«Сұлтанмахмұттың алғашқы биографы» (Айқын. (№44, 20 сәуір 2023 ж.) аталатын Мөлдір Төлеп­бай­­дың мақаласын оқыған соң Сұлтанмахмұттай асау жүректі ақын тағдыры, әдеби мұрасы жайында ойға берілдім. Ойыма бар ғұмырын Сұлтанмах­мұт­тың тағдыры үшін жанпида күреске арнаған про­фес­сор Бейсембай Кенжебайұлы оралды.
Асау жүректі ақынның бір биографы – Мұхтар Әуезов
1,549
оқылды

1980–87 жылдар аралығында өз өтінішімен қолында тұрып, бір шаңырақтың астында әкелі-балалы тіршілік кештік. Журналистік, әдеби шығармашылық жолын бастап үлгерген шағым. Алдымда қазақ әдебиетінің жәй көп жасаған қариясы ғана емес, екі дәуірді көзімен көрген, қилы тағдырды басынан кешкен, азды-көпті Алашорда арда азаматтарының сарқытын ішкен, қазақ әдебиетінің дария шежірешісі отырғанын пайымдадым. Пайымдадым да, әкедей әзіз Бейсекең – қазақ әде­биетінің прототүрктік алтын тамы­рын аршып алып әдебиетіміздің асыл тарихына айналдырған профессор Б.Кенжебайұлының аузынан шыққан үп еткен үн, жақсы лепесті ақ қағазға ерінбей қондыра беруді, қондыра беруді дағдыма айналдырғам. Көп дәптер. Көңілсіз күндер мен ұйқысыз түндердің есесі еді ол дәптерлер. Енді міне, тағы да сол шежіре-дәптерлерге қайыра үңілемін.

...Әкей таңғы тыныстан тырп-тырп басып ішке кірді. Сал ауруы салдарынан сәл-сәл айыға бастап, әуелгі дағдысына кіріскен. Аяғын сүйрете басып сейілдеп қайтады. Тура бір сағат. Қолында «Слава» алтын сағаты. Алтын сағатқа қарап санап басып жүреді, сағатты толтырып осылай үйге беттейді. Біз де сағат тола бере әкей әбігерге түспесін деп есікті ашып қоямыз. Әкей өлеңдете енді есіктен:

– Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, Күн болам!

Қараңғылықтың кегіне, 

Күн болмағанда, кім болам?

 Асау жүректі ақынның Бағдарлама дерлік өлеңі. Өмірден қыршын өткен жыр сұлтанына жарасқанымен, қол-аяғы дірілдеп екі басып, бір тоқтап дамылдап жүретін қарияға түк те жарасып тұрған жоқ. Бірақ, бірақ Сұлтанмахмұттың отты жырымен тыныстап, асау жүректі ақын рухынан қуат алып, аман келе жатқан профессорға жарасарлық мінез. Бәлкім үш рет инсульт сырқатынан аяулы ұстазды аман алып шығып жүрген қуат қайнары да – осы әр жолы ұшқын атып, отты шумағынан от шашырап жататын өлең-жырлар шығар-ау, асылы.

 Сырт киімін шешіп жүрмін. Ал ол болса өз ойымен өзі әуре. «Жүсіпбек айтылған жерде, Мұхтар да жүруі керек...» – дейді тұтыға сөйлеп. Кешегі әңгімені бүгін жалғасақ деген жақсы ой, жарасымды тілек.

– Қаншама оқып жүріп, Мұхтар Әуезовтің Сұлтанмахмұт жайында шешіліп бір сөйлегенін, тебініп, тебіреніп бір мақала зерттеу жазғанын көрген де, білген де емен?

– Е, е, оның себебі бар дә...

– Немене, Мұхтар Әуезовті де «Сұлтанмахмұттанушы» жасамақсыз ба?

– Е, жасаса несі бар?! Сұлтанмахмұтты Мұхтардай білген адам аз. Ол – көзімен көрген, сырлас болмаса да әңгімелескен бала. Сұлтанмахмұт ауруы меңдеген бір жылы Абай ауылына барып, қысырақ байлатып, қымызбен емделген ғой...

– Башқұртстанға келіп, қымызбен емделген Лев Толстой секілді ме?

– Абай ауылында Толстойдың да ізі бар ғой, қарағым-ау.

Қария жұмбақ жымиды. Тағы бір әңгіменің тақырыбы суыртпақталып келеді деп қуанамын ішімнен. Бірақ әңгіме шашылып шығып, «шалды» шаршатып алмайын деп, бұйданы ұлы жазушымыз, шынайы досы – Мұхтар Әуезовке қарай бұра бердім. «Қане, төрге, төрге, ұлы Мұхтар Әуезовтің ұлы досы...»

 Кең залға маған сүйене аттап, тәлтіректей енген қария диванға жайғасты. Ақырын әңгіме сабақтады.

– Мұхтармен ежелден таныс, біліспін. Өзіме ұнаған пьесасы, пьеса бойынша қойылған спектакльдерге мақала, рецен­зия жазған кездерім бар. Мұқаң құп қабыл­дар еді. Мәскеуге қатынаған сәттері біздің үйге түсіп жүрді. Бірде өзі, бірде Валентина Николаев­намен... дегендей Москваға жиі қатынап жүрді ғой. 1941 жылы «Абай» романы жа­рық­қа шықпай қала жаздағанда, «Казогиз» (баспа. Қ.Е.) мүмкіндігінен асыра қол­дадық. Ака­демияның Тіл және әдебиет институтында мен – директор, Мұхтар ғылыми қыз­мет­кер болып қыр­қын­шы жылдары үзеңгілес қызмет істедік. Он бес-он алты жыл КазГУ-де (әл-Фараби атын­дағы Ұлттық университет. Қ.Е.) мен кафе­дра меңгеру­шісі, ол кафедра мүшесі болып біте қай­насып қызмет атқардық. 1953 жылы КПСС Орталық Комитетінің ұлт рес­публикаларындағы ұлтшылдыққа байланысты Қаулысында екеуміз бірге қараланып, ҚазГУ-ден бір бұйрықпен қызметтен қуылдық. Мұқаң Мәскеуден баспалап кетті, мен үй қамағында отырдым... Қарап отырсам, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовпен бірсыпыра жыл сыйласып, сырласып біте қайнасып жүріппін. Қайда да алдымызға ұстар едік. Білемін деп айта алады екенмін.

– Валентина Николаевна сүтсізденіп, бір баласын біздің Меңжамал анамыз емізіпті де ғой.

– Иә, солай болған. Ол баласы сәби шағында шетінеп кетті.

– Мұхтар Әуезов тағдырына қатысты әңгімені көп білетініңізге шәгім жоқ, Бейсеке. Бірақ бүгінгі әңгімені Сұлтан­махмұтқа байланысты өрбітсеңіз.

– «Абай» атынан Алашорда журнал шығарған, қарағым. Сол журналда «Екеу» деген бүркеншік атпен 1918 жылы «Екеу­дің» «Абайдан кейінгі ақын­дар» аталатын жақсы мақаласы жарық көрген. Хроно­логиялық тұрғыдан Мұхтар Әуезовтің Сұлтанмахмұт ісіне кірісуі сол жылдардан басталады деуге болады.

– Қай келгенінде де Қайым досыңыз айта беретін «Абай» журналы ғой?

– Иә, сол журнал. Алашорда журналы. 

– «Екеудің» бірі Мұхтар Әуезов пе, сонда?

– Қырқыншы жылдары мен «Сұлтан­махмұттың ақындығы» тақырыбында кандидаттық диссертация жазып жүрдім. Мұқаң менің ғылыми жетекшім іспетті болды. Маған ақыл-кеңесін береді. Тақырыпты бекітуде ВАК-қа хат жазып, даулы тақырыптың басын ашып бергені бар. Содан кейін кірісіп жүргенім ғой, диссертация қорғайын деп.

Тақырыбыма байланысты бағыт-бағдар алып, бірсыпыра әңгімелескенмін. Қуаттай қолдап жүрді, Мұқаң. Тақыры­быма байланысты «Абай» (1918 ж.) журналының бірнеше номерін алып қарап шықтым. Конспектіледім. Түрлі жанрда әртүрлі материалдар басылған ғой енді. Журналдағы «Екеу» бүркеншік атымен жазылған «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» аталатын мақалалар көз тартты, көңіл аударды. Аса үздік жазылған өрісі кең, өресі биік дүниелер еді.

Бір күні үйіне барып, Мұқаңмен осы мақа­лалар жайында кеңестім. Диссер­тацияда пайдалана аламын ба, пайдалана алмаймын ба? Қиын ғой. Сөз арасында:

– Мұқа, «Екеу» кімнің лақабы? – дедім орайы келді-ау деген бір сәтте.

 Алашорда қырылып қалған, қиын уақыт еді ғой ол кез. Аман қалғанының өзі түнде ұйқыға жатарда «Ертең бармын ба әлде түнде мені де ұстап әкетеді ме?» – деп бір құлағын жастыққа басып, бір құлағымен тың-тыңдайтын, бір көзін ұйқыға беріп, екінші көзімен кірпік қақпай қырағы жатып, қырағы тұратын, сақтықпен жүретін қиын кез ғой, қарағым. Менің әлгі сұрағыма Мұқаң ыршып түскендей болды. Екі көзіңнің бірі өзіңе жау. «Осы қай оймен сұрап отыр дегендей», – күдікті пішінмен қарады маған. Сосын Тайыршалап (Жароков. Аса сақ кісі болған. Қ.Е.), өзіме қарсы сұрақ қойды:

– Сеніңше қалай? «Екеудің» мақаласы дұрыс па? Мұқаңның бет-жүзі толы күдік... Шыдамын ширата бермей, іле жауап қаттым: 

– Өте мәнді мақалалар. Сол кездің өзінде осыншалықты тегеурінді ойға толы күшті мақала жазу... Әй, екінің бірінің қолынан келмес...

– Ендеше «Екеудің» бірі мен, Бешім! Мұқаң нығырлай жауап берді бұл жолы. Сенгені болар.

– Ал сыңарыңыз кім? Сұлтанмахмұт болса игі еді? Мен ентеледім.

Мұқаң сәл кіділенді.

– Жоқ. Сұлтанмахмұт емес. Сұлтан­махмұтпен бірге мақала жазуға тура кел­меді. О, ол өзін менен ересек санайтын, биіктен қарайтын еді ғой бізге...

– Енді кім, Мұқа? «Екеудің» егізі кім?

– Бешім-ау, оның не қажеті бар? Мұқаң мұңданды. Бет-жүзін тағы да күдік торлады. Қабағы жиырылды.

– О, не дегеніңіз, Мұқа?! «Екеудің» мақалаларында диссертацияма қажетті құнды пікірлер бар. Білуім қажет. Өте қа­жет. Мен де тақымдап бол­мадым. Мұқаң иілді:

– «Екеудің» екіншісі – Жүсіпбек Аймауытов болатын. Ол екеуміз гимна­зияда оқып жүрген кезімізден өте шынайы дос болатын едік. Екеуміз осы «бүркеншік» лақаппен кейін де бір-ер мақала жаздық... Маңдайымызға сыймай кеткен кере қарыс ырыс еді ғой, Жүсіпбек...

Мұқаң мұңданып кетті. Мен Мұхтар­дың жан-сырына әнтек үңілгендей, тіпті жан жарасын тырнағандай болғаныма бір түрлі қысылдым. Бірақ, амал қанша, ақиқатты білуіміз, кейінгі ұрпаққа айтып өтуіміз керек қой...

Бұл бір «шерлі шежіре» дерлік әңгіме еді. Бейсекең айтқан осы әңгімемен-ақ, асау жүректі ақын әдеби мұрасымен ар­найы айналысқан Жүсіпбек Аймауыт­ұлымен бірге, Мұхтар Әуезовті де Сұл­танмахмұт мұрасының жанашыры деп тануға болатын еді.

Мұқаңның мұңын қоздатып әңгіме айтқан Бейсекеңнің өзі де біруақ мұңға батты. Әрісі Жүсіпбек, берісі Мұхтар Әуезовтің көрген құқайын боздата айтып, боздап отыр, жарықтық.

***

Соғыс жүріп жатқан қырқыншы жылдар. 

– Қырық жыл қырғын болса да рухани игілікті ұмытуға болмайды ғой, – деп бастады келесі әңгіме желісін қарт ғалым. – Соғыс жылдарында (1941–45 ж.) алғы шепте қазақ жауынгерлері жан алып, жан беріп, соғысып жатса, тылда ұлттық рухани дүниемізді байытып, ғылымды ілгері дамытумен болдық. «Мосфильм», «Ленфильм» ығысып келді Алматыға. Москвадан К.Паустовский, М.Зощенко, С.Михалков, москвалық досым әдебиетші Виктор Шкловский Алматыға қоныс аударды. Атақты балерина Г.Уланова біздің Абай театрында ойнады. Ол бір таратып айтатын әңгіме. Әзірге бір жайды әңгіме­леп берейін саған, бір керегі болар.

– Мархаббат, Аға! Тағы бір әңгіменің өзегі шығып келе жатқанына балаша қуансам керек, санымды шапаттағандай қуанып, тіпті шаттанып қоя бердім.

