Жаһандағы геосаяси ахуал сәт сайын құбылып тұрған сәтте елдің қауіпсіздігіне көңіл бөлудің маңыздылығы арта түседі. Бейбітшілік пен тыныштықтың кепіліндей көрінетін халықаралық құжаттардың да құнсызданғанын көріп жүрміз.
Ерлердің ісі...
1,207
оқылды

Сондықтан Қарулы күштер мен қорғаныс өнеркәсібін күшейту өмір талабына айналып барады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бұл салаға айрықша назар аударуының себебі осында болса керек. Аптаның басында ол Іле аңғарында өткен әскери жаттығуға барды...

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың Қарулы күш­тер­ді нығайту мен қорғаныс өнер­кә­сібі кешенін дамытуға бағыт­тал­ған саясаты негізі бір-бірін то­­­­лықтыратын, жалғасы бар тап­сырмалардан байқалып тұра­ды. Ол 2019 жылдан бері армияда­ғы жедел әрекет ететін топтарды же­тілдіру маңызды екенін айтып ке­леді. Сонымен қатар армияның мо­бильділігін арттыруды, әскери тран­спорттың авиация саласын же­тілдіруді бірнеше мәрте тап­сыр­ғаны бар. 2021 жылы 20 та­мыз­да Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы күштерді, басқа да әс­кер­лер мен әскери құрылымдарды құ­­­рудың және дамытудың жаңа тұ­жырымдамасын бекіткен еді. 2030 жылға дейін қолданылатын тұ­жырымдама Президенттің 2019 жыл­ғы Жолдауында қарас­ты­рыл­ған мақсат-міндеттерді орындау үшін жасалған-ды. Ал Президент­тің биылғы «Әділетті Қа­зақ­стан­ның экономикалық бағдары» ат­ты Жолдауында қорғаныс өнер­кә­­­­сібі кешеніне көңіл бөлді. Сөй­тіп, еліміздің қорғаныс қабі­ле­тін жақсарту жан-жақты си­пат­та қарастырылып жатыр. Алға қой­ған мақсаттар бір-бірін толық­тырып келеді.

Жолдауда Қ.Тоқаев: «Тағы бір маңыз­ды мәселе – қорғаныс-өнер­кәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіп­сіз­­дігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл ат­қарады. Осы орайда импортқа тәуел­ді­лікті азайтуға мүмкіндік беретін, жер­­гі­лік­ті өнім үлесі жоғары өн­ді­ріс кешенін құру – аса маңызды міндет.

Біздің армиямыз жоғары техно­ло­гиялы қару-жарақпен және әскери тех­никамен, со­ның ішінде бронды тех­никамен, ұш­қыш­сыз басқарылатын ұшу аппарат­та­ры­мен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жаб­дықталуға тиіс.

Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кә­сіпорындарға барынша қолдау көр­сет­кен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы ме­ке­мелердің тапсырысы керек...», – деген еді. Ара­да бірер күн өткен соң Іле дариясының жа­ғалауында армияның әскери даяр­лы­ғын тексерді. 

Жаттығу қиын болса...

Аптаның басында Қазақстан Пре­зи­денті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы «Жағалау» әскери полигонында болып, «Ба­тыл тойтарыс–2023» стратегиялық ко­­­мандалық-штабтық әскери оқу-жат­тығу жиынына қатысты. 

Негізі, сол күні елдің түрлі ай­мақ­та­рын­дағы әскери полигондарда бір мез­гіл­де бірнеше жаттығу ұйымдастырылған еді. Президент Абай, Қарағанды, Алматы жә­не Солтүстік Қазақстан облыстарында өт­кен осындай жаттығулардың барысын да қадағалап отырды. Әрі жаттығуларды Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасы бас­қар­ды. Сонымен қатар соғыс кезінде Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасының, Үкіметтің, облыстық қорғаныс кеңестерінің жұмысы пысықталды. 

Ал Іле жағалауындағы жаттығуға Ар­наулы операциялар күштері мен Де­сант­тық-шабуылдау әскерлері қатысты. Жат­тығу сцеранийі бірнеше бағытты қамтыды. Де­санттық-шабуылдау әскерлері бри­га­далық-тактикалық топтары авиация қол­дауы­мен, Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бір­лесіп, Ілені жүзіп өткен әскерлер қар­сы жағалаудағы «жау» нысандарын жой­ды. Дәл осы сәтте Арнаулы операциялар күш­тері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шарт­ты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат ету жаттығуын жасапты. Тө­тенше жағдайлар министрлігінің бөлім­ше­лері техногендік апат салдарын жою­мен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін пысықтапты. Ал жалпы ел бойынша әскери жаттығуға 8 мың­нан астам жауынгер мен жүздеген тех­ника қатысты. 

Әрине, әскери жаттығу дегеніңіз шоу емес. Онда әскер түрлерінің дайын­­­­дығы тексеріледі, командирлер тә­жірибе жинайды. Қолбасшылар түрлі сце­нарийлерді пысықтайды. Жиын ке­зінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әскери даярлыққа және командирлердің кәсі­би­лігіне жоғары талап қойылады. Сондықтан қазіргі заманғы ұрыс жағдайында бө­лім­шелер негізгі күштен бөлек, дербес әре­кет етуге дайын болуы қажет. Командирлер мен бастықтар батыл шешім қабылдап немесе орынды бастама көтеріп, берілген тапсырманы орындау үшін тың тәсіл қол­дануы керек. Олар батылдығымен, тө­зім­ділігімен және антқа беріктігімен көп­ке үлгі болуы қажет. Әскердің күші – тәр­тіп­те! Бұл ретте командирлердің атқаратын рөлі ерекше. Қарулы Күштердегі дайын­дық­тың жоғары деңгейін, өзара үйле­сім­ді­лікті және қатаң тәртіпті сақтау қажет. Әр­бір сарбаз өзіне сеніп тапсырылған қару мен техниканы жетік меңгеріп, олар­ды ұрыста шебер қолданып, жедел ше­шім қабылдап, батылдық танытуы керек», – деді. Сөйтіп, әр командирдің дербес ше­шім қабылдауды үйренгені, әр жауын­гер­дің қару мен техниканы жетік меңгеруі қажет екенін атап өтті. Бұл дегеніңіз за­ма­науи ұрыста таптырмайтын қасиет са­налады. Заманауи деппіз ғой, бұрыннан со­лай. Дербес шешім қабылдай алмау ұрыс­та кейде опық жегізеді. Мысал ретін­де, Екінші дүниежүзілік соғыстың шығыс майданын атап өтуге болады. 1941 жыл­дың жазында Германия КСРО-ға шабуыл жасаған кезде Кеңес коман­дир­лерінің кө­бі дербес шешім қабылдай алмаған. Өзі­нен жоғары тұрған командирлерге жал­тақтаған. Соның салдарынан талай жер­де әскер қоршауда қалды, шегіну ісі дұ­рыс ұйымдастырылмады. Мұны ко­ман­дирлердің дербес шешім қабылдай ал­мауының зардабы жайлы мысал ретінде қа­растырайық. Ал Бауыржан Мо­мышұлы­ның Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қолдан­ған амал-айласын керісінше мысал деп бағалауға болады. Ол қоршауда өз бетінше шешім қабылдап, батальонды талай мәрте аман сақтады. Ұрыста тың амалдар қолданды. Александр Бек «Арпалыс» атты еңбегінде Баукең мен генерал И.Панфи­лов­тың бір диалогын келтіреді. Сол диа­лог­та Бауыржанның батальон жауын­гер­лерін дүркіндетіп оқ атуға үйреткеніне ге­нерал сүйсінеді. Іс жүзінде бұлай оқ ату Кеңес армиясының жарғыларында бол­ма­ған деседі. Патшалық Ресейдің мұрасы ретінде ол командирлерге үйретілмейтін болыпты. Бірақ Бауыржан Момышұлы оны қолданды. Сәтті шешім болды. Б.Мо­мышұлының дербес шешім қабыл­дай­тын қабілетіне өзге көптеген ерліктері мен так­тикаларын мысал ретінде келтіруге бо­лады. Біз біреуін ғана айттық.

Енді техникаға қатысты мысал кел­тірейік. С-125 дейтін зениттік зымыран ке­шені бар. ТМД мемлекеттерінің бар­лы­ғы қолданады деуге болады. Моральдық тұр­ғыда біршама ескі дүние. КСРО ар­мия­сы 1961 жылы алғаш рет пайдалана бас­таған. Содан бері зымырандары ара-тұ­ра модернизацияланып тұрады. Бірақ сол зениттік зымыран кешенін 2020 жылы Әзер­байжан әскерлері Қарабақта біршама сәтті пайдаланды. Украинада да оны ба­рын­ша тиімді қолданып жүрген әскери бө­­лімшелер бар. Бұл жағдай түрлі тех­ни­ка­ны мамандардың жақсы меңгергені маңызды екенін көрсетеді. Қазақстан жауын­герлері де Қарулы күштерде қолда­ны­латын техникаларды тиімді пайдалану­ды үшін жаттығулар жасайтыны содан. 

Ол қауіп еткеннен айтты

Президент өз сөзінде әлемдік қор­ғаныс жүйесінің сипаты өзгер­ге­нін айтты. Шамасы, бұрын әлемнің ірі дер­жавалары Африка құрлығындағы, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азиядағы әскери жан­жалдарға локалды оқиғалар, олар әс­кери ғылымға тың жаңалық енгізе қоюы екіталай деп қараған сыңайлы. Алайда Украинада болып жатқан соғыс жағдайды өзгертті. Онда қуатты мемлекеттер мүдделерінің қақтығысы болып жатыр. Әскери амал-айла да өзгерді, түрлі за­ма­науи технология да молынан пай­да­ла­ны­лып жатыр. Демек, Қазақстанның бұл жағ­дайды жіті қадағалап, дер кезінде елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға ұмтылғаны қажет. Мемлекет басшысы соны меңзеді. 

«Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ау­қымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыс­тардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсі­ре­се гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, пси­хологиялық, саяси, экономикалық жә­не басқа да сипат алуы мүмкін. Сон­дық­тан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – за­ма­науи әрі кәсіби әскерге қойылатын бас­ты талап», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы­лайша, елге қауіп төндіретін ба­ғыттарды атады. 

Мемлекеттің әлеуетін әлсіретіп, ха­лықтың көңілін алаң қылу үшін қолданылатын амал көп қазір. Әс­кери доктринада «гибридті соғыс» деп ата­­латын заманауи тәсіл ел ішінің ты­ныш­тығын кетіріп, берекемізді алуы мүм­кін. Ақпараттық, психологиялық, сая­си, экономикалық шабуылдардың зар­­­дабы да аз болмақ емес. Президент Қа­зақстан армиясына қарата айтқанымен, гибридтік күрес элементтерін пайдалана отырып жасалатын шабуылға тосқауыл қоюға қоғамның өзге институттары да жұмылдырылуы керек. Ақпаратқа, мә­де­ниетке, білім мен денсаулыққа, көлік-ло­гис­тика кешеніне, тұтас экономикаға жауап­ты мемлекеттік органдар қабыл­дан­ған әр шешімнің ел қауіпсіздігіне тікелей қа­т­ысы бар тұсы болатыны ескерілуі ке­рек. Біз Мемлекет басшысының сөзінен со­ны ұқтық. 

Айталық, медиа кеңістікте көрші-қо­лаң­ның ықпалы басым болса, оны әлсі­ре­туге қолына қару ұстаған сарбазды қар­­­­­сы қоя алмайсыз. Сол сияқты қоғамды жік-жікке бөлетін, діни-идеологиялық топ­тардың қалыптасуына, жалған ілім­дер­дің таралуына ықпал ететін фактор­лар­ды жою да армияның міндеті емес. Дес­труктивті идеологиямен күресте өзге құ­рылымдардың қырағылығы қажет. ҰҚК бас­тығының орынбасары Руслан Сей­сем­баев интернеттегі деструктивті сипаттағы қауым­дастықтарға тіркелгендер саны 80 мың екенін айтты. Соның ішінде 6 мың­дайы 18 жасқа толмаған азаматтар екен. Ал ен­ді дәл осындай идеологиямен армия кү­респейді. Оның міндеті басқа. Сон­дық­тан әскерге қарата айтқанымен Президент «қы­зым саған айтамын, келінім сен тың­да» дейтін қағидаға жүгінгенге ұқсайды. Тек осы тұспалды мемлекеттік орган­дар­дың басшылары ескеруге тиіс. Мәселен, 2020 жылы Алматы облысында өткен бітімгершілік оқу-жаттығу жиынында Қ.Тоқаев Қазақстанның сыртқы саяси ұста­нымын айтқан болатын. Ол кезде Әзер­байжан Таулы Қарабақ аймағын азат ету үшін соғысып жатқан-ды. Қазақстан Президенті әскери жаттығудан соң сөйле­ген сөзінде: «Бітпейтін» немесе «ұзаққа со­зылған» деп танылған аймақтық қақ­ты­ғыстар БҰҰ Жарғысының қазіргі ха­лық­аралық құқықтың қайнар көзі және не­гізі болып табылатын басты екі қағи­датының арасындағы түбегейлі қарама-қайшылықтарды айқындады. Бұл – мем­лекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлт­тардың өз тағдырын өзі таңдау құқығы. Соң­ғы қағидат мемлекеттер тәуелсіздік алып, отарлықтан құтылған кезде өте өзек­ті бола түсті. Қазіргі уақытқа дейін әлем өзінің даму бағытын анықтады. Сон­дықтан бүгінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаты бірінші орынға шы­ғып, басымдыққа ие болды. Қазіргі қақ­тығыстарға баға беру кезінде БҰҰ Бас Ас­самблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің қа­рарларын басшылыққа алуы тиіс», – деген еді. Мұны сарапшылар Қазақ­стан­ның Таулы Қарабаққа қатысты позициясы деп бағалаған. Яғни, ресми Астана сол кезде Әзербайжанның аумақтық тұтас­ты­ғын жақтайтынын білдірген. Сон­дық­тан биыл Іле бойында өткен жаттығуда Пре­зи­денттің қауіп еткеннен айтқан сөздерін Үкі­мет те, Парламент те, қоғам да астарлы пі­кір ретінде бағалағаны жөн шығар. 

«Жоғарғы технология» диверсификация болса игі...

Айтпақшы, Іле бойында өткен жиында Президент отандық қорғаныс өнеркәсібі ке­­­шенінің әлеуетімен танысты. Далада ұйым­дастырылған арнайы алаңқайда Ор­т­алық Азия аймағындағы бронды тех­ни­каларды жөндеуге маманданған жалғыз «Се­мей инжиниринг» (Семей) зауытының ма­мандары бронды жөндеу-эвакуациялық транс­порттау машинасын пайдалана оты­рып, ұрыста зақымданған техниканы қай­та қалпына келтіру барысын көрсетті. Ал Navyco компаниясының өкілі (Астана) бронды техниканы қалпына келтіруге арналған агрегаттардың дала жағдайында қа­лай ауыстырылатыны, ал «КамАЗ Ин­жи­ниринг» (Көкшетау) және «№405 авиа­жөндеу зауыты» (Алматы) кәсіпорындары әскери техниканы құрастыру, қалпына келтіру мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді. Көрмеге Қазақстан мен Түркияның «Қазақстан Aselsan инжиниринг» (Астана) бірлескен кәсіпорны, «Восток Полимер Снаб» ЖШС (Өскемен), Universal-Build ЖШС (Алматы), Energy General ЖК (Алматы) және басқа да кәсіпорындардың өнімдері қойылды. 

Президент қорғаныс өнеркәсібі ке­­­шені әскердің тірегі екенін атап өтті. Ол әскер ең күрделі тапсыр­ма­лар­ды орындай білуі қазжет екенін атап өтті. «Ол үшін әскерді жоғары техно­ло­гия­лық қару-жарақпен және сапалы әс­кери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрі­лер­мен толықтай қамтамасыз ету айрық­ша маңызды. Жақында жариялаған Жол­дауымда мен жергілікті өнім үлесі жо­ғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Брон­ды техника, ұшқышсыз басқары­ла­тын ұшу аппараттары, заманауи атыс қару­­­­лары – мұның бәрін біз өзімізде шы­ғара аламыз және шығаруымыз керек. Жал­пы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әс­ке­ріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет», – деді Қ.Тоқаев. Бұл де­геніңіз Үкіметке қарата айтылған тап­сыр­ма. «Атқарушы билік қорғаныс өнер­кә­сібі кәсіпорындарына назар аударсын» дегенді білдіреді. «Жоғары технологиялық қару-жарақ» деу арқылы қорғаныс өнер­кәсібі кәсіпорындарын диферсифи­ка­циялаудың да маңызды екенін байқатты. Тек теріскейдегі көршіден қару-жарақ ала беру ұшпаққа шығара қоймаса керек. Оның үстіне, «солтүстіктің» өнімін жоға­ры технологиялы деуге ауыз бармайды.

Айтпақшы, әскери жаттығу кезінде Пре­зидент түркиялық Оtоkar компаниясы шығаратын ARMA бронды машинасының Іледен жүзіп өткен сәтін көрді. Бұл тех­никаны әзірге Қазақстан қарулы күштері са­тып алған жоқ. Сынақтан өткізіп жа­тыр. Бірақ біз ARMA көлігі біршама мо­дер­низациядан өткенін байқадық. Дә­лі­рек айтқанда, көлікке Қытайдың NORINCO компаниясы жасаған мұнара орнаты­лыпты. Ал қытайлық компания әлемдегі қару-жарақ нарығында 7 орында тұрған алпауыт. Мұның өзі қорғаныс өнеркәсібі мен армияны қаруландыруда ішінара болса да диверсификация пайда болғанын аңғартса керек. 

