Шыны керек, бұл салаға басшылық еткендердің барлығы да полицейлердің жүріс-тұрысынан бастап киген киімдеріне, сөйлеген сөздеріне дейін өзгертуге әрекет етті. Әйткенмен, түбегейлі өзгеріс әкеледі деген министрлердің бастаған істі соңына дейін жеткізбегенін де көз көрді.
Соңғы жылдары Ішкі істер министрлігі құқық қорғау саласының бірнеше сатысында тісқаққан әрі жемқорлықпен күрес саласында әжептәуір тәжірибесі бар Марат Ахметжанов басқарды. Бұған дейін Бас Прокуратурада біраз тер төгіп, Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тізгінін ұстаған ол халыққа мейлінше жақын әрі «Ашық үкімет» қағидасын қатаң ұстану қажеттігін айтып, жұртқа үміт сыйлады. Содан бері де Ішкі істер министрлігінің мақтаудан гөрі сын-пікірдің астында қалған сәті көп. Әсіресе, жемқорлыққа қатысты көрсеткіштің арасында да көш бастап жүретін ведомствоға парақорлықпен күрес саласында білген-түйгені көп кадрдың басшылыққа баруы оянған үмітті жанбай жатып қайта сөндірді. Оның себебі де жоқ емес. Себебі полиция басшысының қабылдауына отставкадағы ардагерлер айлап жазыла алмай жүрсе, соңы Шымкенттегі халықтың шырылын естуден қашып кеткен министр ретінде есте қалды.
Учаскелік полицей – сайланбалы лауазым
Одан бұрынғы министрлер де құқық қорғау органдарын қайта жасақтау, штат санын қысқарту секілді оңтайландыру жұмысын жүргізгені мәлім. Бірақ өзіндік бағыты қалыптасқан жүйені өзгертуден кейін де сыннан көз ашпайтын құқық қорғау қызметкерлерінің біліктілігі туралы жиі айтылып келеді. Отставкадағы полиция полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты Елеужан Серімов «Полиция өзін-өзі қорғай алмайтын ең осал орган. Заңмен қорғануы заңда қарастырылмаған. Бетіне зәр шашсаңыз да, жауапқа тартылмайсыз. Бейнетаспаға түсіріңіз мейлі, әлеуметтік желіге салыңыз мейлі, ата-бабасының түп-тұқиянына дейін түгін қалдырмай түгендеп беріңіз мейлі, ол үшін сізге түк болмайды. Атып тастаса да бар кінәні өздеріне артып қоямыз», – деп ашынады. Оның себебін Елеужан Елемесұлы социологиялық зерттеулермен түсіндіреді. Айталық, қазір тұрғындардың 50 пайызы полиция қызметіне сенімсіздікпен қарайды екен. Мәселен, тұрғындардың 42 пайызы өтініш айтқан ісі аяқсыз қалғаны үшін, 34 пайызы – істі жөнсіз созбаққа салу, 18 пайызы – мәселеңді негізсіз қайтару және 3 пайызы парақор полицейлер барын алдыға тартқан. Бұған лауазымын асыра пайдалану, қылмыстық әрекеттерге бару, жүгенсіздік пен заңсыздықтарды қосыңыз. Осылай деген ол құқық қорғау қызметкерлерінің жүріс-тұрысын заңмен баяғыда-ақ түзетіп болғанымызды айтады. Ендігі жұмыс олардың халықпен қарым-қатынасын орнатуда болып тұр. Бұл үшін бұрыннан айтып келе жатқан «жұртқа жақын полиция» қағидаты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындау міндеті тұр.
«Реформаға, экспериментке көне беретін елміз ғой. Кезінде учаскелік полиция инспекторларын орамдық полицейлерге ауыстыру туралы ұсыныс жасалды. Бұның маңызды ерекшелігі – учаскелік полиция инспекторларын тұрғындардың өздері сайлап алуында жатыр. Заңда солай. Учаскелік полиция инспекторы тағайындалмалы емес, сайланбалы лауазым. Әр үйдің өз учаскелік дәрігері болатыны секілді, әр ауланың да тұрғындар арасынан таңдалып алынған өз учаскелік инспекторы болуы тиіс. Оның ұтымдылығы сол, полицейдің ауладағы тұрғындарды етене жақсы білуінде, олардың қарым-қатынастарынан туындайтын барлық мәселелерге қанық болуында. Президент үнемі көтеретін тақырып отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау учаскелік полиция инспекторы қызметінің бір қыры. Ендеше оның қызметі аумағында қылмыс жасырын жасала бермейді деген сөз бұл. Тек өз өкілеттігі шегінде олардан дауларды шеше білу дағдысын меңгеруді талап етсеңіз болғаны. Әуелден сайланбалы лауазым екенін полиция департаменті білсе де, білмейтіндей сыңай танытады», – дейді Елеужан Серімов.
Өз бидайын өзіне қуыртқанмен бірдей
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтпағы да осы. Оның айтуынша, егер мемлекет салаға реформа жасауды министрліктің өзіне жүктейтін болса, кезекті рет қателікке жол беріледі. Яғни кешегі және бүгінгі айтылып келе жатқан сын-пікірлер қайталана береді. «Басқа күштік құрылымдардан қарағанда халықпен етене жұмыс істейтіндіктен, салаға қатысты реформаны министрліктің өзіне емес, қоғам өкілдеріне тапсыру керек. Қоғамға қажет полицейді халық өзі таңдау керек. Әйтпегенде осыған дейін істелген реформаның барлығы артық өкілеттік пен жалықысын өсіруден әріге аспады», – дейді депутат.
Maqsut Narikbayev University Құқық жоғары мектебінің аға оқытушысы Нұрлан Ниеттулаев болса құқық қорғау қызметінде шешімін таппаған мәселе шаш етектен екенін жеткізеді. Олардың қатарында кадрлардың сапалық көрсеткіштері, дербес құрылымдардың қызметіндегі өзара үйлесімділіктің төмендігі де бар. «Соңғы жылдары аймақтардағы резонансты істердің астарында жоғарыда аталған мән-жайлардың да рөлі ерекше болғанын ескеру керек. Атап айтқанда, ерте профилактиканың дұрыс ұйымдастырылмауы, қызметіне немқұрайлы қарайтын кадрлардың көптігі ішкі істер органдарының қызметіне кері әсерін тигізіп отыр. Оған қоса, бұл құрылым әдеттегінше өз қызметіндегі ашықтыққа қол жеткізуге жасанды кедергілерін заңнамада бекітуге мүдделі екендігі де мәлім. Адам құқықтары мен бостандықтарын шектеуге байланысты едәуір мүмкіндіктері болғандықтан, қоғам да бұл органның қызметі жайлы жеткілікті ақпарат алуға мүдделі де құқылы екендігін ескеру керек. Алайда әралуан себептерге бола әлі күнге дейін ішкі істер органдары туралы ақпараттар жеткілікті деп айтуға келмейді. Олардың қызметіне қоғамдық бақылау орнату жоқтың қасы», – дейді заңгер.
Жақында Президент көргені көп, түйгені мол, осы саланың отымен кірген тағы бір білікті кадрды басшылыққа қойды. Басшылық құрамның жиналысына қатысқан Мемлекет басшысы алдыңғы министрдің жұмысын оң бағалап, елдегі цифрлық технологияларды енгізу, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін жедел тіркеу, сондай-ақ полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету сынды бастамаларына тоқталды. Алайда одан басқа жұмысты оңдыра алмағаны да айтылмай қалған жоқ. Айталық, сервистік полиция сөз жүзінде ғана болмаса, іске жүзінде іске асқаны байқалмайды. Қоғам өкілдері құқық қорғау саласындағы ашықтықты аңғарып та үлгермеді десек болады. Оның анық дәлелі сол, әлеуметтік желіде де, түрлі инстанцияларға жіберілген талап-арыздардың артқанынан анық көруге болады. Тіпті, жәбірленушілердің талап-арызы аяқсыз қалып, көптеген істің ашылмай жатып жабылғаны көп. «Балалар жылы» деп жарияланған жылы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау статистикасы биыл да нашарлады. Өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылық деңгейінің өспеуінен-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да сәтсіз аяқталғанын байқауға болатындай. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша атқарылған профилактикалық жұмыс та нәтиже көрсетпеген. Себебі әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен сенім телефондарына хабарласқан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары да артпаса, кемімеген. Алаяқтармен күрес шарасы жемісін беріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмысы айтарлықтай жақсарды деуге дәлел таппай қиналамыз. Ал өңірлік департаменттердегі непотизмнің жоғары деңгейі мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректер де ауық-ауық айтылып, құқық қорғау қызметкерлерінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып қылмысқа барғаны, вандализмге жол бергені туралы жаңалықтар ақпарат өрісін басып алды. Ендеше күштік құрылымға қажет өзгеріс жұрт көзінен жасырын жасалса, құрдымнан шығар күн алыс секілді.
Жадыра МҮСІЛІМ