Жаhандық жылыну әлем халқы­ның алдында тұрған аса үлкен мәсе­ленің бірі екені рас. Ең өкініштісі сол, біз ғаламның жылынуы туралы ха­бар­­ды күн сайын естіп, сәт сайын оқып жүргеннен кейін оның тереңіне үңіліп, маңызына мән беруді мүлде қой­дық.
Жаһан неге қызып тұр?..
898
оқылды

«Тіпті, ғаламшардың беті осы күйі қыза беретін болса, оның соңын көзге елестетудің өзі мүмкін бол­май, алапат апатқа алып келеді екен». Осы тақылеттес болжамдарға бойы­мыз үйреніп кеткені сонша, еш­қашан болмайтын, болса да жақын арада орын ала қоятын дүние емес деп жүре береміз. Әсілінде бұл әлем­ді мекен етушілер үшін өте қауіп­ті құбылыс екені анық.

1980 жылдан бастап жер жаһан шынымен де күрт жылына бастағанын зерттеген ғалымдар соңғы 40 жыл уақыт ішінде әлемдік жылынудың бір сәтке тоқтамай тұрғанын айтуда. 1998 жылы Массачусетс университеті мен Аризона уни­­верситетінің ғалымдары Жер тем­­­пературасының кейінгі 1000 жылдағы өзгерісі туралы зерттеулер жүргізе келіп, мыңжылдықтар бойы өзгеріссіз тұрған жер әлемі ХХ ғасырда температурасының жоғарылай баста­ғанын айтқан. Кли­маттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамаларында парниктік газдардың, оның ішінде метан газының ауаға таралуы жылдан-жылға артып келеді. Бұған жер бетіндегі халық санының ұдайы өсуі өз әсерін тигізіп отырған. Соңғы жылдары ауаға тарап жатқан парниктік газдардың көрсет­­кіштері осыған дейін болмаған деңгейге жеткені туралы баяндалған. Ел аузында, біздің жер әлеміміз жылдар өткен сайын күн қабатына қарай тартылып, жылжып келеді екен-мыс. Соның салдарынан жер кеуіп, температура көтеріліп жатыр екен дегенге саятын алыпқашпа әңгіме бар. Шындығында ол мүлде басқа құбылыс. Сондықтан жер әлемді қыздыруға үлес қосып жатқандардың басты себепшісі адамзаттың өзі екенін түсінген абзал. 

Адамзат өзінің жаратылысынан бері табиғаттың бар ресурстарын пайдаланудан жаңылған емес.  Бірақ оның қарқыны өткен ғасырдан бастап жеделдеді. Ол, әрине, өз кезегінде табиғи ресурстардың сарқылуына алып келіп, қоршаған ортаның, атмосфераның жай-күйіне теріс әсерін тигізді.

«Табиғи парниктік газдар қатарына көмірқышқыл газы (СО2), метан мен азот оксиді жатады. Мыңжылдықтар бойы табиғат атмосферадағы бұл газдардың деңгейін өзі реттеп келді. Бұл адамдар энерг­­ия алу үшін тау жыныстарын пай­далана бастағанда өзгеріске ұшырады. Ал ол өз кезегінде СО2 эмиссиясының ар­туына алып келді. Атмосферадағы табиғи теңгерім бұзылғаннан кейін Жер шары­ның жылынуы басталады», – дейді кли­маттың өзгеруі бойынша әлемдік сарапшы Паскаль Педуцци.

«Жыл сайын атмосфераға шамамен 51 миллиард тонна парниктік газдар шы­ғарылады. Бұл көрсеткіш әрдайым өзгеріп отырады, бірақ парниктік газ­дардың шығарылуы уақыт өткен сайын артып, жоғарылап отыр. Ал 2050 жылға қарай әлемде адам баласының өмір сүру деңгейі едәуір жоғарылайды. Бұл өз кезегінде энергияға деген қажеттілікті күрт артты­рады деген сөз. Егер де, қазірден бастап оны қолға алып ретке келтірмесек, шы­­ғарындылар көлемі артатыны анық. Алдағы уақытта жер бетінде 10 миллиард адам өмір сүрмек. Осы уақытта халықтың тұрмысындағы қажеттіліктерді қамта­масыз ету үшін ресурстар ұлғайып кетеді. Біз сол уақытқа қазірден бастап дайындала бастауымыз қажет», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD жасыл техноло­­гиялар саласының сарапшысы Серікхан Айдарханұлы. 

Парниктік газдар қатарына негізінен көмірқышқыл газы (СО2), метан және азот оксиді жатады деп жоғарыда айттық. Талай жылдан бері табиғат атмосферадағы газдардың деңгейін өзі реттеп келген еді. Бұл табиғи құбылысқа адам баласы қол салғаннан бастап барлығы өзгере бастады. Адамдар энергия алу үшін тұма табиғаттың қойнауын қопарып, қолдан алапат апаттар жасай бастаған. Ал ол өз кезегінде, СО2 эмиссиясының артуына алып келді. Атмо­­с­ферадағы табиғи тепе теңдік жойылып, Жер шарының жылыну жағдайы бас­талады.

Болжамдар бойынша Жердегі орташа температура шамамен 15°C құрап отыр. Ал жер бетінің жылынуына халықаралық planetariodevitoria.org порталы  Америка Құрама Штаттары, Жапония, Қытай және Ресей сияқты индустриалды елдер кінәлі деген ғылыми негізі бар жарияланым жасаған.  Сонымен бірге ақпарат құра­лы­ның жазуынша жаһандық жылынуға әсіресе тропикалық ормандарда болатын алапат өрттердің де өз әсері бар екен.  

Былтыр жер мекендегі орташа тем­пература 1,25°C жоғарылағаны бай­­қалған. Бұл жағдай өз кезегінде мұздықтар жа­мылғысының еріп, кейбір көлдер мен өзендердің арнасының тартылып кетуіне әкеліп соқты. 

БҰҰ-ға қарасты Әлемдік метеоро­логиялық ұйымының мәліметінше, 2001 жылы климаттың өзгеруі бойынша мемлекетаралық топ индустриялық ке­зеңге дейін мыңжылдықтар бойы атмо­сферадағы СО2 әр текше метрдегі кон­центрациясы 280 млн ppm-ді құра­ғанын, ал 1999 жылдан бастап 367 млн ppm-ге дейін жеткенін айтады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 415 млн ppm -ға бір-ақ шықты.  Мұндай жоғары көрсеткіш миллион жыл бұрын болған деседі. NASA Ғарыш зерттеу институтында климатты зерттеумен айналысатын маманы Бенд­жамин Кук. «Ғылымда ғалымдардың көзқарастары келіспейтін мәселелер көп. Дегенмен, жа-һандық климат мәселесіне келгенде ғалымдардың ойы бір жерден шығады. Климаттың өзгеруіне тау жыныстарын қисапсыз пайдалану себеп болды», – дейді ғалым.

Соңғы жылдары әлем ғалымдары жы­лынудың салдары мен себебіне бай­ланысты барлығы 12 500-ден аса  ғылыми мақала жариялаған екен. Мақала автор­ларының барлығы дерлік бұл жағ­­дайға адами фактор тікелей әсер еткенін баян­даған.  

Жылынудың әсерінен мұздықтар еріп тіпті, кейбір құздардың басында мұз да, қар да қалмай бара жатқанын күнделікті ақпарат құралдарынан немесе әлеуметтік желіден көріп жүрміз. 2020 жылдың 13 қыр­күйегінде Арктикалық теңіз мұзы рекордтық екінші ең төменгі деңгейге түсті. Бұған дейін ең төменгі көрсеткіш 2012 жылы тіркелген. БҰҰ Қоршаған ор­таны қорғау бағдарламасының  мәлі­метінше, 2010 жылы теңіз деңгейі орта есеппен 3,3 мм-ге көтерілсе, 2010 жылдан бері қарайғы әр жылда орта есеппен 5,7 мм-ге көтеріліп келеді. Бұл өте үлкен қауіптің төніп келе жатқандығын аңғартса керек. 

