Алматы облысының орталығы Талдықорғанға ауысқан 2001 жылдан бері осынау керітартпа көріністен көз аша алмай келеміз. Қала әкімі ауысқан сайын тағайындалған жаңа басшы бірден көше саудагерлерімен күреске шығады, алғашында қаттырақ кетеді, қорқытып, үркітеді. Одан кейін онысынан түк шықпайтынын байқап, саудагерлерге түрлі уәдені үйіп-төгіп, уақытша реттегендей болады. Арада апта өтпестен сол баяғы жағдай қайталанып, бәрі қайтадан қаз қалпына түседі.
Сол 2000-жылдардың басындағы облыс әкімі Шалбай Құлмахановтың өзі екі білегін сыбанып, көшелерді аралап, саудагерлермен саудаласып, ақырында тура базар жанынан өтетін Біржан сал көшесінің бөлігін «Арбатқа» айналдырғаны, көше саудагерлерін қаланың сыртындағы АКЛ-ге «жер аударғаны» да әлі есте. Ол жылдары аптасына бір рет болатын сенбілік жәрмеңкелер де сонда ұйымдастырылатын. Бұл жерді жұрт әлі күнге дейін «әкімдіктің концлагері» дейді. Кейінгі әкімдердің бірі Арбатты бір орамға қысқартып тастады. Тазаланып қалған қысқа көше қайтадан автокөліктер мен сауда қатарларына толып кетті. Серік Үмбетов көше саудагерлерін бір жерге топтастырып, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін қалалықтарға делдалсыз, сауда орны үшін алынатын төлемсіз саудалауды жолға қоям деп мемлекеттің миллиондарына сауда-саттыққа қажетті барлық жағдай ойластырылған коммуналдық базар ашқанда қуанған едік. Ол базар да бірер жылдан соң осындағы қалталылардың бірінің жекеменшігіне айналып кетті. Содан бері аптаның алты күні қаңырап тұрады да, сенбі күні ғана жәрмеңкеге беріледі.
Бір жылдары орталық базар маңындағы көшелердің кеңірек тұстарына шатырлы сауда сөрелері де қойылды. Сол маңнан шағын базардың құрылысы да жүргізілді. Бірақ бұл қарекеттің барлығынан түк шықпады. «Көк базардың» төрт тарапынан көктеп өтетін көшелердің бойы әлі күнге «ханбазар». Базардың ішіне қарағанда, сол сыртындағы жайма сөрелерді жағалайтын жұрт көп. Сенбі-жексенбіні қойып, былайғы жұмыс күндері де шаруамен бара қалғандар иін тірескен халықтың арасынан әрең жол табады. Қаптаған автокөлік, әр жерде – сөрелерде, үстелдерге, жерге үйілген тұрмыстық сан қилы тауарлар мен түрлі азық-түлік. Адалы қайсы, арамы қайсы, балғыны қайсы, бұзылғаны қайсы – айыра алмайсың. Белгіленіп, бекітілген баға да жоқ. Саудагердің әрқайсысы өзінің қалаған бағасын айтып, алушыны алдап қалғысы келеді. Талай қалада болдық, олардың бәрінде де көше саудасы бар екенін көрдік. Бірақ дәл Талдықорғандағыдай бейберекет, бетімен кеткенін байқамадық.
Осыдан бірер ай бұрын ғана қаланың тізгінін ұстаған Ернат Бәзіл де әкімдік қызметін бастай салысымен, жабайы сауданы жөнге салуға бел шеше кірісті. Ол бұрынғы қала әкімдері сияқты қарамағындағыларды жіберіп, қарап отырмады. Шалбай көкесі құсап, бірден өзі іске кірісті. Дауласатын жерде де тайсақтаған жоқ. Жабайы сауданың жөнсіздігін қасында жүрген заң адамдарының айтқанына сүйене отырып дәлелдеп, тиісті жерінде қажетті көмек те жасайтынын алға тартты. Біраз уәдені беріп те тастады. Бірақ биліктен әбден көңілі қалған жұрттың сенімін иелену оңай емес. Бір кездері дүңгіршектерін бір түнде бұзып әкетіп, сөрелері мен үстелдерін қиратып тастағанда да, араға бірер күн салып көше бойына қайта оралудан тайынбағандардың айтар уәжі де орынды сияқты. Олардың барлығы қыста аязда қалтырап, жазда ыстықта қалжырап жүріп, бала-шағаларын осы көше бойындағы сауда арқылы тапқан тиын-тебенмен асырап отырғандарын көлденең тартады. Бәрінің үлкенді-кішілі балалары бар. Атаулы әлеуметтік көмектен де көп үміт күтпейді. Мемлекет тарапынан жасалып отырған басқа да әлеуметтік қолдаулар да бала-шағаның жыртығына жамау бола алмайтынын ашына айтады.
«Біз еріккеннен қыста суыққа тоңып, аяғымыздан сыз өткізіп, жазда ыстықта қаталап, күнге күйіп, тентіреп жүргеніміз жоқ. Барлығы бала-шағаның қамы. Үйдегілердің қарнын ашырмау, қатарынан қалдырмау үшін осылай тілім-тілім болып жүрміз. Жағдайымыз жақсы болса, бала-шағаның қасында салулы төсек, салқын үйде шалқадан түсіп жатпаймыз ба? Атаулы әлеуметтік көмек дейсіз, оны алудың өзі бір машақат. Тиісті органдардың есігін жағалап жүріп алдына бара қалсаң, түрлі сылтауды айтып, құтылғанша асығады. Түрлі құжат жинатып, басты қатырады. Жұмысқа тамыр-таныссыз орналасу мүмкін емес. Табыла қалса, оларының жалақысы жартымсыз. Сондықтан қалай қусаңдар да кетпейміз. Осында түнеуге дайынбыз», – деген саудагерлер Ернат Бәзілге дейінгі әкімдердің орындалмайтын уәделеріне әбден тойғандарын ашықтан-ашық мәлімдеді.
Расында солай, мақаланың басында бір кезде жұрттың қала сыртына босқанын, коммуналдық базардың аптасына бір күн ғана базарлы болатынын, орталық базардың маңында салынған шағын базардың 8 жыл бойы қаңырап тұрғанын жоғарыда жаздық. Тіпті, көше саудасын құртамыз деп қатал қадамдарға барған кездер де болған еді. Бірақ басқа-басқа, күнделікті тірлігіне сүйеу болып отырған табыс көзінен айырылса, тірлігі тұйыққа тірелетін халық ондайда ештеңеден тайынбайтынын бірнеше рет байқатты.
2020 жылы ақпанда осындай түсінбестік шиеленісіп кеткенде көпшілік алдына шыққан сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталов көше саудагерлеріне сол маңнан барлық жағдайы жасалған сауда павильоны тұрғызылатынын айтып, қуантқан. Одан бері де үш жарым жыл өтті, айтылған сөз сол жерде қалды, орындалмады. Жалпы, Жетісу облысында, оның ішінде Талдықорғанда жақсы жобалардың дені орта жолда қалады. Бір кезде халықты қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен, жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті фермерлер мен тұрғындардың өсіріп, өндірген тауарларын емін-еркін саудалауы үшін салынған коммуналдық базардың жағдайын жоғарыда айттық. Жабық павильоны супермаркет болып кетсе, ашық сауда алаңында тек сенбілік жәрмеңкелер өткізіледі. Осылайша, халық үшін мемлекет қаржысына тұрғызылған дүниенің қызығын қалалықтар емес, қалталылар көріп отыр.
Осыдан біраз бұрын қаланың шеткі ауданының бірінде әлеуметтік базар ашылды. Әкімдіктің өтінішімен алаулатып, жалаулатып, жергілікті фермерлермен және облыспен шекаралас елдердегі ірі шаруашылықтармен аграрлық өнімдерді жеткізу туралы келісім барын, ешбір делдалсыз жеткізілетін жеміс-жидек пен көкөніске, азық-түлікке, тағы басқа тауарларға қарық боламыз деп сүйіншіледік. Бесінші айға айналды, қазір қаңырап тұр. «Жаны ашымастың, басы ауырмас» деген осы да. Көше бойында дірдектеп сауда жасап тұрғандарды күнде мазалап, қуғындағанша, барлық жағдайы ойластырылған базарларда емін-еркін сауда жасауды жолға қойса жөн болар еді...
– Біз дәл осы жерде көтерме сауда базарын іске қосамыз деп жобалап, мықты жоспар жасағанбыз. Маңайдағы облыстардағы шаруашылықтармен, жақын шетелдердегі тауар өндірушілермен аграрлық өнімдер жеткізу жайында келісімдер де жасалған болатын. Мақсатымыз қазіргі кезде бізге жеткенше бірнеше қолдан өтіп, бағасы аспандап кететін өнімдерді халыққа қолжетімді ету еді. Әзірге ойымыз орындалар емес, – дейді әлеуметтік базардың директоры Ақжан Мұсахметов.
Қалай болғанда да, қаланың жаңа әкімі жабайы сауданы жөнге саламын деп белсеніп отыр. Жабайы саудагерлермен бірнеше рет көшеде кездесіп, ашық сөйлесті, дауласты, биліктің талабы заңды екенін дәлелдеуге тырысты. Күніне қанша табатындарын сұрады. Мамандығы барлардың бәріне жұмыс тауып беретінін айтты.
– Жабайы сауда – өткеннен қалған кертартпа көрініс. Сондықтан кеңесе отырып, одан мүлде құтылудың жолын қарастырамыз. Жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп, біртіндеп құтыламыз. Алайда көше саудасымен күн көріп отырғандардың өзекті проблемаларын түбегейлі шешпей тұрып, бұл жағдайды реттеу мүмкін емесін түсінемін. Сондықтан көше саудагерлеріне олардың көңілінен шығатындай баламалар ұсынуды ойластырамыз. Барлығына жұмыс тауып береміз. Мүмкін, басында жалақы төмендеу болар. Оған түсіністік танытқан жөн. Біздің қалада бос тұрған ірі базарлар бар. Ондағылар 2-3 айға орында тегін беруге дайын. Орталықта орналасқан сауда дүкендері де жағдайға дұрыс қарап, орындар қарастыруға тиісті деп ойлаймын, – дейді қала басшысы.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы