Ол – «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары». Осы ретте «Болашақ» бағдарламасының тағылымдамашысы, белгілі экономист Бауыржан Ысқақовпен ел дамуының жауапты белесі туралы сұхбаттасқан едік.
– Бауыржан Мұратбекұлы, биылғы Жолдау негізінен экономикалық блокты қамтыды. Соның ішінде Президенттің: «Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек» деген сөзі көңілге қонып отыр. Ендеше экономист ретінде биылғы Жолдауды қалай бағалайсыз?
– Президенттің биылғы Жолдауы – толыққанды экономикалық құжат, тұтастай бағдарлама деуге толықтай негіз бар. Өйткені бұрыннан қалыптасып келе жатқан «бірінші – экономика, одан кейін – саяси реформалар» деген сөздің мағынасын біз енді түсініп жатырмыз. Яғни, біз бірінші кезекте халықтың қалтасын қампайтып, қарнын тойдырып, көйлегін көк қылмайынша ешқандай да бір саяси реформалар жасай алмайтынымызға көзіміз жетті. Ал одан кейінгі мәдениет, ғылым-білім деген салалар – екінші орынға ығысатын дүниелер. Біз бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы мемлекеттің дамуына қажетті, жалпы адамның жеке қалыптасуына қажетті қалған құндылықтарға ие бола аламыз. Осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты бағдарламалар, арнайы стратегиялар болғаны белгілі. Бірақ біз әлі де нақты өзіміз қалаған, өзіміз ойлаған жоспардағыдай дәрежеге жете алған жоқпыз. Неге? Өйткені біз әлі де экономикалық нарықтың заңдылықтарына жауап бере алатындай экономикалық модельді – қазақстандық үлгідегі бір жүйені қалыптастыру жолындамыз. Біз оның тек алғашқы кезеңіндеміз деп айтуға болады. Десе де, мен осы уақытқа дейінгі жасалған дүниелерді жоққа шығарудан аулақпын. Иә, көптеген дүние жасалды. Бірақ біз әлі де «әттеген-ай» деген дүниелермен жұмыс істеп жатырмыз. Оның бірінші кезектегісі макроэкономикалық жағдайларға байланысты, соның ішінде біздің мемлекеттің шикізатқа және одан түсетін табысқа тәуелді екенінде. Шет мемлекеттердің бізді әлі де шикізат нарығы деп қарайтынында. Яғни, біз өзіміздің отандық экономикалық моделімізді қалыптастырудың жолын, механизмін таппай жатырмыз. Шындығын айтқанда, осы уақытқа дейінгі болған экономикалық қатынастың барлығы тезірек ақша табуға, әлеуметтік мәселелерді сол дайын ақшамен жабуға бағытталып келді. Былайша алғанда, қарапайым жолымен амалдап келгендей болып отырмыз. Ешқандай да бір ғылыми-практикалық прогреске ақша салынған жоқ, инновациялық жүйелерді жандандыру қарастырылмады. Міне, мұның зиянын біз әлі тартып келе жатырмыз. Өйткені өзіміздің осыншама қазба байлығымыз, осыншама қорымыз бола тұра, әлі де сырттағы мемлекеттерге тәуелді болып отырмыз. Қай жағынан? Халқымыз тұтынатын тауарлардың 70%-ға дейінгі көлемі көршілерімізден, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден, одан қала берді басқа алысты-жақынды шетелдерден, мысалы Түркиядан, Қытайдан келеді. Бұл біздің бірінші кезекте тұтынушылық модельді ұстанып отырғанымыздан. Міне, мұны осы уақытқа дейін жасалған жұмысымыздың бағасы деп айтуға болады. Сол үшін де Президенттің баса назар аударып отырғаны – өзіміздің арнайы экономикалық бағытымыздың, арнайы моделіміздің болғаны.
Бұл жерде біз, ең бастысы, неге назар аударуымыз керек? Менің жеке пікірім, бірінші кезекте адами капиталға, оның ішінде жалпы өндірістің, адам еңбегінің дамуына ерекше назар аударуымыз керек. Өйткені біздегідей жағдайда отырған, яғни мол қазба байлықтары бар өзге мемлекеттер экономикасының негізгі бағытын адами капиталдың дамуына арнаған. Жоғары білімді мамандарды өндіріске тартудың, одан кейін оларды сол жерде ұстап қалудың тиімді жолдарын қарастырған. Олардың толыққанды тиімді жұмыс істеуіне арналған бағдарламалардың болуы – сол мемлекеттегі адами капиталдың тұрақты болуына, ал адами капиталдың прогресі өз кезегінде сол мемлекетті алдыға тартатындай жүйеге алып келгені белгілі. Президентіміз осы бағытта: «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді» деп отыр. Ендеше осынау тұжырымды тұстар тұтастай бір экономикалық құжаттың, әлде айталық, мемлекеттік бағдарламаның жүгін көтеріп тұр дер едім.
