Зерттеуші Түркиядағы үңгірде 1000 метр тереңдікте қалып қойған

Түркияның Қоғамдық байланыстар басқармасы таратқан бейнехабарламада 40 жастағы Марк Дики үңгіршілер мен түрік үкіметіне танытқан күш-жігері үшін алғысын айтты

 Бейсенбі күні еуропалық құтқарушылар Түркиядағы үңгірде 1000 метр (3000 фут) тереңдікте қалып қойған америкалық зерттеушіге көмекке келді. Операцияға Болгария, Хорватия, Венгрия, Италия, Польша және Түркияның құтқару топтары қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еуропалық спелеологтар қауымдастығының хабарлауынша, тәжірибелі спелеолог Марк Дики Түркияның оңтүстігіндегі Тавр тауларында үңгірді зерттеп жүрген кезде кенет сырқаттанып қалған.

Арасында дәрігер де болған құтқарушылар тобы Марк Дикиге жетіп, оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бірақ науқасты санитарлық зембіл сыйғызбайтын тар үңгірден шығарып алу үшін бірнеше күн, мүмкін апта өтуі мүмкін.


Бейсенбі күні Түркияның Қоғамдық байланыстар басқармасы таратқан бейнехабарламада 40 жастағы Марк Дики үңгіршілер мен түрік үкіметіне танытқан күш-жігері үшін алғысын айтты.

Ол спелеологтар әлемі – шынымен бір-бірімен тығыз байланысты топ екенін және оның проблемасы «қанша адамды бей-жай қалдырмағанын көргеніне риза екенін» атап өтті.

Дики үңгірден шығу үшін оған үлкен көмек қажет екенін айтты.
Нью-Джерсиден келген құтқару тобының айтуынша, Дикидің асқазанынан қан кетіп, құсып жатыр. Олар Дики бірнеше күннен бері алғаш рет тамақ іше алғанын айтты. Денсаулығының осынша нашарлауына не себеп болғаны белгісіз.

Олар зерттеушіні аман шығарып алу үшін көптеген командалар мен тұрақты медициналық көмек қажет екенін айтты. Үңгірдің іші өте суық – шамамен 4–6 °C (39–42 F).

Қазіргі уақытта құтқару операциясына 170-тен астам адам тартылған, олардың арасында дәрігерлер, тәжірибелі үңгіршілер бар. Құтқару операциясы екі-үш аптаға созылуы мүмкін.

Дики көптеген халықаралық экспедицияларға қатысқан үңгір зерттеушісі немесе спелеолог ретінде танымал. Ол сондай-ақ қауымдастықтың дәрігерлік комитетінің хатшысы.