– Соғыс жылдарының (1941–1945 ж. Қ.Е.) аяғында мені Мұхтардың «Абай» романын жарыққа рұқсатсыз шығардың деп Орталық комитет қыр соңыма түсті. Орталық Комитет хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықов қыдыңдап, басымнан қиқу кетірмеді. Көргенсіздік танытты. Арғы жағында Қазақстанның бірінші хатшысы Н.Скворцов тұр. Айтағы өзіміздің қазақ жазушылары. Оның басында Сәбиттің тұратыны тағы бар... Қиын хал кештім. Тіпті, Москвадан «бронмен» келгенімді де естен шығарып, «Отан қорғау» деген желеумен қан сасыған соғысқа да айдап жібере жаздады. Мен университетке қызмет ауыстырып қоныс аударуға да мәжбүр болдым. Өзім тағы Академияның Тіл және Әдебиет секторын басқарамын. 

Институтта 1943 жылы октябрьде (қазан айы) Сұлтанмахмұт Торай­ғырұлы­ның туғанына елу жыл толуына орай жиылыс жасап, атап өттік. Арнайы жиылыс.

Ғылыми Жиылысты Мұқаң, Мұхтар Әуезовке сөз беріп бастадым.

Қысқаша кіріспе сөз сөйледі. Жиылыс­та мен ақынның өмірі мен творчествосы (шығармашылығы. Қ.Е.) туралы Баяндама жасадым.

Сұлтанмахмұттай өр ақынды түрлі себеппен ұната бермейтін Мұқаң сөзінде өр ақынды алғашқы рет дәл, жоғары бағалады. «Сұлтанмахмұт Александр Блок тәрізді ірі жанды, ұшқыр талантты, күрделі ақын еді», – деді. Баяндамасының байламы! Қандай әдемі салыстыру?! Қандай дәл бағалау! Жаныммен қуандым.

 Ғылыми кеңестен Мұхтар, Ғабит, Ахмет, Есмағамбет, мен – бәріміз бірге шықтық. Аяңдап келе жатырмыз.

«Шіркін, «Адасқан өмір» деген повесть жазар ма еді!?» – деді Ғабит Мүсірепов. Біз жамырадық:

– Жазыңыз, жазыңыз! – деп қостадық оны.

– Сұлтанмахмұтты Мұхаң Блокқа теңеген соң Сіз ұлы, ұлы дей бергеннен гөрі оның ерекше қасиеттерін баса айтуыңыз керек еді, – деді Ахмет Жұбанов маған қарап.

– Бейсембай, сен тоқсан ауыз сөз айттың, Мұқаң соның тобықтай түйінін айтты, – деп қалжыңдады Есмағамбет Ысмайылов. 

...Мұхаң Сұлтанмахмұтты көрген, біл­ген кісі. Ауызша әлденеше рет естелік айтқаны бар. «Ау, жазсаңызшы» деймін әлденеше рет тыңдап отырып. Бірақ Мұқаң жазбады естелігін. Мен өтініп, сұранып қоймаған бір сәтте: «Е, Сұлтанмахмұт бізді менсінбейтін өр еді ғой...» дегені бар. Ал бұл жолы Мұқаң Сұлтанмахмұттай асау жүректі ақынды Александр Блокпен анық салыстырып, айқын бағалады. Орыс ақынымен туыс­тырсаң, қазақ бәлеқоры байыз табады... Өзі Ленинград университетінде оқыған, Александр Блок творчествосымен жете таныс, Мұқаң сөйтіп Сұлтанмахмұттың ақындық тағдырын жоғары бағалағанына қатты қуандым. Өйткені «Алаш ұранын» жазған Сұлтанмахмұт тағдыры бірде Алашордашыл, бірде «социалист утопист» деп әрқилы бағаланып жүрген кез. Мұхтар Әуезовтің бағалау пкіріне зәруміз. Ал Әуезов болса, өзінің Сұлтанмахмұт жайында пікірін ашық айтуға қауіптенеді...

...Қарт ғалым тағы бір әңгіменің ізін шығарып, М.Әуезовтей ұлы жазушы, дана ойшылдың Сұлтанмахмұтты әрі тарт, бері тарт жасап, әдеби мұрасын дауға айнал­дырып жүрген қиын кезде Александр Блокпен салыстырып, дәл бағалағанына ерекше мән беріп, әңгімелеген еді сол жолы. Асау жүректі ақын әдеби мұрасын жан салып қорғап, жанталасып айтысып-тартысып жүрген бас Сұлтанмахмұт-

танушы Бейсембай Кенжебайұлы үшін ұлы жазушы, ақыл-ойшылдың сүбелі бір пікірін өзін қиын сәтте желеп-жебеген періштедей көретін еді, жарықтық! 

Құлбек ЕРГӨБЕК,

әдебиет зерттеушісі, профессор