– Жолдаудың дәл осы тұсында Мемлекет басшысы: «Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады» деп міндет қойып отыр. Ол туралы не айтуға болады?
– Иә, осы айтылған әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік деген нәрселер міндетті түрде болу керек. Өйткені үш қарапайым фактордың нарықтық экономикада басымдыққа ие болмауынан бізде шағын және орта бизнесті дамытуға әлі де қызығушылық жоқ. Сол шағын және орта бизнеспен айналысатын адамдардың алдынан кезігетін қиындықтардың, тексерістер мен тосқауылдардың көп болуы, одан өзге монополистік бағыттағы жекелеген компаниялардың ұсақ, дамуға ыңғайлы компанияларды жұтып жіберуі немесе қандай да бір басқа да заңсыз жолдармен солардың жолын бөгеу сияқты фактордың барлығы экономикамыздың соры болып отыр.
Осындағы инклюзивті деген ұғымның өзі біздің мемлекеттің бірінші кезекте әлеуметтік бағытқа ие екенін меңзеп, бірінші кезекте нарықтық қатынастарды, оның ішінде әлеуметтік жағдайды тиімді пайдалана отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы дамитын мемлекеттердің қатарында болуымыз керегін көрсетіп отыр. Осы бағытта жұмыс істелуі керек. Ол үшін заңдар кешені қабылдануы қажет деп ойлаймын.
Сосын үнемшілдік дегенге келер болсақ, бұл да міндетті түрде болуы керек. Қазір біздегі мемлекет шығыстарының басым бөлігі олардың жөнсіз жоспарлануымен байланысты болып отыр. Олардың ішінде бірінің қызметін бірі қайталайтын шығыс көп, болмаса экономикаға да аса бір пайдасы жоқ, импорттық тауарлардың үлесіне қарай бағытталған немесе қандай да бір топтардың мүддесін көздейтін көптеген шығын бар. Оны Президент қаншама уақыттан бері айтып жүр, қазір де айтып жатыр. Бірақ жөнсіз шығындардың көп болуы экономикамызға өзінің кері әсерін тигізіп отыр.
– «Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек». Президенттің бұл айтқандары біздің түбегейлі өзгеріске әлдеқашан бет бұрғанымызды нақтылай түседі. Сіздіңше қалай?
– Аймақтардың дамуы – кез келген ел үшін міндетті түрдегі қалыпты жағдай болуы тиіс. Ол әдеттегі даму үрдісімен қатар жүруі керек. Бір кездерде бізде ауылдық, аудандық жерлердегі бюджет саясаты орталыққа бағытталды, түскен табыс та, салық та облыстық бюджетке, республикалық бюджетке кетіп отырды. Қазір, міне, «төртінші бюджет» деген түсінік бар. Тіпті, аудандық емес, ауылдық жерлердің бюджеті болу керек деген тезис пайда болды. Соңғы бір-екі жылда бұл бағытта жақсы бір өзгерістер болып жатыр. Мұны мойындауымыз керек. Мысалы, салықтың 4-5 түрін сол ауылда қалдыру мәселесі қозғалуда. Егер де әкім жақсы кәсіпкерлік ортаны қалыптастырып, өзінің ауылында ауыл шаруашылығымен айналысатын, айталық тері өндірісі, ұстахана, одан өзге халыққа қажетті өнімдер шығарумен айналысатын кәсіпорынды аша алса, жаңағы кәсіпорынның басшысына тиімді жағдай жасап, нарықтық ортаны қалыптастырып, жұмыспен адамдарды қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болса, сол ашқан кәсіпорынның салықтарының басым бөлігін: жер салығы, мүлік салығы, көлік салығы және тағы басқалардың ауылдың бюджетіне түсіп отырғанын біз байқап жүрміз. Әрі ол ауылдағы әкімдердің жұмыстарының жандануына әкеліп отыр. Ауылдағы әкімдер бұрынғыдай емес, кәсіпкерлердің бетіне тура қарай алатындай жағдайға жетті. Өйткені олар кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге жағдай жасай отырып, өзінің бюджетін қалыптастыра алады. Сосын қандай да бір әлеуметтік сұрақтар туындап, оны жедел шешу керек болатын болса, әкім бұрынғыдай ауданға, облысқа өтінім беріп, одан «ақша болса болды, болмаса ол да жоқ» деп қол қусырып отырмай, әлеуметтік сұрақтарды тікелей шешуге мүмкіндік алып отыр. Сондықтан да бұл өте тиімді фискалдық саясат деп айтуға болады. Бұл әлемнің көптеген мемлекетінде өзінің жемісін беруде.
Бұл жағдайға қатысты Президенттің өзі де Жолдауында жан-жақты бағасын беріп кетті. Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті.
«Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру. Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс (қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық)», – деді ол.
– «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет». Жолдауда айтылғандай, ауыл шаруашылығын экономиканың негізгі тамырының біріне айналдыра аламыз ба?
– Жалпы, әр мемлекеттің өзінің қалыптасу, даму жағдайы болады. Мәселен, егер Қырғыз Республикасы сияқты, Орталық Азияның кейбір мемлекеттері сияқты біздің де қазба байлықтарымыз болмағанда, онда ауыл шаруашылығы біздің экономикамыздың драйвері болар еді. Бірақ, өкініштісі біз 200 миллион халықты асырай алатын әлеуетке ие агроөндірістік кешеніміз бар бола тұра оны 20 миллион халықты асырау үшін тиімді пайдалана алмай отырмыз. Оны мойындауымыз керек. Бізді енжарлыққа алып келген, бізге алға жылжуға кедергі болған мұнай-газ секторы. Мұны мен жаман деп отырған жоқпын. Соның арқасында біз тұтынушылық сұранысымызды жауып, қажетті даму қарқынын ұстана алып отырмыз. Бірақ осы дайын ақшаларды уақытша міндеттер мен мақсаттарды шешуде пайдаланғанымен, ұзақ стратегиялық басымдықтарды шешуде пайдалана алмадық. Былайша айтқанда, «жайлылық аймағынан» шыға алмай қалдық. Тағы да айтамын, ол жаман емес. Алайда біз осы бір жақсы мүмкіндікті ауыл шаруашылығын дамыту жолы ретінде қарастыра алмадық. Ұлттық қор ашылған жылдарда табыс өте көп болған кезде де мән бермедік. Жалпы, қаншама Үкімет ауысса да, барлығы да өзінің бюджеттік шығындарын мұнайдан түсетін табыстармен ғана жаба отырып, көптеген дағдарыс пен қиыншылықтан соның арқасында шықты. Шындығын айту керек, біз ауыл шаруашылығы саласын тым ұзақ уақыт назардан тыс қалдырып отырдық. Бүгінде ол кенжелеп қалды. Оны экономиканың бір драйвері деп қарастырмадық. Енді, міне енді мұнай мен газдың бағасы біресе көтеріліп, біресе түсіп, ойнамалы болып кеткен шақта, ауыл шаруашылығының өзін-өзі жоғалтпайтын, таусылмайтын ең басты қор екенін түсініп отырмыз.
Сол үшін де бізге үлкен реформа керек. Оны білетін мықты мамандарды тартуымыз керек. Біздің үлкен мүмкіндігіміз бар. Оңтүстігімізде даңғыл жол салып, шығыс пен батысты жалғастырып отырған транзит мемлекет екеніміздің өзі азық-түлікке мұқтаж мемлекеттердің біздің маңайымызда орналасқанының өзі бізге беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Сол үшін де біз Президентіміз айтқандай, Еуразия аумағындағы ауыл шаруашылығын өндіретін өңірге айналуымыз керек. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда, өкінішке қарай, біз ЕАЭО елдерінің, соның ішінде ең бір тиімді жағдайда отырған Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің нарығына айналып отырмыз.
– Сөз соңын Жолдаудың көкейіңізде қалған тұсымен қорытындылай кетсеңіз...
– Қорытындылай кететін болсам, Жолдаудың қай бөлігі де алып-қосары жоқ маңызды міндеттерге арналды. Оның әрбір әрпін қос қолдап тұрып қолдаймын. Ендігі мәселе оның уақытылы жүзеге асқанында. Байқасаңыз, осы жолы Президент Үкіметтің алдына нақты мерзім қойды. «Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақмерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі» деді ол. Ендеше бұл өте көңілге қонымды мерзім. Орындауға да мүмкіндік бар және сол орындалған іске жауапкершілікті мойынға алып тұрып есеп беруге де жағдай бар. Бұл мерзімде бүгінгі Президент те, Парламент те өз өкілеттіктерін атқарып жатады. Ал Үкімет үшін тек бел шеше жұмыс істеу қалып тұр.
Осы ретте тағы да айтарым, Жолдау бірінші кезекте экономикалық бағытта болғандықтан, біз экономикаға аса назар аударуымыз керек. Жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, кемшін тұстардың алдын алуымыз керек. Экономиканы дамытудағы өндірістік-протекционистік саясатқа көшу мәселесі өте орынды. Өйткені бүкіл әлем қазір бірінші кезекте қауымдасып, бірлесе жұмыс істегеннен гөрі өзінің ұлттық тауар өндірушілерін дамыту, ұлттық экономикалық моделін қалыптастыруға көшіп отыр. Тіпті, мынау дамып кеткен Америка Құрама Штаттарының өзі карантиннің уақытында отандық тауар өндірушілерін қолдауға қаржы бөлді. Біз де сол межеге жетуіміз керек. Оның нәтижесі болу үшін бізде бірінші кезекте ұлттық мүддені ойлайтын басшылар болуы керек. Сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік жауапкершілікті жоғары ұстайтын бизнестік ортаны қалыптастыруымыз керек. Яғни, әрбір кәсіпкер тек пайда көзін ойламай, кәсіп аша отырып қоғамға, экономикаға, әлеуметке көмегімді тигіземін дейтін болса, онда, әрине біздің елдің болашағынан үміт күтуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