Сондықтан Қарулы күштер мен қорғаныс өнеркәсібін күшейту өмір талабына айналып барады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бұл салаға айрықша назар аударуының себебі осында болса керек. Аптаның басында ол Іле аңғарында өткен әскери жаттығуға барды...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы күштерді нығайту мен қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытуға бағытталған саясаты негізі бір-бірін толықтыратын, жалғасы бар тапсырмалардан байқалып тұрады. Ол 2019 жылдан бері армиядағы жедел әрекет ететін топтарды жетілдіру маңызды екенін айтып келеді. Сонымен қатар армияның мобильділігін арттыруды, әскери транспорттың авиация саласын жетілдіруді бірнеше мәрте тапсырғаны бар. 2021 жылы 20 тамызда Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекіткен еді. 2030 жылға дейін қолданылатын тұжырымдама Президенттің 2019 жылғы Жолдауында қарастырылған мақсат-міндеттерді орындау үшін жасалған-ды. Ал Президенттің биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында қорғаныс өнеркәсібі кешеніне көңіл бөлді. Сөйтіп, еліміздің қорғаныс қабілетін жақсарту жан-жақты сипатта қарастырылып жатыр. Алға қойған мақсаттар бір-бірін толықтырып келеді.
Жолдауда Қ.Тоқаев: «Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет.
Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс.
Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек...», – деген еді. Арада бірер күн өткен соң Іле дариясының жағалауында армияның әскери даярлығын тексерді.
Жаттығу қиын болса...
Аптаның басында Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы «Жағалау» әскери полигонында болып, «Батыл тойтарыс–2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты.
Негізі, сол күні елдің түрлі аймақтарындағы әскери полигондарда бір мезгілде бірнеше жаттығу ұйымдастырылған еді. Президент Абай, Қарағанды, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткен осындай жаттығулардың барысын да қадағалап отырды. Әрі жаттығуларды Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасы басқарды. Сонымен қатар соғыс кезінде Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасының, Үкіметтің, облыстық қорғаныс кеңестерінің жұмысы пысықталды.
Ал Іле жағалауындағы жаттығуға Арнаулы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлері қатысты. Жаттығу сцеранийі бірнеше бағытты қамтыды. Десанттық-шабуылдау әскерлері бригадалық-тактикалық топтары авиация қолдауымен, Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесіп, Ілені жүзіп өткен әскерлер қарсы жағалаудағы «жау» нысандарын жойды. Дәл осы сәтте Арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат ету жаттығуын жасапты. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін пысықтапты. Ал жалпы ел бойынша әскери жаттығуға 8 мыңнан астам жауынгер мен жүздеген техника қатысты.
Әрине, әскери жаттығу дегеніңіз шоу емес. Онда әскер түрлерінің дайындығы тексеріледі, командирлер тәжірибе жинайды. Қолбасшылар түрлі сценарийлерді пысықтайды. Жиын кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әскери даярлыққа және командирлердің кәсібилігіне жоғары талап қойылады. Сондықтан қазіргі заманғы ұрыс жағдайында бөлімшелер негізгі күштен бөлек, дербес әрекет етуге дайын болуы қажет. Командирлер мен бастықтар батыл шешім қабылдап немесе орынды бастама көтеріп, берілген тапсырманы орындау үшін тың тәсіл қолдануы керек. Олар батылдығымен, төзімділігімен және антқа беріктігімен көпке үлгі болуы қажет. Әскердің күші – тәртіпте! Бұл ретте командирлердің атқаратын рөлі ерекше. Қарулы Күштердегі дайындықтың жоғары деңгейін, өзара үйлесімділікті және қатаң тәртіпті сақтау қажет. Әрбір сарбаз өзіне сеніп тапсырылған қару мен техниканы жетік меңгеріп, оларды ұрыста шебер қолданып, жедел шешім қабылдап, батылдық танытуы керек», – деді. Сөйтіп, әр командирдің дербес шешім қабылдауды үйренгені, әр жауынгердің қару мен техниканы жетік меңгеруі қажет екенін атап өтті. Бұл дегеніңіз заманауи ұрыста таптырмайтын қасиет саналады. Заманауи деппіз ғой, бұрыннан солай. Дербес шешім қабылдай алмау ұрыста кейде опық жегізеді. Мысал ретінде, Екінші дүниежүзілік соғыстың шығыс майданын атап өтуге болады. 1941 жылдың жазында Германия КСРО-ға шабуыл жасаған кезде Кеңес командирлерінің көбі дербес шешім қабылдай алмаған. Өзінен жоғары тұрған командирлерге жалтақтаған. Соның салдарынан талай жерде әскер қоршауда қалды, шегіну ісі дұрыс ұйымдастырылмады. Мұны командирлердің дербес шешім қабылдай алмауының зардабы жайлы мысал ретінде қарастырайық. Ал Бауыржан Момышұлының Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қолданған амал-айласын керісінше мысал деп бағалауға болады. Ол қоршауда өз бетінше шешім қабылдап, батальонды талай мәрте аман сақтады. Ұрыста тың амалдар қолданды. Александр Бек «Арпалыс» атты еңбегінде Баукең мен генерал И.Панфиловтың бір диалогын келтіреді. Сол диалогта Бауыржанның батальон жауынгерлерін дүркіндетіп оқ атуға үйреткеніне генерал сүйсінеді. Іс жүзінде бұлай оқ ату Кеңес армиясының жарғыларында болмаған деседі. Патшалық Ресейдің мұрасы ретінде ол командирлерге үйретілмейтін болыпты. Бірақ Бауыржан Момышұлы оны қолданды. Сәтті шешім болды. Б.Момышұлының дербес шешім қабылдайтын қабілетіне өзге көптеген ерліктері мен тактикаларын мысал ретінде келтіруге болады. Біз біреуін ғана айттық.
Енді техникаға қатысты мысал келтірейік. С-125 дейтін зениттік зымыран кешені бар. ТМД мемлекеттерінің барлығы қолданады деуге болады. Моральдық тұрғыда біршама ескі дүние. КСРО армиясы 1961 жылы алғаш рет пайдалана бастаған. Содан бері зымырандары ара-тұра модернизацияланып тұрады. Бірақ сол зениттік зымыран кешенін 2020 жылы Әзербайжан әскерлері Қарабақта біршама сәтті пайдаланды. Украинада да оны барынша тиімді қолданып жүрген әскери бөлімшелер бар. Бұл жағдай түрлі техниканы мамандардың жақсы меңгергені маңызды екенін көрсетеді. Қазақстан жауынгерлері де Қарулы күштерде қолданылатын техникаларды тиімді пайдалануды үшін жаттығулар жасайтыны содан.
Ол қауіп еткеннен айтты
Президент өз сөзінде әлемдік қорғаныс жүйесінің сипаты өзгергенін айтты. Шамасы, бұрын әлемнің ірі державалары Африка құрлығындағы, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азиядағы әскери жанжалдарға локалды оқиғалар, олар әскери ғылымға тың жаңалық енгізе қоюы екіталай деп қараған сыңайлы. Алайда Украинада болып жатқан соғыс жағдайды өзгертті. Онда қуатты мемлекеттер мүдделерінің қақтығысы болып жатыр. Әскери амал-айла да өзгерді, түрлі заманауи технология да молынан пайдаланылып жатыр. Демек, Қазақстанның бұл жағдайды жіті қадағалап, дер кезінде елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға ұмтылғаны қажет. Мемлекет басшысы соны меңзеді.
«Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осылайша, елге қауіп төндіретін бағыттарды атады.
Мемлекеттің әлеуетін әлсіретіп, халықтың көңілін алаң қылу үшін қолданылатын амал көп қазір. Әскери доктринада «гибридті соғыс» деп аталатын заманауи тәсіл ел ішінің тыныштығын кетіріп, берекемізді алуы мүмкін. Ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық шабуылдардың зардабы да аз болмақ емес. Президент Қазақстан армиясына қарата айтқанымен, гибридтік күрес элементтерін пайдалана отырып жасалатын шабуылға тосқауыл қоюға қоғамның өзге институттары да жұмылдырылуы керек. Ақпаратқа, мәдениетке, білім мен денсаулыққа, көлік-логистика кешеніне, тұтас экономикаға жауапты мемлекеттік органдар қабылданған әр шешімнің ел қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар тұсы болатыны ескерілуі керек. Біз Мемлекет басшысының сөзінен соны ұқтық.
Айталық, медиа кеңістікте көрші-қолаңның ықпалы басым болса, оны әлсіретуге қолына қару ұстаған сарбазды қарсы қоя алмайсыз. Сол сияқты қоғамды жік-жікке бөлетін, діни-идеологиялық топтардың қалыптасуына, жалған ілімдердің таралуына ықпал ететін факторларды жою да армияның міндеті емес. Деструктивті идеологиямен күресте өзге құрылымдардың қырағылығы қажет. ҰҚК бастығының орынбасары Руслан Сейсембаев интернеттегі деструктивті сипаттағы қауымдастықтарға тіркелгендер саны 80 мың екенін айтты. Соның ішінде 6 мыңдайы 18 жасқа толмаған азаматтар екен. Ал енді дәл осындай идеологиямен армия күреспейді. Оның міндеті басқа. Сондықтан әскерге қарата айтқанымен Президент «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дейтін қағидаға жүгінгенге ұқсайды. Тек осы тұспалды мемлекеттік органдардың басшылары ескеруге тиіс. Мәселен, 2020 жылы Алматы облысында өткен бітімгершілік оқу-жаттығу жиынында Қ.Тоқаев Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымын айтқан болатын. Ол кезде Әзербайжан Таулы Қарабақ аймағын азат ету үшін соғысып жатқан-ды. Қазақстан Президенті әскери жаттығудан соң сөйлеген сөзінде: «Бітпейтін» немесе «ұзаққа созылған» деп танылған аймақтық қақтығыстар БҰҰ Жарғысының қазіргі халықаралық құқықтың қайнар көзі және негізі болып табылатын басты екі қағидатының арасындағы түбегейлі қарама-қайшылықтарды айқындады. Бұл – мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлттардың өз тағдырын өзі таңдау құқығы. Соңғы қағидат мемлекеттер тәуелсіздік алып, отарлықтан құтылған кезде өте өзекті бола түсті. Қазіргі уақытқа дейін әлем өзінің даму бағытын анықтады. Сондықтан бүгінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаты бірінші орынға шығып, басымдыққа ие болды. Қазіргі қақтығыстарға баға беру кезінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын басшылыққа алуы тиіс», – деген еді. Мұны сарапшылар Қазақстанның Таулы Қарабаққа қатысты позициясы деп бағалаған. Яғни, ресми Астана сол кезде Әзербайжанның аумақтық тұтастығын жақтайтынын білдірген. Сондықтан биыл Іле бойында өткен жаттығуда Президенттің қауіп еткеннен айтқан сөздерін Үкімет те, Парламент те, қоғам да астарлы пікір ретінде бағалағаны жөн шығар.
«Жоғарғы технология» диверсификация болса игі...
Айтпақшы, Іле бойында өткен жиында Президент отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің әлеуетімен танысты. Далада ұйымдастырылған арнайы алаңқайда Орталық Азия аймағындағы бронды техникаларды жөндеуге маманданған жалғыз «Семей инжиниринг» (Семей) зауытының мамандары бронды жөндеу-эвакуациялық транспорттау машинасын пайдалана отырып, ұрыста зақымданған техниканы қайта қалпына келтіру барысын көрсетті. Ал Navyco компаниясының өкілі (Астана) бронды техниканы қалпына келтіруге арналған агрегаттардың дала жағдайында қалай ауыстырылатыны, ал «КамАЗ Инжиниринг» (Көкшетау) және «№405 авиажөндеу зауыты» (Алматы) кәсіпорындары әскери техниканы құрастыру, қалпына келтіру мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді. Көрмеге Қазақстан мен Түркияның «Қазақстан Aselsan инжиниринг» (Астана) бірлескен кәсіпорны, «Восток Полимер Снаб» ЖШС (Өскемен), Universal-Build ЖШС (Алматы), Energy General ЖК (Алматы) және басқа да кәсіпорындардың өнімдері қойылды.
Президент қорғаныс өнеркәсібі кешені әскердің тірегі екенін атап өтті. Ол әскер ең күрделі тапсырмаларды орындай білуі қазжет екенін атап өтті. «Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз және шығаруымыз керек. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет», – деді Қ.Тоқаев. Бұл дегеніңіз Үкіметке қарата айтылған тапсырма. «Атқарушы билік қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына назар аударсын» дегенді білдіреді. «Жоғары технологиялық қару-жарақ» деу арқылы қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын диферсификациялаудың да маңызды екенін байқатты. Тек теріскейдегі көршіден қару-жарақ ала беру ұшпаққа шығара қоймаса керек. Оның үстіне, «солтүстіктің» өнімін жоғары технологиялы деуге ауыз бармайды.
Айтпақшы, әскери жаттығу кезінде Президент түркиялық Оtоkar компаниясы шығаратын ARMA бронды машинасының Іледен жүзіп өткен сәтін көрді. Бұл техниканы әзірге Қазақстан қарулы күштері сатып алған жоқ. Сынақтан өткізіп жатыр. Бірақ біз ARMA көлігі біршама модернизациядан өткенін байқадық. Дәлірек айтқанда, көлікке Қытайдың NORINCO компаниясы жасаған мұнара орнатылыпты. Ал қытайлық компания әлемдегі қару-жарақ нарығында 7 орында тұрған алпауыт. Мұның өзі қорғаныс өнеркәсібі мен армияны қаруландыруда ішінара болса да диверсификация пайда болғанын аңғартса керек.
Әрине, Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі зауыттар бұлармен шектелмейді. Кейбір мәліметтерге қарағанда елімізде азаматтық және қорғаныс салаға қажет өнім шығаратын 40-тан астам зауыт бар. Қорғаныс өнімдерін бірлесе өндіруге бірқатар шетел компаниялары да тартылған. Президент Жолдауында айтылған бронды техника, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды құрастыруға талпыныс бар. Түріктің Anka S дронын әскерилер сынақтан өткізіп жатыр. Израильдік SkyLark және қытайлық Wıng Long 2 дрондарын Қарулы күштер пайдаланып жүр. Отандық Sunkar дроны да бар. Радарлар құрастыруға француздар жәрдем берді. Жаңа кеме жасауға түріктің ASFAT компаниясы да қатысатын болды. Дүркіндетіп ататын зымыран жүйесін израильдік технология бойынша құрастырып жатырмыз. Пертопавлдағы зауытта жасалып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, ұрыс техникаларын жаңалауда азды-көпті табыс бар. Бірақ әскери техникаларды түгел жаңалау қиын екенін ескеру керек. Өте қымбат тұрады.
Өз әскеріңнен аяма. Әйтпесе...
Қорғаныс жайлы сөз еттік қой, Қазақстан Президенті саланы жетілдіре түсуге қатысты нақты бірнеше пәрмен берген. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арнайы операциялар күштері құрылған. Іле бойындағы жаттығуда осы күштердің қабілеті сыналды. Ал арнайы операциялар күштері заманауи ұрыста зор рөл атқаратын құрылым екені соңғы жылдары анық байқала бастады. Сондықтан ол бізге қажет.
Ал қыста Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов аумақтық қорғаныс мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны жайлы Мемлекет басшысына айтқан. Шілдеде есеп берді. Президенттің қабылдауында болған кезінде министр аумақтық қорғанысты нығайтуға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаған. Сөйтіп, бұрын жергілікті әкімшіліктердің қаржыландыруында болған, оның өзінде қалдық принципімен ақша бөлініп келген саланың мәселелерін шешуді көздеп отыр. Мәселен, 2022 жылы өңірлік бюджеттерден аумақтық қорғаныс әскерлеріне 384 млн теңге бөлінген. Бұл өте аз көрсеткіш. Тіпті, кейбір бронды автомобильдің бағасына да жетпейді. Одан бөлек, күні бүгінге едйін бұл бөлімшелерде келісімшарт бойынша қызмет істеген азаматтардың жалақысы 80-120 мың теңге аралығында болыпты. Содан да болар Қорғаныс министрлігі «аумақтық қорғаныс» туралы арнайы заң жобасын әзірлеп жатыр. Егер заң жобасын депуттаттар мақұлдап, қабылданса, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарындағы 20 аумақтық қорғаныс бөлімшелерін қаржыландыру, материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету тәрізді мәселелер бір ізге түседі. Бұл өз кезегінде аталған бөлімшелерде қызмет ететін әскери мамандардың әлеуметтік жағдайына да әсер етеді.
Әлеуметтік жағдай демекші, әскери қызметкердің мәртебесін көтеру, әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды. Ол да Президент пәрмені негізінде жүзеге асып жатыр. Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев биыл әскери мамандардың жалақысы біршама өсетінін айтты. Атап айтқанда, әскери оқу орындарының азаматтық қызметтегі профессорлары мен ұшқыштарыдң жалақысы 60 пайызға көтерілген. Ал қыркүйектен бастап әскери медицина қызметкерлерінің жалақысы 30-дан 50 пайыз аралығында өсіріліпті. Бұл да салаға деген қамқорлықтың белгісі.
Қысқасы, Іле жағалауындағы жаттығудың астарынан түрлі мән іздеуге болады. Біз Президенттің айтқан сөздерінен Қарулы күштер басшылығына қойған міндеттерді көрдік. Жаттығудың өзінен бұрын берілген тапсырмалардың орындалу барысын аңғардық. Өзімізше. Ал әскерилер басқаша ойлауы бек мүмкін.
Амангелді ҚҰРМЕТ