Әдетте біз уақытты астрономиялық өлшеммен өлшейміз. Ғасыр, жыл, ай, күн, сағат және секунд деген сияқты. Өзіне тән өзгермейтін жылдамдығы және бар. Ғаламшарымыз немесе Күн жүйесі қаншалықта жылдам немесе баяу қозғалса да, Жер бетіндегі тіршілік иелері үшін физикалық тұрғыда уақыт бірдей өтеді. Астрономиялық уақыт бәрімізге ортақ болғанымен, уақыт әр адамға әртүрлі әсер ететінін байқаған боларсыз?! Кейде желдей жүйіткіген уақыт, кейде бір орнында тоқтап қалғандай өтпей қояды. Әлеуметтанушылардың пікірінше, біз әлеуметтік тәжірибелер мен оқиғалардың айналасында құрылған әлеуметтік уақытта өмір сүреміз. Ал оның есебі абстрактілі болып келеді. Дәуір, өмір, кезең деген тәрізді ұғымдар осы уақыт өлшемдеріне сай келмек. Ендеше әлеуметтік уақыт дегеніміз не?
Іңкәр сезім жүрегімізде алғаш бүрлеген бозбала шақта:
«Тағы да іңір келді, мұңымды ерте,
Тағы да еске аламын гүлімді ерке.
Сағыныштың ішінде – шексіз уақыт,
Сол шексіздік ішінде ғұмыр келте», – деп жырлаған екенбіз.
Иә, бір-бірінен қашықта жүріп, сағыныш көрпесін жамылған ғашықтар үшін бір сәті – ғасырларға ұласқандай баяу өтсе, қуанышты сәттерін бірге бөліскен жандар үшін – уақыт жарық жылдамдығындай сырғып өте шығады. Яғни, уақыттың өтуі біздің оны қалай өткізуімізге және оны қалай қабылдауымызға да байланысты. Шын мәнінде, біздің көңіліміз көтеріңкі болған кезде уақыттың қалайша тез зымырап өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Ал қиын сәттерде минуттар түгілі секундтардың өзі ауыр қозғалып, аяғын баспайтындай болып көрінеді. Мұндай мысалдар жетерлік. Бұл мысалдарға тек – әлеуметтік уақыт деген ұғым ғана жауап бермек.
Орта жастан асқан адамдарға уақыт неге жылдам өтеді?
Әлеуметтік уақыт – әлеуметтік ғылымдар мен философиядағы уақытты түсіну ұғымы. Бұл терминді 1937 жылы Ресейден АҚШ-қа қоныс аударған социолог Питирим Сорокин мен Колумбия университетінің профессоры Роберт Мертон ұсынған болатын. Бүгінде олардың зерттеулері социологияның классикасына айналды.
Әлеуметтік уақыт астрономиялық уақыттан біраз ерекшеленеді. Ол оқиғаның қанша уақытқа созылатынын емес, оның ұзақтығы қалай сезілетінін көрсетеді. Мысалы, бір жарым сағаттық лекция, банкте өз кезегіңізді немесе аялдамада сізге қажетті автбусты күту адам төзгісіз ұзақ болып көрінуі мүмкін, ал сүрген бар ғұмырымыз көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен сәттер секілді болып көрінеді.
Әлеуметтік уақыт адамның «жеке» уақытын көрсетеді. Сонымен қатар уақыт туралы түсінік жас бойынша да өзгеріп отырады. Мәселен, балалар құбылыстарға көп мән бере бермейді. Өйткені олардың мына әлем туралы танымы аз. Мәселен, 5 жасар бала үшін 1 жыл өте көп уақыт, өйткені ол оның өмірінің 20 пайызы деп есептейді. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл түк емес, өйткені бұл оның өміріндегі уақыттың 2 пайызы ғана. Оның үстіне баланың алаңсыз өмір кешетінін, ал өзіңіздің күйбең тіршіліктің қамымен жүретініңізді тағы ескеру керек. Баланың ешқандай міндеті жоқ, ол таңнан кешке дейін ойнап, ұнатқан тағамын жеп жүре береді. Ал сіз таңның атысынан күннің батысына дейін көптеген шаруаны бітіруіңіз қажет. Істейтін шаруа тым көп болғандықтан, сізге ылғи да уақыт жетпейді. Бұл уақыттың не себепті жылдам өтетінін түсіндіретін қарапайым мысал.
2005 жылы Марк Виттманн мен Сандра Ленхофф есімді америкалық психологтар 14 жас пен 94 жас аралығындағы 499 адамның арасында уақыт қаншалықты тез немесе баяу өтуде деген сауалнама жүргізген. Сұрауға қатысушылардың басым бөлігі уақыттың аса тез өтіп жатқанын атап көрсетеді. Алайда, жасы келген қарт адамдар уақыттың көз ілеспес жылдамдықпен тез өтіп кеткенін айтса, жасы 40-қа таяп қалғандар ойлана келе, бала кездерінде уақыттың өтіп болмағанын, алайда одан кейін жасөспірім шаққа келгенде, уақыттың тез сырғып, ересек өмірге қалай қадам басқандарын байқамай қалғандарын айтады. Психологтар қарттыққа аяқ басқандардың өмір тез өтіп кетті деуінде мән бар екенін айтады. Адамдар оқиғаға екі түрлі көзқараста баға береді. Перспективті, яғни оқиға әлі жалғасып жатқан кезеңде бағалау және ретроспективті, оқиға аяқталғаннан кейін оған баға беру. Бұл жағдайда оқиға деп отырғанымыз – біздің сүріп жатқан өміріміз.
Калифорния университетіндегі психология докторы Джеймс Бродуэй мен оның шәкірті Бритни Сандовал жас ұлғайған сайын уақыттың зымырауын келесідей түсіндіреді. Уақыттың өтуіне адамдар екі тұрғыдан баға бере алады. Егер біз оқиғаның қақ ортасында тұрсақ, біз оның уақыттық ұзақтығына перспективалық баға береміз. Ал егер оқиға өтіп кетіп, оның қанша уақытқа созылғанын кейіннен еске алсақ, біз оған ретроспективалық баға береміз. Сонымен қатар алған әсеріміз бен жасаған әрекеттеріміз де уақытты қабылдауға әсер етеді екен. Ғалымдардың айтуынша, көңіл күйіміз көтеріңкі кезде уақыт зулап шығады. Алайда біз сол кезді кейіннен еске алсақ, сол бір сәт ұзаққа созылғандай көрінеді. Яғни, перспективалық тұрғыда «қысқа» сәт ретроспективалық тұрғыда «ұзақ» болып қабылданады.
Сонымен қатар ретроспективті көзқарас белгілі бір уақыт аралығында жасалған жаңа естеліктермен өлшенеді. Демалыс күндері біз неғұрлым көп естеліктерге мүмкіндік береміз, соғұрлым уақыт баяу өтеді. Мұны ғалым Хаммонд «мерекелік парадокс» (holiday paradox) деп атады. Балалық шақтан ересек шаққа аяқ басқанға дейін сан алуан естеліктер мен тың сезімдерді бастан кешеміз. Ал есейген шақта біздің санамыз таңғалдыра алатын, таныс емес сәттерді кездестіру мүмкіндігі төмендейді. Сондықтан адамның алғашқы жылдары ұзағырақ өткендей сезім тудырады.
Әлеуметтік уақыттың бір мысалы – «апта» сияқты құрылым. Адамзат ежелгі римдіктерден классикалық жеті күндік аптаны алғаны мәлім. Ал ежелгі майялар 13 күндік аптаны пайдаланған болатын, француз революциясынан кейін 10 күндік апта енгізілсе, ал 1931 жылы Халық Комиссарлар Кеңесі КСРО алты күндік апталықты енгізуді ұсынған еді. Бұл мысал бұл әлеуметтік уақыттың қаншалықты өзгермелі екенін көрсетеді.
Қоғам неғұрлым жылдам өзгерсе...
Ал енді әлеуметтік уақыттың жылдамдығы неге артып жатыр? Осыған келсек. Бұрынғы уақытта әлеуметтік құрылым мен өмір салтындағы өзгерістер баяу жүруші еді. Ортағасырлық адамдар бір патшаның қол астында туып, сол патшаның тұсында өлуі мүмкін. Ол уақытта ақпарат та аз болғандықтан уақыт баяу өтетіндей қабылданатын. Ал дамыған елдің заманауи азаматы бір президенттің кезінде дүниеге келсе, екінші президенттің тұсында мектепте оқып, үшінші президент кезінде отбасын құрып жатуы ғажап емес. Бұл уақыт жылдам өтіп жатқандай әсер қалдырады.
Массачусетс технологиялық университетінің профессоры Дуглас Робертсон адамның орта есеппен өндіретін ақпарат көлемін есептеп көрмек болады. Ол адамдардың тілдесе бастаған кезінен бастап, интернет пайда болғанға дейінгі кезеңді алады. Нәтижесінде, бастапқы кезде әлгі көлем 107-109 битке тең болса, ал диджитал дәуірде оның көлемі 1025 битке жеткен. Робертсон бұл зерттеуін сонау 1990 жылы жарияланған. Одан бері 30 жыл өткенін ескерсек, ақпарат көлемі одан бірнеше есе өскені анық.
Ғаламға технологияның бір жаңалы-ғы – ғаламтор келгелі адамзаттың өмірі де күрт өзгерді деуге болады. Интернеттің пайда болуы адамзатқа Төртінші индустриялық революция кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. Интернеттің таралу қарқыны да өте жылдам болды. Мысалы, 50 миллиондық аудиторияны қамту үшін радиоға 30 жыл, теледидарға 13 жыл қажет болса, ал интернетке тек 4 жыл жеткілікті болды.
Әлеуметтік уақыттың жеделдеуі қазіргі заманның бір парадоксын тудырып отыр. Қоғам мен технологияның дамуы теориялық тұрғыдан біз үшін көптеген жұмысымызды жеңілдетіп, уақытымыздың біраз бөлігін үнемдеуі керек еді. Дегенмен ақпараттың шектен тыс көбеюі де біздің уақытымыздың жылдамдауына алып келді. Мұнда ақпараттық ағымның рөлі ерекше. Сыртқы әлемнен келетін ақпараттардың көпшілігі біз үшін маңызды емес болғанымен ми оларды сүзіп, сараптауға мәжбүр болады. Сонымен қатар технологияның дамуы ақпараттың тезірек берілуіне, адамның ұзақ қашықтықты еңсеруіне, электр қуатының арқасында күндізгі уақыттың ұзағырақ болуына әкеледі. Оқиғалар неғұрлым көп болса, адам миына соғұрлым көп ақпарат түседі, нәтижесінде оған жүктеме артады.
Ресейлік «Менің балаларым қайда» (Где мои дети?) қосымшасы балалар арасында зерттеу жүргізіп, балалардың танымал және жиі қолданатын қосымшаларын егжей-тегжейлі талдаған екен. Зерттеу 2023 жылдың мамыр айында Ресей, Қазақстан, Украина және Беларусь елдерінен келген 440 мыңнан астам баланың телефонындағы қосымшаларды қолдану статистикасы арқылы жүргізілген. Зерттеу нәтижесі бойынша балалардың орта есеппен күніне шамамен 4,5-5 сағатын телефонға жұмсайтыны анықталған. Әрбір бірінші бала YouTube және TikTok-ты пайдаланған. Еліміздегі статистика мәліметіне сүйенсек, 6-15 жастағы балалардың 85%-ы, 16-74 жас аралығындағы адамдардың 89%-ы интернетте отыратыны анықталған. Бұл дегеніміз, біздің алтын уақыттарымыз бос ақпараттармен алданып жатыр деген сөз. Шексіз ақпаратпен қатар, интернет әлеуметтік желі мен оған деген тәуелділікті әкелді. Әлеуметтік желідегі жаңалықтар көп болғанымен, ондағы сіздің әрекетіңіз күнделікті қайталанатындардың санатына жатады, сол себепті біз оған жұмсалған уақытты аңғармаймыз, миымыз оны жаңа тәжірибе деп тіркемейді. Нәтижесінде, әлеуметтік желіге тәуелді болып, уақытымыз тағы қысқарады.
Физикалық уақыт шынымен қысқаруда ма?
Ғылыми тұрғыда уақыт – тұрақты өлшем емес, ол тартылыс күшіне және дененің жылдамдығына байланысты ауытқуы мүмкін. Тартылыс күші неғұрлым жоғары болса, уақыт соғұрлым баяу өтеді. Мәселен, Жер беті мен оның орбитасындағы тартылыс күші әртүрлі болғандықтан ғарыш аппараттарындағы сағаттың тілі ылғи алға кетіп отырады. Физика әлемінде кеңінен танымал Қара құрдымда тартылыс күшінің жоғары болғаны сонша, жарық сәулелері ол жерден шыға алмай, уақыт тоқтап қалады.
Физикада «уақыттың тоқтауы» деген теория да бар. Сіз тез қозғалсаңыз, қоршаған ортамен салыстырғанда уақыт баяу өтетін тәрізді. Мысалы, машинада жоғары жылдамдықпен бір сағат жүрсеңіз, уақыт компьютер алдында бір сағат отырғаннан қарағанда баяуырақ өтеді. Әрине, қосымша наносекундтардың сіздің өміріңізге әсер етуі шамалы болуы мүмкін. Алайда бұл – факт.
Атақты физик Альберт Эйнштейн өзінің «Салыстырмалық теориясында» кеңістік пен уақыт арасында байланыс бар екенін айтады. Кеңістіктің алға-артқа, жоғары-төмен, оңға-солға дейтін үш өлшемі болса, Эйнштейн уақытты төртінші өлшем ретінде қарастыруды ұсынады. Осылайша кеңістік-уақыттық континиум пайда болады. Егер сіз өте жоғары жылдамдықпен қозғалатын болсаңыз, сіздің кеңістік пен уақытты сезінуіңіз Жердегі адамға қарағанда басқаша болады. Жылдамдық неғұрлым жоғары болса, уақыт соғұрлым баяу өтеді.
Біле білсеңіз, әлемде жердің айналуын зерттеумен айналысатын Халықаралық Жер қозғалысы қызметі (IERS) бар. Міне, осы мекеме 2020жылы біздің Жер ғаламшарымыз өз айналуына сәл-пәл қарқын қосқанын мәлімдеген болатын. Жердің жылдамдығының артуының салдарынан жер бетіндегі күндізгі уақыт 0,5 секундқа қысқара түскен.
Осыдан 440 миллион жыл бұрын жердің күнді бір мәрте айналып шығуына бақандай 412 күн кететін болған. Яғни біздің қазіргі жыл санауымызға салып салыстырар болсақ, бұл бір жылда 412 күн болды деген сөз. Осыдан 370 миллион жыл бұрын жер күнді 398 күнде айналған. Егер жер мен айдың арасындағы қашықтықтың қысқармағанын ескерсек, ендеше бұл жердің күнді айналу жылдамдығының артып келе жатқанын аңғартатын ақиқат. Осылайша, қысқара келе, біздің алдымыздағы 65 миллион жыл бұрын жердің қарқын қосқаны соншалық, Күнді айналуға жұмсалатын уақыт үш жүз жетпіс алты күнге дейін қысқарды. Ал қазір енді жердің күн жүйесін қанша уақытта айналатынын өздеріңіз де білесіздер. Бір жылда 365 күн бар деп есептеледі. Алайда, 2020 жыл ғалымдардың есептеулеріне күтпеген жерден өзгеріс енгізген жыл болды. Жердің өз осінде айналу жылдамдығының артқанына дәлел – 2020 жылдың 19 шілдесі әдеттегі тәуліктік мерзімнен 1,4602 миллисекундқа қысқарақ аяқталған. Айта кетуіміз керек, атом сағаты ойлап табылған уақыттан бастап жер бетіндегі уақыт миллисекундпен өлшене бастады.
Ғылыми негіздемеге сүйенсек, Жердің қозғалу жылдамдығына Айдың тартылысы, жыл сайын жер бетіндегі атмосфера қабатына түсетін жауын-шашын, сондай-ақ, тау жыныстарының мүжілуі, мұздықтардың жиналуы секілді табиғи құбылыстар да ықпал етеді екен-мыс.
Жалпы 1962 жылдан бері уақыт атом сағатының көмегімен есептеле бастаған кезден бастап тәуліктің әдеттегі өлшемнен қысқа болуы – бұрын-соңды байқалмаған құбылыс. Алайда геофизиктер Жердің қозғалысына аз-аздап қарқын қосуы сонау 2016 жылдардан басталғанын айтады.
ТҮЙІН:
«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді адамдар, замандар да» деген Мұқағали ақынның өлең шумақтары мысал еткендей, біздің әміріміз уақытқа жүрмейді. Дегенмен, біз оны тиімді пайдалана аламыз. Ақпараттар ағыны толассыз жүйткіген жаһанданған дәуірде біздің миымызда бос орын қалмай барады. Ал миымыз ақпаратты көбірек сіңірген сайын дәл қазіргі сәттің бақытын сезіне бермейміз. Джон Рокфеллердің «Арзан әңгімеге құмар адам қымбат уақытын жоғалтады» деген сөзі бар. Ендеше қымбат уақытымызды тек қымбат естеліктерге арнайық.
Наурызбек САРША