2023 жылдан бастап Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген жастарға жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік берілді.
Саптан грантқа секірген
1,615
оқылды

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен 50-ден аса білім ордалары арасында жасалған мәміле аясында жас сарбаздардың офицер шенін алу үшін әскери кафедраларда ақысыз білім алу жүйесі де жасалды. Мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін жастарға әскери борышын абыройлы өтеу міндеті қойылды. Сондай-ақ физикалық және психиологиялық тұрғыда шыныққан болуы қажет. Міне, осы талаптар үдесінен шыққан жамбылдық жастардың алғашқы легі оқу орындарының грантына ие бола бастады. 

Мұндай жеңілдікке ие болған жастың бірі – Тараз қаласының тұр­ғыны Сергей Симонов. Ол әс­кери борышын өтегеннен кейін Ш.Мұртаза атындағы Халық­ара­лық Тараз инновациялық инсти­тутына оқуға түсіп отыр.   

– Тараз қаласындағы №29 мек­тепті жоғары нәтижемен бітірген­нен кейін Жамбыл жоғары поли­тех­никалық колледжіне оқуға түс­тім. Арнаулы оқу орнын аяқта­ған­нан кейін әскерге шақыру қағазын алдым. Бастапқыда жүрексінгеніммен Отан алдындағы борышымды өтеп келейін деген оймен әскерге аттандым. Қызылорда қаласындағы «Ұлттық ұлан» сапындағы әскери өмірім тыныш өтті. Көптеген жаңа достар таптым. Егер әскери борышымды жоғары деңгейде өткерсем, жоғары оқу орнына тегін түсуге мүмкін­дігім бар екенін естігенде тіпті құлшынысым арта түсті. Командир берген бұйрықтарды бұлжытпай орындап, өзімді физикалық тұрғы­дан да шыңдай түстім. Психоло­гиялық сынақтардан да сүрінбей өттім. Нәтижесінде, жоғарғы көр­сеткішке қол жеткізіп, Халық­ара­лық Тараз инновациялық инсти­тутына оқуға түстім. Оқуға қабыл­дау еш қиындықсыз өтті. Әскери билетім мен борышымды өтеу кезінде жеткен жетістіктерімді комиссияға ұсынып, грантқа түстім. Қазір «Компьютерлік инженерия» мамандығында оқып жатырмын, – дейді Сергей. 

Жас сарбаз кейінгі жылдары әлем елдері ІТ саласында қарышты дамып жатқандықтан «Компью­терлік инженерия» мамандығын таңдаған екен. Ал оның жоғары оқу орнына ҰБТ қорытындысыз тегін оқуға түскенін естіген ата-анасының қуанышында шек болмапты. 

– Оқу мәселесі мені де, от­басым­ды да қатты ойландыратын. Ата-анам ақылы бөлім болса да оқытатындықтарын айтқан. Алай­да мен жақындарыма ауыртпалық салмайыншы деп әрдайым ойла­нып жүретінмін. Міне, осы арма­ным орындалып, тегін оқуға мүм­кіндік алдым. Мұндай ақжолтай ха­барды ата-анам естігенде қатты қуанды. Тіпті, көз жастарына ерік берді. 

Мен сияқты жастарға осындай мүмкіндік тудырған Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­қа және өзге де жанашыр азамат­тарға алғыс білдіремін. Маған бе­рілген бұл мүмкіндікті пайда­ланып, барлық ынта-жігерімді білім алуға жұмсаймын. Білікті маман атанып, Отаным үшін қалтқысыз қызмет ететін боламын, – дейді Сергей.

Мемлекет жасаған мүмкіндікті игілігіне пайдаланған тағы бір жас – Ернұр Жарылқасын. Ол да Ш.Мұртаза атындағы Халық­аралық Тараз инновациялық ин­сти­тутына тегін оқуға түскен. Бо­ла­шақ мал дәрігері. 

– Әскерге 2022 жылдың мамыр айында аттандым. Ол кезде мемле­кет тарапынан жасалып жатқан жеңілдік туралы мүлде білмедім. Алайда Алматы қаласындағы әскери бөлімде жүріп оқуға тегін түсу туралы жаңалықты естігенде, бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырыстым. Берілген тапсырмалар мен бұйрықтарды бұлжытпай орындауымның арқасында жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, бүгін міне оқу грантын жеңіп алып отырмын. Отбасымда екінші бала болсам, артымда еріп келе жатқан қарындастарым бар. Міне, солар­дың еркін білім алып, ата-анамның қиналмауы үшін бұл гранттың мен үшін орны ерек. Бұйыртса, бес жылда білікті маман атанып, мем­ле­кетіміздің дамуына өзіндік үлесімді қосқым келеді, – дейді Ернұр. 

Ернұр – Жамбыл ауданы Ерна­зар ауылының тумасы. Аталған елді мекендегі №11 арнаулы орта оқу орнын «тракторис-жүргізуші» мамандығы бойынша бітіріп шық­қан. Енді «мал дәрігері» маманды­ғын игерсе, ауыл шаруашылығы саласына таптырмайтын маман атанғалы тұр. 

Айтпақшы, Ш.Мұртаза атын­дағы Халықаралық Тараз инно­вациялық институтының басшы­лығы оқу грантынан бөлек, әскери борышын өтеп келген жастарды шәкіртақымен қамтамасыз ету жағын да қарастыратындықтарын айтыпты. Бұл әрине қуанатын жаңалық. Десе де, Ернұр бес жыл тегін біліммен сусындататын білім ордасының оқу грантының өзіне дән риза. Енді жас сарбаз офицер шенін алу үшін әскери кафедраға да оқуға түсу жағын қарастырмақ. Міне, осылайша Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жастың алға қойған мақсаттары орында­лып, білімді де, білікті ұрпақтың бірі атанғалы отыр. 

Сөз жоқ, бұл – егеменді еліміз­дің жасаған ең ұтымды шешімдері­нің бірі. Бір жағынан жастарды әскери борышын өтеуге ынталан­дырса, екінші жағынан білікті кадрлар даярлауға жол салып отыр. Сондықтан жоба өміршең болып, әлі талай жас оқу гранттарының иегері атанады деп сенеміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы