Адамзат тарихында атты алғаш қазақ жерінде ерттеп мінгені туралы көптеген деректер бар. Соның бір дәлелі ретінде Ботай, Берел қорымдарынан табылған археологиялық қазба жұмыстарын атасақ болады.
Екінші «Ұлы дала жорығы» басталды
1,580
оқылды

Жылқыны қолға үйреткен көшпенділер әлем өркениетіне теңдесіз үлес қосты. Бүгінде ұлттық ат спорты – мәдениетіміз бен болмысымыздың маңызды бөлігі. Осы бір болмысымызды айшықтап, дәстүріміз бен мәдениетімізді жаңғыртатын ат спортына соңғы уақытта жақсы көңіл бөлініп келеді. Бұған мысал ретінде осымен екінші рет өтіп отырған «Ұлы дала жорығы» жобасын айтуға болады. 

Аталмыш марафон-бәйге елімізде ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан VI фестивальдің аясында ұйымдастырыл­ған болатын. Бір күн бұрын фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов елімізде ұлттық спорт түрлері мемлекет қолдауымен қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен еді.

«Төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлт­тық спортты дамыту – Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр­дайым ерекше назарында. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы Пре­зидентіміз Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді. Ұлттық спорт түрлері – бұл біздің тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекше­лігінің айнасы. Оны дамыта отырып, рухани мұрамызды болашақ ұрпақтың игілі үшін сақтап қаламыз», – деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ Мәжіліс Спикері алдағы жылы Қазақстанда Мемлекет басшысы­ның қолдауымен өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәні мен маңызына тоқталды. Бірнеше мемлекет­тің спортшылары бас қосатын халық­ара­лық жарыста қазіргі Қазақстанның әлеуетін танытуға мүмкіндік беріледі.

Фестиваль аясында ұйымдастырыл­ған  «Ұлы дала жорығы» марафон-бәй­гесі «АMANAT» партиясы, республика­лық JORYQ ат спорты федерациясы, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы қолдауымен жүзеге асырылады. Бірегей ұлттық бренд құру, дәстүрлі ат спортын, атап айтқанда, қазақтың «қазанат» жылқы тұқымын танымал етуді мақсат еткен жоба  Ақмола облысының Қара­жар ауылынан бастау алды. Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бұл марафон-бәйгенің маңызын тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 «Кеше ғана ұлттық спорт түрлері бойынша VI фестивальдың ресми ашылуын өткіздік. Ал бүгін баршамыз екінші рет ұйымдасты­рылып отырған «Ұлы дала жоры­ғының» басталу салтанатына жиналып тұрмыз. Ұлттық спорт қауым­дастығы 2 жыл қатарынан серіктес болып, «Ұлы дала жорығы» жобасын қолдап отыр. Ұлттық спор­ты­мыз ата-бабаларымыздан бізге қалған асыл мұрасы және аманаты. Ұлттық спорттың артында ұлты­мыздың рухы мен намысы, тарихы мен салт-дәстүрі тұр. Ұлттық спортымыз елімізді бірік­тіретін негізгі факторлар­дың бірі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорттың дамуы мен насихатталуына ерекше назар аударып отыр. «Ұлы дала жорығы» әлемде жоқ республикалық марафон-бәйге. Бүгін осы бәйгеге еліміздің бар­лық аймағынан 100-ден астам шабандоз қатысуда. Олар 14 күнде 1 300 шақырым жерді шауып өтеді. Астанадан басталған бәйге Түркістанда мәресіне жетеді. Мен барлық шабандозға сәттілік тілеймін! 

Осы жобаны ұйымдастырып, қолдап отырған Қазақстан Респуб­лика­сы Туризм және спорт министрлігіне, «АMANAT» партиясына және Әлібек Әлде­ней бауырымыз бен барлық ат­салысқан азаматтарға алғысымды біл­діремін! Қазақ елінің аспаны ашық болып, Көк туымыз мәңгі желбірей берсін!», – деді Исламбек Салжанов.

«Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек биылғы бәсекенің ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Биылғы «Ұлы дала жорығы» жары­сында 19 облыстың командасы бақ сы­найды. 2022 жылы Қостанай облы­сында алапат өрт болып, салдарынан соңғы сәтте бас тартқан еді. Ал қазір белгісіз себептермен Атырау облысы жарысқа қатыспайды. Біріншіден, былтыр қатысқан 95 шабандоздың барлығы қайта қатысып жатқан жоқ. Мысалы, жеңімпаз атанған Маңғыстау облысының 4 қатысушысы алғаш рет келіп тұр. Сол секілді өзге облыстардың шабандоздары құрамында да 70%-дай өзгеріс бар. Неге? Өйткені бірінші «Ұлы дала жорығында» барлық облыстар өз­дерінің қателіктерін байқады. Қандай? Ұзақ қашықтыққа шабатын аттарда отыратын адамның салмағы жеңіл болғаны тиімді. Сондықтан да облыстар салмағы жеңіл шабандоздарға басым­дық берген. Ал біз өз кезегімізде ереже бойынша  18 жастан асқан  азаматтарға ғана рұқсат береміз. Екіншіден, «Ұлы дала жорығында» шетелдің бәйге аттарын қосу тиімсіз. Оны былтырғы қа­тысу­шылар ескеріп, қазақы қаза­нат­тарға басымдық берген. Былтыр адай жылқысы өз мықтылығын мойындатса, биыл олардан бөлек, Қостанай жылқы­сы мен Шығыс Қазақстанның Кабардин аттары жүлдеге таласады. Үшіншіден, 2022 жылы қатысушылардың көптеген аттары Ұлытау облысында аяқтарын жарақаттады. Өйткені Ақмола облы­сын­да аттар тағасыз жүре бергенімен, Ұлытау облысының жері тас. Сондықтан аттардың төрт аяғын тағалауға кеңес бердік. Төртіншіден,  алғашқы мара­фонда қатысушылар даладағы палаткада ұйықтады. Түннің салқындығын ескере отырып, биыл автобусқа түнейді. Бесіншіден, қатысушылардың барлығы таңғы 7:00-де 2 минут уақыт айырма­шылығымен бірге бастайды. Түскі 12:00-ге дейін қатысушылар 5 сағатта 50 шақырымды бағындырып, 2 сағат тынығады. Түстен кейін барлығы 14:00-де бірге жалғастырады. Былтыр шабандоздар 50 шақырымға жетіп, ешкімді күтпей, 2 сағаттан соң, бөлек кететін. Яғни, қазір бірінші команда 50 шақырымды 11:00-ге дейін бітсе, 3 сағат демалады. Ал ерекшеліктеріне келсем, Қостанай облысы бірінші рет қатысады. Ақмола облысы бірінші рет 4 қызды жарысқа қосты», – деп атап өтті жоба авторы. 

Марафон-бәйгенің ұйымдастыру­шысы Ғани Дүйшеновтың айтуынша, жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық судья бағаласа, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалайды.

«Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Шабандоздар соңғы 14-кезеңде тағы 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Жорыққа Атырау облысынан басқа барлық өңірлердің командалары қатысып жатыр. Барлығы марафон-бәйгеге сақадай сай. Кеше аттар ветеринариялық тексеруден өтті», – деді Ғани Дүйшенов.

Осы орайда бүгінгі бірінші кезеңнің үздіктері де анықталғанын атап өткіміз келеді. Бірінші кезеңнің 50 шақырымын алғашқы болып Жамбыл облысы 2 сағат 23 минут 37 секундта бағындырды. Екінші орын Солтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Олардың нәтижесі – 2 сағат 57 минут 04 секунд. Ал Жетісу облысының командасы үздік үштікті 2 сағат 58 минут 32 секунд уа­қыт­пен түйіндеді. 

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – Sport Qory туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Былтырғы өткен жарыста Маңғыс­тау облысының құрама командасы бәйге марафонының жеңімпазы атанса, Жетісу облысының спортшылары екінші орынды, Түркістан облысының құрамасы үшінші орынды иеленген болатын. Марафонға қатысушыларға түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орын­дарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасаған еді. Жоба YouTube-те 5 мил­лион­нан астам және TikTok-та 30 мил­лионнан астам қаралым жинаған.

ТҮЙІН:  

Мұндай жарыстар БАӘ, АҚШ, Испания, Франция, Ұлыбри­тания, Германия, Канада және Аус­тралия сияқты елдерде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қамқор­лығымен үнемі өткізіліп тұрады. Бірақ әлемдік атжарыстардың ішінде ең ұзақ қашықтық 160 шақырымнан аспайды. Ал 1 300 шақырымды тұлпар тұяғымен басып өтетін шабандоздардың бұл жары­сы әлемде тек біздің елімізде ғана ұйымдас­тырылып отыр. Ендеше бұл – Қазақстан­ды ат спорты мен ат туризмі­нің отаны ретінде мойындатуға жол ашатын шара болмақ. Енді осы шара халықаралық си­пат алып, ұлттық бренд ретінде қалыптас­тыру – алдағы басты міндет. Келесі жылы Қазақстан V Дүние­жүзілік көшпен­ділер ойындарын өткізеді. Мемлекет бас­шысы оны жоға­ры деңгейде ұйымдас­тыруды тапсыр­ды. Бұл жоба соның ішінде, еліміздің ин­фра­құрылымының көш­пенділер ойын­дарына да, басқа да болашақ жарыстарға дайындығын тексеруге тамаша мүм­кіндік болмақ.

Наурызбек САРША