Алматыдағы кітап думаны

Таяуда Алматының ең ауқымды мәдени-бұқаралық шарасына айналған KitapFest 2023 фестивалі өтті.

2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жоба он жылға жуық уақыт ішінде танымал қазақстандық авторлар мен баспалардың қатысуымен 200-ден астам кітаптың тұсаукесерін өткізді. Шығармашыл жандардың басын бір арнаға тоғыстырған қуатты алаңға айналды.

BAURZHAN қорының құрылтай­шысы,  кітап фестивалінің негізін қа­лаушы Жұлдыз Омарбектің айтуын­ша, KitapFest – шығармашыл және дарынды адамдарға арналған  бірегей алаң. Биыл қала күніне тұспа-тұс келген KitapFest Almaty фести­валінің тақырыбы «Ұлттық әдебиет. Ұлттық тіл. Ұлттық дәстүрлер» деп аталды. Келушілер үшін түрлі мәдени бағдарламалардан өзге, Досым Сәт­ба­ев, Елдос Тоқтарбай, Бейбіт Сары­бай, Смағұл Елубай, Абылай Юсупов, Әсел Сапақова және басқа да көптеген танымал тұлғамен кездесуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ фести­валь аясында «Менің алғашқы ертегі­лерім», «Как оседлать единорога?», Tarmaqtar және тағы басқа жаңа кітаптардың тұсау­кесері өтті. Алматы кітап фестивалі кітапсүйер қауым үшін ауқымды бағдарлама дайында­ған екен. «Офлайн кітаптар туралы» шатырында танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері мен блогерлер пікір алмасты. Алматылық­тарға иллюстрацияланған кітап көрмесі, шеберлік сыныптары, түрлі байқау мен акция, Қазақстанның ірі баспа­лары мен кітап дүкендерінің жәрмең­кесі ұсынылды. Баспагерлер мен кітап дүкендері өз өнімдерін көрмеде 30%-ға дейін жеңілдікпен сатты. KitapFest кітап фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанованың сөзінше, биыл кітап фестивалінде 50-ден астам кітап дүкені мен баспа өз өнімдерін ұсынса, тағы бір қуа­ныш­ты жаңалық – 28 жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

– Кішігірім кітап алмасу ретінде өткен фестиваль қазір ауқым­ды ша­раға айналды. Фес­тивальдың бас­ты мақсаты – кітап оқуды насихат­тау, өзіміздің баспа үйлері мен жазу­шы­­ларды қолдау. Жастардың қызығу­шы­лығы артып келеді. Қазір мұнда жас­тар сүйікті авторларынан қолтаң­ба алып жатыр. Бұл да фестивальдың жылдар бойы ұйымдастырылып келе жатқанының ықпалы. Фестиваль кітаптарды көрсету арқылы сол бас­палар мен авторларға оқырманның назарын аудартады. Биыл Астана күніне орай елордада да осындай фестиваль ұйымдастырдық. Шыны­мен де, оқырман өте жылы қабылда­ды. Алматылықтардың бұл фести­валь­ға еті үйреніп кетті. Әлеуметтік желілерде хаттар келіп жатады. Басқа өңірлерде де әдебиет, шығармашылық дамып жатыр. Біз сол өңірлердің де жас авторларына қолдау білдіріп, туындыларын көрсеткіміз келеді. Мұндай жоба  ірі қалаларда ғана емес, өзге аймақтарда да ұйымдас­тырылуы керек-ақ. Мұны қолға алу үшін үлкен күш және қолдау қажет, – деді Майра Әлжанова.

Айтпақшы, осы фестивальда әр­түрлі жанрдағы 5 000  кітап келуші­лерге  тегін таратылды. 

Ауқымды шараға келушілердің қатарынан белгілі жазушы Бейбіт Сарыбай ағамызды кездестірдік. Ол кітап фестиваліне жыл сайын келуді дәстүрге айналдырған екен. Бейбіт Сарыбай биылғы кітап фестиваліне арналған локация ұтымды таңдал­ғанын тілге тиек етті. Бейбіт ағадан шетел әдебиетінің қазақ тіліне ауда­рылуы, қазақтілді кітаптардың аудар­ма сапасы туралы пікірін сұрадық.

– Кітап фестиваліне жыл сайын келеміз. Мұндай фестивальдар бас қосуға жақсы бір себеп қой. Биылғы шараның ерекшелігі – арбатта өт­кені. Нағыз көрме, фестиваль өтетін жер арбат деп білемін. Бұл жерде жай­шылықта да кісі үзілмейді. Жал­пы, аударма саласында Дәурен Берік­қажының еңбектерін ерекше атап өтер едім. Сонымен бірге «Мазмұн­дама» қоры дәл қазіргі кезеңдегі бестселлер кітаптарды оқырманға ұсынып отыр. Бұрын кітаптардың аударылуы жөнінде тапсырмаларды мемлекет белгілеп берсе, қазір әркім­нің өз еркінде. Олар өздері жақсы көрген шығарманы емес, бүгінгі оқырманның сұранысы­мен санасып, қажет деп тапқан кітапты зерттеп барып ұсынып отыр. Сол жағынан ұтып отыр. Әрине, әлемдік классика міндетті түрде аударылуы тиіс. Қазір психо­логиялық, моти­вациялық кітаптарға аса көңілім тол­майды. 10 кітап ауда­рылады десе, оның бесеуі – көркем шығарма, қал­ған бесеуі психология, мотивация жанрында. Бұл ұзаққа барады деп ойламаймын. Трендтен шыққан соң сұраныс төмендейді. Жер бетін топан су басып кетсе де, түбінде классикалық әдебиет қалады. Ауда­рылып жатқан әдеби шығармаларға көңілім толады, – дейді фестиваль қонағы Бейбіт Сарыбай.

Дәстүр бойынша фестивальда «Ауылға кітап» акциясы өткізілді. Мұн­да кез келген оқырман өз кіта­бын әкеліп, ауылдардағы кітапхана­ларға тапсыруға атсалысты. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