Қасиетті мекеннің құпиясы қашан ашылады?
Міне, сондай жарытылысы беймәлім жер Т. Рысқұлов ауданындағы «Топ ағашы» саналады. Ерекше қасиетке ие орын жайлы ел ішінде жылдар бойы айтылып келе жатқанымен, әлі күнге жұмбағы ашылмауда.
«Топ ағаш» атанған киелі жер Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылының солтүстік шығысында орын тепкен. Бұл жерді елді мекендегі адамдар білмесе, сырттан келгендер тап басып таба алмауы бек мүмкін. Себебі киелі орынның орналасқан жері жыл мезгілдеріне қарай түрлі түске еніп, кейде адам көзіне елес сағымдай көрінеді.
Аңыз бойынша бұл жерде 1378 жылдары Мақтым Ағзам Қожаның немересі Нүрилә дүниеге келіп, өмір жолында өрнек тоқу өнерімен айналысқан көрінеді. Ел ішінде «Домалақ ана» атанып кеткен бойжеткен Бәйдібек бимен де осы маңда кездескен. Құдықтан су алып жатқан сұлуға көзі түскен Бәйдібек оған жақындай келгенде арудың аяғы тайып кетіп құлай жаздапты. Осы сәтте бойжеткеннің белінен қаршып ұстаған би тағдырын тапқанын түсініп, қос ғашық некесін қиған екен. Бүгінгі күнге дейін «Топ ағаш» ішінде орналасқан бұл құдықтың суы қасиетті саналады.
Ал 1726 жылы Болат хан билік құрған тұста Бөгенбай батыр бастаған қазақтар осы әулие «Топ ағаш» маңында жоңғарларды тас-талқан етеді. Жаудың қолы бірнеше есе көп болса да қазақтар қайсарлық танытып жоңғарларды ойсырата жеңген. Сол кезде Төле би бабамыз: «Қызымызды күң, ұлымызды құл қылған сұмырайлардың беті қайтты-ау. Қазақ басына енді мұндай зұлмат тумасын», – деп бата берген екен. Осыдан бастап бұл жер «Сұмқайтты» деп аталып кеткен.
«Сұмқайтты» шайқасында қазақтар тарихи жеңіске қол жеткізгенімен, ұрыс кезінде көптеген батыры мен сарбазы қаза тапты. Міне, осы сардарлардың қаны төгілген жерлерден топ ағашы өсіп шыққан деген аңыз бар. Бір батыр қаза тапқан жерден бір түп ағаш, ал бірнеше сарбаздың денесі жатқан орыннан топтасып ағаштар бүршік жарған көрінеді. Ал ең таңғаларлығы, бір жерден өсіп шыққан ағаштардың жапырақтары әртүрлі. Бірі үшбұрыш болып келсе, енді бірі – домалақтау сипатта. Үшінші ағаштың жапырағы болса, бастапқы екеуіне мүлде ұқсамайды. «Топ ағашта» талай жылдан бері шырақшы болып келе жатқан Ғалымжан Ұзақбаев әр жапырақтың тылсымы мен ерекше қасиеті бар екенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, топ ағаш батырлар мазарының үстіне өскендіктен, жапырақтың әртүрлі болуы үш жүзге байланысты көрінеді. «Бірі Ұлы жүз болса, екіншісі Орта жүз, үшіншісі мұнда Кіші жүз ұрпағы жатқанын білдіреді», – дейді шырақшы.
Топ ағаштың тылсымы мұнымен шектелмейді. Мұндағы ағаштардың көшетін алып басқа жерге ексең, мүлде өспейді. Сондай-ақ ағаштардың жапырағын өзіңмен бірге алып кетуге болмайды. Себебі Құлан ауылында тұратын бір бойжеткен ағаш жапырағын қалтасына салып үйіне апарған күннің түні түс көрген екен. Түсіне ақ киімді адамдар еніп, қызды әбден қысыпты. Ертесіне немересінің түсін жорыған әжесі киелі мекендегі ағаш жапырағын қайта орнына апаруды тапсырады. Әжесінің айтқанын орындап, түс қайта Тараз қаласына жолға шыққан бойжеткеннің жол апатынан қаза тапқаны туралы хабар келген. Бұған сенгісі келмеген әжесі мәйітханаға барып қараса, апатқа ұшыраған оның немересі болмай шыққан. Не қуанарын, не жыларын білмеген әже немересіне қоңырау шалса, ол аман-есен екенін айтқан. Осы тұста адам айтса сенгісіз жағдай – жол апатынан қаза тапқан бойжеткеннің аты-жөні әжейдің немересінің тегімен дәл келген. Тіпті, екеуінің жасы мен дене пішімі де бірдей болыпты. Тек бақилық болған қыз үлкен күре жолмен жолаушы ретінде өтіп бара жатқан басқа өңірдің тұрғыны болып шыққан.
Міне, осы оқиғадан кейін құландықтар «Топ ағашының» киелілігіне күмәнсіз сенетін болған. «Егер әженің немересі жапырақты дер кезінде мекеніне қайта апарып қоймағанда, жол апатына сол ұшырар ма еді?» деген де наным осы күнге дейін айтылады.
Тоғайда «Әбілқайыр ханның өзі отырғызды» делінетін де тал бар. Кеңестік кезеңде ағаштарды НКВД адамдары толықтай кесіп, көзін жоймақшы да болыпты. Алайда ағаштарды кескендер түрлі ауруға шалдығып, қансырап өлген көрінеді. Бұл әңгіме ел аузында таралып, бүгінгі күнге жеткен.
Топ ағашта тоғыз әулие тас бар. Халық оны тоғыз батырдың бейнесі деп атайды. Одан бөлек, Адам ата, Хауа ана сияқты атау алған ағаштар алыптығымен өткен күннен сыр шертіп тұр. Ал періштелер талдың түбіндегі кішкене бұлақтың суының емдік қасиеті бар деседі жұрт.
Топ ағаштың тылсымына көз жеткізген адамдардың да саны күн санап артуда. Мәселен, 2015 жылы Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Ләззат Өтеулиева «Топ ағашында» жүріп, талдарды суретке түсіреді. Кейін ашып қараса тал түбінде намаз оқып тұрған адам бейнесіндегі ақ сұлбаны көріп, аң-таң болады. Суретті шырақшыға көрсеткенде: «Бұл жер тылсымға толы. Әр тал о дүниелік болған адамдардың мүрдесінің үстіне өсіп шыққан. Ал әруақ ақ сұлба боп, кей жағдайда бойында ерекше қасиеті бар адамдардың көзіне көрінеді» деген екен. Аталған суретті Ләззат Өтеулиева кейіннен әлеуметтік желіге жариялап, ол ел арасында қызу талқыға түсті. Суреттегі ақ сұлбалы адамның қалай пайда болғанын сол кездегі өңірдің ақбас ғалымдарының өзі түсіндіріп бере алмаған еді.
«Топ ағашына» балгерлер мен құмалақшылар да келіп көрген. Алайда оларды кіреберістен үш үкі, үш қаршыға, үш иттелгі, үш ақ, үш сары, үш қара жылан күтіп алып, босағадан аттатпай қойған екен. Ал мұндай көрініске куә болған балгерлер тоғайдан айқайлай қашып, бұл маңға қайта аттап баспаған.
Тағы бір таңғаларлығы, «Топ ағашта» мүлде құс жоқ. Қанша тал өсіп тұрса да, бірде-бір құс келіп бұтағына қонбайды. Тоғай ішінде құстардан бөлек, жан-жануардың да үні естілмейді.
Тағы бір айтатыны, «Топ ағашына» бала сүйе алмай келген қыз-келіншектердің асыл армандары орындалған. Шырақшы Ғалымжанның сөзінше, бүгінгі күнге дейін 150 жас отбасының топ ағашында тілеуі қабыл болған көрінеді.
Шырақшы Ғалымжан Ұзақбаев «Топ ағашты» Құранды оқу арқылы тапқан екен.
« Отбасымда ХІІІ ғасырлық Құран кітап бар болатын. Соны оқу арқылы осы қасиетті мекенге тап болдым. Алғашқыда түс көріп, түсімде маған бұл жер «Алтынтөбе» деп аталады деген аян берілді. Кейін сұрастыра жүріп, осы қасиетті «Топ ағашына» келдім», – дейді шырақшы.
Егер «Топ ағашынан» тарихи Ақыртас қалашығы мен көненің көзі саналған Ақыртөбе ауылын байланыстыра сызсаң, әлем діндерінің орталығы саналған Мекке, Медина, Иерусалим сынды үш бұрышты пирамида пайда болады. Бұл да әлі ешкім түсіндіре алмай жатқан жұмбақ құбылыс.
Түнде «Топ ағашта» қанатты ақ тұлпардың самғап жүргенін көргенін айтқандар да бар. Ал оның артынша жылқылардың тұяғының дүбірі естіліп, қиян-кескі шайқас үні шығатын көрінеді.
Шырақшы Ғалымжанның айтуынша, кейінгі жылдары бұл маңға сырттан көп адам келе бастаған екен. Оның ішінде зағип жандардың жанары ашылып, жүруден қалғандар аяғынан тік тұрып, ауыр сырқатқа шалдыққандар індетінен құлан таза айығып кетіпті. Келушілердің дені кезінде Домалақ ана су алған құдықтан су ішіп, сол жерге түнегеннен кейін денсаулығы дұрысталып, бойына ерекше бір күш келгенін айтқан.
«Топ ағаштағы» талдардан бөлек, тастарының да қасиеті ерекше. Мәселен, сұр тас бас ауруларын емдейтін болса, ақ тас бауыр дертіне дауа дарытқан. Ал мұндағы ең қасиетті қара тас саналады. Өйткені оның бетіне табиғат тылсымымен «Аллах» сөзі араб тілінде бедерленіп жазылған.
Иә, «Топ ағашының» қасиетімен қатар тылсымы да көп. Бір өкініштісі, осындай киелі жерге осы таңға дейін бірде-бір ғылыми, не археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Егер біз «Топ ағашының» құпиясын ашып, қасиетін барынша таныта алсақ, бұл тарихымыздың жаңа парағын ашып қана қоймай, туристерді де лек-легімен тартар еді. Ал бұл өңір экономикасына үлкен демеу. Сондықтан «Топ ағашына» ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді облыстың атқамінерлері жақын жылдары қолға алады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы