Басқосуда Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Партияның Қостанай облыстық филиалы төрағасы Бибігүл Аққожинаның айтуынша, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары қоғамымыздың өркендеуі мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа міндеттерді жүктейді.
«Біз Президент жүргізіп отырған идеяларды белсенді түрде іске асыруға тиіспіз. Мемлекет басшысы көрсеткен бағыттан ауытқымай, оң өзгерістерге бастайтын нақты тапсырмаларды орындауға дайын болып, тек алға ұмтылуымыз қажет. Бұл орайда, «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция мүшелеріне де зор жауапкершілік жүктеліп отыр» , – деді Бибігүл Аққожина.
Өз кезегінде сөз алған Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Тобыл» СПК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Бектұрғанов Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс жағдайын жақсартуға, елдегі өндіріс орындарын дамыту мен экономиканы нығайтуға ерекше тоқталып өткені өзгерістерге бастар бағдар екендігін баса айтты.
«Алдағы жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болатынын атап өтті. Бұл 1,8 млн адамдардың жалақысының көбеюіне ықпал етеді деген сөз. Жағымды жаңалық 350 мыңдай бюджеттік қызметкерлерді де үлкен қуанышқа бөледі. Сондай-ақ Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» жобасын іске асыруды ерекше атап өтті. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып, халықты қаржылық негізде сауаттандыру жұмыстарын кең ауқымда жүргізуді тапсырды. Бұл алдағы уақытта біз үшін алдымызда өте үлкен міндет тұр дегенді білдіреді. Барлығы халықтың қамы», – деді Серік Бектұрғанов.
Отырыс соңында «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық мәслихатының депутаттық фракциясының алдағы жұмыс жоспары ортаға салынды.