Қазір ол ұзындығы 20 метр, салмағы 20 тонналық ауыр жүк көлігін, яғни трак жүргізіп, Америка Құрама Штатының бүкіл аумағын аралап жүр. Ал өзінің салмағы – бар-жоғы 43 келі. Қуыршақтай қыз алып көлікті үлкен жолда игерудің машақаты мен қызығын, бұған қалай келгенін бізге жасырмай айтып берді.
Ассольдің АҚШ-қа келгеніне 6 жыл болыпты. Содан бері әлі елге бармаған. Айтуынша, сабақ мен жұмыстан босай алмаған. Бұйыртса, жақын арада Қазақстанға бармақ.
– Мұнда жүргеніме 6 жыл болды. Әлі үйде болмадым. Осы жаққа келісімен сабағым мен жұмыстан бас көтере алмадым. Уақытым тығыз болғандықтан, жақындарым маған өздері келіп тұрды. Кейін пандемия басталып, салдарынан құжатты реттеу ұзаққа созылды. Жақында тұрғылықты мекенжай анықтамасы реттелісімен үйге барып қайтпақпын, – дейді Ассоль Марат.
Айтуынша, Қазақстанға келісімен ағайын-туғанды аралап, үйдің дәмін татпақ. «Өзім ақтөбелікпін, бірақ 11-сыныптан бастап Алматыда тұра бастадым. Сөйтіп, Қ.Сәтбаев атындағы университетінен білім алдым. Студенттік шағым сол жақта өтті. Содан болар Алматы өзіме қатты ұнайды. Жалпы, ағайын-туғанымды, елімді, өзіміздің ұлттық тағамдарды сағындым. Біздің елдің табиғаты ғана емес, ауасының өзі ерекше ғой», – деген Ассоль елге келісімен сағынышын осылай басатынын жеткізді.
Өзі студенттік кезден әртүрлі бағдарламалардың арқасында АҚШ-қа бірнеше рет барған. Артынан сол жақта оқып жүріп, Америкада қалып, өмірін өзгертуге бел буған.
– Әрине, қазір ол жаққа үйреніп қалдым. Тіпті, өз үйімдей болып кетті. Бұл жаққа үйренісу маған оңайға тимеді. Әуелде келгенде қалтамда жиған-терген ақшам болмады. Оның үстіне, тамыр-таныссыз, ағайын-туыссыз өзге елде жалғыз қалу да оңай емес. Ол кезде қазір білетінімдей ақпаратқа да қанық болмадым. Біраз қиындықты да көрдім, опық жедім. Қайда барарымды, не істерімді білмедім. Ақыл қосар, кеңес айтар ешкім болмады. Ал қазір жеңіл, кейін келгендер аз уақыттың ішінде жұмыс тауып, тез бейімделіп кете алды, – дейді трак жүргізушісі.
Ассоль ауыр жүк көлігін жүргізуді Америкада жүріп үйреніп алған. АҚШ-та оларды трак деп атайды.
– Үлкен жолдарда трактың зымырап өтіп жатқанын көріп, қызығатынмын. Содан ауыр жүк көлігін бағындырғым келді. Оған қоса, жүргізушіге төленетін ақы да жақсы болды. Сөйтіп, трак жүргізудің оқуын оқып, үйреніп алдым. Кейіннен осы бағытта жұмыс істегім келді. Трак жүргізушісі болу – оңай іс емес. Ең әуелі әйел заты айналысатын жұмыс емес. Мұнда ешқандай режим сақталмайды. Күні-түні жүруің мүмкін. Өзіңе қарап, сыланып боянуға да уақыт жоқ. Жолға үйреніп, айналымнан шатаспай, трафиктен шықпау керек, – деген Ассоль көліктің жол-жөнекей бұзылса, жүргізуші жөндемейтінін сөз етті.
Оның сөзінше, Америкада жолға шығу біздегідей ауыр емес. «Сақтандыру бар. Көліктің бұзылуын жүргізуші емес, арнайы қызмет жөндейді. Түн ортасына қарамастан, жөндеу сервисі кез келген жерге келіп, жөндеп кетеді. Соған қарамастан жолдың өз қызығы бар. Арасында қателесіп басқа жерге кіріп кетемін, басқа айналымға шығып кетесің. Үлкен көлік болған соң көпірдің астынан өтуге қиналасың, тіреліп қалмауын ойлайсың. Құдайға шүкір, ондай жағдай өтпеді», – дейді ол.
Ассоль Марат негізі Амазонда жұмыс істейді. Ал көлікке жүкті диспетчер қабылдайды. Ақысы жақсы төленсе түнде де жолға шығуы мүмкін. Онда да көбіне жүретін жолын Ассольдің өзі жоспарлайды екен.
– Ұнайтыны – өзіңе-өзің жұмыс істейсің. Бір қалада қалатын болсам, ескертіп қоямын. Трак жүргізгеніме екінші жыл болды. Оларға бүкіл жағдай жасалған. Үлкен жолда әрбір 40 минуттық жерде тракқа арналған орындар бар. Сонда тоқтап, тамақтанып, жуынып, түнеп шығуға болады. Кейде бір күннен көп қалсам, қонақүйге тоқтаймын. Негізі, Американың бүкіл штатында болдым. Бірақ АҚШ-тың үлкендігі сонша әлі аяғым тимеген жері көп. Сол жақтарды көргім келеді, – деген жүргізуші қыз саяхаттағанды ұнататынын айтты.
600-ден 1 000 долларға дейін жүк көлігінің цистернасын дизельмен толықтай толтыруға болады. Жолда тоқтамай жүрсе дизель бір жарым күнге жетеді.
– Уақыттың көбі жолда болғандықтан, қажетті заттың бәрін өзімен алып жүремін. Себебі әр шыққан сапардың қайда апарары белгісіз. Не керек боларын да білмейсің. Сондықтан тістеуік, балғамен бірге биік өкше туфли мен көйлекті де алып жүремін, – дейді Ассоль.
Айтуынша, Ассоль жұмыстың қиындығына қарамастан, өзін әрдайым қарап, күтініп жүруге тырысады. Уақытын да бос өткізгісі келмейді. Күнделікті жолдағы жүргізушінің қызығы мен қиындығын бөлісіп, әлеуметтік желіге салып жүрген Ассоль нағыз блогерге айналған. Бүгінде оның Instagram парақшасында 170 мыңнан аса жазылушы бар, TikTok-тағы видеолардың көрсетілімі миллионға жетіп отыр.
– Блогер боламын деп ойлаған емеспін. Тіпті, ондай курс та өтпедім. Әлеуметтік желідегі кейбір қарапайым дүниені біле бермеймін. Жай ғана жол-жөнекей көрген-білгенімді, басымнан өткен жағдайлармен бөлісіп отырғанды қызық көремін, – деді ол.
Ассоль өзі үйдің кенжесі. Алдында үш әпкесі бар. Анасы – үй шаруасындағы жан.
«Анам жиендерін қарап отырған күйі бар. Арасында саяхаттап қояды. Ал менің есімімді әкем қойған. Ол «Алые паруса» деген ертегідегі Ассоль есімін көріп, ұнатып қалған. Содан мені солай атаған» деген Ассоль Қазақстанға оралуы уақыт еншісінде екенін айтты.
– «Адам жоспарлайды, Алла шешеді» демекші, алдағы өмірде не күтіп тұрғаны белгісіз. Алайда жоспар көп, арман да көп. Бірақ бәрі уақыт еншісінде. Бастысы, жақындарым аман, елім тыныш болғанын қалаймын, – деді Ассоль Марат.