Мұздықтардың тез еріп кетуі, дүние­жүзілік мұхит деңгейінің көтерілуіне және құрлықтың зор аумағының су басуына апарып соғуы ықтимал. Климаттың жы­­лынып жатқанына ешкімнің күмәні жоқ. Біздің ғаламшарымыз үнемі үздіксіз «ғаламдық климаттық өзгерістер» жағ­дайында тұр. Бұл үдерістер лезде жүзеге аспайды. Бірақ жоғарыдан құлдилай жөнелген кез келген заттың біртіндеп жылдамдық жинап алып, басқарылмай қалатынын ескерсе, біз сөз етіп отырған жағдай сәт сайын жылдам қарқын ала түсуі мүмкін. Егер жылыну жалғаса берсе, мұздықтар еріп қана қоймай, дүниежүзілік мұхит деңгейі көтеріліп, ағыстары өзгеруі ықтимал. Мұхиттар өз ағысынан жаңылса, тостаққа құйған суды шайқап жібергенмен бірдей жағдай туындайды екен. Демек, әлемде теңіз тасқыны болуы ықтимал.  

Жер шарының 10 пайыз бөлігін алып жатқан мұздықтар жерге тікелей түсетін күн сәулесімен шағылысып, ыстықты ға­рышқа қайтарып тұратын қасиеті бар. Былайша айтқанда, әлемнің бір сәтте лап етіп күйіп кетпеуінен қорғап тұрады.  

Мұздықтардың 90%-ы Антарктидада, қалған 10%-ы Гренландияда екенін ескерсек, 2021 жылдың 13 қыркүйегіндегі зерттеу бойынша Арктикада еріген мұздың көлемі 3 709 миллион шаршы шақырымды құрағаны белгілі болды. 

«Антарктидада әр 40 сағат сайын миллиардтаған тонна мұз жоғалады екен. Бұл жағдайды шындығында қадағалап тұру өте қиын. Өйткені біз жерсеріктерден мұздың белгілі бір аймақтарда айтарлық­тай жұқарғанын көреміз. Бірақ қазір еру процесі мұз бетінен емес, астынан жоғарыға қарай жүріп жатыр, бұл енді өте жылдам жүріп жатқан құбылыс», – дейді Британиялық Антарктика зерттеуінің гео­физигі Роберт Лартер есімді ғалым өз мақаласында.

Ғаламның жылынуын зерттеп жүрген ғалымдар тобы 100 мыңдық жылдар бұрын қатқан тоң астынан еріген мұзбен бірге әлемде болмаған вирустардың оянуынан қауіптенеді. Оған қоса, тұщы су қорының жоғалуы да түрлі ауруларды қоз­дыруы ықтимал деп болжайды. 

«100 мыңдаған жыл бұрын пайда бо­лып, қазір «ұйықтап» жатқан бір вирустың қай уақытта «оянатынын» дәл бол­жау қиын. Біз бұрын ешқашан кездестірмеген вирустар бар екенін шындық. Сондықтан COVID-2019 бізге мол тәжірибе болуы тиіс», – деді Нобель сыйлығының лау­реаты Рае Квон Чунг.

Анықталғандай, ежелгі мұз үлгілерінде вирустардың 33 тобы болған, олардың ішінде микробиологтар 28 жаңа вирус тобын ашқан. Яғни Тибет тауларындағы мұз қабаттарында планетада бұрын кез­деспеген вирустар бар және адамзат олармен бұрын ешқашан ауырмаған екен. Өркениеттің озып келе жатқанын ескер­ген кейбір сарапшылар мұз астында та­­былған мұндай вирустардың қазір адамдар үшін қаупінің аз болатынын айтуда. Дегенмен «Сақтықта қорлық жоқ», – деп қазақ бекер айтпаса керек. 

Жер ғаламшарына бағытталған күн сәулесінің 1-5%-ға өзгерген уақытта біз айтып отырған алапат апаттар орын алады екен. Мысалы жер жаһан 1-5%-ға көп күн радиациясын тартатын болса мұздықтар еріп, континенттер су астына кетеді екен. Ал керісінше 1-5%-ға аз түсетін болса, бүкіл Жер беті, мұхит беттері қоса қатып қалады. Сондықтан адамзаттың міндеті климатты тұрақтандыруға барынша күш салуы керек.

Әлемдік экология саласының са­рапшысы  М.И.Будыко  «Адамзат ат­мосфераға көмірқышқыл газын (СО2) шығарып, кезекті мұз дәуірінің алдын алды» деп болжайды. Былай қарасаңыз, таңғаларлық пікір. Шынымен де біз әрекетіміздің арқасында ғаламды мұз басу­дан аман алып қалған болсақ, демек ғалам жылынуынан да өзімізді сақтап қала алатындығымыз анық деген сөз. Бұл ту­ралы төменде ғалымдар мынандай пікір­­лерді алға тартып отыр. 

Парниктік газдар шығарындыларын азайтудың ең оңай жолы – заттарды өзі­­мізге қажетті мөлшерде ғана  сатып алу. Барлығы осыдан басталса керек. Мысалы, бензинді және дизельді автокөліктерді аз жүргізу немесе қайта пайдалануға болатын азық-түлік өнімдерінен шығатын қалдық пен сол азықты салып таситын полителен қал­ташаларды пайдаланбай, сынды қара­­­пайым ғана мысалдар парниктік газ­­дардың шығарылуын азайтуға әр адам үлес қоса алады екен. Тұтынудың артуы бүкіл әлем бойынша өнімді өндіру және жеткізу үшін көп қазба отындарын жағуға әкелетіні шындық. 

«Жыл сайын шамамен 12 миллион гек­тар орман жойылады. Ормандарды кесу, ауыл шаруашылығы және жерді пайдаланудың басқа түрлері әлемдегі пар­­никтік газдар шығарындыларының дең­гейін арттыруда. Бұл жағынан ағаш­тарды жал­ғыз немесе ұжым болып отырғызу арқылы бәріміз бұл қауіптің алдын алуға сәл болса да ықпал ете аламыз. Осылайша, әр адам, Жер шарымыздағы климаттың өзгеруі процесін төмендетуге атсалысуы қажет.  Ол үшін адамдар  экологиялық транспортқа, энергияны үнемдейтін шам­дарды пайдалануға, тұрмыстық заттарды оңтайлы пайдалануға және қайта өңдеуге әрекет жасауы керек. Егер біз жаһандық жылынуды тоқтатып, климат­тың өзге­руінің қорқынышты салдарын алдын алу үшін, атмосфераға парниктік газдар шы­ғарындыларын бөлінуін тоқтата алмасақ не үшін адам болып жүрміз. Бұған әр адам өз үлесін қоса алатыны анық», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD жасыл технологиялар саласының сарапшысы Серікхан Айдарханұлы. 

Сарапшының айтып отырғаны, қазба отындарын пайдалануды азайту және жаппай жаңартылатын энергия көздеріне көшу, энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу технологияларын жаң­ғырту, жер жамылғысын қалпына келтіру, өйткені топырақ бетіндегі қара шіріктің жоғалуы парниктік әсерге тікелей әсер ете­ді екен. Қалалы жерлерде жеке көлік­тен бас тартып, велосипедтерге, қоғам­дық көліктерге және электромобильдер-ге ауы­­су және ағаштарды көптеп отыр­ғызу. 

Билл Гейтстің айтуы бойынша ат­мосфераға шығарылатын парниктік газ­дардың 50%-ға төмендеуі темпера­тураның көтерілуін тоқтатпайды, тек оны баяул­атады. Егер бұл шығарындылар 99%-ға қысқарған кезде экономика салалары қандай жағдайда болатыны белгісіз болып отыр. 2050 жылға қарай парниктік газ­дарды жоюға бағытталған техноло­гиялар, саясат және нарықтық құры­лымдар бойынша қарқынды жұмыс кезеңі болуы керек деп санайды. Қазіргі таңда шы­ғарын­дыларды ең төменгі мөлшерге дейін төмендетудің әртүрлі тәсілдері және оларды іске асыру әдістері егжей-тегжейлі қарастырылып жатыр. Егер қоғам мен саяси билік  мәселеге асқан жауап­кер­шілікпен қарайтын болса, әлем апаттан құтылып шыға келуі бек мүмкін. 

Бердібек ХАБАЙ