Әрине, Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі зауыттар бұ­­­лармен шектелмейді. Кейбір мәлі­мет­терге қарағанда елімізде азаматтық және қор­ғаныс салаға қажет өнім шығаратын 40-тан астам зауыт бар. Қорғаныс өнім­де­рін бірлесе өндіруге бірқатар шетел ком­паниялары да тартылған. Президент Жол­дауында айтылған бронды техника, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды құрас­тыруға талпыныс бар. Түріктің Anka S дронын әскерилер сынақтан өткізіп жа­тыр. Израильдік SkyLark және қытайлық Wıng Long 2 дрондарын Қарулы күштер пай­даланып жүр. Отандық Sunkar дроны да бар. Радарлар құрастыруға француздар жәрдем берді. Жаңа кеме жасауға түріктің ASFAT компаниясы да қатысатын болды. Дүркіндетіп ататын зымыран жүйесін из­раильдік технология бойынша құрас­ты­рып жатырмыз. Пертопавлдағы зауытта жа­салып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, ұрыс техникаларын жаңалауда азды-көпті табыс бар. Бірақ әскери техникаларды тү­гел жаңалау қиын екенін ескеру керек. Өте қымбат тұрады. 

Өз әскеріңнен аяма. Әйтпесе...

Қорғаныс жайлы сөз еттік қой, Қазақ­стан Президенті саланы жетілдіре түсуге қа­тысты нақты бірнеше пәрмен берген. Был­тыр Мемлекет басшысының тап­сыр­ма­сына сәйкес, Арнайы операциялар күш­тері құрылған. Іле бойындағы жат­тығу­да осы күштердің қабілеті сыналды. Ал арнайы операциялар күштері заманауи ұрыста зор рөл атқаратын құрылым екені соң­ғы жылдары анық байқала бастады. Сон­дықтан ол бізге қажет. 

Ал қыста Қорғаныс министрі Руслан Жақ­сылықов аумақтық қорғаныс мәсе­ле­сіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны жайлы Мем­лекет басшысына айтқан. Шілдеде есеп берді. Президенттің қабылдауында бол­ған кезінде министр аумақтық қор­ға­нысты нығайтуға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаған. Сөй­тіп, бұрын жергілікті әкімшіліктердің қар­жыландыруында болған, оның өзінде қал­дық принципімен ақша бөлініп келген са­ланың мәселелерін шешуді көздеп отыр. Мәселен, 2022 жылы өңірлік бюд­жет­терден аумақтық қорғаныс әскерлеріне 384 млн теңге бөлінген. Бұл өте аз көр­­­сеткіш. Тіпті, кейбір бронды авто­мо­биль­дің бағасына да жетпейді. Одан бөлек, кү­ні бүгінге едйін бұл бөлімшелерде келі­сім­шарт бойынша қызмет істеген аза­мат­тардың жалақысы 80-120 мың теңге ара­лығында болыпты. Содан да болар Қор­ға­ныс министрлігі «аумақтық қорғаныс» туралы арнайы заң жобасын әзірлеп жатыр. Егер заң жобасын депуттаттар мақұлдап, қабылданса, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс ор­та­лық­тарындағы 20 аумақтық қорғаныс бө­лім­шелерін қаржыландыру, материалдық-тех­никалық тұрғыда қамтамасыз ету тә­різ­ді мәселелер бір ізге түседі. Бұл өз ке­зе­гінде аталған бөлімшелерде қызмет ете­тін әскери мамандардың әлеуметтік жағ­дайына да әсер етеді. 

Әлеуметтік жағдай демекші, әскери қызметкердің мәртебесін көтеру, әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды. Ол да Президент пәрмені негізінде жүзеге асып жатыр. Қорғаныс министрлігінің Тәр­бие және идеологиялық жұмыс депар­таментінің бастығы Тілеухан Басқожаев биыл әскери мамандардың жалақысы бір­шама өсетінін айтты. Атап айтқанда, әс­кери оқу орындарының азаматтық қыз­мет­тегі профессорлары мен ұшқыштарыдң жа­лақысы 60 пайызға көтерілген. Ал қыр­күйектен бастап әскери медицина қыз­меткерлерінің жалақысы 30-дан 50 пайыз аралығында өсіріліпті. Бұл да салаға деген қамқорлықтың белгісі. 

Қысқасы, Іле жағалауындағы жат­ты­ғудың астарынан түрлі мән іздеуге болады. Біз Президенттің айтқан сөздерінен Қару­лы күштер басшылығына қойған мін­дет­терді көрдік. Жаттығудың өзінен бұрын берілген тапсырмалардың орындалу ба­ры­сын аңғардық. Өзімізше. Ал әскерилер бас­қаша ойлауы бек мүмкін. 

Амангелді ҚҰРМЕТ