаларды жас кезінен халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен әдет-ғұрпына баулуды және отаншылдық пен адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты көзделген.
«Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы...» дейді Мұқағали Мақатаев. Бұл аталған әдіс-тәсілдер де, өлең жолдары да заман өтсе де өзектілігін жоймақ емес.
Мөлдір ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ,
Ұлттық академиялық кітапхана
қызметкері