Біз бұған «Даму» қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы ұйымдастырған баспасөз туры аясында өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге жүріп көз жеткіздік.
Алдымен «Маңғыстау облысында шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Басқосуда өңірлік филиал директорының орынбасары Гүлсая Ахметова «Даму» қорының кәсіпкерлерді қаржылай қолдау нәтижелері туралы әңгімелеп берді.
– Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары жұмыс істеген сәттен бастап, «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» бойынша кәсіпкерлердің жалпы сомасы 285,3 млрд теңгеден астам несиелері бойынша 4 558-ден астам жобасына, «Кепілдендіру» бойынша кепілдік сомасы 41,1 млрд теңгеден астам, жалпы сомасы 80,9 млрд теңгені құрайтын несиелер бойынша 3 853 кәсіпкердің жобасына қолдау көрсетілді.
Мәселен, биыл «Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» бойынша кәсіпкерлердің жалпы сомасы 30,1 млрд теңгеден астам 733 жобасы қолдау тапты. Оның ішінде ұлттық жоба шеңберінде несие сомасы 28,6 млрд теңгеден астам 728 жоба, «Қарапайым заттар» экономикасы бойынша жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам 5 жоба, «Кепілдендіру» бойынша облыс кәсіпкерлерінің жалпы кредит сомасы 15,1 млрд теңгені, ал кепілдік сомасы 7,6 млрд теңгені құрайтын 559 жоба қанағаттандырылды, – дейді Гүлсая Жұмабайқызы.
Біз баспасөз туры аясында мемлекеттік бағдарламалар арқылы өңірдегі бизнесті дамытуға қолдау алған бірқатар кәсіпорынды аралап көрдік. Алдымен бас сұққанымыз «Каскор-Машзавод» ЖШС болды. Ақтау қаласының іргесінде орын тепкен мекеме Қазақстанның мен деген мүйізі қарағайдай алпауыт компанияларымен тұрақты жұмыс істеп келеді екен. Сонымен бірге ол еліміздің машина жасау саласында жедел дамып келе жатыр.
Зауыт 1990 жылы құрылған. Қызметінің негізгі түрі – мұнай және газ өндіруге арналған мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын дайындап, жасап шығару. Атап айтқанда, мұнай қыздырғыш пештер (сағалық жылытқыштар, жол жылытқыштары және тағы басқалар), ұңғымаларды бұрғылау, өндіру және кейін пайдалану үшін пайдаланылатын құбырлардың мұнай соратын, оның ішінде Premium класты бұрандалы сорғы-компрессорлық, мұнай-газ кәсіпшілігі құбырларын өндіру және жеткізу. Зауыттың техникалық директоры Жұмалы Ерғалиевтің айтуынша, зауыт өнімін тұтынушылар қатарында «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражамбасмұнай», «Ембімұнай» т.б. сияқты ірі мұнай кәсіпшіліктері бар. Соның ішінде «Өзенмұнайгазбен» 3 жылдық келісімшарттары жасалған.
– Біз 2021 жылы кәсібімізді өркендету мақсатында Халық банкі және «Даму» қорының қолдауымен қомақты қаржы алдық. Мақсатымыз – техникалық құрал-жабдықтарды жаңарту болды. Соның ішінде сорғы штангілеріне, компрессор тұрбаларға қолданатын муфті өндірісін қолға алып, өндіріс көлемін кеңейте түстік. Сосын тағы да 3 млрд 740 млн теңге қарыз алып, осы өңірге қажетті, көп жылдан бері жоспарымызда жүрген сорғы штангілерін шығарып, жергілікті тұтынушыларды қамтамасыз етіп отырмыз. Қазір оның 3 түрін, яғни диаметрі 18,22 және 25 болатын сорғыларды шығарып жатырмыз. Біз Германия, Швейцария, Қытай және Ресей сияқты озық технологиялы елдерден құрал-жабдықтар сатып алдық, 80 пайызға жуық алған қаржымызды игердік.
Компания «Бизнестің Жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қызметті кеңейтуге, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын шығару бойынша өндірісті жаңғыртуға жылдық 14% мөлшерлемемен қолдау алды, оның 6%-ын кәсіпкер төлейді, ал қалғанын мемлекет субсидиялайды, – дейді атқарушы директор.
Мекеме корпустық, бұрғылау құбырлары, сорғы штангалары, әртүрлі конфигурациядағы сыйымдылық жабдықтары, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар, мұнай өнімдерін сақтауға арналған резервуарлар, мұнай-газ секторы үшін әртүрлі күрделіліктегі металл конструкциялар т. б. шығару жұмыстарымен айналысады. Зауыттың барлық өнімі тұтынушылардың талаптарын ескере отырып, нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес шығарылады және ұлттық, мемлекетаралық және халықаралық стандарттардың талаптарына толық сәйкес келеді. Бүгінде компанияда 365 адам жұмыс істеп жатыр.
«Даму» қорымен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан серіктестің бірі – «Түпқараған-Финанс» ЖШС. Нарықта 20 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан мекеменің негізгі қызметі – халыққа қонақүй мен мейрамхана қызметін көрсету. Компания кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында әкімшілік ғимаратты қонақүй ретінде қайта жаңартуға субсидиялау бойынша қолдау алған.
– «Достық» қонақүйі Ақтау қаласының қақ ортасында орналасқан. Мұнда абсолютті жанға жайлы және 70 эксклюзивті, жақсы безендірілген бөлмелер бар. Әрбір жеке бөлме хош иістендірілген, жүйкеңді тыныштандыратын, қолдан жасалған бұйымдар көз тартады.
Қонақүйге келушілер 42 стандартты бөлме, 23 люкс, 5 люкс, king-size кереуеті бар таңдай алады. Бөлмелер ыңғайлы кереуетпен, жоғары жылдамдықты интернетпен, көпарналы СКД теледидарымен, шағын тоңазытқыштар, есіктерге арналған электронды карталармен, түтін детекторларымен, сейфтермен, кір жуу қызметтерімен және бөлме қызметтерімен жабдықталған, – дейді «Түпкараған-Финанс» компаниясының қаржылық директоры Мария Көбешова.
Компания ForteBank акционерлік қоғамына жүгініп, жылдық 18,5% қарыз алған. Оның 9%-ын «Даму» қоры субсидияласа, қалған 6%-ын кәсіпкер төлейді. Осы жаңа қонақүйдің арқасында Ақтау қаласына туристер ағыны артып, жаңа жұмыс орындары ашылған.
Біздің соңғы барған мекемеміз «Асклепий» ЖШС болды. Офтальмология, яғни адамның көру мүшесінің физиологиясын, анатомиясын, көз ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алуды зерттейтін медицина саласымен айналысатын компания қаланың көп тұрғындар шоғырланған ауданына орналасыпты.
– Бүгінде офтальмологияда технологиялық революция жүріп жатыр. Оны жасаған микроскоп. Бұрыннан белгілі қарапайым емес, операциялық. Бұл адамның ең нәзік органы – көздің тереңдігіне енуге мүмкіндік берді. Операциялық микроскоптың арқасында тірі көздің микроәлеміне кіріп қана қоймай, ол жерде «тазалық» жасауға мүмкіндік туды, – дейді компанияның құрылтайшысы Ғалымжан Құлымбаев. Офтальмология саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар маманның айтуынша, жоғарыда айтқан революциялық әдісті офтальмологиялық және невропатологиялық қызметтерді ұсынумен айналысатын «Асклепий» ЖШС да қолданады екен.
Клиникада барлық дәрежелі операция жасайтын операциялық блок, күндізгі стационар және линзалар мен көзілдірікті әр адамға дербес таңдап беретін оптика бар. Науқастарға көздің ішкі тор қабығын лазерлік емдеу, қайталама катаракта мен глаукома, катаракта мен глаукома хирургиясы, көздің ультрадыбыстық зерттеуі, циклоскопия сияқты қызметтер көрсетіледі екен. Журналистер қауымы мұндағы құрал-жабдықтың біразымен танысып, атқаратын қызметін де біліп алды. Мәселен, YAG офтальмологиялық лазері – көздің ішкі тор қабығын фотокоагуляцияға, қайталама катарактаны емдеуге және глаукоманы лазерлік емдеуге арналған көпмақсатты офтальмологиялық лазерлік жүйе. Ал оптикалық когерентті томография – бұл көз құрылымын сканерлеу үшін жарық сәулесін қолданатын диагностикалық зерттеудің бір түрі. Ал Infiniti факоэмульсификаторы энергияның үш түрлі түрін механикалық, ультрадыбыстық немесе Aqualase сұйықтығының жоғары жылдамдықты ағынының энергиясын қолдану, сондай-ақ бұралу факоэмульсификациясын пайдалану арқылы катарактаны жоюға болатын бірегей хирургиялық қондырғы екен.
Бұл кәсіпкер де коммерциялық ғимаратты «Нұрбанк» АҚ-дан 116 млн теңге қаржы алып, сатып алған. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 21,75% болса, оның 8%-ын кәсіпкер төлейді, ал 13,75%-ын мемлекет субсидиялайды. Қазір клиника 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Біздің клиника 2021 жылы ашылды. Содан бері аптасына 20 адамды көз ауруынан арылтып, емдеп келеміз. Қазір көз ауруы біршама жылға жасарып кетті. Болашақта көздің артқы жағы бойынша операция жасауға қол жеткізсек дейміз. Ол үшін, әрине жаңа құрал-жабдықтар керек, оны сатып алуға тағы да «Даму» қорының қолдауына жүгінеміз, – дейді көз дәрігері.
Біз қайда барсақ та қайнаған еңбектің, ел игілігін еселеп жатқан мігірсіз жұмыстың куәсі болдық. «Мұның бәрі кәсіпкер еңбегін мемлекет қолдағанының, көмек қолын созғанының арқасы, «Дамумен» бірге дамып келеміз!», – дейді бәрі бірауыздан.
Сағындық РЗАХМЕТОВ,
Ақтау қаласы