Он мың маман ауылға аттанды

2009 жылы елімізде қажетті еңбек ресурстарымен ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған болатын.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 2009–2023 жылдары аралығында осы жоба аясында 8 551 маман ауылдарға жұмысқа жіберілген. Бұл туралы облыстық Стратегия және экономикалық даму басқармасының мамандары айтты. 

«Дипломмен – ауылға» жобасының басында әлеуметтік қолдау тек әлеумет­тік саланың: денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәде­ниет және спорт мамандарына көрсе­тілді. Кейінірек, Үкіметтің шешімі бо­йын­ша агроөнеркәсіптік кешен сала­сын­дағы мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіле бастады.

Бұл бағдарлама – енді ғана оқу бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан берілген үлкен мүмкіндік. Сол мүмкін­дікті жібермеу болашақ жастардың қолында.

Ауылдық жерлерді білікті кадр­лармен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған жоба облыста   жемісті жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін осы жоба арқылы 1 598 дәрігер ауылдарға қыз­метке жібе­ріл­ген. Жалпы, аймақта алыс аудан­дар­дағы дәрігер тапшылығы осы бағдарлама арқылы толығып отыр­ғанын атап өту керек. Бұдан бөлек, 5 775 мұғалім, 127 әлеуметтік қамсыз­дандыру маманы, 534 мәдениет маманы, 228 спорт саласының қызметкері агроөнер­кәсіп кешеніне – 263 маман мен 26 мем­лекеттік қызмет­кер осы жоба ар­қылы ауылдарға жібе­рілген. 

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсы­нады.

– 2023 жылы 509 маманға үй салуға немес сатып алуға деп бюджеттен 2 634,0 млн теңге бөлінді. Биыл 900 маман әлеуметтік көмек алады. Бүгінде 540 маман көтерме жәрдемақыны алып үлгерді. Биылдан бастап мамандар өті­нішті онлайн береді, – дейді облыстық Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы