Жақында жаңадан тағайындалған қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасымен Бәйдібек би – Арғынбеков көшелерінің қиылысында үш деңгейлі жолайрықтың ең жоғары эстакадасы – Бәйдібек би даңғылы көлік қозғалысына ашылды. Оқу жылының басталуына орай көлік қозғалысы жиілеген соң құрылыс қарқыны да күшейтілген болатын.
«Құрылысқа алпауыт компаниялар ғана тартылмауы тиіс»
Дәл қазір үшінші мегаполисте автокөлік ағыны көбейіп тұр. Еліміз бойынша бұл мәселеде Шымкент қаласы көш бастап тұрғандықтан, соңғы жылдары жол құрылысына басымдық берілген. Бұл жолайрық та қалада кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасайтын бірден-бір маңызды жоба болатын. Жоспарға сәйкес жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде – Арғынбеков көшесі, жоғары деңгейде – Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде – оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады.
Бүгінде жолайрық құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын ыңғайластыра отырып, көліктердің қозғалысына кептелісті азайту мақсатында жол кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп жатыр. Бұдан бұрын 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылған болатын.
Бүгінде жоспарланған жол құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалған. Енді жолайрық құрылысын толық аяқтап, көліктің барлық бағыттағы қозғалысын қамтамасыз ету жыл соңына жоспарланып отыр.
Нысанға арнайы барып, құрылыс барысын қадағалаған Ғабит Әбдімажитұлы жауаптыларға жұмыстарды мерзімінде аяқтап, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін бағдаршамдар мен жүргіншілер жолын ретке келтіру, жол белгілерін дер кезінде орнату бойынша арнайы тапсырма берді. Онымен қоса, жол құрылысы жұмыстарына тек алпауыт монополистерді емес, заң шеңберінде рұқсат етілген шағын және орта компанияларды да жұмылдыру қажет екеніне тоқталды. Пандустарды да арнайы талаптарға сай салуды тапсырып, ерекше жандардың қауіпсіздігіне назар аударды.
Сондай-ақ қала әкімі жауаптыларға құрылыс барысында жолайрық айналасына жиналатын жауын-шашын суының деңгейіне қарай ирригациялық жүйелердің жүктемесі мен су өткізу қабілетін қадағалап, қазірден қолайсыздықтардың алдын алуды жүктеді.
Ирригация салу құрылысы қарқынды
Осы тұста айта кетейік, Шымкентте ирригациялық жұмыстар да қарқын алған. Тұран ауданындағы 41 көшеге биыл 24 шақырымды құрайтын ирригациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Қазір Қазығұрт, Наурыз, 112 орам аумағындағы 9 көшеге жалпы ұзындығы 5,5 шақырымнан тұратын ирригация салынып, пайдалануға берілді.
Олар – Қазығұрт елді мекені бойынша Жандарбеков, Төлебаев, Баянауыл және атауы жоқ көшелер болса, 112 орамнан – Аманжолов, Нарадоволцов, Темірқазық көшелері, Наурыз шағын ауданынан – Жанкент көшесі, Түркістан шағын ауданынан – Жанқожа батыр көшесі.
Ал қалған 25 көшеде қазір ирригация салу құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда. Сондай-ақ 8 көшеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар биылғы қазан айында толығымен аяқталып, пайдалануға берілмек.
Қазір қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолында жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Жоба бойынша нысан 6 кезеңнен тұрады. Бүгінде жұмыстардың 30 пайызы атқарылған. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 53 адам, 20 техника жұмылдырылып отыр.
Қонаев даңғылы жалғасының 5-кезеңі Бадам өзенінен әскери бөлімінің тұсына дейінгі аумақты қамтиды. Бұл аралықтың ұзындығы – 4,7 шақырым, ені – 42 метр, 6 жолақты. Ал нысанының 6-кезеңі әскери бөлімнің тұсынан ПК-132 дейінгі аралық, бұл кезеңнің ұзындығы – 8,5 шақырым, ені – 15 метр, 4 жолақты.
Аталған кезеңде қазір автомобиль жолының жер төсемдері салынуда. Бригадалар жерасты суы өтетін темірбетонды құбырын орнату жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар қазір Бадам өзенінен өтетін көпірді Саттарханов көшесімен қосу жұмыстары іске асырылуда.
Шымкент қаласында жүріп жатқан тағы бір жол құрылысы – Ташкент – Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары. Аталған жол – 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде 1 және 3-кезеңінің құрылыс жұмыстары мен Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталған. Шілде айында Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тасжолына дейінгі аралықты қамтитын 2-кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Жыл соңына дейін 4-кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
А-2 айналма тасжолының 4-кезеңі Темірлан тасжолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 1,86 шақырымды құрайтын автомобиль жолының ені – 35,5 метр, 6 жолақты. Жолдың екі жағынан да арық, жасыл аймақ, тротуар салу, көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. А-2 айналма тасжолын қайта құру жұмыстары 82 пайызға орындалған.
Ауқымды жоба – Оңтүстік айналма жолы
Шымкент қаласы маңындағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – Оңтүстік айналма жолы салынуда. Айналма жолдың құрылысы Леңгір тасжолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды. Ұзындығы 16 шақырымды құрайтын айналма жол барлық транзиттік көлікті қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
Жоба бойынша көшенің ені 9 метрді құрайды.
Бүгінде Шымкент – Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған. Жол құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып отыр. Бұл жоба қаламыздың инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы қажетті жобаның бірі болып есептеледі. Құрылыс жыл соңына дейін бітуі тиіс.
Ал дәл қазір сонымен қатар Адырбеков көшесінің қайта құру жұмыстарына кіретін Мәделі Қожа мен Жібек жолы көшелері аралығында аяқжолдар, ирригациялық латок орнату, жер төсемін дайындау жұмыстары атқарылуда.
Жоба бойынша, жалпы ұзындығы 3,74 шақырымдық жол Алдияров көшесінен Т.Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Ені 23 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тротуар, жарық шамдар көзделген. Бүгінде құрылыс жұмыстары 76 пайызға орындалып тұр. Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған.
Үшінші мегаполисте жол қозғалысын реттеуге қатысты осындай ауқымды шаралар атқарылуда.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы