Ал қазір онкопатологиясы бар 205 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр. Жүрек ауыртар статистикалық көрсеткіштің артуына себеп көп. Бұл туралы Астанада өткен «Орталық Азия онкологиялық апталығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында егжей-тегжейлі айтылды.
Еліміз онкологиядан болатын өлім көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін түбегейлі шараларды талап ететін бірқатар проблемалық мәселені уақыт өткізбей шешу қажет. Сондықтан халыққа онкологиялық көмекті жаңғырту мақсатында алдыңғы қатарлы халықаралық практикаларға сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспардың жобасын әзірлеген. Бұл жоспар қатерлі ісіктердің ауыртпалығын азайтуға бағытталып отыр. Яғни алдыңғы кезекте онкопатологияны ерте анықтау уақыт күттірмеуді қажет етеді. Айталық, кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру кезінде қатерлі ісіктерден болатын өлім 15%-ға төмендеген.
Сондай-ақ жиынға келгендер онкологиялық аурулардың ішінде өлім-жітім өкпе обырында жиі кездесетінін алға тартты. Екінші – асқазан обыры, үшінші орында колоректальды және сүт безі обыры жиі кездеседі. Ал науқастардың 55,8%-ы – еңбекке қабілетті 18-64 жастағы адамдар.
ҰҒОО Басқарма төрағасының клиникалық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажановтың сөзінше, Қазақстандағы онкологиялық қызметтің құрылымы дамуды және жетілдіру жұмыстарын бастан өткізіп келеді. Бұл елдегі онкологиялық аурулармен күресте шешуші рөл атқарады. Былтыр онкологиялық көмектің барлық үш деңгейінде айтарлықтай өзгерістер тіркелді. Мысалы, бірінші деңгейде онкологиялық көмекті МСАК көрсетеді. Онда қазір 2168 қарау кабинеті бар. Сондай-ақ 499 онкологиялық кабинет жұмыс істейді. Одан бөлек, ІІ деңгейде облыстық көпбейінді ауруханалардың 15 онкологиялық диспансері және 5 онкологиялық бөлімшесі бар. Онкологиялық көмектің III деңгейі былтыр Алматы, Астана, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Ақтау, Өскемен, Шымкент қалаларында және ҚазОРҒЗИ жоғары технологиялық радиациялық онкология орталықтарымен ұсынылыпты.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусының құрылысы жүзеге асырылуда. Құрылыстың бірінші кезеңі осы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтіліп отыр. Орталықтың маңыздылығы – қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудің бірегей әлемдік технологиялары шоғырландырылмақ. Бұдан басқа, ғылыми зерттеулер, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру осы орталықта жүзеге асырылатын болады. Бұл өз кезегінде елдегі онкология ауруларын ерте анықтап, науқастың өмірін сақтап қалу үшін қажет. Айта кету керек, конференция аясында 2 шеберлік класы жоспарланған. «Neobladder қалыптасуымен кеңейтілген лимфодиссекциясы бар лапароскопиялық цистпростатэктомия» онкоурологиясы және пациенттерді көпсалалы НМРЛ 1-сатысында – операция немесе стереотактикалық СТ емдеу бойынша шеберлік класы ұйымдастырылды. Мұнда отандық онкологтар әлем елдерінен жиналған әріптестерімен тәжірибе алмаса алады.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының бас онкохирургия кеңесшісі Тасболат Әділханов бүгінде отандық медицинадағы білікті онколог мамандардың ғылымға енгізіп жатқан жаңалығы жетерлік екенін айтты. Мәселен, конференция аясында осындай бірнеше дәрігер марапатқа ие болды. Оның бірі – орталықтың реконструктивті пластикалық хирургия секторының аға резиденті Бауыржан Әнәпия. Оның ерекше таңғышы талайларды таңдандырып отыр. Тіпті ғылымға әкелген бұл еңбегі тіркеуден өтіп жатыр. Ол ірі қара малдың ішпердесін реконструктивті хирургия кезінде қолдану әдісін ұсынды. Жас ғалымның айтуынша, идеяның авторы – ұстазы, марқұм дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиев екен.
«Бұл зерттеу жұмысы 2011 жылдары басталған. Ірі қара малдың ішпердесінен тиімді таңғыш жасадық. Осылайша жануардың жасушасын алудың оңтайлы технологиясын таптық. Сиырдың париеталды қабырға көкетінің шандырынан жасалған таңғыш материал әсіресе онкологиялық ісік, күйік шалған, қант диабетімен ауыратын науқастарға қажетті дүние. Қатерлі ісікті алғаннан кейін қалған үлкен дефектілерді емдеуге таптырмас дүние. Өйткені, коллаген мен эластиннің табиғи талшықтары адам терісіне ұқсас биомеханикалық қасиетке ие», – дейді Бауыржан Әнапия.
Ғалымның бұл еңбегі медициналық құрал ретінде сынақтан сәтті өткен. Қазір Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжірибеге енгізілген соң кең қолданысқа шығуы әбден мүмкін.
Жадыра МҮСІЛІМ